Абайдың мінезі

Әдетте ақын Абай, ғұлама Абай жөнінде жиі айтылады. Оның әр сөзінің астарына терең бойлап, мағынасын ашуға, тым құрыса түсінуге ұмтыламыз.
Алайда кейде кәдімгі адам Абай, күнделікті тіршіліктегі қарапайым Абайдың болмыс-мінезін ұмыт қалдыратын сияқтымыз. Біз бүгін осы уақытқа дейін жарияланған түрлі естеліктерге сүйене отырып, Абайдың адами болмысын, қуаныш, күйінішін оқырман назарына қайыра ұсынғанды жөн көрдік.
Абайдың сәби шағы, бала кезі туралы айтылса екі түрлі әңгіме қоса айтылады. Оның бірі – ақынның дүниеге келген кезін кейіннен есіне алуы. Бекен Исабаев естелігінде бұл жөнінде мынадай дерек келтіреді: «Біздің естігеніміз, Абай жарықтық тілі шығып, естияр болғанда анасынан:
– Апа, мен туған күні үйдің іші қызылды-жасылды болып тұрып еді. Ол не? – деп сұрапты. Ұлжан ана: «Есіме түсірсем, – депті – сол күні жүн бояп кептіріп қойып едік».
Екінші әңгіме – бала Абайдың қатты сырқаттанғаны туралы. Абай 9 жасында қызуы көтеріліп ауырады. Ұлының сырқатынан қорыққан Ұлжан жолаушы кеткен Құнанбайды шақыртып алады. Құнанбай іңірде Ұлжанды ғана ертіп, есін білмей қиналып жатқан Абайдың үстіне кіреді. Абайдың денесі қызарып, білеу-білеу болып ісіп кеткен, ыстығы бет шарпиды дейді. Сонда Құнанбай: «Бұрын қуаты ішінде жүр еді. Сыртына шыққан екен. Денесін ешкімге көрсетпе, бәйбіше» дейді. Аз күннен соң беймәлім аурудан Абай құлантаза айығыпты.
Бірінші әңгіме – Абайдың балалық жадын, айрықша зейінін айғақтаса керек. Мұндай шетін оқиғалар өзге де ұлы тұлғалардың өмірінде кездеседі. Мысалы, Л.Толстой өзінің бесікте, құндақтаулы жатқан кезім есімде дейді. Босағысы келіп бұлқынып, құрсаудан шыға алмай қатты ашуланғанын айтады. Ал Юкио Мисима: «Жаңа туған, шомылдырып жатқан кезім есімде» деген. Бәлкім, бұл да адамның айрықша түйсігі шығар.
Екінші әңгіме – Құнанбайдың ұлының ішкі қуатын сезгендігінің белгісі. Кейіннен де Құнанбайдың ұлдары туралы сөз етіп отырған шешен, билерге қарата: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші» деуінің өзі үміт еткен ұлына деген сенімі еді.
***
Абай бала жасынан аса зерек, зейінді болады. Тіпті тоғыз жасында бәйгеден келетін жүйрікті жаңылмай таниды. Бұл Доғал дейтін байдың асында болған оқиға. Бәйгеге іріктелген жүйріктерді аралап жүрген Құнанбай баласы Абайдан:
– Мына аттардың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты.
Сонда Абай:
– Анау ақтабан қоңыр бесті жүйрік, – депті.
Аттарды айдағанда Құнанбайдың үкілеп қосқан Ұзын құлағынан озып, күрең бесті алдыға шығыпты.
Мұны көрген Құнанбай:
– Абайжан, қоңыр бестінің Ұзын құлақтан озатынын қайдан білдің? – деп сұрапты.
Абай:
– Тәте, қоңыр бестінің бақайы Ұзын құлақтан бір елі қысқа, – деп жауап беріпті.
Абайдың осы жүйрік танығыштығы кейіннен ақынның көңіл жұбатар қызығына айналады. Бұл жөнінде Көкбай Жанатайұлы: «... жақын маңайдағы елден өз атағын естіген аты шулы жүйрік ат, қыран құс, ит сияқты сауық аспаптары болса Абай қалап та алады. Қызыққаны кедейдікі болса сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші бәйге ат алғанын көрдім. Солардың екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді» дейді.
Абай сондай-ақ кісіні де жазбай таныған. Адамның ішкі болмысын, мінезін танудан тыс, оның сыртқы тұлғасынан, дене бітіміне қарай қажыр-қайратын да қапысыз сезген. Соның бірі – әйгілі Нұрмағамбет балуан.
Көкбайдың қасына он жеті жыл атшы болып ерген Ыбырайша деген кісінің естелігінде Абайдың Нұрмағамбет балуанды қалай танығаны айтылады.
Бірде Абай бастаған топ кісі жолда келе жатады. Алыстан қой жайып жүрген біреу көрінеді. Абай тізгінін іркіп, соған қарай бұрылады. Қой бағып жүрген мұрты енді тебіндеген бозбала екен дейді. Абай жөн сұрасып, бозбаланың жұрт айтып жүрген Төлегеннің Нұрмағамбет дейтін баласы екенін ұғады. Баланы атынан түсіріп, сырт киімін шешіндіріп, ары-бері қарап көреді. Бұлшықеттері білеу-білеу бозбаланың шымыр тұрқы сүйсіндіреді. Содан Абай қойды қасындағы біреуге тапсырып, Нұрмағамбетті алып ауылға келеді. Төлегенді шақырып алып, қойшы жалдаса оның жылдық ақысы қанша болатынын сұрайды. Төлеген жалшының ақысы үш қой болатынын айтады. Сонда Абай: «Қой бағуға малшы жалда, ақысын мен төлеймін. Есесіне, балаңды мен алдым», – дейді.
Абай бұл жолы да жаңылмайды. Нұрмағамбет оның жанында отыз жыл болып, 49 жасқа дейін күресіп, небір күрестерде жауырыны жерге тимей, Абайдың мерейін асырады.
* *
Абайдың тағы бір қызық болмысы, мінезі өзгеше кісілерді өзіне жақын тартып, солардың сөзін, іс-әрекетін қызықтайтын болған. Бұл жөнінде М.Мағауин: «Абайдың адамды бір ауыз сөзінен ұнатып, өзіне жақын тартып, демеп, қолдаған мысалдары көп. Сондай-ақ елден ерек, өзгеше мінезді кісілерді қызықтайтын болған, оларға ықылас білдірген. Бұл реттегі ең айқын мысал – Қиясбай қисық пен Жұман қырт. Бұлардың жұрт алдында істеген ісі, Абай алдында айтқан сөздерінің кейбірі ғана бізге жеткен» дейді. Осы Жұманның «бізге жеткен» бір сөзі мынадай. Зайыры Жұманның жоқтан өзгені әңгіме ететінінен жалыққан төңірегі оны «қырт» деп жақтырмаса керек, сондай бір сәтте: «Бір ауыз сөз үшін мені қырт дейсіңдер, біле білсеңдер, ең үлкен қырт Абай емес пе, жұртты жинап алып, ертеден кешке дейін жалғыз өзі сөйлейді де отырады» депті. Кейіннен Абай Жұманның осы сөзін есіне алған сайын мәз болып күледі екен.
Қиясбай туралы да әртүрлі әңгімелер сақталған. Соның көбісінде оны Абайдың айрықша еркелетіп, айтқан сөзін, іс-әрекетін қызықтағаны айтылады. Бірде Абай үйіндегі бала-шағасына күнделікті есеп-қисап туралы айтып отырыпты. Бір кезде бұрышта шынтақтап жатқан Қиясбай басын көтеріп: «Абай аға, осы сен есеп-қисап білесің бе» деп сұрапты. Абай: «Аздап, Қиясеке» деп жауап беріпті. Сонда Қиясбай: «Аздап білсең, екі жүз ешкінің мүйізі қанша болады» деп сұрапты. Абай: «Төрт жүз болады» деп жауап беріпті. Мұны естіген Қиясбай: «Пәлі, Абай аға, сен де есеп білем дейсің-ау. Сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен» депті, Қиясбайдың сөзінен соң үй іші күлкіге қарық болыпты.
* *
Абайдың мінезі сырт көзге біртоға, момын көрінгенімен, шамшыл, намысшыл кісі болған десе-ді. М.Әуезов бұған қатысты мынадай дерек келтіреді: «Ділдәні алғаннан кейін Абай Алшынбайға сәлем бере, амандаса барады. Қайтарда қайыны әдет бойынша: «Қалаған, сұрағаны бар ма» деседі. Сонда Абай шұбарайғырдың үйірі деген бір қысырақты алғысы келгенін айтады. Мұны Алшынбай бере алмай: «Батамды алсын» дейді. Абай: «Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар» деп, Алшынбайға бармай кетіпті».
Сондай-ақ Абай шамшыл да болған. Ашуы тез келіп, тез қайтады екен. Бұған қатысты бір деректі
М.Мағауин айтады: «Біздің шаңырақта сақталған тағы бір әңгіме. Абай ауылы Көпбейітке қонған соң қыстауы шектес Бұлқайыр деген бай Абайға сәлемдесе барады. Есіктен аттап: «ассалау...» дей бергенде, босаға жақта отырған біреудің аяғына шалынып, сүрініп кетеді. Сәлемін аяқтамай: «Енеңді... Бұтыңды жиып отырмайсың ба» десе керек. «Тоқта» депті Абай, қолын созып беттен қаққандай, алақанын тосып. – Сәлемі боқтық сен кімсің?» Абайдың ызбарына шыдамаған Бұлқайыр қолма-қол жуасып, құлдық ұрса керек. Бірақ Абай жібімепті, сәлем орнына балағат айттың деп ат-шапан айыпқа жығыпты».
Осыған жалғас Абайдың шамшыл мінезін көрсететін тағы бір әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай. Бірде Абайға арнайы сәлем бере келген Құлайғыр деген кедейге «соғымға сой» деп бір құнан өгіз береді. Бұған қабағат қуанған Құлайғыр үйіне барып: «Құдай бергізді, Абай берді» депті. Мұны естіген Абай арнайы кісі жіберіп, берген соғымын алдыртып алыпты. Сөйтіп, келер жылы Абай арнайы кісі жіберіп, Құлайғырды шақыртып: «Былтырғы өгізді берген кім? Құдай берсе неге соймадың? Оны берген Құдай емес, мен. Өгізің дөнен шықты, енді биыл сой» депті.
Абайдың алдына келген, әсіресе арыз айта келген адамдардың дені ақынның сесінен Бұлқайырша ығатын, сескенетін болған дейді. Көбіне «арты қуыс» кісілер басылып, үгежектей береді екен. Сондай әңгіменің бірі Жапа, Арықбай деген кісілерге қатысты. Жапа мен Арықбай бір серкешке даулы болып Абайдың алдына келіпті. Сөз кезегі тиіп, уәжін айтып отырған Жапа қайта-қайта саптама етігінің қонышына қолын сала беріпті. Абай мұны байқап отырыпты.
Ақырында дауды Арықбайдың пайдасына шешіп: «Жапа, бір серкеш немесе бір теңге ақша берсін» деп кесім айтыпты. Сонда Жапа: «Айналайын Абайжан-ау, сенің алдыңа баратынымызды естігенде-ақ жығынды болатынымды біліп, қонышыма бір теңге сала салып едім, соны енді таба алмай отырмын» депті. Жапаның кінәсін мойындаған ісіне, әрі ақ көңілдігіне сүйсінген Абай серкештің ақысын өзі төлепті.
*
Абай айналасындағы жалшы, малшыларға да мейірімді болған деседі. Олардың кейбір шетін іс-әрекетіне, айрықша мінезіне сүйсініп қызықтаған. Сондай адамдардың бірі – Шәукімбай. Ол Абай ауылының тезегін теріп, күнін көрген. Сол Шәукімбай кейде ауылға қонақ көп келіп, үздіксіз қазан асылып, шай қайнатылып, тезегі азая бастаса оны Абайдан көреді екен. Сөйтіп: «Абай азаннан кешке дейін үйде не істеп, не бітіріп отырады. Жұрттың бәрі Абайды іздеп келіп, ет жеп, шай ішеді. Абай болмаса менің тезегім таусылар ма еді» деп күйінеді екен. Сонда Абай нақты шаруасы жоқ, «бергенді мақтап, бермегенді даттап», ет жеп күн өткізіп жүрген адамдарды жазғырып: «Шынында, солардың көбінен Шәукімбай жақсы. Айтқаны жөн» деп мәз болып күліпті.
Абай ауылында өскен Қатпа дейтін кісінің бәйбішесі Мақып әже Абай туралы естелігінде былай дейді: «Абай адамның бір мінезі жаға қалса жас баладай масаттанып, сүйсінетін. Абай ауылының қойын сауатын Шүленбай дегеннің әйелі Дәмет бала мінезді аңғал адам болды. Дәмет тал түсте қой сауып отырып, қызына айғай салыпты: «Қанымгүл-ау, Қанымгүл, тезекке барам деп бүгін әуре болма, Абай ағаңның үйінен өзім отын ұрлап апарамын» деп.
Абай үйде отырып естіп: «Ұрының бәрі осы біздің Дәметтей болсашы, ұрлығын тапа-тал түсте айғайлай айтып істейтін, – деп мәз болып күліп, Қанымкүлді шақырып алып, әйелі Еркежанға: «Қанымкүлді тезекке жіберіп әуре етпе, отынды біздің үйден алып тұрсын» деп тапсырды. Еркежанға айтып, қант-шай, бауырсақ бергізіп қайырды». Шәукімбай мен Дәмет – аңғал, шыншыл, таза, түйсікті жандар. Абай олардың көңіл түкпірін жете танып, жан тазалығына сүйсінсе керек.
* * *
Абайдың аталас туысы Ниязбек Алдажаров ақынның соңғы тынысы туралы:
«Өз иманын күбірлеп
өлеңмен айтқан.
Күнәйім көп иллаһи,
Кешіре гөр мұңымды.
Барар басқа жерім жоқ,
Ұсындым Хаққа қолымды.
Ата-анам едің қара жер,
Аша гөр енді қойныңды.
Осы өлеңді бала кезімде әкем марқұм Абай туралы еске алып, әңгімелегенде айта беруші еді» дейді. Бұл ақынның соңғы демі еді.
Жақсылық Қазымұратұлы