Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

«Абылай ханға» репрессия жасалып жатыр немесе антрополог Оразақ Смағұлұлына араша

Оразақ Смағұлұлы
Фото: ашыө дереккөз

Мемлекеттік сыйлық – редакциямыз бұрын да талай көтерген ділгір мәселе. Алда да тақырыптың тыным табар түрі көрінбейді.

 Олай болуы бір жағы заңдылық. Қоғам өзгерген сайын қоғамның басты байлығы Адамды тәрбиелейтін әдебиет пен өнер өскелең тартуға тиісті. Ал қаламгер қауымының қоғам үдерісінен қалып қоймасы үшін бағалау, құрметтеу жосығы жаңаланып жатуы керек. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа шығарма ұсыну кезегі ғылыми еңбектер еншісінде. Елеулі еңбектер ұсынылып, техникалық сараптау басталып та кетті. Орайында әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің «ә дегеннен әділетсіздік орын алып отыр», – деп дабыл қаққан полемикалық мақаласын жариялап отырмыз. Ой айтып, пікір қосу бейіліндегі қалың оқырманға жол ашық.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа ашық хат

ҚұрметтіҚасым-Жомарт Кемелұлы!

Адамзат тарихында озық ойлы, ғылыми жаңалығы үшін қудалауға ұшыраған ғалымдарды еске алар болсақ, ең бірінші – Джордано Бруно мен Галилео Галилей есімізге түседі. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде Қазақстанда бір емес, екі мәрте қудалауға ұшыраған антрополог академик Оразақ Смағұлұлының тағдыры да осыған ұқсас. Ғалым алғаш 1977 жылы репрессияға тап болды. Физикалық антропология талаптарына сай 25 мың адамның қанын алып, зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін жариялаған ғалымның «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» атты кітабы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысының (С.Н.Имашев) қаһарына ұшырады. Еңбек баспадан шыға салысымен барлық дүкендерден жинап-теріліп алынып, Ғылым академиясы ауласында өртелді. Кейін бұл еңбек араға он төрт жыл салып ақталды. 1991 жылдың ортасында Қазақ ССР Ғылым академиясы президиумы мәжілісінде кітап қолжазбасы қайта қаралып: «О.Смағұловтың бұл кітабы кезінде сыңаржақ пікірлердің салдарынан жөнсіз жойылған. Кітап қайта бастырылсын» деген қаулы қабылданды.

1988 жылғы екінші соққы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин тарапынан болды. Ол баяндамасында О.Смағұлұлының «Қазақстанның этникалық антропологиясы» атты кітабын көпшілік көз алдында сынап, авторын «ұлтшыл», «расист» етіп көрсетті. Далалық аймақта зерттеу жүргізіп жатқан жерінен ғалымды қуып шықты. Ал кітаптың редакторлары сол кездегі археология мен антропология саласындағы ең мықты мамандары СССР Ғылым академиясының академигі А.П.Окладников пен КСРО Ғылым академиясының мүше-корреспонденті В.П.Алексеев болатын. Бұл жолғы қуғынға нүкте қойған Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Сол кезде Ө.Жәнібеков СОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Мишенкоға арнайы барып, О.Смағұлов, М.Мұқановтың жазықсыз жазаланған ғылыми еңбектерін айтысып-тартысып отырып, арашалап алғанын білемін. Орекең соңына түскендерге «Маманмен сөз таластырудың қажеті жоқ» деп тоқтау айтқан (Адырбекұлы К. Антрополог Оразақ Смағұлұлы // «Түркістан» газеті, 2007, 8 ақпан). Ө.Жәнібеков жайында ғұмырнамалық кітап жазып жүрген қаламгер райында айтарым міне, осы!

Орекең Қазақстан тәуелсіздік алған соң ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. Шетелде ғылыми жұмыстары бағаланып, Италияның Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды. 12 жеке және ұжымдық монографиялардың авторы, 400-ден астам мақала, баяндамалардың авторы, бұған қоса Қазақ-Монғол (1991–1993 жж.), Қазақ-Италия (1993–1994 жж.) экспедицияларын басқарған және Индиядағы (1974–1975жж.) антропологиялық зерттеулерге қатысып, Индира Гандимен бетпе-бет жүздесіп алғыс естіп, қолын алған жалғыз қазақ, АҚШ, Италия, Индия университеттерінде дәріс оқыған отандастарымыздың бірі, бірегейі. Ол –Қазақстан мен Орта Азия аумағында 40-тан аса далалық экспедиция ұйымдастырып, қазақ халқының шығу тегінің 50 ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдеген теңдесі жоқ зерттеуші.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ғалымның 2021 жылы төрт тілде жарық көрген «Қазақ халқы мен оның ататегіне орай антропологиялық очерктер» атты кітабына Өзіңіз жазған алғы сөзде: «Бұл – қазақтың төл тарихын түгендеп, оның Ұлы дала төсіне тым көне заманнан тамыр жайған халық екенін дәлелдейтін еңбек. ...Осы еңбек өскелең ұрпаққа халқымыздың қалыптасу кезеңдерін, түпкі тегі мен туыстық жүйесін терең тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұлттың рухын көтеріп, жастарды отаншылдыққа баулуға септігін тигізеді», – деп жоғары баға бергеніңіз де жадымызда.

Қазақстан тәуелсіздікке ие болған соң тарих ақтаңдақтарын зерттеу өзекті болды. Кеңестік тоталитарлық жүйе зерттеуге тыйым салған тұлға – Абылай хан. Кеңестік жүйе қыранжүрек ғалым Бейсембай Кенжебайұлының 1941 жылы жарық көрген «Абылай хан» аталатын кітабын шығар-шықпаста өртеп жібергенін бұған дейін жазғанмын (Қ.Ергөбек. «Сарасөз» 2013 ж. 83-88 беттер). Тәуелсіздіктен кейін осы негізсіз қаралану ақталуға тиіс еді. Таңдау Абылай ханға түсті. Себебі Ө.Жәнібеков сөзімен айтқанда: «Абылай – қазақ өз бостандығына өзі ие, егеменді ел болсын деген саясат жүргізген адам» (Жәнібеков Ө. Абылай – алып тұлға // Абылай хан. Кенесары. Алматы: Ғылым.1993. 13 б.).

Дана Абай бірде шәкірті Көкбай ақынды шақыртып алып «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. ...Осыны өлең етіп кел», – деген екен. Күндіз-түні тыным алмай жаздым да, бес-алты күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүгірдім. ...сәлемімді алмастан: «Абылай келді ме?» – деді. «Келді», – дедім. «Олай болса айт», – депті (Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, 1997. 163164 бб.). Әкедей әзіз Бейсекеңнің айтуына қарағанда, ұлы М.Әуезов көпке дейін Абылайды жазсам ба, әлде Абайды жазсам ба? – деп қатты толғатса керек. «Абай» романы, «Абай жолы» эпопеясын, «Хан Кене» трагедиясын жазғаны жалпы жамағатқа мәлім.

1995 жылы О.Смағұлұлы бастаған топ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жаңғырту (реставрация) барысында тарихи ұлы тұлғалардың сүйектері сапырылыстырылып, қабірлер жойылу алдында тұрғанын байқап, Түркістанда жерленген Абылайдың бейітінің орнын анықтап, зерттеуді қолға алды. Сол уақытқа дейін ғылым үшін Абылай хан бейітінің орны беймәлім болатын.

О.Смағұлұлы бастаған топтың зерттеу жұмыстары 30 жылға созылды. Соның арқасында Абылайға байланысты бұрын-сонды белгісіз болып келген құнды мағлұматтар жиналып, анықталды. Абылай ханға тарихи-антропологиялық зерттеуде кәсіби маманданған авторлар ұжымы методологиялық әдіс етіп, ең бастысы, тарихи сәйкестік принциптерін негізге алды. Тарихи деректер мен архив материалдарымен және басқа да жазба құжаттарының мағлұматтарымен кең танысып, аталмыш адам сүйегіне мейлінше мұқият зерттеулер жүргізіп, антропологиялық бұлжымайтын сәйкестіктерді басшылыққа алды.

Ғылыми жұмысты түсінбей, терістегендер болды. Олар антропология мен тарихтан бейхабар, өздері мойындағандай, «тарихтан сүрінсем де тілден сүрінбеймін» дейтіндер. Алайда олардың бұл салада дилетант болғанына қарамай, оларға тиісті жауаптарын беруге мәжбүр болдық. Ғылыми басылым «Отан тарихы» журналы (2014, №3, с. 2135) бетінде және 2015 жылы біздің құрастыруымызбен жарыққа шыққан «Қазақ хандығы» атты жинақта (149177 беттер) айғақтарға негізделген мақалалар жарияланды. Онда осы дилетанттардың Абылай ханға арналған ғылыми жұмысты теріске шығару үшін тарихи фактілерді, деректерді қалай бұрмалағаны мақалада көрсетілді.

Ұзақ жылдық зерттеу нәтижелері «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты монографияда, мақалаларда орын алды. Академик Мәмбет Қойгелдиев бұл еңбекті тың бағыт деп бағалайды: «Жалпы халқымыздың өткен заман тарихында атақты қоғам қайраткерлерінің тірі кезде бейне жүздері белгісіз болғаны былай тұрсын, олардың жерленген орындары да нақты айтылған емес. Бұлардың қатарына Абылай хан мен Әйтеке биді мысалға алуға болады. Қазақ халқы тарихындағы осындай күрделі мәселелерге алғаш рет назар аударған және оларды дәлелді шешуге ғалым ағамыз Оразақтың үлесі зор», – дейді (Қазақтың тұңғыш антропологі // «Егемен Қазақстан» газеті, 2020, 25 қыркүйек) дуалы ауыз.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен құрылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен табылған мәйіттің Абылай хандікі екендігін тексеруге құрылған комиссия 2000 жылы қорытынды шығарып, мәйіттің Абылай хандікі екенін анық-қанық дәлелдеп көрсетті (Асқақ рух пен асыл киені қастерлеу // «Егемен Қазақстан» газеті, 2000 ж., 17 наурыз). Аталған зерттеушілердің сараптамалық қорытындылары, оны тексерген арнайы комиссия негізінде 2000 жылы Абылай ханның сүйегі салтанатты түрде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта жерленді және жаңа зират белгісі орнатылды. (Рәсімдік жиынды мен дайындап, үйлестіргендіктен айтайын, Мавзолей ішіне Мұхтар Құл-Мұхаммед мүсіндік ескерткіш орнатты).

1999 жылы жарық көрген бұл монография – Қазақ ханының жерленген орнын анықтауға арналған алғашқы зерттеу еңбек. Абылай ханды зерттеу үшін алғаш рет деректерді зерделеудің пәнаралық кешенді әдісі қолданылды, онда жазбаша дереккөздермен қатар авторлар жүргізген арнайы археологиялық және антропологиялық зерттеулердің нәтижелері пайдаланылды. Алғаш рет Абылай ханның физикалық келбеті, жерленген жері туралы белгілі және беймәлім болып келген барлық жазбаша және ауызша тарихи мәліметтер жинақталып, талданды. Монографияда қабірді археологиялық зерттеудің нәтижелері, Абылайдың бас сүйегі мен посткраниалдық скелетін краниологиялық, остеометриялық, остеологиялық зерттеулердің деректері ұсынылған. Бас сүйегінің морфологиясы бойынша пластикалық антропологиялық қалпына келтірудің көмегімен бет пішіні мен бас пішіні қалпына келтірілді, ал қаңқасы бойынша Абылайдың дене құрылысының әртүрлі ерекшеліктері, қызметінің түрі, денсаулығы, жарақаттары анықталды. Антропологиялық қайта құру бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында М.Герасимовтың зертханасында алғаш рет мүсінші-суретшінің қандай да бір қиялға берілмеген 70 жастағы Абылайдың хақ бейнесі – мүсіндік портреті жасалды. Куәлардан сұрау және жарияланған материалдарды талдау арқылы алғаш рет әртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген, 1943 ж. Германияда Абылай «суретінің» қалай салынғаны, яғни оның шығу тегі анықталды. Күні бүгінге дейін бәрімізге белгілі Абылайдың жадымызда жатталған бейнесінің жай әншейін қиялдан туған көркем туынды екені дәлелденді. «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» (1999 ж.) – физикалық антропология бойынша ана тілімізде басылған тұңғыш ғылыми кітап. Зерттеуде Абылай ханның жерленген орны мен келбеті туралы қалыптасқан жаңсақ пікірлер жоққа шығарылды.

Антропологиялық қайта құру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет ғылымда мойындалған Абылай ханның портреті жасалды. Зерттеушілердің ізденісі негізінде жасалған Абылай ханның бейнесі Қазақстан мен Ресейдің академиялық басылымдарында жарияланды: («Қазақстан тарихы» Алматы: «Атамұра», 2010, 3 т., 249- б.; «История Казахстана» Алматы: «Атамұра», 2000, т. 3, с. 249).

Ресей Ғылым Академиясының Этнология және антропология институты «Народы и культуры» атты сериямен «Наука» баспасында шығарған «Казахи» (Мәскеу, 2021) атты кітапта О.Смағұлұлы бастаған топтың зерттеуі негізінде жасалған Абылай ханның бейнесінің фотосы берілді. Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық музейіне келгендер Абылай хан бейнесін көріп, тамашалай алатын жағдай туды.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик, З.Е.Кабулдинов авторлардың зерттеулерін ғылыми жаңалық деп бағалайды: «Междисциплинарное исследование известных ученых О.Смағұлұлы, М.Қожа, А.Оразаққызы ««Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» («Абылайхан. Историко-антропологическое исследование»), впервые изданное в 1999 году и повторно в 2023 году, посвящено научному открытию авторов – установлению места захоронения останков хана Абылая, идентифицированных по методам физической антропологии», – дейді (Кабульдинов З.Е. Абылай хан и Россия. Алматы, 2023. С. 12).

Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.А.Арутюнов: «Приведенные Оразаком Исмагуловым реконструкции по историко-культурным периодам Казахстана вполне определенно отражают глубину истоков и этапы становления собственного антропологического облика казахского народа от древности до современности на протяжении пятидесяти веков. Наиболее близкие антропологические черты к современным казахам представлены на антропологических реконструкциях XVII–XVIII вв. ...Это внешний облик видных исторических личностей казахского народа – Айтеке би и Абылай хана. По Абылай хану научным деятелем проведено специальное историко-антропологическое исследование с изданием отдельной монографии», – дейді (Арутюнов С.А. Корифей национальной науки // Материалы Международной научно-практической конференции, посвящённой 90-летию видного антрополога Оразака Исмагулова «Оразак Исмагулов – основоположник антропологической науки Казахстана», Алматы, 2020. С. 45).

Академик М.Қойгелдиев те авторлардың монографиясын жоғары бағалады: «Жалпы Абылай ханның нақтылы қабірі Түркістандағы Ахмет Ясауи ғимаратының ішінде болғаны туралы О.Смағұловтың басшылығымен авторлар коллективі 1999 ж. кітап жария еткен болатын. Бұл күнде сол авторлардың қазақша және орысша екі тілде бірдей жаңадан толықтырылып жазылған қолжазбасы 2017 ж. Түркістан қаласында басылып шықты. Бұл жолы барлық Абылай ханға байланысты аңыздар, жазбалар, анықтамалар және архив материалдарымен қатар антропологиялық экспертиза әдістемелеріне сүйеніп жазылғандықтан аталмыш мәселе өте орынды шешілді деп санаймын. Сөйтіп Абылай ханның қабірі аталмыш ғимарат ішінде екендігі және одан алынған адам сүйектеріне берілген антропологиялық зерттеулердің нәтижелері орынды деп айта аламыз. Жүргізілген кешенді зерттеулерден кейін Абылай ханның М.М.Герасимов зертханасында антропологиялық қалпына келтірілген скульптура бюсті хан бейнесінің бірден-бір дұрыс сипатталған көрінісі деп айтуға болады (37-сурет). Сөйтіп академик О.Смағұловтың арқасында бүгінгі ұрпаққа алғаш рет Абылай ханның мәйіті жатқан жері мен оның бейне жүзінің нақтылығына ешқандай күдік тудырмайтын деңгейде ғылыми дәлелі толық расталды деп айтуға мүмкіндік туып отыр» (Қойгелдиев М.Қ. Академик Оразақ Смағұлов биыл күз 90 жасқа келеді // Материалы Международной научно-практической конференции, посвященной 90-летию видного антрополога Оразака Исмагулова «Оразак Исмагулов – основоположник антропологической науки Казахстана»– Алматы, 2020. С.77).

Белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы Әзімбай Ғали: «Абылайдың сүйегін зерттеген ғалым-антрополог Оразақ Смағұлов ғылыми түрде, деректер негізінде оның шүбәсіз Абылай хан екенін дәлелдеп берді. Мен өзім оның зерттеу-сараптама қорытындаларымен таныстым. Бұған еш шүбә болмауы тиіс», – деп бағалады (Әзімбай Ғали. Ұлт рухын оятқан күн // «Жас Алаш» газеті, 2000 ж., 18 наурыз).

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Көрнекті антрополог Оразақ Смағұлұлы бастаған шынайы ғалымдардың бұл зерттеуі Абылай хан сүйектерінің жаңғырту (реставрация) кезінде жүйесіз алынған басқа мәйіттерге қосылып кетпей, жеке көмілуіне негіз болды.

Жоғарыда алға тартылған отандық және шет елдік ғылыми ортаның пікірлерін ескере отырып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Қазақстанның Ұлттық музейінің ғылыми кеңестері Оразақ Смағұлұлы, Мұхтар Қожа, Айнагүл Оразаққызы дайындаған «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты ғылыми жұмысты 2025 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынған. Бұл жұмыс уақытында тіркеліп, түрлі сараптамалардан өтті. Қуанышты жағдай!

Алайда 2025 жылы 18 маусымында өткен Мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның шешімімен Оразақ Смағұлұлы басшылығымен жүргізген ғылыми жұмыс – «Абылай хан. Тарихи-антропология зерттеу» атты аса қастерлі еңбекті сараптамалық комиссия келесі кезеңге өткізбей қойды. Өкінішті жағдай!

Бұған не себеп? 2000 жылы барлық 9 маман қол қойған, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен құрылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен табылған мәйіттің Абылай хандікі екендігін тексеруге құрылған комиссия қорытындысының шешімі қате ме? Олардың ішінде 6 атақты ғалымымыз М.Қозыбаев, А.Қошанов, С.Балмұқанов, С.Зиманов, М.Жұрынов, Р.Бердібаев сияқты мүйіздері қарағайдай академиктеріміз бұл құжатқа жайдан-жай қол қоя салды ма? Олардың пікірі неге еленбейді? Бұл әділдікке жата ма?

Дәл қазір тарих қайталанып жатқан сияқты. Сол баяғы қуғындау, сол баяғы репрессия, бірақ басқа қырынан көрініс тапты. Қазіргі таңда 30 жылға жуық кешенді жүргізілген және нәтижесі айқындалған, ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары әбден мойындаған бұл еңбекті талқылау – пікір айту межесіне жеткізілмей, жасанды кермеге тап болып отыр.

Құрметті президент!

Көріп отырсыз, жаңалығы дүниежүзі бойынша мойындалған ұлы ғалым Оразақ Смағұлұлы кезекті кермеге тап болып отыр. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жаңалықты еңбегі шағын топтың шешімімен алдағы талқылауға да жіберілмей, жөргегінде тұншықтырылуы өкінішті. Еңбек ең болмаса, кезекті талқылауға жіберіліп, халықтың көз алдында насихатталғаны жөн болар еді. Дүниежүзілік ғылымда мойындалған мұндай еңбектер бізде некен-саяқ. Ілуде біреу! Сондай еңбектің талқылауға жіберілмеуі – шағын топтың әділетсіз шешімі!

Мемлекеттік маңызы мол, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған жаңалықты еңбектің бәсекесінің әділетті шешілуіне, еңбектің тиісті бағасын алуына Сіздің араша түсуіңізді өтініп сұраймын.

Құлбек ЕРГӨБЕК,

Қ.А.Ясауи Мавзолейін қорғау, сақтау қоғамдық Кеңесінің мүшесі. Мәдениет министрлігінің ЮНЕСКО істері бойынша Түркістандағы өкілі, Жазушылар Одағы Басқарма хатшысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты