Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

«Әбден қажыдым». Әкім тұрақтамайтын Жаңақорғанда проблема көп

1

Қызылорда облысында 7 аудан болатын болса, оның ішінде Жаңақорғанның өзіндік ерекшеліктері көп. Мұндағы халық негізінен мал шаруашылығымен күнелтеді, егін егіп, жерден ырзық-несібесін теретін шаруа қожалықтары да бар.

 Атағы жер жаратын Жайылма қарбызы да осында өседі. Қазір ауданда экономикалық өсім байқалады, дегенмен қордаланған мәселелер де аз емес. Көпшілікті толғандыратын тақырыптар мақаламызға арқау болмақ.

Жаңақорған Түркістан облысымен шекаралас жатыр. Жергілікті халық Қызылорданың орталығына қатынағаннан гөрі, осы шаһарға жиі ат басын бұрады. Ең қызығы, бұл өңірге аудан әкімдері де айтарлықтай ұзақ уақытқа тұрақтамайды. 2022 жылы ғана ауданға басшы болып келген Мұрат Тілеуімбетов бүгінде Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы. Төрт айдан астам уақыт бұрын аудан әкімі болып Мәжит Самитов тағайындалды. Жасыратыны жоқ, оңтүстік ауданды басқару оңай шаруа емес. Жергілікті халықтың өзіндік ерекшеліктері көп, оның үстіне, өңірде руға бөліну кең етек алған деген әңгіме желдей еседі. Әкімнің тұрақтамайтынын осындай ішкі интригалардан көретіндер аз емес.

Қазір Жаңақорғанда 80 мыңнан астам халық тұрады. Көпшілікті тұрғын үй баспанасы әбден әбігерге түсірген. 1 700-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Мемлекеттен тұрғын үй алуды армандап жүрген жанның бірі – Мөлдір Жүсіпова. 38 жастағы әйелдің мүгедектігі бар, өзі 4 баланың анасы. Отағасының тапқан-таянғаны ішімдіктен ауыспайды екен. Жалдамалы пәтерден әбден жалыққан ана әкімдіктің табалдырығын әбден тоздырған. Жуырда қолына бір шөлмек бензин алып, шенеуніктердің көзінше өзін өртеп жіберуге де талпынған.

Мөлдір
Фото: Айнұр Төлешова

«Әбден қажыдым. Осы кезде тұрып жатқан үйімде ешқандай жағдай жасалмаған. Айына 50 мың теңге төлеймін. Балаларымның жәрдемақысы мен өзімнің пенсияма әрең күн көріп отырмын. Қазір 193-ші болып үй кезегінде тұрмын. Балаларым бір күн тоқ болса, екінші күні аш. Маған ең болмағанда уақытша тұратын жайлы баспана қажет», – дейді ол.

Мөлдірдің жағдайынан жергілікті шенділер хабардар екенін жеткізді. Мүгедек әйел мемлекеттен тиісті көмектің бәрін алып отыр дейді әкімшілік. Басшылар «Баспана заң аясында беріледі, тұрғын үй кезек бойынша табысталады» деп отыр. Мөлдірдің жағдайын сәл болса да жақсартатын ауданда уақытша баспана жоқ екен.

1

Нәлібаевтың қолынан алған сапасыз үйлер

Тұрғын үй демекші, бұл ауданда өте өзекті мәселе болып тұр. Өткен жылдың қазан айында мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрған 50 адамға баспана кілті табысталған еді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі қатысып, тұрғындарды құттықтаған. Алайда сол баспананың жыры әлі таусылар емес.

1

«Мен тұрғын үй кезегінде 20 жыл тұрдым. Өзім 8 баланың анасымын. Өткен жылдың 21-қазан күні аймақ басшысының қолынан кілтті алып, үйіме кірдім. Қуанышым су сепкендей басылды. Үйдің құрылысы мүлдем сапасыз жүргізілген. Сыртқы есігім түсіп қалайын деп тұр, қыстыгүні үйім көгерді. Балаларым жиі ауырып, өзім де сырқаттанып қалдым. Қабырғалары өте жұқа, шатырымнан жел улейді. Есігімнің алды май топырақ, үй газға қосылмаған. Әкімшілікке қайта-қайта айттым, бірақ еш әрекет жоқ. Мердігер кем-кетігін жөндеп береді дейді, бірақ ол күн қашан болатынын білмеймін. Мен сияқты үйінің сапасына көп адам шағымданып жүр», – деді Жаңақорған ауданының тұрғыны Раш Асылбекова.

Жаңадан салынған үйлер кент орталығындағы «МАИ бекеті» аталып кеткен мөлтек ауданда бой көтерген. Расымен, жолдардың жайы өте нашар. Кейбір көшелерге қиыршықтас төселген болса, ал ендігісінің шаңы көкке ұшып жатыр. Жаңбырлы күні оқушылардың мектепке қатынауы қиын дейді тұрғындар. Қазір үйлерге га тартылып жатыр, бірақ қашан қосылатыны нақты белгісіз.

«Бұл үйлер өткен жылы берілді. Бір үйдің құны 8,5 млн теңге шамасында. Техникалық құрылымында үйге баспана кіргізу көрсетілмеген, баспана электр пешімен жылытылуы керек. Дегенмен бюджеттен қаражат бөлініп, газ кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. Жылу маусымы басталғанда қосуды жоспарлап отырмыз. Құрылыс сапасына келетін болсақ, үйдің екі жылдық кепілдігі бар. Жеке кәсіпкерлер осы уақыт ішінде кем-кетігін жөндеуге міндеттелген. Қазір осы мәселе біздің бөлімнің бақылауында», – деді аудандық ЖКХ бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.

Бүгінгі күні ауданда 124 тұрғын үй салынып жатыр. Әзірге құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатыны белгісіз.

1

Ақшасы көп компаниялар экологтарға бағынбайды

Жаңақорғанда жұмыс істеп тұрған бірнеше ірі өндіріс орны бар. Ауданның экономикасын көтеруге көп пайда тигізіп жатыр деп жиі аталады. Алайда «Шалқия» кен орны, «Байкен–U» және «СКЗ–У» ЖШС-лары қаржылай тұрғыда тиімді болғанымен, қоршаған ортаға залалы шаш-етектен.

Жуырда ғана әлеуметтік желілерде «Байкен–U» ЖШС-ына қарасты зауыттың уран қалдықтарын қоршаған ортаға төккен видеолары тарап кетті. Миллиардтаған айналымы бар мекемені Қызылорда облыстық экология департаменті бірнеше мәрте тексерген екен. Заңсыздықтарды анықтап, айыппұл да салған. Алайда бұл жаза өндіріс орнына маса шаққан ғұрлы әсер етпей отыр. Есесіне, зауытқа жапсарлас жатқан Байкенже ауылының тұрғындары денсаулықтарына шағымдануда. Жергілікті әкімдік бұл тұрғыда зауыт басшыларына ешқандай шара қолдана алмайтын көрінеді. Тек өндіріс орындарының көрсеткен әлеуметтік көмектерін қанағат етіп отыр.

Жаңақорған ауданындағы білім саласында да былық көп. Үстіміздегі жылы білім бөлімін ұзақ басқарған басшы мен 24 мектептің есепшілері істі болып сотталды. Мамандар мемлекет қаржысын жымқырғаны анықталған. Қазір аталмыш бөлімді жаңадан келген басшы басқарып отыр. Жаз айында ауданға қарасты ауылдың бірінде оқушы өлімі болғанын ескерсек, бұл сала әлі де қатаң бақылауды қажет етіп тұрғанын аңғару қиын емес.

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы