Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 19:48

АБАЙТАНУДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕС: АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖИНАҚ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ КОРПУС

1

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 22 желтоқсан күні Алматы қаласында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған «Абай мұрасының жаңа дәуірі: қолжазба нұсқадан цифрлық корпусқа дейінгі мәтінтану мәселелері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталған ғылыми жиын мазмұны мен нәтижелері тұрғысынан абайтану ғылымының қазіргі дамуындағы іргелі әрі кезеңдік мәні бар негізгі ғылыми оқиғалардың бірі ретінде бағаланды.

Конференция жұмысы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлының кіріспе сөзімен ашылды. Кенжехан Ісләмжанұлы кіріспе сөзінде Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелі зерделеу, оны академиялық талаптарға сай жариялау және заманауи цифрлық кеңістікке енгізу бүгінгі қазақ ғылымы мен руханияты үшін стратегиялық маңызға ие екеніне тоқталды.

1

Шара барысында Абай Құнанбайұлы шығармаларының цифрлық корпусы ресми түрде таныстырылды. Таныстырылымды филология ғылымдарының кандидаты Бейсенқұлов Аязби Ахбергенұлы жасап, корпустың құрылымы мен мазмұнына жан-жақты сипаттама берді. Цифрлық корпусқа Абайдың 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағынан бастап, кейінгі кезеңдерде жарияланған барлық академиялық басылымдардың электронды нұсқалары, әр жылдары хатқа түскен қолжазбалар, сирек мәтіндер мен архивтік деректер толық ұсынылды. Абайдың академиялық толық жинағын құрастыру барысында негізге алынған қолжазбалардың барлығы осы корпусқа жинақталып, әрқайсысына сипаттама берілді. Сонымен қатар абайтануға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеулер жүйеленіп, біртұтас ғылыми цифрлық кеңістікке топтастырылған. Бұл жүйеде Абай шығармаларының аудио нұсқасы арнайы жазылып, қосымша берілді. Бұл жоба абайтану ғылымына тың серпін беретін, дереккөздік базасы кең әрі ғылыми әлеуеті жоғары іргелі ресурс ретінде бағаланды.

1

Конференцияның негізгі бөлімінде Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағының тұсаукесері өтті. Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағы барлық белгілі қолжазба нұсқалар мен алғашқы басылымдар негізінде әзірленді. Бұл негізгі басылымда бұрынғы жарияланымдарда кездесетін мәтіндік алшақтықтар жүйеленіп, қатаң текстологиялық қағидаттар бойынша ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдер ұсынылды. Әрбір шығармаға дереккөздік, авторлық және тарихи тұрғыдан тереңдетілген ғылыми түсініктер берілді. Бұл жинақ Абай мұрасын зерттеу, оқыту және ғылыми айналымда пайдалану үшін негізгі академиялық мәтін ретінде айқындалады. Академиялық басылымды әзірлеуге қатысқан ғалымдар жинақты дайындау барысында жүргізілген көпжылдық зерттеу жұмыстары, дереккөздермен жұмыс істеу тәжірибесі және басшылыққа алынған негізгі текстологиялық қағидаттар туралы кеңінен баяндады.

Атап айтқанда, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінің Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәдібаева Қанипаш Қайсақызы «Абай шығармаларының толық басылымы: тәжірибесі, өзектілігі» тақырыбы аясында академиялық жинақтың ғылыми мәнін, бұрынғы басылымдардан айырмашылығын және бүгінгі абайтану үшін маңызын жан-жақты саралады.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Шапай Тұрсынжан Мұқанұлы «Абай шығармаларындағы мәтінтанулық мәселелер» тақырыбындағы баяндамасында Абай шығармаларындағы мәтінтанулық мәселелерге тоқталып, қолжазба мен баспа нұсқалары арасындағы айырмашылықтарды анықтау мен ғылыми тұрғыдан негіздеу жолдарын талдады. Сондай-ақ академиялық жинақты дайындау барысында әр сөз бен сөз тіркесі, тыныс белгілері толық қаралып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Жинақты құрастырушылардың бірі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы «Абай шығармалары көшірілген қолжазбалардың ерекшелігі» атты ғылыми баяндамасында Абай шығармалары көшірілген қолжазбалардың ерекшеліктерін сөз етіп, олардың дереккөздік маңызы мен ғылыми айналымдағы орнын айқындады. Сондай-ақ әр қолжазбаның өзіндік ерекшелігіне, жариялануына байланысты ғылыми тұрғыдан пікір білдірді.

Абайдың музыкалық мұрасын арнайы зерттеу нысанына алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, музыка зерттеушісі Шүкіман Еркін Тұрсынғалиұлы «Абайдың музыкалық мұрасының соңғы басылымдардағы редакция мәселелері» баяндамасында 2025 жылы көрген жинақтың ерекшелігіне тоқталып, музыкалық мәтіндерге қатысты, жиналу, зерттелуі бойынша өзекті ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.

1

Шараның келесі бөлімінде Астана қаласынан арнайы келген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әубәкір Жандос Мағазбекұлы «Абай академиясының қызметі және қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми баяндамасында Абай академиясының негізгі бағыты, жүйесі және осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарымен таныстырып, абайтану саласының дамытудың басым бағыттарын айқындады. Сонымен бірге еліміздегі абайтану орталықтарының жұмысын жетілдіру, өзара ынтымақтастықты нығайту секілді басым бағыттар бойынша ғылыми тұжырымдамаларымен бөлісті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Салқынбай Анар Бекмырзақызы өз сөзінде Абайдың «Ақыл сөзіндегі» әмбебап қалып пен өлшем мәселесін ғылыми тұрғыдан талдап, жан-жақты пікір білдірді. Өскемен қаласынан келген С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Қартаева Айжан Маратбекқызы Абай поэмаларындағы шығыс аңыздары мен топонимдердің поэтикалық қолданысына тоқталса, Ж.А. Тәшенев атындағы университеттің Ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Абенова Ләззат Усманқызы Абай танымы мен Абай ілімін ХХІ ғасыр тұрғысынан зерделеу мәселелерін көтерді.

Конференция барысында Абай мұрасын зерттеуде ғылыми дәйегі жоқ еңбектерге емес, нақты архивтік деректерге, қолжазбалар мен академиялық тұрғыдан тексерілген мәтіндерге сүйену қажеттігі ерекше атап өтілді. Шара қонақтары абайтанудың бүгінгі өзекті мәселелері мен Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеу және жан-жақты насихаттау бағыттары жөнінде пікірлерін ортаға салды.

Жалпы алғанда, Абай шығармаларының цифрлық корпусының жасалуы мен академиялық толық жинақтың жарыққа шығуы абайтану ғылымына тың серпін беріп, қазақ ғылымы мен руханияты үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызы зор іргелі ғылыми оқиға ретінде қорытындыланды.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының

баспасөз хатшысы

Мағазбеков Нұр Жандосұлы

Тегтер: