Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Абулғазиндер отбасының Францияда зәулім сарайы бар екені анықталды

Абулғазин
Фото: Выход к морю

Данияр Абулгғазин мен оның жұбайы Айдан Сүлейменова Францияның Куршевель курортындағы элиталық пентхаусқа иелік етеді. Бұл пәтер ресейлік санкцияға іліккен миллиардерлермен ортақ кешенде орналасқан.

"Выход к морю" Telegram-арнасының зерттеу материалында айтылғандай, Қазақстандық белгілі кәсіпкер Данияр Абулгазин мен оның жары Айдан Сүлейменова 2014 жылдан бері Францияның ең беделді тау-шаңғы курорттарының бірі — Куршевельдегі «Ақ інжу» шале кешенінде пентхаус иелері.

Бұл жылжымайтын мүлік Chalet Leon деп аталатын компанияның меншігінде. Компания 2014 жылы Францияда тіркелген, ал пентхаус сол жылдың қарашасында 7,5 миллион еуроға сатып алынған. Бүгінде нарықтық құны кемінде 10 миллион еуроға, яғни 6 миллиард теңгеге жуық бағаланады. Апартамент инвестжоба ретінде тіркеліп, қазіргі таңда туристерге 25-60 мың еуроға дейін апталық жалға беріледі.

Ресейлік олигархтармен ортақ сарай

Абулғазиндер орналасқан «Ақ інжу» кешені «Қара інжу» шале нысанымен бірігіп, біртұтас құрылыс кешенін құрайды. Бұл кешен ресейлік Саркисовтар әулетіне тиесілі SNC Black Pearl компаниясы арқылы бақыланады. Ресейлік миллиардерлер Сергей және Николай Саркисовтар 2023 жылы Украина мен Канада тарапынан санкция тізіміне енгізілген. Олар Ресейдің Украинаға басып кіруіне «жанама және тікелей қолдау көрсеткен тұлғалар» ретінде сипатталған.

SNC Black Pearl — Кипрде тіркелген Worldcorp Limited пен Люксембургтегі Marlett SA компаниялары арқылы құрылымданған. Франциядағы бұл нысандарды басқарумен айналысатын тұлғалардың қатарында киприот Татьяна Кирьянова мен италиялық Светлана Бугаева бар. Олар Францияның Альп тауларынан бастап Монакоға дейінгі аймақта ондаған жылжымайтын мүлікке иелік ететін компаниялардың басқарушысы ретінде тіркелген.

LVMH басшысы да іліккен тергеу

Саркисовтардың Куршевельдегі жылжымайтын мүлік мәмілелері Францияның қаржылық барлау органдарының тергеуіне іліккен. Бұл іс аясында әлемдегі ең бай адамдардың бірі — LVMH холдингінің басшысы Бернар Арноның аты да аталды. Тергеу Саркисов пен Арноның Куршевельдегі мәмілелері арқылы қаржы жылыстату белгілерін қарастырғанымен, құқық қорғау органдары заңбұзушылықты дәлелдей алмады.

Айта кетейік, былтыр маусымда Грекияда арал өртегендер тізімінде Данияр Абулғазин мен Айдана Сүлейменованың да ьбар екені анықталған еді.  Грек прокурорлары жеке яхтадағы сегіз қазақстандық жолаушыға Гидра аралындағы өртке қатысы бар деп ресми айып тақты. Яхта жалға алып Грекияда демалғандардың қатарында  миллиардер Данияр Абулғазиндерден бөлек, Халық банкінің төрағасы – Үміт Шаяхметова мен күйеуі, кәсіпкер Бейімбет Шаяхметов болған. 

Ал, Айдан Сүлейменова — Данияр Абулгазиннің жұбайы ғана емес, Қазақстандағы ең табысты әйел инвесторлардың бірі. Ол SCI Paris Apartment Alpha компаниясы арқылы Париждің орталығында, Артуа көшесі, 23-үйдегі зәулім ғимаратқа иелік етеді. Бұл мүлік отбасы тарапынан Абулғазин «Самұрық-Қазына» қорында мемлекеттік қызметте жүрген кезеңде сатып алынған.

2024 жылы Айдан Сүлейменова ресейлік азаматтығынан бас тартқан. Бұл қадам оның Еуропадағы активтеріне қатысты құқықтық сұрақтардың алдын алу үшін жасалуы мүмкін деген болжам бар.

Саркисовтар Қазақстанда да ұзақ уақыт бойы бизнес жүргізген. 2019 жылға дейін олар елдегі «Мұнай сақтандыру компаниясының» (НСК) мажоритарлық үлесіне иелік еткен. Қазір бұл компания Әлжановтар отбасының бақылауында.