Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 29 Қыркүйек 2023

Абайділданов ұмытылатын ақын ба еді?

Абайділданов
Фото: из открытых источников

Былтыр Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Әділбек Абайділдановтың 90 жылдығы аталып өткен. 

«Ақ қайың», «Салтанат», «Қыран», «Алыс көкжиек», «Сокол», «Маржан», «Прометейдің аспанға қарап айтқаны» және «Ана тілі» сияқты бірнеше кітаптың авторын Мұқағали: «Әділбек Абайділданов – қазақ жырына «Қыранды» берген, пәк көңілді, романтик ақын. Әділбек – поэзияға өмірді көріп, оқып-тоқып дегендей, табиғи жаратылысымен, жырға деген ғашықтық құмарлығымен араласқан ақын», – деп баға беріпті.

Абайділдановтың өлеңіне жоғары баға берген қаламгерлер көп. Сәбит Мұқанов, Тұрсынбек Кәкішов, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Қасымхан Бегмановтар ақындығын жоғары бағалап, арнайы мақалалар жазған. «Жас Алаш» газетінің 50 жылдан бергі тұрақты оқырманы, Сарқан ауданының құрметті азаматы, қарт педагог Мырзахан Қабасов ақын шығармашылығы туралы үнемі айтып, баспасөз бетінде көтеріп, жазып жүреді. Редакцияға да аты көп аталмай жүрген, оқырманы ұмыта бастаған Әділбек Абайділдановтың өмірі мен өлеңі туралы бір үзік сыр айтуға келіпті.

Абайділданов
Фото: из открытых источников

–Мен ақын емеспін, әдебиетші де емеспін. Алайда жақсы өлеңдерді, шығармаларды тұшынып оқимын. Әсіресе жақсы шығармалар кісіні оқымасқа қоймайды. Сүйіп оқитын ақындарым да баршылық. Солардың ішінде Әділбек Абайділдановтың шығармаларын ерекше бағалаймын, – деп бастады әңгімесін.

Әділбек Абайділдановтың «Мен және өмір» өлеңінде:

«Ал!» дегенде басқадан бұрын шаптым,

Кейде тіпті орынсыз ұрыншақпын.

Тұтанып, сәл ұшқыннан жаным лаулап,

Бойымда жалындаған жігер қаулап, – дейді.

Әділбек – даңғаза даңқты ұнатпаған ақын. Әдекеңнің атақ-даңқ, сыйлық дегендерге назар салмағандығын замандастары жақсы білсе керек, әйтпесе оның да өңірі орден-медальдардан кенде болмас еді.

Ақын Әділбек Абайділдановтың өлеңдері туралы Есмағамбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Ғафу Қайырбеков сынды ақындар елуінші жылдардың басында-ақ ұнамды ой-пікірлерін білдіріп, мақалалар жазған. Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің мына бір пікірін айта кету артық етпес:

«Алатаудың әсем қойнауындағы саяжайда Сәбит Мұқановтың кезекті демалып жатқан шағы болатын. Күні бұрын телефонмен келісіп алып, барған едім. Әділбек саңқылдап өлең оқып отыр. Сәбең қолымен тыныштықты бұзбай «жайғаса бер» деп ымдады. «Қыран» атты поэмасын оқуды тәмамдағанда, ақынға Сәбеңнің жас баладай қуанғанын көзіммен көрдім. «Жарадың, Әділбек, жарадың! Шығыс Қазақстанды аралағанда естіген едік, енді, міне, әр қыранға өз Отаны, өзінің өсіп-өнген жері қымбат дегенді ақындық қуатпен Әділбек насихаттап отыр. Теңеу қандай, сөз қандай! Ілиястың шалымы бар мұнда»,– деп Сәбең жас ақынды көз алдымызда түлетіп, ұшқыр қанат байлап жібергендей болды», – деп жазады.

–Ауылдас екенсіздер. Көзі тірісінде аралас-құралас болған шығарсыз, ақын туған жеріне барып тұратын ба еді?

–Әділбек туған ауылын еш ұмытқан жоқ, жиі-жиі келіп тұрды. Соңғы келгенде, ұмытпасам 1982 жыл болу керек, туған жері Бастаушыға бірге бардық, бұл кезде ауылға шатырлы үйлер көптеп түскен, сонда да Әдағаң өз үйінің орнын жазбай тапты, мені «мынау сенің үйіңнің орны» деп бір аунатып алды. Күн ашық еді. Күздің қоңыр салқын майда желі есіп тұрған. Кенеттен ауа райы бұзылып, қара нөсер құйды да кетті. Төбемізде бір топ қарлығаш айнала ұшып, ауылдан шығарып салды. Сонда Әдағаң «Мына қарлығаштар да, жауын да мені шығарып салғандай ғой, енді келемін бе, келмеймін бе ауылға?!» – деп ауыр күрсінді. Көп ұзамай қайғылы хабар алдық. Әдағаң өмірден озыпты. Әдағаңның 90 жылдығы былтыр өтті. Бірақ алдаспан ақынның тойы өз деңгейінде тойланған жоқ. Оның несін жасырамыз? Жазушылар одағынан Қасымхан Бегманов барды өкіл болып. Рақмет оған! Келген соң «Жырларын уақыт жеңе алмаған ақын» деген мақала жазды, «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды.

–Абайділдановтың аты неге көп аталмайды?

–Кез келген ақын мен жазушының атын атап отыратын, ұмыттырмайтын, Қазақстан жазушылар одағы болуы керек. Жетпіс жасы Талаптан Ахметжан, Тұманбай Молдағалиевтердің қатысуымен Сарқанда аталып өткен. Одан кейінгі жылдары Әдағаңның өзі де, өлеңдері де ұмытылыңқырап жүр. Жетпіс жылдығын атап өткенде Молдағалиев Астанаға ұшқалы тұрған жерінен Сарқанға арнайы барып, сол тойға қатысты. Тебіреніп сөйлеп еді-ау. Ақынға ақынның берген бағасынан артық не бар?

Әділбек ұмытылатын ақын ба еді?! Туған ауылында ақын атында көше бар. Көше бойында Мәдениет үйі орналасқан. Соған Әдағаңның атын беру керек деп, биыл да ауылға барып қайттым. Осы ойымды атқамінер азаматтарға жеткіздім. Атақ-даңққа қызықпаған, ешкімге жағымпазданбайтын, саяқ жүретін кісі еді. Артында бір ұлы, екі қызы қалды. Биыл екі қызы әкесінің туған ауылына барып қайтты. Қазақ барда, өлең сүйер жастар барда Әдағаңның поэзиясы ұмытылмайды деп сенем. Тек, соған орай шаруалар атқарылса...

Жарас Шөке