Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:21, 24 Қаңтар 2024

Әбділда Мағжаннан толық кешірім сұраған жоқ

әбділда тәжібаев мағжан жұмабаев
Фото: из открытых источников

Асықпаңдар!

Артымызда қазы бар,

Тергеп талай, сүйектерің қазылар.

 

Ахмет Байтұрсынұлы

Сыншылар мен әдебиет тарихын зерттеушілер алдында «Ұлт алдындағы сатқындық айтылу керек пе, айтылмау керек пе?» деген салмағы қара жердей ауыр сұрақ көлденең тұрғанын көрсе де көрмегенсіп, сыйпай қамшылап өте шығатынына көзіміз де, құлағымыз да әбден үйреніп кеткендей еді. Алайда тәуелсіздіктің 30 жылында дүниеге келіп, Алаш рухынан нәр алып өскен жас перілер мәймөңкелемей-ақ «ұлт алдындағы сатқындық ұмытылмайды» деп атойлап алға шыққанын көріп ерекше тебіреніп, қолыма қалам алдым.

Оның тағы бір себебі, мен бұдан 30 жыл бұрынғы (1994 ж. «Жұлдыз» журналының №5-6 санында) «Мағжан және қазақ поэзиясы» деген үш баспа табақтық көлемді зерттеу мақаламда мағжантанудың сол тұстағы тарихнамасына жан-жақтылы тоқталған едім. Онда мағжантануды төрт кезеңге бөліп қарастырдым. Тұтастай алғанда мағжантанудың бұралаң тарихнамасынан түйер түйінді 1960 жылы қазақтың ардагер азаматы Ілияс Омаровтың «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні, күн нұр шашса кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір керітартпалардың қырсығынан күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді», деген наласын еске алсам, Мағжанды қанша ұлықтап, ұрандағанымызбен Мағжандай жарық күнімізді етегімен жауып, оның нұрын тоспақшы болған сатқындардың атын атап, тарих сотына бере алмай келгеніміз баршаға белгілі ғой. Осындай екіұдай көңіл күйде жүргенде «Жас Алаш» газетінде (№49. 08.12.2023) Зарқын Тайшыбай деген зерттеуші азаматтың «Қызыл жаланың құрбаны» атты мақаласын оқып, оның бұған дейінгі мағжантанушылар назарына іліне қоймаған жаңа деректеріне риза болсам да, оның «Мағжанның 1989 жылы шыққан жинағына Әбділда Тәжібаев (1909-1998) «Алғысөз» жазып, өз замандастары атынан тарих алдындағы кінәсін мойындағаннан бері Мағжан туралы бірқатар шаруа жазылып, басылды», дегенінен тосырқап қалдым. Әбділданың бұл «Алғысөзі» расында кінәсін мойындау ма?

«1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Тоқсанның тобы» өлеңіндегі «Жүзден тоқсан садаға, мен тоқсанмен біргемін» дегеніне сенбедік. Сол кездегі он сегіз жасар бала «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша «Тоқсанның жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды» деген өлең жауап жаздым. «Еңбекші қазақ» газетінде ол да жарияланды. Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді. ...Біз бүгін (1989 жылды айтып отыр – Ә.Д.) әділдік орнаған Совет адамы еркіндік еріктілік тапқан заманда өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз қайта тірілген қуанышты күндерімізді басымыздан кешіре бастадық».

Зарқын мырза Әбділдаға ризашылық білдіргенде оның 72 жасында, 1981 жылы (филология ғылымдарының докторы Қазақ СССР халық жазушысы) «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдық шығармалар жинағының төртінші томында не жазғанынан хабары болмаған сияқты.

Қадірлі қазақ оқырмандары, мағжантанушы Зарқын мырза, өздеріңіз құдайшылдығын айтыңыздаршы, егер Әбділда Тәжібаев шынымен өзі және замандастары атынан кешірім сұрағаны рас болса, ол он сегіз жасар Әбділданың (онда да ағаларының тапсырмасын орындаған бейкүнә бозбаланың) 1927 жылғы өлеңін емес, 72 жасар ғылым докторының 1981 жылғы жазған қан сасыған жалалы сөздерін келтірген болар еді ғой. Ол аталған 758 беттік монографиясының 64-74 бетінде «Буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылардың ішінде ерекше көзге көрінген, ақындық таланты мен өнерін түгел байшылдыққа жұмсаған – Мағжан Жұмабаев...» (66-бет) деп жазады. Ары қарай оқыңыз:

«...Мағжан деген тамаша лирик бопты ғой, махаббатты, табиғатты ұшқыр жырлапты ғой» деп жаңа жаза бастаған жас ақындардың өзімізден талай сұрағанын білеміз. Демек, әлдеқашан күл-талқан болған буржуазия табының шаңы аспанға ұшса да, оның жыршыларының көмекейіне құм құйылса да, Мағжан әлі күнге дейін әр тұста бой көрсетіп қалып піспеген бас, орнықпаған жүректерге зиян тигізіп жүргені сезіледі. Сондықтан ұлтшылдықпен буржуазияшылдық идеологияның түп тамырын шауып көрсету оп-оңай. Мағжанның еңбекші халыққа, революцияға көрінеу көзге жауыға жазғандарын былай қойғанда, оның лирикасындағы өмір, әйел, табиғат туралы «нәзіктеп» жазғандары да түршігу, жеркенуден басқа әсер ете алмайды, шірік символизмнің қазақ әдебиетіндегі бір көрінісі екенін жасыра алмайды. Біздіңше, Мағжан лирикаларының барлық мерезін пышақтап отырып көрсету керек те, оның жұқпалы, зиянды «күштерін» әшкерелеу керек. Бұл әдебиетіміздің тарихы үшін де, болашағы үшін де қажет».

Ұлы Мағжан ақынды осынша күстаналап жала жапқан Әбділда, 1927 жылдан бері қайталап ешнәрсе жазбағандай, 1989 жылы «Алғысөзінде» басқаша сөйлейді. Егер, шынымен кешірім сұрағысы келсе, доктор кезінде жазған еңбегі үшін де кешірім сұрауы керек еді.

Осы мақаланы жазып жатқанда «Жас Алаштың» 2024 жылғы 11 қаңтардағы санында Бағашар Тұрсынбайұлының «Өлген мысық туралы оқиға немесе ұлт алдындағы қылмыс ұмытылмайды» деген жантүршігерлік мақаласын оқып, Әбділда Тәжібаевтың келтірген «Кешірімінің» шын сыйқын көргендей болдым. Мұның тарихи, әлеумет себебін қарастырған Олжас Сүлейменов: «Біз ғалымдарымызды соққылағанымыз, еліміздің миын шайқап есеңгіреткеніміз сонша, халық құнарлы қыртысынан айрылып қалды», – деп дәп басып айтқан.

Ендеше, бүгінгі мынау ашық-жарқын сөйлей алатын үрей-үркінсіз азат заманда сол әділет үніне неге құлақ түрмеске? Неге әркімді өз шама-шарқына, еткен еңбегіне, төккен теріне қарай қайта бағалап, ең керегі тарихи әділеттіліктің орнына келуі, обал-сауаптың парқына жетуі, генетикалық жұтқа ұшырап, ұлттық санасы өшкіндеген халқымыздың жас-кәрісіне тағылым үйретіп, тәубеге келтірмеске? Ұлт өзін-өзі тек жақсы жағынан, той тойлап, әлем-жәлемденген сахналастырылған ойындар арқылы танып, біледі деу – бір жақты, таяз ұғым. Ұлт өзінің қаралы, қайғылы, тіпті сатқындық пен екі жүзділіктің құрбанына айналған трагедиясын танып-білу арқылы да таниды.

Жиіркену, жеріну сезімі – қасиетті сезім, ұлттық ар-намысын тазартудың киелі дұғасындай десе болар.

Менің бұл айтқандарымды құптамайтын адамдардың аз емес екенін де білемін. Бірақ біз көрген, білген қазақы мәймөңке келісімпаздарға бұдан басқаша сөз айта алмаймын.

Соңғы күндері баспасөзде, әлеуметтік желілерде классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің бір сұхбатында айтқандары жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жатыр. Мейлі кім не десе, о десін, мен білетін, мен кәміл сенетін бір ақиқат бар: Мұхтар Мағауин өзі аттас Мұхтар Әуезовтен кейін дүниеге келіп, қолына қалам алған барлық қазақ жазушылары қолы жетпеген әрі қанша тыраштанғанымен оны маңайлай алмайтын аса заңғар биікке әлдеқашан көтерілген нағыз классик жазушы, өзі сеніммен айтқандай, ол совет адамы болған емес. Кеңестік дәуірді жырлап, социалистік реализм бойынша жалған шығарма жазбаған, бар талантын ұлтының тарихы мен тарихи тұлғаларына арнаған ғұлама ғалым ретінде-ақ өз атын алтын әріппен жазып қойған ұлы тұлға. Оның қаламынан туған әңгіме, повест, романдар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған жауһарлар. Сондықтан Мұхтар Мағауиннің «Мен» деп өзін асқақтата сөйлеуге қақысы бар. Уақыт өтер, Мұхаң да, оның замандастары да өтер бұл пәниден, бірақ келешекте анық жететін сөз – Мұхтар Мағауиннің сөзі екеніне сенетін қазақтың бірімін.

Түйін сөзімді орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің мына сөзімен аяқтағым келеді: «Данышпандық дегеніміз – жеке адамның творчестволық дамуының ең биік сатысы. Талант – данышпандыққа қарағанда творчестволық кемірек дарындылық. Біріншілер – мезгілінде түсінілмей, танылмай, бағаланбай, көбінесе өз замандастарынан қуғын мен көре алмаушылыққа ұшырайды. Олардың даңқы келешекте, өздерінің сүйектері қурап қалғанда мәлімденеді. Екіншілері – өз дәуірін сүйетін, беделін жүргізетін адамдар болады. Бірақ тірісінде құрметтеліп, мақтау мен мадақ астында бақытты болып өтсе де, өлген соң ұмыт болады. Ал кейде көзі тірісінде де олар өз даңқының сөнгеніне куә болады».

Әлімғазы Дәулетхан