Әбиірбек Тінәлі: «Қаңтардың қара суығы-ай» деген әніме өлең жазатын ақын таппай жүрмін...
Әбиірбек Тінәліні қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Желмен жарысқандай шапқылап жүретін "Желтоқсан желінің" авторы аяғын сындырып, үйінде жатқанын естіп, сәлем беруге арнайы барған едік.
86-ның ызғарлы желтоқсанында жаураған жүректерді әнімен жылытқан Әбиірбек ағамен шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
– Шапқылап жүретін Әбиірбек Тінәлі неге көрінбей қалды деп жүр едік. «Жақсы ат аяқтан қалады» деген, Құдай қуат берсін!
– «Жазым болса, быламыққа тіс сынар» деген – осы. Құдай аяғыңды аспаннан келтіремін десе, әп-сәтте ғой. Аяғым сынып, балдақ ұстап қалдым. Тыным таппайтын қайран басым, қартайғанда торға қамалған торғайдай отырғаныма айдан асып барады. Төртінші қабаттан далаға шығудың өзі мұң болып қалды. Таңертең 1-2 шақырым жүгіретінім бар еді, ол да қалды. Үйде қамалып отырған адамның көңіл күйі белгілі ғой, әбден зерігіп кеттім. Өзің сияқты жігіттер-қыздар «аға қалыңыз қалай?» деп осылай іздеп келгенде көңіл көтеріліп қалады.
– Сіздің «паспортыңыз» «Желтоқсан желі» ғой. Осы әніңізден бастасақ әңгімемізді?
– «Желтоқсан желі» әнін шығарғанымда ол ел арасына мұншалықты кең тарап, жүректерінен орын алады деп ойлаған емеспін. Жапа шеккен, азапталған, қорланған қазақтың бірі ретінде жаным ауырды. Жазықсыз, өрімдей жастардың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Бар қазақты алқаш, қанішер, бұзақы, басбұзарлар деп бұрқыратып айтып-жазып, айыптап жатты. Осының бәрі әсер еткен болу керек, оңашада күйзеліп, жаным шырқырап, бір тылсым күш маза бермеді. Дірілдеп, қалшылдап, жүрек ауырғаннан осы ән дүниеге келді. Содан дереу Әбдірахман Асылбек ағаны тауып алып, ыңылдап айтып бердім. Ол кісі: «Мынауың кешегі желтоқсанның ызғары ғой» деп бірден сезіп, біліп қойды.
Мен ол кісіге бірден бұл әнге қазақ жастарын атып, азаптап жатқанын, қорланғанымызды, оның бәріне сол жастардың өзін кінәлі етіп жатқанын жазайық деп жүрмін ғой. Ол кісі «ертеңгі күніміз не болады?» деп күлді. «Ертең не болады?» деппін ғой аңғал кезім, ол кісі «екеуміздің қолымызды қайырып алып кетеді» деді. Сосын бұрынғы желтоқсанның суығын жазайық, 1969-шы жылғы қыс жұт жылы болғаны, желтоқсанның аязының қатты болғаны соншалықты, өрістегі малға дейін қатып қалған заман болды ғой. Соны жазып, сөз астарымен кешегі желтоқсанды әнге қосайық дедік. Әндегі «сол жылы бірақ» дегеніміз сол. Әнге сөзді Әбдірахман аға 2 сағатқа жетер-жетпес уақытта жазып тастады. Әнге салып көріп едік, құйылып түсті. Қуаныштан жүзім бал-бұл жанып, шерім тарқап, көзім жарқ ете қалды.
Сол кезде театрдағы Жүніс Әлімбеков екеуміз дуэт құрған едік. Алматыға алдында барып, 5-6 әнімізді жаздырып қайтқанбыз. Осы әнімізді де сол кездегі астанамызға барып жаздырып, радиоға беріп, қайта ауылға қайтамыз деп ойлағанбыз.
Алматыға барып, әнімізді жаздырып алғаннан кейін «Қазақ радиосына» бардық. Олар әнімізді тыңдап көріп, бастарын шайқады. Мынандай әнді бере алмаймыз деп бірден айтты. Жүніс екеуміздің ұнжырғамыз түсіп, маңдайымыз тасқа тигендей болып шықтық. Радиодан шыққан бетте сұңғақ бойлы, пальто киген бір кісі «Жігіттер, көңіл күйлерің жоқ қой» деп сөзге тартты. Біз әнімізді «Қазақ радиосы» қабылдамай қойғанын айттық. «Қандай ән?». «Желтоқсан жайлы» деп жауап бердік. «Мен «Азаттық радиосының» Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин боламын, жүріңдер менің кабинетіме» деп жол бастады. Біз іштей «бұл да қай бір оңдырады» дейсің деп, жазған құлда шаршау бар ма, оған да бардық. Сол жерде танысып, сұрақ қойып, біз арқаланып, Жүніс екеуміз екі жақтан екіленіп жауап беріп, әнімізді айтып, 1 сағат сұхбат құрыппыз. «Жақсы жігіттер. Кешкі 19:30-да «Азаттық радиосын» қосыңдар, әндеріңді, осы сұхбатты беретін боламыз деді. «Алматы» қонақүйінің 23-қабатына жайғасқанбыз, 20 желтоқсан күні кешкісін «Желтоқсан желі» бірінші рет «Азаттық радиосынан» беріліп, Жүніс екеуміздің көзімізге жас келіп, бір-бірімізді құшақтай берген сәт әлі көз алдымда... Бойымыз жеңілдеп, рахат күй кештік.
Сол жайында Хасен Оралтай естелігінде айтады ғой. Қиял Сабдалин Әбиірбек Тінәлінің «Желтоқсан оқиғасына» арналған екі әнін жолдады. Оның бірі – «Желтоқсан желі» болса, екіншісі – «Қайрау» деп. Қиял Сабдалин «тағы қандай әндерің бар?» деген кезде бірнеше әнімізді айтып, солардың арасынан Исраил Сапарбай ағаның «Қайрауы» да Желтоқсан оқиғасына арнап шығарылғандай берілген болса керек. Исраил аға ол ән жаңа шыққанда «Оу Әбиірбек, бұл өлеңімді газет-журналдардың біріне бастыра алмаған едім, сен қайдан тауып алғансың?» деп таңғалды.
«Мұңайма бала, қайғырма бала, Өмірге қанат жайдың ба жаңа...» деп келетін өлең бір оқығанда ұнап, ән шығарған едім. Ағамыз айтады ғой, «Қайрауды» Желтоқсанға арнап жазған едім деп. Бірақ, газет-журнал, кітабыма енгізе алмағаннан кейін ұлым Еркебұланға арнадым деп жол тауып кеткен ғой.
Хасен Оралтай айтады, сол екі әнді 1986-шы жылдан Тәуелсіздік алған 1991-ші жылға дейінгі 5 жыл аралықта үзбей бердік деп. Менің бақытым шығар, ол әндерді дүниежүзінің әр қиырында тарыдай бытырап кеткен қазақтар қолдап, бірге шырқады. Осы әннен сүйеніш тапты.
– Қазір шүкір, Тәуелсіз мемлекетпіз. Бірақ қит етсе, Тәуелсіздікпен қорқытып, қауіп төнетінін айтып шығатындар да бар...
–Біздің санамызға тұсау салып тастаған ғой. Содан әлі арыла алмай келеміз. Әлі күнге Мәскеуге жалтақтап, орыс көрсе қалбалақтап, тұра жүгіріп, далбақтап кететін әдет қанға сіңіп қалған. Оның ең бірінші емі – тіл! Билік басындағылар қазақша сөйлесе, Путин әрқайсысының үйіне келіп ұрсатындай немесе Мәскеуге шақырып алып сабайтындай, әйтеуір құлдық қамыттан босағылары келмейді. Адамның білімі озат, ойы азат болмаса, қиял-арманы құрсауда, үзілмеген үмітпен күн кешеді. Тәуелсіздікті аларда да артына қайта-қайта қараған күшік секілді, 15 елдің ішінде соңғысы болып жарияладық. Бұл билік басындағылардың бейшаралығы.
Тәуелсіздікті әркім өзінен бастау керек. Жалпы, әр адам тәуелсіз болу керек. Мысалы үшін, мен қай ортада да болсын бұқпантайлап, бүгежектеп тұрмай, ой-пікірімді еркін айтамын. Қай бір жылы «визитка» деген шыққанда «Тәуелсіз Әбиірбек Тінәлі» деп таратқанмын. Кейде жиындарда бетің бар, жүзің бар демей, ойымды ашық айтқан кездерде дос-таныстар соны айтып, ой ол «Тәуелсіз Тінәлі ғой» деп жатады. Содан шығар, Халық әртісі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы деген сияқты атақтарды осы күнге дейін қимай жүргендері, бәлкім. Мейлі, берсе берер, бермесе қояр, менің атағым да, бақытым да халықтың жүрегінен орын алған әндерім.
– Атақ демекші, қайбір кезде сіз жайында мүйізі қарағайдай жазушы, өнер адамдары «Әбиірбек Тінәліге «халық әртісі» берілсе» деп жазып жатты...
–Иә, әлеуметтік желіде Әбиірбекке халық әртісін беру керек деп бастама көтерген Қали Сәрсенбай мен Бекжан Тұрыстың жазғандарын оқыдым. Фейсбукке кіріп, «ел мен туралы не депті?» деп, астындағы пікірлеріне дейін қызыға оқып, жұртшылықтың жүрекжарды лебіздерінен қанат біткендей болып, қопаңдап қалдым. Қали да, Бекжан да ерекше құрметтейтін, жақсы көретін бауырларым ғой. Қали кезінде «Жас Алашқа», «Егемен Қазақстанға», «Қазақ әдебиетіне» жазған ғой. Бекжан да лайым тілекші екенін білемін. Марат Тоқашбай тіпті мені Жамбылдан шыққан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шона Смаханұлылардың жалғасы Әбиірбек Тінәлі дегендей жазыпты. Оған атақ керек емес, ол атақты халықтың жүрегінен алып қойған депті.
«Халық әртісі» былтыр 12 адамға берілді. Соның екі-үшеуін білемін, қалғандарын танымаймын. Мысалы, өнер адамы мен танымаймын оларды, қарапайым ел қайдан таниды? Осы орайда айта кетейін, «Бағалысын қадірлей алмай, қадірсізін төбеге көтеретін» жоғарыдағы көзі бар көрмейтін, құлағы бар естімейтін ессіздерге азамат ретінде ренішім бар екенін де жасырмаймын.
Қаңтардың қара суығы-ай деген ән шығардым. Сөзін өзім жаздым. Бірақ әні мен сөзі қабыспаса болмайды ғой. Сол әнге лайық жақсы өлең шығарып беретін ақынмен дуэт құра алмай жатырмын.
– Жақсы, аға. Аттай шауып кетіңіз.
Әңгімелескен Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы