Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздер аяқталды
Абу-Даби қаласында Украина, Ресей және АҚШ делегациялары қатысқан, Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысын тоқтатуға бағытталған екі күндік келіссөздер аяқталды. Кездесулер Біріккен Араб Әмірліктері астанасында жабық форматта өтті.
Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының баспасөз хатшысы Диана Давитянның мәлімдеуінше, келіссөздер бейсенбі, 5 ақпанда тәмамдалған. «Келіссөздер аяқталды. Толық ақпарат кейінірек жарияланады», - деді ол.
Үш елдің делегациялары жабық форматта жүздесті. АҚШ тарапынан келіссөздерге президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ армиясының хатшысы Дэниел Дрисколл қатысты. Украина делегациясын ҰҚМК хатшысы Рустем Умеров басқарды. Ресей жағынан делегацияға РФ Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының басшысы, адмирал Игорь Костюков жетекшілік етті.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов келіссөздердің «шынымен де конструктив өткенін» айтқанымен, егжей-тегжейін ашпады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді «оңай болмаған» деп сипаттады.
«Украина бұл келіссөздерге барды және алдағы уақытта да мүмкіндігінше конструктив ұстанымда болады», - деді Зеленский Киевте Польша премьер-министрі Дональд Тускпен өткен баспасөз мәслихатында.
«Біз нәтижелердің тезірек болғанын қалаймыз», - деді ол.
Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігінің жазуынша, Абу-Дабидегі келіссөздер барысында экономикалық мәселелер, аумақтардың мәртебесі және атысты тоқтату тетіктері талқыланған. Агенттік дерегінше, Ресей делегациясы Украинамен бейбіт келісімге қатысты белгілі бір ілгерілеу бар екенін мәлімдеген.
Бұған дейін Стивен Уиткофф тараптардың 314 әскери тұтқынды алмасу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл соңғы бес ай ішіндегі алғашқы ірі тұтқын алмасу. і.
Ресей Қорғаныс министрлігі алмасу «157-ге 157» формуласы бойынша жүзеге асқанын мәлімдеді. ТАСС дерегіне сәйкес, алмасу аясында Курск облысынан үш бейбіт тұрғын да қайтарылған. Ресейлік әскери қызметшілер қазір Беларусь аумағында екені хабарланды.
Рустем Умеров келіссөздердің алғашқы кезеңін «тиімді әрі мазмұнды» деп бағалады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шешілмеген мәселелер тізімі «айтарлықтай қысқарғанын» және тараптардың «нақты ілгерілеуге қол жеткізгенін» айтты. Дегенмен ол ең күрделі мәселелердің әлі де бар екенін және Украинадағы соғыс жалғасып жатқанын атап өтті.