Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:15

Абу-Дабидегі Украина, АҚШ және Ресей арасындағы келіссөздер кейінге қалдырылды

Зеленский
Фото: Reuters

Украина, Ресей және АҚШ арасындағы Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтауға бағытталған үшжақты келіссөздердің кезекті отырысы 4-5 ақпан күндеріне ауыстырылды. Кездесу Абу-Дабиде өтеді.

 Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, келіссөздер бастапқыда жексенбі, 1 ақпан күні өтуі тиіс болған, алайда кейіннен күндері өзгертілген.

«Келесі үшжақты кездесулердің нақты даталары бекітілді: 4 және 5 ақпан, Абу-Даби», – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол Украинаның мазмұнды әрі нәтижелі талқылауға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ келіссөздердің нәтижесі «соғыстың нақты әрі әділ аяқталуына бір қадам жақындататынына» үміт білдірді.

Донбасс мәселесіндегі келіспеушіліктер

Өткен демалыс күндері Мәскеу мен Киев өкілдері Абу-Дабиде алғаш рет АҚШ ұсынған атысты тоқтату жоспары бойынша тікелей келіссөздер өткізген еді. Тараптар талқылауды жалғастыруға уағдаласқанымен, Зеленский бейсенбі күні-ақ кездесудің уақыты мен орны өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Келіссөздерге жақын дереккөздердің мәліметінше, тараптар бірнеше мәселеде ортақ келісімге келген, алайда басты түйткіл бойынша мәмілеге келе алмаған. Ресей Украина әскерін Донбасс аумағынан шығаруды талап етуде, ал Киев бұл талапты қабылдамай отыр.

Донбасс – Украина аумағының бір бөлігі, алайда қазіргі таңда оның кейбір бөліктері Ресей әскерінің бақылауында.