Абу-Дабиде Украина бойынша келіссөздердің алғашқы күні аяқталды
Абу-Дабиде 4 ақпан, сәрсенбі күні Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесіне арналған Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің алғашқы күні аяқталды. Келіссөздер 5 ақпан күні жалғасады.
Келіссөздер жабық форматта өтіп жатыр. Axios басылымына сұхбат берген аты-жөні аталмаған украиналық шенеунік талқылауларды «өнімді» деп бағалаған.
Ресей делегациясын Бас штабтың Бас басқармасының жетекшісі, адмирал Игорь Костюков бастап барды. Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарып отыр.
АҚШ тарапынан келіссөздерге АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ армиясының хатшысы Дэниел Дрисколл қатысуда.
Politico басылымы украиналық және америкалық ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлауынша, келіссөздердің басты тақырыбы — жер мәселесі.
Абу-Дабиде Мәскеу мен Киев өкілдері АҚШ ұсынған, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған жоспар аясында алғаш рет тікелей келіссөздерді 23-24 қаңтар күндері өткізген болатын.
Келіссөздерге жақын дереккөздердің мәліметінше, тараптар бірқатар тармақтар бойынша алдын ала келісімге келген, алайда аумақ мәселесінде ортақ шешімге келе алмаған. Алғашқы кездесу қорытындысы бойынша АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шешілмей тұрған жалғыз мәселе — Донбасс екенін растаған.
Ресей Донбасс аумағынан украин әскерін толық шығаруды талап етуде. Ал Киев бұл талапты үзілді-кесілді қабылдамай отыр. Донбасс халықаралық құқық бойынша Украина аумағының ажырамас бөлігі саналады, алайда оның кейбір бөліктері қазіргі уақытта Ресей әскерінің бақылауында.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский аумақ мәселесі тек Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу барысында ғана шешілуі мүмкін екенін мәлімдеген.