Абайтанудың абыз ақсақалы еді
Абайтанудың абыз ақсақалы, қазақтың азат рухының қайраткері «ақырын жүріп, анық басатын» Мекемтас аға тоқсанды алқымдап, артына қаратаудай мұра қалдырып дүниеден озды. Ғасыр жасаған ғұмырында «жайнаған туы жығылмай» кетті.
Күні кешеге дейін санасы сергек, әдетінше, Абайды жатқа оқып, оның «мораль философиясын» тәптіштеп, қазақтың ұлттық намысын түрткілейтін тәмсілдер айтудан жалыққан емес. Қаламын да қолынан түсірмеді. Өткен жылдың қара күзінде ғана «Абайдың шығыстық әлемі» деп аталатын көлемі 55 баспа табақтан тұратын монографиясын әкеліп институтқа табыстап кетіп еді. Бұл – абайтанудың абыз ақсақалына айналған ғұлама ғалымның кеңестік дәуірде қақпай көрген «Абайдың Батысынан көрі басым – Шығыс әлемін» ұзақ жылдар зерделеген қыртысты тақырыптың толғамды қорытындысы болатын. Осы арқылы тәуелсіз санаға серпіліс беретін келешегі кең даңғыл жолдың көкжиегін кеңітіп еді...
«Мен Абайға «мәңгүрт» болып келдім. Алғашында түсінбедім. Кейіннен қорықтым. Қайталап оқып жүріп, қалай кіріп кеткенімді өзім де білмей қалдым...» деп бастайтын абайтануға қалай келгені жөніндегі әңгімені. «Менің түсінбегенім сол – кеңестік ғалымдардың Абайдан атеист, коммунист жасағандары еді. Соны айтам деп басым бәлеге қалды!» деп сырбаз жалғастырушы еді әңгімесін. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...», «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлаған ақынды қалай атеист, коммунист деуге болады?...» «Ақыры олар мені қорғатпайтын болды, содан мен Мұхаңның ығын паналадым. Сөйтіп, диссертация тақырыбын «М. Әуезов және абайтану проблемалары» деп алдым да, Мұхаңның салып кеткен сүрлеуін кеңейтуге тырыстым» дейтін. Ол Абай мен Мұхтарды құныға оқыған сайын, «мәңгүрт» санасына жарық сәуле дарып, көкірек көзінің ашыла түскенін айтудан жалықпайтын. Қандай тақырыпты қозғамасын, барлығына ұлы Абайдан тиянақ табатын, онысын айналдырып әкеліп Әуезов пайымымен астарлап дәйектейтін. Өзі жазғандай, ол Абайтанудың «М. Әуезов дәуірінен кейінгі» ең ірі қайраткеріне айналды. «Абайдың ақындық кітапханасы», «Абайдың Шығысы», «Абайдың исламиятқа қатысы», «Абайдың мораль философиясы», «Абай шығармаларының текстологиясы», «Ақынның «өзі алған нәрлері», «өзгеге берген нәрі» деген сияқты соқталы тақырыптарды аңдуы мен қақпайы көп кеңес дәуірінің өзінде қаймықпай көтеріп, арналы зерттеу нысанасына айналдырған ұлағатты ғалым болды. Сол көп жылғы еңбектің қорытындысы Абайдың «Толық адам» ілімі – жаңа таным жолы» деген тұжырымдамаға айналды. Сөйтіп, 10 томдық еңбегін жарыққа шығарып, абайтанушыларға бағдаршам боларлық мұнара тұрғызып кетті. Осылайша, ол Абай тағылымы арқылы ұлт рухының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ту ұстаушыларының бірегей тұлғасына айналды.
