Абайдың ойына «тамыздық» болған өлең
Ел-жұртының еңсесін басқан заман тауқыметінен жаны аяз ұрған жапырақтай бүрісіп, Абайдың қабағын мұң басады.
Туған елінің еркіндігін аңсаған жанның, әлбетте, жалғыз өзі ғана емесін де біледі. Осындай «жүдеулі» сәттерінде ақынға Дулат Бабатайұлы сияқты абыз ақындардың жыр-толғаулары «ойына сана құйып, бойына қуат береді».
Атақты жыраудың көркем тілмен көмкеріп, тереңіне ой жауһары тұнған мұрасынан Абай жан азығын табады. Бір уақ, тіпті «жалғыздығын» да ұмытқандай болады.
Алдыңғы ақын-жыраулардың тағылымға толы сөздерін Абай өз ұстанымының тезіне салып, қабырғасымен кеңеседі. Соның бірі – Құнанбай шаңырағының қадірлі қонағы Дулат Бабатайұлының ғибратты мұрасы. Ұлы жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды... тетігін тауып темір соқ» деген өсиеті бостандық пен теңдікке жетуде өзі тапқан білім мен ғылым жолының дұрыстығын діттей түседі. Бодандық «құрығынан» босанудың бірден-бір амалы – қарулы қақтығыс емес, оқу мен тоқу екеніне күмәні қалмаған.
Оңашада «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын» Дулат ақынмен «мұңдасып», өзара «сұхбаттан» хакімнің бойы жеңілдеп, көңілінің көзі шырадай ашылады. Жыр жампозының 1880 жылдың соңына қарай Қазан баспасы тұсауын кескен «Өсиетнама» кітабы Семейге тез-ақ жетіпті.
Алты Алаштың дұшпанын «улы тілмен улатып, кегін сөзбен әперген» сөз сүлейінің ойлары Абайдың жанына балдай жағып, көңілсіздік пердесін серпіп жібереді. Бір уақ алдындағы ақ қағаз селеулі беті Күнге шағылған Ақшоқыдай жарқырай қалды. Келесі сәтте атамекені ақ бесіктей аялап, қоңыр жүзі нұрға бөленеді. Бейне бір бозбала шақта жүрегін тербеп, жанарын байлаған ару қызға деген махаббат «самалы» желпіп өткендей, серпіледі. Қолына алған қаламы өлең жолдарын өре жөнеледі.
Жүрегі лүп-лүп соғады... өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз» жолында жанын қытықтаған тәтті сезімді «үркітіп» алудан қорғанатындай. Ақ қағаз бетіндегі иненің жасуындай түйіршікті жайлап қана үрлеп түсіреді: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды», – деп жыр арнасы ашылып кетеді.
Абайдың «көңіл құсы шартарапқа құйқылжып, шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды»: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды. Сөйлесе сөзі әдепті әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды». Көз алдынан сұлу бойжеткен бұлаң қағып өте бергенінде өне-бойының ысынып, қызғылтым реңк араласқан жүзінің дуылдай жөнелгенін сезінеді: «Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды...».
Қазақ жырауларымен қатар Шығыс шайырларының да ғашықтық ғазелдеріне бала жасынан қанық ақынның «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысына» деген талғам-талабы шыңдалып, өзі суреттеген арудың ажары бұрынғыдан бетер құлпыра түсіп, көңіл арбайды: «Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Етіндей жас баланың білегі бар, Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы. Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды...».
Дегенмен, оның айналасына, туған табиғатқа, ару қызға деген тәтті әсер мен әсем сырға толы әуелгі тебіренісінің Дулат жырауды «ұйқы мен тыныштыққа» зар қылған алаң көңілге алмасатын шағы да алыс емес. Малмен көзін ашып, одан басқаны ойламайтын ағайынның күлді-көмеш күйбеңінен ашық күн де көмескі тартады: «Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек...».
Жаратылысынан – жарық, адамдық талабына адал тұлға «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен» кертабан кезеңдегі халқының тым бейқам, тіпті өзара аңдысқан тірлігінен түршігеді: «Біздің қазақтың достығы мен дұшпандығы, мақтаны мен мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз... Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?».
Хакім «жырымен елді жетелеген» Дулат Бабатайұлының ойлы да нәрлі сөз орамын одан әрі тарқатып, ендігі бар үміті – жастармен тілдеседі. Бозбала шақ, қызық дәуреннің де өтпелі екенін, қарттықтың да келіп жетерін алдын ала ескертеді. Сондықтан «қолдан келсе, әуелі өнер іздеуді, ең болмаса еңбекпен мал табуды» ұсынады. Осы орайда, тіпті өз басының өкінішін де жасырмайды: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім...».
Бар кінәні ақын алдымен өзінен көріп, оның себебін алаңсыз албырт шағынан іздейді: «Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?.. Есіңде ме жас күнің, Көкірегің толық басың бос, Қайғысыз, ойсыз мас күнің», – дей келіп, жан сырымен бүкпесіз бөліседі: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға да, ашуға да жақтым шырақ...». Бұдан әрі, бірақ «Атымды адам қойған соң, Қайтып надан болайын» деп замандастарына адамдық қарызын еске салады.
Алайда төңірегін қымтаған қараңғылық «тұманының» жанарын тұта беретіні де рас: «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!», өйткені «Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім» деп ащы шындықты мойындайды. Абайдың немере інісі Шәкәрім де «замандасы болмады сөзді ұғарлық... әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. Тегін білсең – аласың, бос береді, Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан...» – деп, ұстаз-ағасының өкінішінің себебін «қараңғы» ортадан іздейді.
Өз тұрғыластарынан әбден көңілі қалған хакім оқу-білім туралы өсиетін «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға аманат етеді: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз...». Алайда мынау қас-қағым тірлікте «ғылым оқып, ой таппайтын» қандастарына деген реніштен жүзі жабырқайды: «Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын қуыс – өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды».
Ол талапты жастан қолында бар асылын әсте аямақ емес: «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық, – деп өскелең ұрпаққа ой салудан дәмелі, – Ақылға, өмірге де адам кенде, Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде. Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген / Осы адам уайымсыз неткен пенде?!.. Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық сергек үшін». Жастарға осылай үміт арта отырып, ой-санасы сергиді.
Олай болса, Абайдың қырық жасында-ақ «қарттық мінез» танытуына таңдануға болар ма? Ол бұдан былай шын сырлас әрі «сеніскен досы» – кітаппен бірге төл әдебиетіміздің теңіздей шалқар айдынында «желкен керіп», іш-құсасын өлеңмен бөліседі. Балағына сүрінген, «ойға олақ, көңілсіз құлақтан» суынып, көкірегі булыққан Абайдың ендігі «бір тәуір дос», сенімді серігі де өлең: «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың? Оны айтқанда толғанып, Іштегі дертті жоярсың...».
«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз»
Абай қамал алатын шағында «Беріш боп шері байланған, Ұйқы беріп, қайғы алған / Қайғылыны уатқан» Дулаттай шайырыменқатар отырып толғанады: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың – ашыған у, ойың – кермек...». Халқының жер жүзіндегі озық жұрттардың қатарына қосылуын тілегенінде атақты жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды...» – деп, өлеңге түйген өсиетінен тиянақ табады. Қазағының бағзы замандардан бар темірді өндіріп, баптау тәжірибесі қайта оралуын көксейді.
Ал темір кенін табу мен игерудің, ең әуелі, оқу мен тоқуға тәуелді екенін ол жақсы біледі. Бар арманы – қадір-қасиетін басқыншы биліктің зымиян саясаты «іріткен» қазағын өркениет көшінің алдынан қарсы алу. Сын садағымен «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ» алақ-жұлақ, «күлкішіл, опасызды» нысанаға алады: «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың, Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың...». Сырт көзден сырын бүккен Дулат жырыныңжарыққа бастағансардар «мінезіне» сүйінеді.
Өлең сөздің «сәйгүлігі» еліктірген ақынның шабыт «тұлпары» өнер бәйгесінде қара үзуден үмітті.Атақты жыраудың, әсіресе темірді қандай мақсатқа пайдаланудың ара-жігін ашып көрсеткен адамгершілік ұстанымына разы: «Ұста соққан темірден / Әртүрлі аспап, сайман бар. Темірсіз теңдік алмайды, Керектісін сайлаңдар», – деген ол кетпен, балта, ара, қысқаш, балғаның «күн көрудің құралы» екеніне назар аударады. Бір қарағанда, кәсіп жайын ғана қаузайтындай көрінген толғаудың ойы терең.
