Әбілқасымова банктердің проблемасын мемлекетке береді

Күні кеше Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліске «Банктер туралы» жаңа заң жобасын апарды.
Ол заң жобасына сәйкес бұдан былай проблемалы банктер уақытша мемлекеттің меншігіне өтеді, ал олардың қаржылық жағдайы тұрақтанғаннан кейін жаңа инвесторға сатылады. Егер мемлекет банкті инвесторға сатқаннан кейін оған жұмсаған қаражатын қайтара алмаса, оның айырмасын қалған банктер бірігіп төлейді.
Әбілқасымованың айтуынша, енді банктерді үкімет бұрынғыдай қолдай бермейді. Жаңа түзетулерде банктердің шығындарын жабу ең алдымен акционерлік капитал есебінен жүргізіледі. Яғни банктегі барлық ақша ең алдымен шығындарды жабуға жұмсалады. Одан кейін міндеттемелер конвертацияланады (валюта айырбастау). Банк осыдан кейін де төлемге қабілетсіз болса, кейбір қарызға берілген облигациялары да шығындарды жабуға жіберіледі. Егер осы қаражаттардың барлығы банкті құтқаруға жеткіліксіз болса, мемлекет қосымша қолдау көрсетіп, акционерлік капиталға кіреді. Акционерлік капиталға кіру кезінде ең басты рәсім – банкті таратуға қанша шығын кететіні, оның салдары қандай болатыны және мемлекеттің капиталға кіруі тиімді ме, соны бағалау жүргізіледі. Бұл мәселе қаржылық тұрақтылық кеңесіне шығарылады, оған барлық қаржы реттеушілері, қаржы министрлігі, уәкілетті органдар қатысады.
Әбілқасымова бұл шаруалардың бәрі проблемалық банктерді құтқаруға жұмсалған бюджет қаржысын қорғау үшін жасалып жатқанын айтады.
Тоқтаусыз қолдау мен бітпейтін қарыз
Негізінде, бізде проблемалық банктерді құтқарудың бірнеше тетіктері болмады емес, болды. Атап айтсақ, Ұлттық банк ондай банктерді құтқару үшін субординацияланған облигациялар да берген. Субординацияланған облигациялар – бұл қарапайым облигацияларға қарағанда тәуекелі жоғары, бірақ табысы да көбірек болатын қарыздық бағалы қағаз. Инвестор үшін – жоғары табыс + жоғары тәуекел. Банк үшін – капиталды күшейтудің құралы. Бұдан бөлек, мемлекет банктерден стресс-активтерді номиналды құнымен сатып алды. Яғни кейбір банктердің шығындарын өтеу мемлекетке жүктелді. Тек соңғы үш жылда ғана банктер салықтық жеңілдіктер арқылы шамамен 5 трлн теңге тауыпты. Банк секторы Қазақстан экономикасындағы ең көп субсидияланатын сала екенін салалық мамандар да жиі айтып жүр. Мәселен, мемлекет «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге берілген банктік несиелердің пайызын субсидиялап келді. Яғни клиент банктен 18 пайызбен несие алса, оның 7–10 пайызын мемлекет төлеп берді. Бұдан бөлек, мемлекет проблемалық активтер қорын құрып, банктердің «жаман» несиелерін сатып алған кезі де болды. Банктерді мемлекеттік облигациялар арқылы қолдауды да жүзеге асырдық. Үкімет банктерге тұрақты табыс көзі ретінде қазынашылық облигациялар да берді. Бұл да жанама түрде салықтық жеңілдік пен табыс кепілі болды.
Соның өзінде Қазақстандағы банкрот болған банктердің мемлекеттен бөлек Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру (ҚДКҚ) қоры алдындағы қарызы 116,3 млрд теңгені құрапты. Оның 68,7 млрд теңгесі қайтарылып, жалпы берешектің 59,1 пайызы ғана өтелген. Яғни банктердің шамамен 48 млрд теңге қарызы әлі жабылған жоқ.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банкрот болған банктердің салымшыларына кепілдендірілген өтемақыны толық төлеген. Сол себепті салымшылар өз қаражатын қайтарып алды, ал енді бұл банктердің берешегі қордың алдындағы міндеттемеге айналды. 2024 жылы жабылып қалған банктер 4,39 млрд теңгені ғана қайтарған. Бұл қаражатты тоғыз банктің алтауы төлеген. Екінші және үшінші кезектегі міндеттемелер бойынша төлемдер мынадай болған: Астана Банкі – 2,9 млрд теңге; AsiaCredit Bank – 1,2 млрд теңге; Qazaq Banki – 206,7 млн теңге; Валют-Транзит Банк – 55 млн теңге. Ал әлі де өтелмеген қарызы бар: Валют-Транзит Банк – 7,5 млрд теңге, Qazaq Banki – 14,8 млрд теңге, Астана Банкі – 10 млрд теңге, AsiaCredit Bank – 14,3 млрд теңге. Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Казинвестбанк және Capital Bank Kazakhstan кепілдендірілген депозиттер бойынша қарыздарын толық жапқан. Дегенмен олар ҚДКҚ-ға төленетін резервтік жарналарды әлі өтеуі тиіс.
Жалпы, Қазақстандағы барлық лицензияланған банктер ҚДКҚ-ға міндетті түрде жарна төлейді. Жарна мөлшері банктің депозиттік портфелі мен тәуекел деңгейіне қарай есептеледі. Яғни қорды қаржыландыратын банктердің өздері. ҚДКҚ өзінде жиналған қаражатты мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Сол арқылы қосымша табыс табады және төлем қабілетін күшейтеді.
Егер ҚДКҚ-ның қаражаты жеткіліксіз болса (ірі банк құлаған жағдайда), Ұлттық банк пен үкімет уақытша қаржылай көмек көрсете алады. Бірақ негізінен жүйе өзін-өзі қаржыландыруға бағытталған. ҚДКҚ – салымшылардың ақшасын кепілдендіріп, банктердің жауапкершілігін арттыру үшін құрылған.
Қарыз пайызды өсіреді
Банк секторының маманы, экономист сарапшы Тоғжан Шаяхметова жабылған банктердің мемлекетке немесе әлі күнге дейін ҚДКҚ-на қарыз болып отырғаны елдегі заңның солқылдақтығын, қадағалаудың төмендігін көрсетеді дейді.
«Қазір осы жабылып қалған банктердің ҚДКҚ-на резервтік жарналарды төлемегені жайлы айтылып жүр. Банктердің заңға бағынбайтынының бір айғағы осы. Әр банк ай сайын депозиттерді кепілдік беру қорына міндетті жарнаны аударып отыруы керектігі заңда шегеленіп жазылған. Себебі қор осы жарна арқылы қаржыланады. Банк салымшыларына осы арқылы кепілдік беріледі. Ал жарнаны төлемесе қордың жұмысы қалай алға басады? Сондықтан келешекте ҚНДРА (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) осы арасын бақылау қажет. Тағы бір айтатыным, Мәдина Әбілқасымова жаңа заң жобасында банкрот болған банктерді мемлекет басқа инвесторға сатқан кезде ол банкке кеткен мемлекет қаражаты ақталмаса, қалған айырмашылықты барлық банктер ортақтасып төлейді деді. Бұл мемлекеттен бұған дейін ешқандай көмек алмаған шағын банктерге де қатысты талап. Өз басым, мұны әділетті заң дей алмаймын. Бізде осы уақытқа дейін үкіметтің көмегіне малынған ірі банктер бар да, үкіметтен көмек алмай, мемлекеттік субсидияға да, мемлекеттік бағдарламаларға да қатыспай, тек халыққа несие беру арқылы ғана күн көріп отырған шағын банктер бар. Сонда, күні ертең қандай да бір банк банкрот болатын болса, оның шығынын елдегі барлық банк ортақтасып өтейтін болса, жаңағы халыққа несие беріп қана күн көріп отырған банктер қайтеді? Әрине, халыққа көрсететін қызметінің құнын өсіреді. Осының салдарынан несиенің пайызы тіпті шарықтауы мүмкін.
Банкрот болған банктердің проблемасынан бөлек бізде қазір жұмыс істеп тұрған банктердің қарызы да шаш-етектен. Олардың сырттан алған қарыздары да қомақты. Ал ішкі қарыздарының өзі 1,3 трлн теңгені құрайды. Бұл ойланатын дерек».
Мұндай деректерді ҚНРДА да растайды. Агенттіктің «Жас Алашқа» берген мәліметінше, қазір ең ірі қарыз Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) үлесінде: Alatau City Bank мемлекетке – 950,2 млрд теңге; Bank RBK – 176,8 млрд теңге; Еуразиялық банк – 150 млрд теңге; Нұрбанк – 46,8 млрд теңге қарыз.
Осылайша, бір ғана Alatau City Bank барлық берешектің үштен екісінен астамын құрап отыр. Әбілқасымованың мәлімдеуінше, Alatau City Bank-тен басқа барлық банк мемлекеттік қолдауды 3–5 жыл ішінде қайтарады. 2023–2025 жылдары банктердің бюджетке қайтарған сомасы 526,9 млрд теңгеге жеткен.
Милтон қағидасы
Ал енді банктердің сыртқы қарызына келсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 165 миллиард 630 миллион АҚШ долларын құраса, бұл соманың негізгі бөлігі 91 миллиардтан астам доллар – тікелей инвестицияларға (корпоративті қарыздар) байланысты. Оның ішінде 13,2 миллиард доллар – банктердің қарызы. Оның 2,4 миллиарды Ұлттық банкке тиесілі.
Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, үкімет банктерді қолдағанмен осы уақытқа дейін халық пен банк арасында тығыз байланыс орнаған жоқ. Банктер тек несие ставкасын өсірумен ғана айналысты. Оның себебі – біз ең алғаш нарықтық экономикаға енген тұста теорияны дұрыс ұстанған жоқпыз. Тоқсаныншы жылдардан бері ағылшын ғалымы Фридман Милтонның қағидасын әлі күнге дейін ұстанып келеміз. Милтон қағидасы «елде дағдарыс орнамас үшін ақша массасын қысып ұстап, өндірістік салаға емес, қаржы институттарына қолдау көрсету керек» дегенге саяды.
«Бұл теориядан дамыған елдер ХХ ғасырда бас тартқан. Ал біз әлі ұстанып келеміз. Тоқсаныншы жылдардан бері «Банктер туралы» заң өзгерген жоқ. 30 жыл бұрын қабылданған заңмен күні бүгінге дейін келдік. Енді ҚНДРА жаңа заң ұсынып отыр. Ол заңда да банктердің қарызын өтеуді мемлекетке артқысы келетіні көрініп тұр. Заңда «проблемалы банктер енді мемлекет меншігіне өтеді» деп анық жазылған. Демек, қарызды мемлекет төлейді деген сөз. Ондай проблемалы банктерді жеке инвесторға үкімет сата ала ма, алмай ма, ол жағы тағы белгісіз. Қазірдің өзінде осы заң талқылауға түсіп жатқан күннен-ақ қор биржаларында отандық банктердің акцияларының бағасы түсе бастады. Бұл инвесторлардың заң жобасына қатысты алаңдаушылық көрсеткенінің белгісі.
Осы уақытқа дейін біз «инвесторларға жайлы мемлекет боламыз» деп отандық ірі инвесторларға да, шетелдік инвесторларға жағдай жасадық. Әсіресе банк саласына көп жеңілдіктер берілді. Үкімет әрдайым екінші деңгейлі банктерді дағдарыстан алып шығады. Банкрот болған банктердің де, өзін-өзі банкрот жариялаған азаматтардың да қаражатын үкімет төлей бермеуі керек. Бұл – біздің қазынаны орталайтын әдіс. Банк саласына қатысты жаңа заң керектігін біз кеш түсіндік. Бұл заңды 10 жыл бұрын қабылдау керек еді. Мәліметтер соңғы 10 жылдың ішінде қазақстандықтардың несие алу көрсеткіші жыл сайын өсіп отырғанын көрсетеді. Қазір халықтың банкке қарызы 24 трлн теңге болған. Пайызы жоғары болғанмен, несие беру көлемі Қазақстанда шектеліп қалған жоқ. Нақ қазір бізге халыққа несие беруге қатаң талап енгізіп, несие беруді шектеу керек. Мысалы, 150 мың теңге жалақы алатын адамға 2 млн теңгені 28 пайыз үстемақымен несиеге беретін банктер бар. Осы уақытқа дейін банктер жалақысы төмен адамдарға несие беріп, проблемалы несие қоржынын көбейтіп, банкрот болды. Ол банктерді үкімет қолдады. Схема өте сауатсыз болды. Енді жаңа заңда сол қателікті қайталамау керек.
Ал экономист Тоғжан Шаяхметованың ойынша, ҚНДРА әу баста құрылғанда Қазақстанға шетелдік банктердің халықпен жұмыс істеу механизмдерін әкелеміз деген уәдесінде тұрмады. Мәселен, Еуропа елдерінде (Германия, Франция) кез келген азаматқа банк міндетті түрде кэшбэк пен динамикалық бонус жүйелерін ұсынады.АҚШ пен Ұлыбританияда банктер карталар бойынша жоғары кэшбэк (10–15%)береді. Кейбір банктер динамикалық бонус енгізген: мысалы, егер клиент азық-түлікке көп ақша жұмсаса, дәл сол категория бойынша кэшбэк пайызы өседі. АҚШ-та жастар немесе жаңа иммигранттар кредит ала алмайды, Францияда кредит алу үшін клиент алдын ала 50, немесе 1 000 доллар депозит құяды, банк оған сол сомаға тең кредиттік лимит береді. Үндістан мен Африкада банктер мобильді қосымша арқылы шағын ғана несиелер береді (мысалы, $100–$150). Өкінішке қарай, Қазақстандағы банктер мұндай механизмдердің бірін де енгізген жоқ: ҚНДРА да осы уақытқа дейін банктерге талап қоя алмады. Енді келіп, жаңа заң, жаңа норма енгізгісі келеді. Ал үкіметтің қолдауын сезініп үйреніп қалған олигархтар басқаратын банктер енді талап қойып, бұғалық салғанға көне қояр ма екен?! Сүттің қаймағын жеп дәндегендерге күйген қаспақтың дәмін сезіну қиын болатын шығар...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