Сонау жетпісінші жылдардың өзінде Абай атындағы қазақ педагогика институтында (ол кезде солай аталатын) дәріс оқып жүрген кезінің өзінде ол кісі бүкіл жан дүниесімен «ұлтшыл» еді. Бізге «Ежелгі дәуір әдебиеті» мен «Абайтанудан» дәріс оқыды. Біз мектепте атын естімеген «тасқа қашалған көне түркі жазба ескерткіштері», «Оғызнаме», «Махмұт Қашқари», «Құдатқу білік», «Кодекс-Куманикус», «Қорқыт ата» «Рабғузи» сияқты ежелгі дәуірден бастап, Абайға дейінгі әдебиеттің тарихи кезеңдерін өзінің байыпты, сырлы дауысымен сары ауыз балапандардың көкейіне қондыра жеткізуші еді. Әсіресе Дулат Бабатайұлына келгенде шабыттанып, шамырқанып кететін. Өйткені Дулат – қазақ қоғамының отаршылдыққа қарсы соңғы тұяқ серпер дауылпаз үні еді. Ол жөнінде өзінің досы Құлмат Өмірәлиевтің әйгілі еңбегін көлденең тарта сөйлейтін. Ұстаздың бүкіл дәрістерінен отаршылдыққа қарсы ұлттық рух есіп тұратын. Сондықтан ол кісінің дәрісін тыңдағандардың ішінде ұлтшылдық «дертіне» шалдықпағаны жоқ шығар. Тәуелсіздік дәуірінде Мекемтас аға ерекше құлшыныспен жұмыс жасады. Түркістанда, Таразда көп жылдар өнімді еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық әдебиетті, тарих пен мәдениетті қадірлейтін, елі мен жерін сүйетін аймақтардағы жаңа толқынның тың армиясын жасақтады. Осы жылдары ғалымның шабыттана, жанын сала тер төккені сонша, қазақ әдебиетінің мұрағатта жатқан мұраларын 500 кітапқа жүк етіп, жарыққа шығарған екен.
Ол кісінің «Қазақтар қалай орыстанды?» деген шағын кітапшасының өзі қоғамдық ойға алапат қозғау салды. Ұйқыдағы сананы дүр сілкіндірді, тарихқа тәуелсіз көзқарас керек екендігін «қағынан жеріген» жұртына түйсіндірді. «Ұлтшыл» деген сөзден үрікпей, өз ұлтыңды қастерлеу – азаматтық асыл қасиет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды. Осы орайда, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының отыз томдық еңбектерін жарыққа шығаруы да ұлтқа қызмет етудің бір парасы еді.
Ғұлама ғалым өзінің кемеліне келіп, толысқан саналы ғұмырының жемісті жылдарын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы «М.О.Әуезовтің музей үйі» ғылыми орталығының қабырғасында өткізді. Ұлы Абайдың ең толымды ғылыми жинағын шығаруға, М.О.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағын дайындауға белсене араласты. Бұрын жарияланбаған қаншама мұрағаттық жазбаларды жарияға шығарды. Осы институт қабырғасында ғылыми дәрежелер қорғады. Ең сүбелі деген еңбектерін жазды. Қай жерде жүрмесін Мекемтас аға киелі шаңыраққа бір соқпай кетпейтін. Өмірінің соңына дейін институтпен араластығын үзген жоқ. Жасының ұлғайғанына қарамастан, айына бір рет телефон шалып, хабарласып отыратын. Енді сіздің сол сазды дауысыңызды сағынатын болдық, ұлы ұстаз!
Бақұл болыңыз, ардақты аға! Өзіңіз жан дүниеңізбен сүйген, қапысыз қызмет еткен қазақ халқы аман тұрғанда Сіз мәңгі жасайсыз. Азат саналы азаматтардың Сізді есінен шығармайтынына, дұғасынан тастамайтынына, біз, шәкірттеріңіз кәміл сенеміз. Туған жеріңізден бұйырған топырағыңыз торқа болсын! Абай атаңыздың рухы желеп-жебеп, Алла нұр жүзіңізді пейіште шалқытсын!
Кенжехан Матыжанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының бас директоры,
филология ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА-ның академигі