Дулаттың, әсіресе «түбі қарғысқа ұшырататын қылышпен хандардың ғана орындалар мұраты» деген тұжырымы Абайдың барша адам баласын бауыр санаған жүрегінің мейірім пернесін дөп басады: «Қылыш алсаң қолыңа / Біреуге зорлық істеуге, Біреудікін тартып ап, Өзіңдікін күштеуге – Қайда барсаң, оңбайсың, Ұшырарсың қарғысқа». Ойына «тамыздық» болған өлеңнен ақынның жаны жадырайды: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділетті».
Бұл үшін, бірақ «Біріңді, қазақ, бірің дос / Көрмесең, істің бәрі бос». Тегінде, қай халықтың болсын темір кенін игеріп, оны кең қолданбайынша қолындағы шаруасының қарымсыз болып, өзгеге күні түсері кәміл. Өзі көзін көріп, батасын алған Дулат ақынның өлең «бәйгесін» қыздырған жүйрігіне «жанкүйер» болып, темір туралы өсиетінің қайнарынан шөлін басады. Мұндай кезде Турағұл әкесінің «өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайтынын» байқайды.
Хакім «естілер-естілместей ғып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды». Қағазға төне түсіп, бәйгеге қосқан жүйрігінің мәреден жарқ етіп өтер сәтін күткен бапкердей тақымын қысады. Жыраудың «темірдің теңдік» әперетіні туралы тәмсілінің шумақ-шумақ өрімін енді өз тұсынан тарқатады: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен...».
Бұдан әрі Абай темірдің қасиетін жұмбақ етіп жасырады. – Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, Солардың ең артығы немене екен?». Осылай жұмыр жердегі «қазынаның ең артығы» – темірді игеру туралы ғана жазғандай бола отырып өзі де адам баласы үшін аса қымбат оқу-білім «сандығының» кілтін ұстатады. Өлеңдері мен қара сөздерінде «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» (М. Әуезов) екеніне ұйытып, ел-жұртын озық елдердің сапынан көргісі келеді.
Шынында да «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды... жан құмары: білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген тілек, яки еркіндік пен теңдікке де жетудің амалы – ілім мен ғылым жолы. Өз еркімен ой «тұтқынына» айналған Абай түн болғанын үйдегі бала-шағаның жасқана сыбырласқан күбір-күбір даусынан ғана барып аңдайды. Ақынның жатар алдында «біреуге ертегі айтқызып, не өзі айтып отыратын» әдеті.
Осыны білетін үйдің үлкені мен кішісі қазір де отағасының аузына қарайды. Кешелі-бүгін оқу мен білім әлемін емін-еркін шарлаған хакім әуелі «жан құмары» туралы жұмбағын жасырды: «Сыналар, ей, жігіттер келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің». Бәрі жапа-тармағай, жарыса ойланғанымен, жауабын ұлы Мағауия табады. Сөйтіп, «жан құмары – білмекке құмарлық» туралы жұмбақ өлең елге жайылады.
Ендігі тыңдайтындары Дулат Бабатайұлының «Бір патша» атты ертегі жыры. Оны жаттап алып, айтып беруді әкелерінің Мағауияға алдын ала тапсырғанынан олар хабардар. «Қазақтың ертегісінен, – Абайдың айтуынша, – бұрын оның қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қарекеті не екені, елдің арманы, білімінің қандайлық кезінде шығарғаны көрінеді». Алашорда қызметінде жүргенде де Тобықты жұртын ертегі-аңыздармен әкесінің алғаш таныстырғанын Турағұл мақтан етеді.
Сонымен бүгінгі тыңдайтындары – «Бір патша» ертегісі. Ағасы Мағауияның өлеңді мұқият жаттап алғаны көрініп-ақ тұр. Бастапқыда, жыр жолдарын судыратып ала жөнелген оны отағасы қабағымен «шаужайлап», ол бірқалыпты ырғаққа ауысты. Кәкітай «шоң» өзара «қу көсе» деп әзілдесетін жас ақын өлеңді үйреншікті дағдысымен мәнерлеп жатқа айтады. Ертегінің кей жерінде Мағауияның дауысы сыбырға көшіп, отырғандар құлақтарын «созып», ентелесе қалады.
Соңында «дәулет пен қазына басып жатса да, қанағат жоқ, тәубә жоқ, тойымсыз патшаның қырғи соққан торғайдай» жер құшқанына тыңдаушылар мәз-мейрам болысады. Осылай адалдық пен «әділет, шапқат» сезімі ақын ұрпақтарының бойына бірте-бірте дариды. Бірақ, әкелерінің бұл өлеңді таныстыруының шын себебінен олар бейхабар. Мұның жауабын «Отты ұстап тұрғаным, Отқа бәрі табынбақ, Оттың тілін білгенге / Жердің жүзі бағынбақ», – деп, ертегі кейіпкері – сұлу қыздың өзі береді.
Барша тіршіліктің, оның ішінде оттың да тілін білудің оқу мен білімге тәуелді екені аян: «...Оттың тілін үйренсең, Орындалар тілегің». Дулат жыраудың туған елінің өзге жұртпен терезесі тең болуын тілеген арманынан Абайдың көңілі «қанаттанып», темір мен от туралы ой құшағында қалғып кетеді. Алайда «ұйқысы әдетінде шағын, жалпы жұрттан кеш жатып, ерте тұратын» ақын көбінесе өң мен түстің арасында болады. Жанына батқан бодандық пен қараңғылыққа зығырданы қайнайды.
Ондайда бірде Семейдегі білімпаз достарымен әңгімелесіп отырады... енді бірде қаладағы кітапханадан алған құшақ-құшақ кітабы мен газет-журналына қуанып отырады... келесі сәтте жаңағы «олжасын» жоғалтып алып, іздеп отырады... Қайта қалғып кеткенінде «елге жеткізсем, өзім де, көзі ашық жастар да оқысақ» деген дүниесінің «қолды» болғанынан ұйқысы қашып, ренжіп отырады. Оқуға алса құба-құп, ал өзінің кітапқұмарлығын жақтырмайтындардың іштарлығы болса ше?
Қандастарының «бірінің-біріне қаскүнем болып, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғыны» жабырқатады. Өзін талайдан бері мазалаған сауалдың жауабын да біледі: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді... Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады...».
Келесі күні де ақын кешегі ой шырмауынан оңайлықпен босанып шыға алмайды: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Ұлы ойшылдың «білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі не керек?» – деп, «жорғалай» жөнелген қаламы сәл-пәл ауада «тыныстап», қайта «бауырын» жазады: «... әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар...».
Сондықтан «Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас» деп, түнде ұйқысын ұрлаған ой «сүрлеуі» енді ап-айқын тартылып сала берген: «Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек... ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек...». Осыны жаза отырып хакім терең ойлы, от тілді Дулаттың ел басындағы зобалаңды көре тұра үнсіз қала алмауын әбден түсінеді.
Ежелден «айтпаса, сөздің атасы өледі» деп, турашылдықты ұстанған ақын-жыраулардың озбыр әрі айлакер отаршыл биліктен жасқанбай, қарсы шауып, күндей күркіреген «найзағай» намысы әрқашан ұрпақ жадында. Олардың отаншылдығы мен шыншылдығына Абай да әрқашан сүйінумен келеді. Ақынның Әйгерімнен туған ұлын Турағұл деп атауы да содан. Перзенті оқу-білімге сүйеніп, турашыл болсын дегені: «...ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Абай «бахасқа бола үйренбей, әрбір хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұтып, өлсең айрылмауды» тапсырады. Бірақ, «ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» екен. Қазағының сол бір «табиғи мінезін» құлдықтың балшықша «илеп», қалауына көндірген өктемдігінен шерленеді. Арызқойлық пен жағымпаздықтың салдарынан жік-жікке бөлінген алакөз ағайынның жуырда басы қосылып, жауға шабар қауқары байқалмайды.
Оның үстіне, отты қарумен жасанған басқыншыға қарсы қылыш-найзамен көтерілген күнде халқының қайраты жетпей, жігері жасып, босқа құрбан боларын ойласа, еріксіз түнереді. Ол «бодандық» бұғауында тыпырлаған ел-жұртының азаттыққа жетуі үшін оқу мен білімнен басқа жолдың қалмағанын ет жүрегімен түйсінеді. «Қайран елін» ұйқыдан оятып, қарекетке көшіруге белін бекем буған қайраткер ақын өскелең ұрпаққа ілім-ғылымды аманат етеді.
Болат Жүнісбеков,
жазушы