Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 23 Мамыр 2024

Әбілқасымова шала сақтандырады

Абылкасымова
Фото: kapital.kz

Биыл жыл басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы сақтандыру нарығын жетілдіруге қатысты біраз жоспарын жария етті.

Сақтандыру қызметін цифрландыру, мобильді қосымшалар арқылы өтініш беру, апаттық жағдайлар туындағанда халықаралық сарапшыларды тарту, сақтандыру нарығын дамыту үшін жол картасын даярлау, заңнамаларды түзету дейсіз бе, толып жатқан реформаларды Әбілқасымова үнемі айтады. Алайда қанша уақыттан бері айтылып, талқыланғанмен ол бастамалардың жүзеге асқаны көзге көрінбейді.

Мысалы, қазір елдегі су тасқыны кезінде баспана мен мал-мүліктің, көліктердің суға кетуі біраз елді абдыратып отыр. Бұл ретте үкіметтің берген өтемақысына риза болмай наразылық танытып жатқандар да бар. Ал енді осы арада сақтандыру нарығында не болып жатыр?! Көліктерін, мүліктерін сақтандырып қойғандардың ұпайы түгел ме?! Біздің халық қашан осы қызмет түрін кеңінен пайдаланып, қай уақытта бұл саланың пайдасын көреді?!

Негізінде, сақтандыру компаниялары Қазақстанға 1992 жылдары келе бастады. Ол тұста елімізде 500-ге жуық сақтандыру компаниясы болған. Тоқсаныншы жылдары нарық реттелмеді, сақтандырумен айналысқандардың технологиясы, қаржылық мүмкіндігі болмады. Артынша, саңырауқұлақтай қаптаған олар бірінен кейін бірі банкрот бола бастады. Ол жылдардағы мемлекеттік сақтандыру жүйесі мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тоқырауын халық әлі ұмыта қойған жоқ.

Қазір сақтандыру нарығында 25 компания бар. Соңғы үш жылда олардың активтері 2 трлнтеңге болған. Сала мамандары «қазіргідей технологиясы жетілген, базасы құрылған, цифрландыру дәрежесі көтерілген заманда бұл өте төмен көрсеткіш» деп отыр. Мамандардың пайымдауынша, біздегі сақтандыру нарығына едел-жедел серпіліс керек. Халықтың қызығушылығын тудыратын жаңа өнімдер қажет.

Мәселен, біздегі сақтандыру компаниялары 2004-2005 жылдары ипотеканың дамуынан қарқын алды. Сол жылдардан бері банктер қарыз алушылардың өмірін сақтандыруға міндетті сақтандыру қызметін енгізді де, содан бастап бұл салаға жан біте бастады. Осы ретте мамандар тек қана банктер арқылы міндетті сақтандыру қызметін ұсыну бұл саланы жетілдірмейтінін айтады. Бұған дәлел – 2008 жылдары қаржылық дағдарыс. Сол жылдары жетекші банктер мемлекеттік қолдауды қажет етті. Ол тұста ипотекалық бағдарламалар да қиындыққа тап болды. Міне, осы кезеңде талай сақтандыру компаниялары кәсіпсіз қалып, елдегі сақтандыру компанияларының үштен екісі тағы жабылды. Рас, дағдарыстан өткеннен кейін бұл сала 2015-2020 жылдар аралығында тағы қарқын ала бастады. Қазір автокөлік несиесін міндетті сақтандыру қызметі бар. Өмірді ерікті түрде сақтандыру қызметі бар. Әйтсе де мамандардың ойынша, соңғы 20 жылда сақтандыру нарығы халықты қызықтыратын жаңа өнімдер ұсына алған жоқ.

«Экономика және құқық» институтының маманы Ажар Күмісханова былай дейді:

«Бізде шетелдегідей мүмкін болған жағдайдың барлығын сақтандырып тастау дәрежесі жоқ. Мысалы, шетелде мал бордақылау алаңдарының ашылып-жабылатын есіктері бұзылса да оның жөндеу ақысын сақтандыру компаниялары төлейді. Оларда сақтандыру компанияларының өтемақысы жоғары. Компаниялар экономикаға жұмыс істейді. Ал біз әлі сол банктер арқылы міндетті сақтандыру қызметін жетілдіріп отырмыз. 20 жыл бойы осы бағытты ұстанып келеміз. Мысалы, қазіргі есеп бойынша су шайып кеткен үйлерді қалпына келтіріп, жаңасын салу үшін 200 млрд теңге қажет. Ол үйлердің дені сақтандырылмаған. Жалпы, еліміздегі 2 млн-нан астам жер үй мен 6 млн-ға жуық пәтердің қаншасы сақтандырылғанын анықтау өте қиын. Елде көбіне ипотекаға алынған үйлер ғана сақтандырылады. Бізге мемлекеттің бюджетіне арқа сүйемей, керісінше, сақтандыру компанияларының қызметіне жүгінуді үйрену керек. Сондықтан бұл арада сақтандыру компанияларынан халыққа тиімді өнімдерді енгізуді талап ету керек».

Маман осылай дегенімен, біздегі сақтандыру компаниялары елге тиімді өнімдерді тәжірибеге енгізуге асығар емес. Керісінше, олардың ұсынатын қызметтері көңілге толымсыз. Бұл ретте «Жас Алашқа» хабарласқан кәсіпкер Жантас Бозанбайдың пікірі бізді бей-жай қалдырмады. Кәсіпкердің осы жолы Солтүстік Қазақстан облысындағы құс өсіретін инкубаторын су басып қалған. Сол сәтте кәсіпорында 200 мыңдай жұмыртқа болған, олардың жалпы құны – 60 млн теңге.

«Менде сақтандыру қызметі бар. Су басып бара жатқанда жұмыртқалар инкубацияда болды. Сондықтан біз оларды ала алмадық. Өйткені оларды қызып тұрған температурадан жұлып алсақ, эмбриондар өліп қалады. Тіпті жағдай бұлай ушығады деп ойламадық. Бірақ қазір осыдан бес жыл бұрынғы жағдай қайталанып тұр. Бес жыл бұрын 3 мың бас қаз-үйрегіміз қырылғанда оның 700 басына ғана өтемақы алғанмын. Қазір де қағазбастылық пен құжатбастылық шаршатып тұр. Шығынымыздың 60 пайызын өндіре аламыз ба, жоқ па, оны да білмейміз. Екі жылдан бері «сақтандыру құнының 80 пайызын мемлекет субсидиялайды» деген. Осы жаңалықтан соң сақтандыру компанияларынан өтемақы алу жеңілдейтін шығар деп ойлаған едік, әлі ештеңе өзгермепті. Әлі сол шығынның болғанын дәлелдеу үшін фото, видеоден бастап қаншама құжат жинайсың, өтініш тастайсың, оның қорытындысын бір жылға жуық күтесің. Ол аралықта кәсібің де тоқырап, ақыры қолды сілтейсің», – дейді Ж. Бозанбай.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай қағазбастылық пен өтемақының ұзақ мерзімде қолға тиюі шағын кәсіпті дамытпайды. Сондықтан агросақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізген абзал.

«Малдың басына өтемақы төлегенде де кемітіп төлейді. Бұл арада 5 бас мал өлсе, оның 4-еуіне ғана төленеді. Базада тіркелмеген мал сақтандырылмайды. Карантинде тұрған малды да сақтандыру компаниялары қабылдамайды. Бұдан бөлек, малдың жасы 2 жасқа толған болуы тиіс және құстар 40 күнге сәйкес болуы тиіс. Содан кейін ғана барып сақтандырылады. Елде ірі қара мал басы 8,2 млн, қой мен ешкі басы 20,9 млн бас десек, соның 4,5 пайызы ғана сақтандырылыпты. Осыдан-ақ шаруалардың сақтандыру қызметіне құлықсыздығын аңғаруға болады», – дейді кәсіпкер.

Мал-мүліктен бөлек, көліктеріне сақтандыру қызметінің берген өтемақысына көңілі толмайтындар да бар. Мәселен, өткен аптада «Евразия» сақтандыру компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен батысындағы ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен бизнес өкілдерінің өтініштері бойынша алғашқы төлемдерді жасаған. Бұл ретте аталмыш компания көліктердің орташа шығын көлемін 400-600 мың теңгеге бағалапты. Авто-блогерлер қазір бұл әділетті бағалау емес екенін айтып жатыр. Олардың ойынша, бұл сома шындап келгенде суға кеткен көліктің моторын ауыстыруға де жетпейді.

Сақтандыру компаниясының өкілі, Гүлжан Оңғарқызы компанияларға табыстың көбі көліктен түсетінін айтады. Маманның айтуынша, былтыр 12 миллион теңгеге сақтандыру келісімшарты жасалған. Ең көбі көлік. 6,2 млн адам көлігін сақтандырған. Алайда халық арасында «сақтандыру тым қымбат, қажет кезде көмектеспейді» дейтіндер көп. Маман бұл ретте Әбілқасымова басқаратын агенттік мынадай ұсыныстарды ескерсе дейді:

1. Көлік иелерінің төрттен бірі бір жылға сақтандыруға шарт жасаспай, тек алты айға ғана сақтандыруды жөн көреді. Ал апат болғанда клиент толық сақтандыру төлемін алуға құқылымын деп есептейді. Бұл фактор сақтандыру компанияларына тиімсіз. Сондықтан осы мәселені шешіп алу керек. Екі жаққа да тиімді ұсыныстар қарастырылуы қажет.

2. Табысы бар компаниялар өтемақы төлеуге келгенде олардың табыс көзі халықтың қаражаты екенін ұмытпауы керек. Жұмыстарын созбақтамай, мәселені сотқа жолдамай, алты ай созбай, тез арада шешуге тырысқан абзал.

3. АҚШ, Жапонияда қымбат көлік иелері тек көлікті ғана емес, оның моторын, рөлін немесе құтқару жастықшаларын бөлек-бөлек сақтандырады. Сақтандыру компаниялары әлемдік тәжірибемен интеграцияланып жатырмыз дегенді жиі айтады. Өзге елдерде бір ғана көліктің айналасында бірнеше сақтандыру түрі бар. Сондықтан бізге де нарықты жетілдіру қажет. Адамның көлігін, мүлкін ғана емес, өмірін, денсаулығын, денесінің бір ағзасын сақтандырғысы келетін қызметтерді жетілдіру қажет. Біздегі сақтандыру секторының ең әлсіз тұсы осы.

4. Қазір Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің 70 пайызы сақтандыруға жарамайды. Егер үй 1960 жылға дейін соғылған болса, қамыстан, топырақтан және ағаштан соғылатын үйлер болса, оларды сақтандырмайды. Бұдан бөлек, таудың етегі, жардың бойына соғылған үйлер де сақтандырылмайды. Міне, осыны халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Жалпы, қарапайым халыққа баспанасын ерікті түрде сақтандыру түрін, міндетті сақтандыруға ауыстырған жөн. Мысалы, Түркияда жер сілкінісіне қарсы сақтандыруды төлемесе, мемлекет үйдің құжаттарын бермейтін болып шешілді. Тіпті су, жарық, газды да қостырмайды. Ал апаттан үйі бүлінсе, шамамен, мемлекеттік сақтандыру есебінен 40 мың доллар төленеді. Ол жетпесе, қалған бөлігін жекеменшік сақтандыру компаниясы арқылы өтеп алуға болады. Бізге де осындай жүйені енгізу керек.

Сондай-ақ маман «Қазақстан азаматтарына өмірін сақтандыру да өте тиімді» дейді. Оның ойынша, қаржыны депозитте сақтағаннан гөрі сақтандыруға салған жөн.

«Мысалы, сақтандыру компанияларына барып өзіңізді сақтандыруға 40 млн теңгеге қор аштырдыңыз делік. Ол үшін алдымен компанияның шартымен әбден танысып алу керексіз. Егер 30 жылдан кейін алу үшін 40 млн теңгеге қор ашсаңыз, жылына 200 мың теңгеден құйып отыруға болады. Сосын ай сайын 18-20 мың теңгенің көлемінде қорға қаражат салып отырасыз. Бұл көп сома емес қой. Бізде қазір әр банктің өмірді сақтандыру қызметі бар. Солардың қызметін тұтынуға да болады. Қаражатты депозитке емес, сондай өмірді сақтандыру қызметіне құйып отыруға қалыптасу керек. Мұны қоғамда кеңінен насихаттау керек», – дейді Г.Оңғарқызы.

Жалпы, сақтандыру қызметінің өзектілігін сезінген шетелдіктер қазір өмірін қамсыздандыруға бейім. Ал біз қаншама жылдар бойы тірнектеп жиғанымызды сақтандыруға бейқамбыз. Бұған біздің қаржылық сауатымыздан бұрын тұрмыстық жағдайымыз да әсер етер бәлкім. Өткенде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктердің халыққа берген несиесі 15,4 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеді. Оның 5,4 трлн теңгесі ипотекалық қарыздар болса, 10 трлн теңгесі таза тұтынушылық несие сомасы. Мұндай деректерге қарап «еріксіз кредитке байланған ел сақтандыру қызметін қайдан меңгерсін» дейсің. Бірақ дамыған елдерде төтенше жағдайлар орын ала қалса, қарапайым халық өзі ай сайын қаражат аударған жекеменшік сақтандыру қорынан бір өтемақы алса, мемлекеттік сақтандыру қоры мен жергілікті федералдық қордан берілетін өтемақы тағы алады. Сөйтіп, олардың үш бірдей қордан қаражат алып, қиындықтан оңай шығып кететін тәжірибесіне қызыға қарайсың. Ал бізге мұндай өркениеттің ауылы әлі алыстау. Бұндай өзгеріске Әбілқасымова да бел шешіп кірісіп кетуге асықпайды...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: