Абхазияда парламент ғимаратында атыс болып бір депутат көз жұмды
Атыс өзін-өзі жариялаған Абхазия республикасының парламент ғимаратында болған. Депутат Вахтанг Голандзия қаза тапты, оппозиционер Кан Кварчия жараланды.
Бұл туралы "Эхо Кавказа" жазды.
AMRA-life телеграм каналы парламентте кен өндіруге тыйым салу туралы заң жобасы талқыланғанын жазады.
«Кездесу кезінде Адгур Харазия мен Кан Кварчия жанжалдасып, нәтижесінде Адгур мылтығын алып, Канға оқ жаудырды. Марқұм Вахтанг Голандзия оларды ажыратпақ болған», - деп жазады басылым.
Депутат Вахтанг Голандзия алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келген.
Айта кетейік, Абхазия парламенті ғимаратының алдында құқық қорғау органдары мен Абхазия Республикасы мен Ресей үкіметі арасындағы инвестициялық келісімді ратификациялауға қарсы наразылық акциясына қатысушылар арасында қақтығыс болғанын жазған едік.
15 қараша күні таңертең депутаттар Сухуми мен Мәскеу арасындағы инвестициялық келісім жобасын талқылауға жиналған Абхазия парламентінің ғимаратына жүздеген наразылық білдіруші келді.
Соңында парламент күн тәртібін бекітпей, 15 қарашадағы сессия өткізілмеді. Бірақ наразылық білдірушілер депутаттардан сессия өткізіп, келісім жобасын мақұлдауға қарсы дауыс беруді талап еткен.
Көп ұзамай парламент ғимаратының алдында наразылық білдірушілер мен ғимаратты күзетуге шыққан полиция қызметкерлері арасында қақтығыс басталған. Наразылыққа қатысушылар сарбаздарға жұмыртқа лақтырып, жүк көлігімен ғимараттың қоршауын бұзып, аумаққа кіріп кеткен.
Бұған жауап ретінде тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ шашып, жиналғандарға түтін гранаталарын да лақтырған. Тәртіп сақшылары өрт сөндіру машиналарымен парламент аумағына кіретін жолды жауып тастауға әрекеттенген.
Мәліметтерге қарағанда, парламент аймағында да атыс дыбыстары естілген. Сухуми жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері парламент ғимараты алдындағы акцияда екі адамның жарақат алғанын айтты.
Respublica-ның хабарлауынша, президенттің қауіпсіздік қызметінің басшысы Аслан Бжанияның күзет басшысы наразылық білдірушілермен кездесуге келіп, олардың талаптарын басшыға жеткізуге уәде берген. Сондай-ақ Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Роберт Киут наразылық білдірушілермен келіссөз жүргізбек болған. Осыдан кейін шерушілер үкіметтік ғимараттар кешенін, оның ішінде республика президенті әкімшілігі ғимаратын қоршауға алған.. Respublica мәліметінше, акцияға бірнеше мың адам қатысып жатыр.
Парламент ғимаратының алдындағы наразылық білдірушілер, Сухум, Абхазия, 2024 жылғы 15 қараша \ Фото: РИА Новости)
Артынша наразылық акциясына қатысушылар парламент ғимаратына да басып кірген. Қауіпсіздік қызметі оларға қарсылық көрсетпеген.
Енді олар Ресеймен инвестициялық келісімді ратификациялаудан бас тартумен қатар, республика президенті Аслан Бжанияның отставкаға кетуін талап етіп отыр.
Абхазия басшысының баспасөз қызметі президент әкімшілігі инвестициялық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын парламенттен кері қайтарып алу туралы құжат әзірлеп жатқанын хабарлады.
Бұған дейін не болды?
Қазан айында Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Решетников пен Абхазия премьер-министрі Кристина Озган ресейлік компанияларға республикада инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін келісімге қол қойды.
Абхазия үкіметі бұл келісім жергілікті экономикаға көмектеседі деп есептесе, оппозиция бұл құжатты «республиканың мүдделерін тікелей сату» деп санайды. Келісімге қарсылар оның Абхазияға пайда әкелмейтінін айтады.
«Біріншіден, бұл келісім шетелдік олигархтарды 25 жылға дейін салықтан босатуға арналған. Ширек ғасырда бюджетке бір тиын да түспейтін мұндай келісімдер бізге не үшін керек?», - деген Адгур Ардзинба келісімге қарсылық білдірген қоғамдық және саяси ұйымдар басшыларының сөзін жеткізді.
Банк қауымдастығының өкілдері де келісімге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Сухуми мен Мәскеу арасындағы келісімге сәйкес, Ресей инвестициялық жобаны реттеу үшін Абхазияда өз банкінің бөлімшесін аша алады. Банкирлер ресейлік мемлекеттік несие ұйымдарының қаржылық және технологиялық мүмкіндіктері Абхазия банктерінің мүмкіндіктерімен салыстыруға келмейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, мәміленің қабылдануы «бәсекелестік ортаны бұзып, Абхазиядағы несиелік ұйымдарға үлкен зиян келтіруі, тіпті банкроттыққа әкелуі мүмкін».
11 қарашада Абхазия парламенті республика аумағындағы көпфункционалды кешендердің мәртебесін реттейтін заң қабылдады, онда Ресей-Абхазия келісімі де айтылған. Сол күні Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі келісімді ратификациялауға қарсы шыққан бес белсендіні тұтқындаған. Бұл парламент ғимаратындағы төбелестен кейін болғаны хабарланды.
Белсенділерді қамауға алу Сухумиде наразылық акциясына ұласты, оған қатысушылар қалаға кіре берістегі үш көпірді жауып тастады. Белсенділер босатылғаннан кейін жолдар ашылды.