Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Абайдың алғашқы портреті (Николай Крутильниковтің шығармашылығы туралы)

Абай

Николай Крутильников 1896 жылы бұрынғы Вятка губерниясына қарасты Малмыж уезінің Калинино ауылында дүниеге келген. Оның балалық, бозбалалық, тіпті жігіт ағасы болған кездегі өмірі жайлы деректер аз. Алайда өнерге деген құштарлығы ерте оянғаны анық. Себебі ол жастайынан өнерді жанына серік ету үшін сол дәуірдегі ең беделді оқу орындарының бірі саналатын Қазан көркем училищесіне түсіп, оны 1916 жылы тәмамдады.

Болашақ суретшінің енді басталған шығармашылық жолы ХХ ғасырдың ең күрделі кезеңінің бірі, 1917 жылғы Қазан төңкерісімен тұспа-тұс келді. Төңкерістен кейін елдегі уақытша үкімет құлап, билік большевиктердің қолына өтіп, үміт пен дүрбелеңге, ұлы идеялар мен қақтығыстарға толы жаңа дәуір басталды. Сол өзгерістер толқыны бейнелеу өнеріне де жаңа мазмұн әкеліп, жаңа міндет жүктеді. Крутильников сияқты жас суретшілер үшін бұл кезең шығармашылық ізденіс пен өмірлік сынақтардың тоғысқан уақыты болды. 1919 жылы ол Златоуст қаласындағы театрда суретші болып еңбек етті. Ал 1920 жылы әскери комиссардың писарі қызметін атқара жүріп, бір мезгілде Красноярск және Златоуст қалалық театрларында суретші ретінде жұмыс істеді.

1920 жылдардың басы азамат соғысы аяқталып, ел өмірі біртіндеп тұрақтана бастаған шақ еді. Республикада көркемөнердің алғашқы ошақтары қалыптаса бастады. 1920 жылдары Кеңес өкіметі жаңа социалистік мәдениетті қалыптастыруды мақсат етіп, халықтар арасындағы кәсіби өнердің дамуына жағдай жасады.

Осы тарихи үдерістердің аясында Крутильников та қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасуына өз үлесін қосуға мүмкіндік алды. 1921 жылы ол Қазақстанға келіп, Семей қаласындағы театрға суретші болып жұмысқа орналасты. Крутильников Семей суретшілерін біріктіріп, өз күшімен Семей қаласында көркемсурет студиясын ұйымдастырды.

1

1924-1926 жылдары Крутильников суретші ретінде бірнеше экспедицияға қатысып, өңірді зерттеді. Сол экспедициялар барысында ол Ә.Қастеевтің атақты ұстазы Хлудовпен бірге жұмыс істеді. 1928-1929 жылдары Крутильников Қазақстандағы алғашқы көшпелі көрме ұйымдастырды. Лениногорск-Петропавл-Семей-Қызылорда маршруты бойынша өткен бұл көрмеде 460 жұмыс болды. Крутильников бұл көрмеге «Анненков келеді» картинасын және өз «Автопортретін», сонымен қатар Қазақстан пейзаждарын ұсынды. Көрмеге қатысушылардың қатарына Крутильниковтен бөлек Хлудов, Уфимцев, Болкоев, Ивачев, Сазонов, Козлов, Шмелев, график Липин және әлі де жас Әубәкір Ысмайылов болған еді. Көрменің арнайы каталогы да шығарылған екен. Деректерге сүйенсек, бұл каталогтың түпнұсқасы мен көрмеге қатысты барлық материалдар бүгінде Ташкенттегі Уфимцев мұрағатында сақталған деседі.

1932 жылы Коммунистік партия Орталық Комитеті әр тарапта жұмыс істеп жатқан әдеби және көркемдік ұйымдарды шығармашылық одақтарға біріктіру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам өнердің барлық түрлерін, соның ішінде бейнелеу өнерін де жүйелеу және біріздендіру бастамасы болды. Соның ықпалымен 1933 жылы Алматыда Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылды. Комитетте А.А.Риттих, А.И.Бортников, Н.И.Крутильников, В.В.Каптерев сияқты кәсіби білімі бар суретшілер жұмыс істеді. Олар елімізге орыс, кеңес және батыс өнерінің үлгілерін алып келіп, жаңа шығармашылық кеңістік құра бастады.

1929-1934 жылдары Крутильников «Қазиздатта» суретші болып еңбек етті, алдымен Қызылордада, кейін астананың көшірілуімен бірге Алматыға келді. Мұнда ол «Живописец» артелін құруға қатысып, оның айналасында қала суретшілері топтасып, кейін Қазақстан Суретшілер одағының құрылуына ықпал етті.

1938 жылы Алматыда театр-көркемсурет училищесі ашылды. Сол жылы Крутильников осы оқу орнына оқытушы болып шақырылды. Ол 1956 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы училищеде жетекші ұстаздардың бірі болып қызмет етіп, жас қазақ суретшілерінің кәсіби тұрғыда қалыптасуына айрықша үлес қосты.

1940 жылы Қазақстан суретшілерінің бірінші съезі өтті. Дәл сол 1940 жылдан бастап Крутильников Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданып, Алматыда тұрақты шығармашылық қызмет атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында облыстық және Фрунзе аудандық әскери комиссариаттардың жинақтау пункттерінде суретші міндетін атқарды.

1960 жылы 27 сәуірде суретшінің еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Н.И.Крутильниковке «Қазақ КСР халық суретшісі» атағы тағайындалды. Алайда, көп ұзамай, 1961 жылы суретші Алматы қаласында дүниеден озды.

1

«Ыстық құйма шебері Д.Макаевтың портреті»

1951 жылы аяқталған бұл туынды Крутильников шығармашылығындағы ең көрнекті туындылардың бірі саналады. Портрет кейіпкері – металлургия саласының озаты, ыстық құйма цехының шебері Д.Макаев. Иә, бұл нағыз социалистік реализм. Бірақ картинаға заманауи көзқараспен қарасақ, бұл күн сайын балқыған металдың ішінде өз өмірін өткізіп жүрген қарапайым еңбек адамының шынайы келбеті. Алайда оның көзқарасы бүгінгі Marvel немесе Nolan фильмдеріндегі қаһармандарын еске түсіреді. Егер бүгінгі мәдениет супергеройларды комикстер мен экрандардан іздесе, ХХ ғасырдың ортасында олар зауытта, шахтада, станок басында тұрған адамдар болғанын бірден түсінуге болатын секілді.

Крутильников дәл осы шынайы батырлықты және адамның бет-бейнесіндегі шаршау мен рухани беріктікті көрсетті. Қазір, цифрлы дәуірде, мұндай образдар романтикалық сипатта көрінуі мүмкін, бірақ ол шындыққа ең жақын романтика. Өйткені бүгін де кез келген қоғамның негізі – көзге көрінбейтін, бірақ барлығын ұстап тұрған еңбек.

Қалай болғанда да, кім біледі, бәлкім, дәл осы жұлдыздар мен билік иелерін емес, қолына күйе жағылған, маңдайынан тер аққан қарапайым адамдарды өнердің мәңгі кейіпкері етіп қалдырғаны үшін ғана социалистік реализмге алғыс айтуға да болатын шығар.

Абайдың алғашқы классикалық портреті

Н.Крутильниковтің 1916 жылы Семей қаласында театр суретшісі болып қызмет еткен кезінде жергілікті орыс-қазақ зиялы қауымымен тығыз араласып, қаланың қоғамдық өміріне етене сіңісіп кетеді. Бұл орта оның шығармашылығына әсер етпей қоймағаны анық.

Мәдени ортада жүрген Крутильниковтің ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен байланыс орнатуы әбден мүмкін. Себебі 1921-1924 жылдары М.Әуезов қаладағы Географиялық қоғамның мүшесі, кейіннен төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Көптеген мәдени және танымдық жиындар Әуезовтің ұйымдастыруымен өтіп тұрды. Осыны ескерсек, Н.Крутильниковтің бұл жиындарға үнемі қатысып, Әуезовпен пікірлесуі заңдылық.

Сондықтан М.Әуезовтің кеңесі мен ұсынысы негізінде Крутильников Абайдың алғашқы портретін кенепке түсіру идеясына құлшына кірісті деп болжам жасауға әбден негіз бар. Әуезовтің ақыл-кеңестері арқасында суретші Абай бейнесін сомдаудың дайындық жұмыстарын мұқият жүргізе алуы шарт еді. Нәтижесінде 1924 жылы ол тұңғыш рет кенепке майлы бояумен Абайдың толық көлемді портретін салып бітіреді.

Бұл портретте Абай Шыңғыс тауының биік жотасында, үлкен қойтастың үстінде аяғын айқастырып, терең ойға шомып отырған күйі бейнеленген. Тізесіне қойылған қағазы мен қолындағы қаламы – оның рухани қаруы, ал жүзіндегі сабырлы кескін – даналық пен терең толғаныстың көрінісі. Жеңіл желпіп өткен киімінің қатпарларынан даланың лебі есіп тұрғанын аңғарамыз. Ал артқы фондағы көкжиек пен ұшы-қиырсыз дала ұлттың еркіндігі мен Абайдың рухани әлемін меңзеп, оның асқақ рухын паш ететін іспетті.

Біздің бүгінде көз алдымызға елестететін Абайдың классикалық образының бастауы, осы туынды болса керек. Бұл Абайдың нақты бейне ретінде халыққа қайта оралуының бастамасы болды.

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы.

Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер

музейінің ғылыми қызметкері