Әбдіхалықова шахмат тақтасынан «ханның қызын» іздеп жүр
Өткен аптада әлеуметтік желі Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызының құлағын біраз шулатты.
Шиелі ауданына қарасты Нартай ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына барған облыс әкімінің жұмыс сапары кезінде түсірілген сурет халықты таңғалдырды. Әкімнің баспасөз қызметі таратқан суретте шахмат ойнап жатқан балалардың ойынына қарап тұрған әкімнің шахматтың кезекті жүрісін бақылап тұрғаны аңғарылады. Алайда шахмат тақтасындағы бейберекет орналасқан тастарына қарап-ақ суреттің көзбояушылық үшін түсірілгені көрінеді.
Ең сұмдығы – халық «ханның қызы» атап кеткен Гүлшара Әбдіқалықованың өтірікке, көзбояушылық үшін түсірген суретке еш күнәсіз балаларды пайдалануы. Әйтпесе әкімнің өтірік есебі үшін түсірілген суретке сол жерде қаптап жүрген ересектердің бірде-біреуінің ескерту айтып, ең болмаса шахмат тастарының орнын табуына ықпал етпеуі тұтас облыстың өтірікке батқанын аңғартатындай. Әлде қызылордалықтардың барлығы бірдей ең болмаса шахмат тастарының қалай орналасатынын білмей ме?!
Мынадай тұжырым жасауға болады: Шахмат ойынында патша, уәзір, піл, ат, «тура», тіпті, әскерге дейін бар. Соның бәрі болғанда, шахмат тақтасына ханның қызы неге кірмей қалған деп, тақтадан өзін іздеп тұрған жоқ па екен? Әлде, шах туралы ойында «ханның қызын» қоспағанына ренжіп, қасақана үйренбей қойды ма екен? Егер, жалғыз әкім қызымыздың айналасы осылай ақталса, көкейге қонымдырақ бола түсер еді, ал, олар әдеттегідей сенімсіз уәжге салып, ақтала алмай жатыр.
Шиелі аудандық спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай ауылда спорт кешені бірінші рет ашылып жатқанын, балалардың расымен шахмат ойнай алмайтынын мойындап, «Бұл жерде ешқандай жарыс болған жоқ. Жеткіншектер енді ғана келіп шахматты үйреніп жатқан. Көзбояушылық немесе басқа да себептер бар деп айтпаймыз» деп түсініктеме де берді.
Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылында жаңадан пайдалануға берілген спорт кешенінің директоры Жарқынбек Есенбайұлы да облыс әкімін ақтап алуға тырысып, «ауылымыздың балалары келіп, шахмат фигураларының орналасуы және шахматты қалай ойнайтыны туралы сұрап отырған болатын. Облыс әкімі бізге шахмат фигураларының дұрыс орналаспағанын атап өтті. Балалардың бүгіннен бастап спорт кешеніне келіп, шахмат үйрену үшін сабақ алып жатқанын айттым», – депті.
Жарайды, сенейік, сеніп қалуға тырысайық, бірақ облыс әкімінің баспасөз қызметі өздері таратқан суретке өздері түсініктеме бермеген соң, сенімсіздеу естіледі екен. Сондықтан «сүйкенген екі түйенің арасында қалып кетіп, еріксіз ажал құшқан шыбынның» кейпіндегілердің ақталуы аса сенімді шықпады.
Ендеше спорт кешені облыс әкімін алдап жүр ме, әлде әкім халықты алдап жүр ме? Ең болмаса халық алдына шығатын суретке мән бермеу биліктегілердің халықтан қымсынбайтынын да аңғартпай ма? «Халық қаласа хан түйесін сояды» дейтін ел едік. Бүгінгі күні әкімқараларымыз халыққа түйесін соймақ түгіл, өтірікке тойдырып, кезекті көзбояушылықтарын ғана «құрбандыққа» шалатын сыңайлы. Алайда, шыны керек, әкімнің есебі үшін түсірілетін осындай дүниелерден халық әбден тойды. Тіпті ашындыра бастады.
Осы орайда атап өтер жайт, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жылына бір рет беретін есебін көзбояушылық деп бағалаған болатын. Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған президент өңірдегі атқарушы орган басшыларына: «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек», – деп те ескерткен. Алайда әкімдердің халыққа жылына бір беретін есебі де, жыл бойына атқаратын жұмыстары да көзбояушылық деңгейден әлі аса алмағанын аңғарып отырмыз.
Былтыр Тоқаев орталық атқарушы орган басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен. Қаулыға сәйкес, бұдан былай министрлер мен әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін бейнеконференция байланысын пайдаланып, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда және ақпараттық интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастыра отырып өткізуі тиіс делінген болатын. Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керектігі айтылған еді.
Расында халыққа жәрдемақы тағайындайтын кезде үйіндегі тауығының жұмыртқасына дейін санайтын биліктің, әкімдердің алып отырған 2 миллион теңге айлықтары ақталуы үшін жыл сайын өткізілетін есебін көзбояушылықтан арылтатын кез жетті. Алайда жылына бір рет өткізілетін есептік жиындарын ғана емес, әлеуметтік желідегі әкімдік парақшаларындағы әкімдердің жүрген-тұрғандарын тізетін жалған ақпараттары да халықты мезі етті.
Әрине, атқарылған шаруалар жайлы халықты хабардар етудің маңызы зор. Алайда жоғарыдағы оқиға әкімдердің әрекетінен көзбояушылық көбірек байқалатынын аңғартады. Ақиқатын айтар болсақ, елімізде «әкім бол, халқыңа жақын болды» бойына сіңірген, тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ түретін, халықтың сүйкіміне ие болған, іскер, «кризис менеджер» әкім мүлдем жоқ. Қуаңшылық болса табиғат кінәлі, қымбатшылық болса халық кінәлі, ал өздері сүттен ақ, судан таза әкімдер. Жыл сайынғы әкімдердің есептік жиындары да егіз қозыдай ұқсас. Пайыздық көрсеткіштер, сірескен сандар, жіпке тізілген жетістіктерден көз сүрінеді. Алайда әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрғындарының еңсесі көтеріліп, есін жиып жатқан облыс, қалаларымыз жоқтың қасы.
Жарайды, «ондай-ондай ханның қызында да болады» деп қоя салайық, бірақ басқа облыстың әкімдері жақында беретін жылдық есептерінде «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ескеріп, жоғарыдағы жағдайдан сабақ алып, халық алдында барынша шынайы болса екен.