Әбдісаттар ӘЛІП. Сайран салған Сапашбайлар

16.11.2018, 02:30

17

САЙРАН САЛҒАН САПАШБАЙЛАРәңгіме  Біздің бұл кейіпкеріміздің  азан шақырып қойған аты Сапарғали болатын. Бірақ жұрттың бәрі Сапаш деп атап кеткен. Ол бала кезінен бұзық болып өсті. Үлкенмен де, кішімен де жағаласып кететін. Ешкімге ақысын жібермейтін. Алда-жалда жеңіліп қалса, қарсыласын балағаттай жөнелетін. Мұнысы кемпір-шалдың қолында өскен шолжақай еркесі болған соң шығар.  Апайларының сөмкесіне тасбақа, яки кірпі салатын да осы Сапаш-тын. Қыздардың шашын қосарлап байлап та қоятын. Балаларды теуіп кетіп, асығы мен ләңгісін тартып алатын да тағы сол. Сабақ оқуға келгенде азар да безер. Тіпті, шимай-шатпақ дәптерден тазасына көшірудің өзін басқаларға сілтей салатын. Айтқаны айтқан, дегені деген болып жүретін еді. Қысқасы, жұрттың бәрі одан қаймығатын.  Тоқсан қорытындысында мұғалімдер оған семіз екінің орнына арық үш қойып, «Мұрныңа зығырмай құйса да адам болмайсың!» — деп кейитін де қоятын. Кемпір-шалдан қорыққаны ма, әлде ата-анасын сыйлағаны ма, қайдам, бүкіл мектеп одан аман-есен құтылудың амалын қарастыратын. Сөйтіп жүріп жетінші сыныпты әрең бітірген. Кейіннен оқуды мүлде жинастырып қойған. Оны біреулер миғұла, маубас деп сыртынан ғайбаттайтын.  Десе де «ауылдың атаманы» атанған Сапаштың қасына ешкімнің жолағысы келмейтін. Денесі ірі, жалпақ, жұдырығы кеспелтектей жуанқара болғандықтан үлкен-кіші «разборканы» жалғыз өзі-ақ шешіп тастайтын. Тойға келген сұлу бойжеткендерді өзара бөлісу, қонақ жігіттерді қанжоса етіп ұрып-соғып, сабалау сияқты оғаш қылықтарды оның нұсқауымн жандайшаптары атқаратын. Айтқаны болмай қалса, яки жөнді орындалмаса кінәлілерді қатаң жазалайтын еді. Көрші ауылдың қыз-жігіттерін қорлап, екі аяқтарын бір етікке тығатын. Сөйтіп, қыз алып қашудың ұстасы, ерегісіп төбелескен топқа шешім шығарудың шебері дәрежесіне де жеткен. Бара-бара есімі ауылдан асып, бүкіл ауданға танылып, онда да өзінше үкімін жүргізе бастаған.  Тіпті мектептер мен балабақшалардың  ішкі тірлігіне дейін араласқысы келген. Кім директор, кім меңгеруші  болады? Мемлекеттік грантқа кім лайық? «Алтын белгіні» кім алады? Осылардың бәрін бір өзі шешпек болған. Қарсыласқандарға пара ұсынып, әбден ит-масқарасын шығаратын. «Бәледен машайық қашып құтылыптының» кері келгендей, дірілдеген директорлар мен маймөңкелеген меңгерушілер оның айтқанын бұлжытпай орындайтын. Орындамауға лажы қалмайтын. Айтқаны айдай келген сабаз «шотал» жинап, әжептеуір әлденіп алады.  Құдай жарылқап, алыстағы Астана жақтағы бір дәу дөкейдің қызына үйленеді. Бар байлығын періштедей перзентіне бере салған қайынатасының қамқорлығымен бір кездегі бұзық, миғұла, маубас енді Сапашбай деген құрметті атқа  ие болады. Ол аздай, құдіретті қайынатасы тоғыз айдың ішінде күйеу баласының қолына тоғыз диплом ұстатады. Заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер, кеденші, салықщы, ғылым докторы, профессор академик, бәрі — бір өзі. Содан  алты ай ауыл әкімі болып істеп, сатпаған жері, саудаға салмаған базары да, мазары да қалмайды. Полиция бастығы қызметінде жүргенде  қоластындағы бір маубасы өзінің астындағы мәшинесімен үш адамды мыжып кетеді. Сапаш жазаланудың орнына иығына генерал погонын тағып шыға келеді.  Жасырын түрде қалайы, тағы басқа да қымбат металл тасымалдаушылармен, есірткімен елтіген наркодиллермен, адам өлтіргіш киллерлермен  ауыз жаласып, тәжірибе жинайды. Анығырағы ақша жинайды. Тиісті ставканы бермегендер қызметімен қош айтысады. Өзі де жейді, өзгені де тойдырады. Күндіз-түні түнгі клубтар, мейрамханалар, букмекер орталықтары,  базарлар, сауналар, моншалар, притондарды торуылдап, мыс-мыс ақша жинайды. Әрине, бермегендерді қинайды.  Әсіресе, анаша деген бәленің нағыз білгірі болып алады. Марихуана, героин, гашиш, көкнәрі, есірткі, сора дей ме,  денеге инемен егетінін, сұйылтып ішкізетінін, бәрін-бәрін  біркісідей меңгереді. Ең бастысы  — әрқайсысының бағасын жаңылыспай айтатын. Бағынбаған қызметкерлерінің қалтасына ұнтақ салып жіберіп, түрмеге қарай тоғытатын. «Жапппарқұлда жан бар ма?!» демекші, дірдек қақан қоластындағы қызметкерлер бастығының бұйрығын  бұлжытпай орындауға талпынатын. Өйтпей көрсінші.  Бірде мынадай оқыс оқиға орын алады. Шымкенттегі университетте үздік оқып жүрген бір жарлы-жақыбайдың Жандәулет деген жалғыз баласы Сапашбайдың өзі сияқты еркетотай ұлының конспектісін көшіріп жазбай қояды. Осыған ызаланған жандайшаптары  әлгі бейшара студентті тысқа шығарып, ел-жұрттың көзінше әбден төбелейді. Онысымен тұрмай көздері қызарған оншақты  нашақордың ортасына әкеліп тастайды. Жемтік көрсе жаны кіріп қалатын өңшең құтырған қызылкөз бәлелер әлгі бейшараның ту-талақайын шығарады. Әлсіз балғын денесінің пышақ тимеген жері қалмаған бозбала түн ортасында жаяу-жалпылай қашып-пысып, нағашысы Әбжан жасайтын жатақханаға әзер жетеді. Зәре-құты қалмаған ол жиенін жедел түрде ауруханаға апарады. Үш жарым сағат ота жасағаннан кейін барып зәбір-жапа шеккен жанның көзі ашылады. Сол арада полицейлер нағашысының өзін айыптағысы келгендей сұрақ-жауаптың астына алады. «Екеуің ерегіскен жоқ па едіңдер?!», «Араларыңда жанжал болған жоқ па?!»   деген сауалдар қойылады. Жиеніне «Тура жүр, тура тұр!» дегеннен басқаны  айтпайтын нағашысының сөзін олар елең де етпейді.  Ауруханадан аман-есен шығып, сабағын оқып жүрген Жандәулетті көрген жандайшаптар Сапашбайға жылдам хабар жеткізеді. Ашуы басына шапқан ол өзінің басбұзар нашақорларын  тағы да іске қосады. Жендеттер бұл жолы жазалаудың басқа амалын ойлап табады. Олар жабылып жүріп студент байғұсқа ішірткі ішкізіп жібереді. Өздерінің не істеп, не қойғанын білмейтін нашақорлар жандалбасалаған жігіттің жанайқайын сырттан қызықтап тұра береді. Содан не керек, екі курс бойы кілең беске оқыған  мемлекеттік грант иегері анасы жалғыз ұлым келешекте қып-қызыл диплом алады деп үміттеніп жүргенде  қып-қызыл жындыға айналады. Басының қайда қалғанын білмей, ылғи да киімі мен ұялы телефонын жоғалтып жүреді. Оқу жайына қалады. Зар еңіреген анасы Зердегүл  жалғызының амандығын тілеп, күндіз-түні Алла тағалаға жалбарынумен әлек болады.Бүгінде Жандәулеттің замандастарының алды әп-әдемі қып-қызыл диплом алып, жас маман атанған. Үйленіп, сәби сүйе бастаған. Ал ол болса өзін итше қорлаған жауыздардан қорқып, жансауғалап, Алматыға барып, қара жұмыс істейді. Жол жөндейді. Арба сүйрейді. Супермаркет, гипермаркеттерде жүк түсіруші болады. Базар жағалап, анау-мынау бірдеңелерді сатып жүреді. Баклашка жинайды. Өзегін өртеген өкініштен барлық ыза-кегін ащы арақтан ала бастайды.  Шетелдік шылым шегеді.  Бір кездері өзі оқыған университетін де, надан нашақорларды да әсте көргісі келмейді. Махаббат сезімі де әлдеқашан сөніп қалған. Оқуды да, үйленіп, үй болуды да жинастырып қойған. Осылайша қайғы-қасіреті  көп болса да қарнының тоқтығына мәз болып жүре берген. Пәруәйі пәлек. Ауылда қалған анасы Зердегүл зар еңіреп жылап жүр. Нұрай мен Нұргүл есімді бауырлары: «Жандәулетіміз қашан жанұялы болады  екен?!» — деп зарыға күтіп жүр.  Күндердің күнінде бұл жаман хабар Жандәулеттің жамағайыны Жылқыайдардың құлағына да жетеді. Мал ұрлығы үшін төрт мәрте қамалып, барлығы болып 16 жыл түрмеде отырып келген  ол қалайда Сапашбайдан өщ алудың жолын  қарастырады. Әр бәлені бір ойластырады. Өйткені, оның да темір тордың аржағынан көрген-білгені бар-тын.  Қайта-қайта қамала бергеннен кейін тастүрме де оған өз үйіндей болып кеткен. Сотталғандарға анашаның қалай тасымалданатынын талай рет байқаған. Кейбіреулердің  анаша салынған  ұсақ пакеттерді аузына салып жұтып жіберіп, кейіннен оны тікішек арқылы қайта шығарып алатындарды да  көрген. Түрмедегілердің үштен бірінің нашақор, тағы соншамасының өкпе құрты (туберкулез) тәрізді дерттерге шалдығатынын, қалғанының жындысүрей халге түсетінін   өмірдің өзі көрсетіп отыр ғой. Міне, осының бәрінен хабары бар жұмырбасты пенде бостан-босқа қарап отырсын ба? «Сапашбайды соямын, жанындағыларының желкесін жұламын!» — деп зыр жүгіре жөнеледі. Алайда оны ұстап алған жандайшаптары бастығының алдына сүйреп әкеледі. Оны «Өзінің әйелі бола тұра күйеуі тастап кеткен бір баласы бар қарақалпақ қатынмен көңілдес болып, соны зорлап жүр», — деген айып тағып, тағы он жылға қаматып жібереді.  Сапашбай содан бір күні облыстың прокуроры болып шыға келеді. Полиция,  қаржы  полициясы, кеденші, соттарды алдына ермекке шақыртатын. Жабылып преферанс  ойнайтын. Жеңіліп қалғандарын  қожайынның тақырбастары, шкафтай-шкафтай алпамсадай алпауыт жігіттері бос бөлмеге апарып, әбден сабайтын. Сапашбайды картадан ұту мүлде мүмкін емес. Не бәлесі барын кім білсін, қолы жүреді де тұратын. Бұл топқа жаңылысып  болса да, адасып болса да  бір әкім қосылып қалады. Кенеттен жаңа ойыншының қолы жүре бастайды. «Жігіттер, жақсы! Жиналысым бар еді. Енді қайтайын», — деп кетуге ыңғайланған оны жандайшап жендеттер әкесін танытып сабап тастайды. Ұтқан ақшасын тартып алып, майлы құйрықтан бір теуіп, жөніне жібереді.  Прокурордың Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келіп, облыстық кірістер басқармасын басқарып отырған  баласы  бір байғұстың қызын  «сындырып», зорлап  қояды. Әкесінен көмек сұраған ұлына: «Қызды алдыма әкел!» — дейді. Ебіл-дебілі шығып жылап келген бойжеткеннің қолына  бір пәшкі көк қағаз ұстатып жібереді. «Аузыңды жап. Артық әңгіме айтатын болсаң, басың кетеді», — деп қорқытқаннан кейін қыз өзінің жіңішке жолымен жайына кетеді.  Алматыда   жаңа жоғары оқу орны ашылғанда оған ректор болуға таласушылардың қатары  көбейеді. Бірақ ешкім де Сапашбайдың алдын орағыта алмайды. Сөйтіп, ол білдей бір  университетке басшы болып шыға келеді. Бағыныштыларының апшысын қуырады. Пара әкеліп бере алмағандары амалсыз қызметінен қош айтысады. Осылайша мұнда академик ағаның  ағайын-туыстары емін-еркін билік құрады. Ғылым докторлары да, профессорлар да солардың арасынан шығады. Қарсыласқандарының соры құриды. Өздерінің таутұлға таяныш-тіректерін қолды-аяққа тигізбей жөн-жосықсыз мақтап қана қоймайды. Егемен еліміздің Парламенті Мәжілісінің сайлауы кезінде халық қалаулысы етіп сайлап алады. Содан тойханасы, саунасы, түнгі клубы, базары бар байбатша көке салықтың барлық түрінен босатылады. Абыройы асқақтап, беделі биіктей береді.  Отбасы мүшелері ғана емес, ағайын-туыстарының да бәрі дерлік  бай-бағыландар қатарына қосылады.  Өзі Мемлекеттік сыйлықпен қоса-қабат Халықаралық Сократ сыйлығын да алады. Қосақ-қосақ мәшине, қосақ-қосақ қатын да алады. Сегіз қабат үй де салады.   Мұның бәрін былай қойғанда күндерлің күнінде Сапашбайдың алыстағы Америкада ағылшын тілінде кітап шығаруы елді елең еткізген. Атауы да қызық. «Наркобизнесті түбегейлі жоюдың тұжырымдамасы». Онда не жазылмаған дейсіз?! Жұрттың бәрін шулатып жүрге атақты Шу өңіріндегісін айтпағанда, анашаның Отаны саналатын  Ауғанстаннан  Орталық Азия елдері арқылы Ресейге, одан Еуропа мен Америкаға дейін  тасымалдау жолдарын  жіпке тізгендей етіп тәптіштеп  баяндап  берген. Наркобарондардың, олигархтардың, бизнесмендердің атын атап, түсін түстеген. Кімнің қай жерде  қандай қызмет үшін қанша қаржы алатынына дейін түгендеп шығыпты сабазың. Анашаның жеті атасына дейін сараптап талдап, сұйығы, ұнтағы, шаншитын инесі дей ме, түгін қалдырмай суреттеген.  Бұл кітапты  оқыған адамның ішіп-жемей мас болып, есеңгіреп есі кетіп, дел-сал күй кешетіні айдан анық.   Міне, қарапайым, қарадомалақ ауыл баласының басынан өткерген  жағдаяттары осындай. Жеті-ақ сыныпты әрең бітірген жетесіз, миғұла, маубас болып жүрген  жетесіздің анау-мынау ақылды адамның қолы  жетпес өмір жолы кісіні ойлантарлықтай. Себебі, бір кездері Сапаштай, кешірерсіздер,  Сапашбайдан  да бұзық болғандардың  біразының қазір дәу дөкей, шоң шенеунік, түрлі деңгейдегі білдей бастық болып отырғаны өтірік емес қой. Әрине, араларында маңдай терін төгіп,  адал еңбек еткен  игі жақсылары  мен жаймаңдары да  баршылық. Дүниенің кілті — білімде екені даусыз. Алайда оның шыңына буы бұрқыраған ақшамен, жалған беделмен, жағымпаздық, жалпақшешейлік, жезөкшелік, тағы басқа сан түрлі  құйтырқы жолдармен шығуға да болатын көрінеді. Сапашбай сияқтылардың күні ертең «Әлем адамы» атануы, Халықаралық Нобель сыйлығын иеленуі немесе Марсқа ұшып, сонда қоныстанып кетуіне де әсте таң қала қоймассыздар.                                                                  ***  Қанша жерден  жариялық,  демократия дегенімізбен, бүгінгі қазақ пен қала өмірі кереметтей ғажайып деп айта алмаймыз. Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген де қазақ. Көшіп-қонып, пәтер жалдап жүрген де қазақ. Арба айдап, тәшкі тасыған да қазақ. Пара беріп, пара алған да қазақ. Бірін-бірі ұстатып беріп жүрген де қазақ. Қарыз алып, той жасап жүрген де қазақ. Кредитке батып жүрген де қазақ. Қайыр сұрап жүрген де қазақ. Тойхана, базар салған да қазақ. Жас тоқал алып жүрген де қазақ. Бір басына қырық жері мен қырық үй-жайы бар да қазақ. Қысқасы, асып-тасыған да, жүдеп-жасыған да қазақ.Өкінішке орай, бүгінде араққа арбалып,  темекінің түтініне тұншығып, марихуанаға мас болып, есірткіге есі кетіп жүргендер қаншама. Араларында қаракөз қандастарымыздың да, тіпті нәзікжанды қарындастарымыздың да кезігіп қалатыны  өзекті өртейді. Сол себепті де тұлабойымызды  осындай жиіркенішті  әдеттердің бәрінен аулақ ұстап,  салауатты өмір салты ұстанудың арқасында   ізгілік пен мейірімділікке ғана ұмтылайық, ағайын!Әрине, қазіргі жаһандану дәуірінде дамыған өркениетті елдердің көшінен қалып кетпеу үшін урбанизазация, урбанистік мәдениет  үдерісіне ілесуіміз  керек. Ауыл өмірінің қалаға небарынша ыңғайластырылғаны қажет-ақ. Алайда, айналаңа қарасаң, адамның аузы бармайтын небір сұмдықты көресің. Мұндайда қолыңды бір сілтеп, не болса да бетке айтатын жарықтық Шерхан Мұртаза  мәністегендей,  «Бір кем дүние...» дейсің де қоясың. Ал Сапашбай сияқтылар сайрандай жүр...  Ондайларға не айтасың енді?!

                     Шымкент қаласы

Фото: fr.depositphotos.com
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    29.09.2020, 10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    29.09.2020, 09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16