Абу-Даби қаласында жарылыс: стратегиялық газ нысанына соққы жасалды
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі Habshan газ кешені нысанына шабуыл жасалды. Оқиға салдарынан кешен аумағында өрт шығып, кемінде бір адам қаза тапты.
Ресми мәліметке сәйкес, әуе қорғанысы жүйелері ұшып келе жатқан ракета немесе дронды жойған. Алайда оның сынықтары газ кешенінің аумағына құлап, екі жерде өрт тұтанған.
Оқиға нәтижесінде бір Мысыр азаматы қаза тауып, тағы төрт адам жеңіл жарақат алған.
Жергілікті билік нысанға «айтарлықтай зиян келгенін» мәлімдеп, қазіргі уақытта шығын көлемін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қауіпсіздік мақсатында газ кешенінің жұмысы уақытша тоқтатылған.
Habshan кешені – Біріккен Араб Әмірліктері энергетикалық жүйесіндегі ең ірі газ өңдеу инфрақұрылымдарының бірі.
Сарапшылар бұл шабуылды Таяу Шығыстағы ушығып бара жатқан әскери шиеленістермен байланыстырады. Соңғы уақытта аймақта мұнай-газ нысандарына бағытталған соққылар жиілеп, әлемдік энергия нарығында алаңдаушылық күшейіп отыр.