12.01.2020, 21:00
73
Өз-өзін жариялап алған Абхазия республикасының жоғарғы соты оппозиция атынан президент сайлауына түскен Алхас Квицинияның шағымын қанағаттандырып, елде өткен президент сайлауының нәтижесін жойды. Бұл туралы “Эхо Кавказ” сайты хабарлады. Бұл шешім Сухумидегі наразылық тұсында қабылданды.
Оппозиция атынан сайлауға кандидат болған Квициния дауыс беру кезінде қазіргі президент Рауль Хаджимбадан бір жарым пайыз дауыспен жеңілген. Бірақ оппозиция сайлау нәтижесін мойындамаған.
9 қаңтарда Сухуми қаласында наразы жұрт президент әкімшілігінің ғимаратына басып кіріп, Хаджимбаның отставкасын талап еткен. Хаджимба бұл наразылықты “мемлекеттік төңкеріске талпыныс” деп атаған.
Кейін Абхазия парламенті қаулы қабылдап, Хаджимбаны отставкаға кетуге шақырған. Ал сот орталық сайлау комиссиясына сайлау өтетін уақытты тағайындауды тапсырды. Сот шешімі 11 қаңтарда күшіне енді. Хаджимба ресейлік РИА Новости агенттігіне сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР