Әбдірахымовқа қатысты әңгіме әлі таусылған жоқ
Шымкент әкімі қызметінен осыдан үш жыл бұрын босап кеткен Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты әңгіме қыза түсті.
Бұған дейін белгілі журналист Владимир Козачков телеграм каналында Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық істің тіркелгенін хабарлаған еді. Енді, міне, өткен аптаның аяғында «Время» газетінде осы іске қатысты біраз мән-жайлар жазылды. Бизнесменнен ақша талап етті, деген топтың ішінде Оңтүстіктегі ең креативті, жас та болса, іскер шенеуніктердің бірі саналып жүрген, бүгінде Кентау қаласының әкімі қызметін атқаратын Рашид Аюповтың аты-жөні аталды. Ел аң-таң.
Аталған басылымның жазуынша, құзырлы органдарға Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен белгілі бизнесмен, «Forbes Қазақстан» басылымның тұжырымы бойынша елдегі ең дәулетті деген 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Сайдулла Қожабаев арызданған. Белгілі болғандай, 2013 жылы бизнесменді әлдебіреулер қорқытып, 20 миллион доллар талап еткенге ұқсайды. Осы кездері Қожабаевқа премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған (Мәсімов бұл кезде президент әкімшілігінің басшысы). Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген көрінеді. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтің атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне, 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлермен ақылдаса келе, оларға 3,5 миллион доллар беріпті. Әзірге, белгілі мән-жай осы ғана.
Қайталап айтайық, оқиға 2013 жылы болған. Қожабаевтың 9 жыл бойы үнсіз келіп, құзырлы органдарға биыл арызданғанын, әрине, түсінуге болады. Сонымен бірге, оның қолында нақты айғақ болмаса, біреудің үстінен ауыр қылмыс жасады деп, арызданбайтыны да белгілі ғой. Не де болса, ақ пен қараның арасын тергеу органдары ажыратып беруі тиіс. Айтпақшы, Алматы қалалық Полиция департаментінің мәлімдеуінше, қылмыстық іс «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабымен қозғалған. Ал бұл істе Кентаудың әкімі Аюпов бар ма? Болса, оның «мәртебесі» қандай? Куәгер ме, күдікті ме әлде айыпталушы ма?
Ғабидолла Әбдірахымовтың Шымкенттегі алғашқы әкімдік дәуірі 2015 жылдың тамызында басталғаны белгілі. Үшінші мегаполиске «зың әкімнің» жаңа командасымен келген Рашид Аюповке Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметі бұйырды. 2017 жылдың күзінде ол Әбдірахымовпен бірге «Нұр Отанға» кетті. 2018 жылдың маусымында Әбдірахымов Шымкентке екінші мәрте әкім болып келген кезде «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік жасады. Бір жылдан кейін Әбдірахымов «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» қызметінен масқара жағдайда босатылатын кезде оны Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Екі жылдан кейін Аюпов облыс әкімінің орынбасары лауазымына өсті. Биыл наурызда ол ірі көлемде парамен ұсталған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың орнын басқан-ды. Әзірге, Рашид Аюпов өзіне қатысты мән-жай бойынша ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Ал арызданушы Сайдулла Қожабаев Кентау өңірінің түлегі. Alageum Group компаниясында бақылау кеңесінің төрағасы. Аталған компанияның құрамында Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейтін 14 кәсіпорын бар. Оның ішінде ірісі Кентау трансформатор зауыты. Айта кетері, Alageum Group компаниясы 2018 жылы, яғни, Әбдірахымов Шымкентте әкім болып тұрған кезде қуаттылығы 220, 500 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытты іске қосқан. Asia Trafo деп аталатын кәсіпорын Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Жобаның жалпы құны 18,9 миллиард теңгені құрады. Әбдірахымов пен Қожабаев зауытты осы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында салтанатты жағдайда ашқан еді. Бизнесменнің бұл жетістігіне Әбдірахымовтың қаншалықты қамқорлық жасағанын, әрине, қазір айту қиын.
Егер құзырлы органдар Әбдірахымовтың Шымкентте әкім болған кезеңін қазатын болса, біраз былық-шылықты анықтауы әбден мүмкін. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары мен тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде, Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары «2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру» дерегі бойынша жүріп жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Г.Сатыбалдыға тиесілі «Ария Жаңа Астана» компаниясы Шымкентте Қонаев даңғылының жалғасын жүргізу үшін 10 миллиард теңгеден астам тендерді «бір көзден» ұтып алыпты. Компаниямен арадағы келісім 2018 жылдың қыркүйегінде жасалған. Байқағандарыңыздай, бәрі Шымкентке Қайрат Сатыбалдының досы Ғабидолла Әбдірахымов әкім болып тұрған кезде басталған. Яғни, бұл қылмыстық істің бір ұшы «зың әкімге» барып тірелуі әбден мүмкін.
Әбдірахымовқа қатысты «сенім кредиті» таусылса да әңгімесі әлі таусылған жоқ.