Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 16 Қыркүйек 2021

Абылай мен Кенесары

None
None

                                                   Алаш рухы – Абылай

Қазақ тарихында Абылайдай шексіз билікке ие болған бірде-бір хан болған емес. Қазақтардың санасында Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары мен көзсіз ерлігі жыр-дастандардың, тарихи жылнамалардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орындалатын небір күйлер соның дәуірінде дүниеге келген және көбі сол кезеңді сипаттайды. Абылай халық санасында ұлы бабасы Шыңғыс ханнан бастау алған тәуелсіздік пен ерлік туының қазақ даласында мәңгі желбіреуіне  өшпес үлес қосқан ұлы хан – елбасы  ретінде сақталған.

Абылай хан барлық қазақтардың жүрегінен орын алған, ең құрмет тұтатын, сыйлы да әулие ханы болған. Ол өзін көкке көтерген, ауыр міндет арқалатып, сенім білдірген халқына қаяусыз қызмет етті. Қажыр-қайратын аямады, жаннан кешті, қанын төкті, туған елінің мерейінен бөтен мұраты болған жоқ. Сонысымен ол ұлы хан атанды, абыройға бөленді. Абылай  өз заманында елін тарихтың барлық қиын өткелінен алып өтті. Қазақ ордасы деп аталатын байтақ та қуатты ұлыстың тұғырлы туын берік ұстады.

        Бүгінгі жас ұрпақтың Абылайдың жеке тұлғасына деген қызығушылығы, оны ешкімге ұқсамайтын дала қыранына ұқсатуы, елі мен халқының бақыты үшін күрескен ұлы данышпан, ұлт көсемі деп мақтануы мың өліп, мың тірілген қазақтың болашағының жарқын екенін көрсетсе керек. Абылай XVIII ғасырда өмір сүрді, бұл тарих өлшемінде өте алыс емес. Ол туралы көптеген мәліметтер, негізінен, орыс және қытай мұрағаттарында сақталды. Абылай екі алып империяның көңілін таба білумен қатар, ең маңыздысы – өз мемлекетінің тәуелсіздігін сақтай алды. Ол дипломатиялық қарым-қатынасты айлакерлікпен, төзімділікпен жүргізе білді. Абылай олардың алдында қымсынбады, қажет болған жағдайда далалық қыранға тән айбат көрсете білді. Ресей генералдары өздерінің бір-біріне жазған ақпарат хаттарында Абылайды ашуландырып алудан аулақ болып, әңгіме барысында өткір тұстардан айналып өтудің қажеттігін ескертіп отырған. Мұның өзі Абылайдың биіктігін асқақтатып тұрған жоқ па?

Жас кезінде  қалмақтың батыры Шарышпен жекпе-жек ұрысқа шығып, жауының жанын жаһаннамаға жібереді. Қалмақ ханы Қалдан Серен кек қайтару мақсатында Абылайды қапияда қолға түсіреді. Өлімге бұйырып, соңында Абылайдан «Не арманың бар?» дегенде, Абылай:

  • Менің үш арманым бар: әуелі мен Шарышты қазақ пен қалмақтың қан майданында өлтірдім, сіз мені ұйқыда ұстап алып өлтіргелі отырсыз. Қазақ пен қалмақтың қан майданында өлсем арманым жоқ. Екінші, қазақ көшіп-қонып, орнықпай жүрген ел ғой, бір жерге орнықтырып, отырықшы өмірге кіргізіп өлсем армансыз болар едім. Үшінші, төрт атадан бері жалғыз едім, қазір өліп кетсем не балам, не бауырым жоқ, дүниеге келмегендей боламын ғой, – дейді.

Сонда Қалдан хан төмен қарап отырып, қасындағы уәзіріне «айтқанының бәрі дұрыс» деп кешірім жасапты.

Не деген патриоттық рух, не деген батырлық, не деген дипломатия! Ең бастысы, Абылайдың өз ұлтының болашағы үшін қазіргі өлімнің ерте екенін астарлап жеткізуінде жатыр.

Жалпы, өткен заманның танымал тұлғаларын аңызға айналдыру барлық халыққа тән. Адамның табиғаты бір нәрсені  әсерлеп жіберуге тым жақын тұрады. Мұны дұрыс деп ойлаймын. Абылай қазақтар әлемінде ерекше қасиетті әулиеге тән тұлға ретінде бейнеленеді, оған барлық мүмкін қасиеттер танылған. Мәселен, Абылайды сабалақ, қайыршы, қайсыбір байдың құлы деңгейіне түсірудің өзі дәстүр саналған, ең бастысы, оны бұқара халықтың маңына жақындату болған. Сөз орайында айта кетейін, негізі, «сабалақ» атауы – қалмақ сөзі. Ол «батыр жүректі жауынгер» деген мағынаны білдіреді. Қалмақтар ұрыс даласында Абылайға осындай баға берген болатын.

Абылайдың есімі Әбілмансұр емес. Оның толық та шынайы есімі –  Абылай Мұхаммед бағадұр сұлтан. Оның хандық мөрінде осылай жазылған. Ол халық қиялынан туған  тұлға емес. Абылай туралы 1917 жылға дейінгі жазбалардан өте көп материалдарды кездестіресіз. Әсіресе орыс жылнамаларында Левшин, Рычков, Крафт және Красовский сияқты белгілі зерттеушілер Абылай туралы толыққанды мақалалар жазған. Мәселен, орыс тарихшысы, үлкен лауазымды шенеуік Крафт Абылайдың қазақ халқының мүддесі жолында Ресей мен Қытай байланысында үлкен көрегендік саясат ұстанғанын және ел тәуелсіздігін сақтап қалғанын жан-жақты  тарихи дәйектермен жазады. Мұның өзі Абылайдың Қазақ мемлекетін ыдыратпай, оның тәуелсіздігін сақтау жолында істеген жасампаздық істерін көрсетеді.

Абылай – үш жүздің басын біріктірген елбасы. Ол өте қарапайым және кең адам болған. Оның бір кереметтілігі – мемлекет мүдделері үшін өзара тиімді келісімдерге бара білген. Өзінің ішкі есебінен жаңылмаған. XVIII ғасырдың екінші жартысында Қазақ елі сәл-ақ ыдыраудың алдында тұрды. Сол қиыншылықта Абылай көсемдік танытып, мемлекетті сақтап қалды. Рулық таластардың жолын кесіп, аяусыз күрес жүргізді. 1781 жылы Дайыр сұлтан орыс билігіне арқа сүйеп, Абылайға қарсы ашық майданға шықты. Ол Абылайды өзіне тиісті емес билікті басып алушы деп ірткі салды. Орыс ықпалындағы рубасылары Абылайға қарсы шығып, кәдімгідей соғыс ашпақ та болды. Алайда Абылайдың төлеңгіттері оларды тас-талқан етіп, бәрі ханның темір тезіне бағынуға мәжбүр болды. 

XVIII ғасырдың 70-жылдарының басында Абылайдың ішкі және сыртқы саяси қызметіндегі белсенділігі нәтижесінде Қазақ хандығы нық және біртұтас мемлекетке айналды. Абылайдың атақ-даңқы Ресейден Жоңғарияға қарай қашқан қалмақтарды ойсырата тас-талқан етуінен кейін жалпыхалықтық деңгейге көтерілді.

Үш жүздің ханы атанған Абылай сыртқы саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты Қазақ хандығының саяси жүйесін орталықтандыруға қарай басты назар аудару қажеттігін түсінді. Бұған қол жеткізу үшін ішкі саясат бағыттарын негіздеп алды. Ол, біріншіден, дәстүрлі қазақ менталитеті негізінде  жүздер мен ірі бірлестіктерді басқаруға федерализм элементтерін енгізуге ұмтылды.

 Бірде 70 жастағы Абылай атақты Бұқар жырауды шақырып, елдің тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеседі. Жырау ханнан «Қандай арманыңыз бар?» деп сұрайды. Сонда Абылай өзінің үш арманын айтады. Біріншісі – қазақ даласында бейбітшілік болғанын, көп қанның төгілмегенін қалаймын. Екінші – халқымды отырықшылдыққа баулып, қалалар тұрғызсам; үшіншісі – күшті де біртұтас мемлекет құрсам» деген екен. Бұл сөзді Абылайдың өмірі мен қызметін зерттеген ағылшын ғалымдары дәлелдеп отыр.

Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә. Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті.

Абылай ханның 300 жылдық мерейтойында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген-ді: «Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету керек. Жас ұрпақ Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы алар орнын жақсы білуге тиіс. Бұл кейінгі буынның жүрегіне отаншылдық нәрін егіп, бойында мемлекетшіл қасиеттердің өркен жаюына ықпал етпек. Ол үшін біз ұрпақ алдындағы өз міндетімізді толық атқарып, жастардың ой-санасының дұрыс қалыптасуына барынша жағдай жасауымыз қажет». Бұл дегеніміз – ұлы тұлғаның ерлік істерін дәріптей отырып, оны еліміздің ұлттық көсемі, шоқтығы биік қайраткері екенін тану. Ол Қазақ елінде үлкен құрметке лайық. Оның портреттері балабақшаларда, мектептерде, жоғары және арнаулы оқу орындарында, мемлекеттік басқару жүйелерінде, әскери бөлімшелерде төрден орын алуы тиіс және «Абылай хан» орденін тағайындайтын кез келді. Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласын Абылайдың жеке ескерткішінсіз елестету мүмкін емес. Әр қалада, әр ауылда Абылайға деген құрмет ерекше болғаны жөн. Осы кезге дейін елордамыз да, кейбір облыс орталықтарында Абылай ханға тұрғызылған ескерткіштер де жоқ. Нұр-Сұлтан қаласының  ескі бөлігінде  Абылай мен Кенесары  екеуінің атына бір даңғыл берілген. Бұл көше ұлт көсеміне лайық емес. Мәселен, «Мәңгілік ел» даңғылы Абылайдың есімін күтіп тұрғандай. Өйткені Абылай мәңгі, ол ұлттық символға айналған ерлік тұлға.

Бір ескеретін жағдай, Қазақ елін құруда әр ханның өзіндік тарихи орны болды. Дегенмен халық санасында, тарих сахнасында өзінің ерекшелік қасиетімен, ерлігімен жалпыхалықтық құрметке ие болған, аты аңызға айналған шоқтығы биік ұлы тұлғалары болады. Оларды тарих бетінен қанша рет сызып тастаса да, халық жадында мәңгілік орын алады. Өйткені Абылай – Бұқар жырау айтқандай, «қиядан қиқу төгілсе, атының басын тартпаған, қисапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайтпаған, батыр шыққан қалпынан, қазақ атты халқынан» деп, биік бағасын алған тарихи тұлға. Қазақ тарихында Абылайға теңесетін бірде-бір ел билеушісі болмаған. Ел басына күн туған кезде  тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Халықтың арасында болды, ешкімді бөлмеді. Күндіз-түні елдің тыныштығын, жердің тұтастығын ойлап, сыртқы жаумен арпалысты. Хан деген дәрежесіне қарамай, ат үстінде жүрді, жекпе-жек жаумен шайқасты, қара халықтың құрметіне бөленді.

Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Кейбір саясатшылар Абылайдың үш жүздің басын біріктіре алмады деп сәуегейсіп, жерден жеті қоян тапқандай күйге түседі. Сонда айтпақ ойы не? Нені меңзеп тұр? Тарихта белгілі болғандай, Абылайды үш жүз өздері хан көтеріп, таққа отырғызған жоқ па еді?! Енді не болды? Абылай кімнің жолына тұсау болып қалды?! Абылай – Қазақ мемлекетінің іргесін нығайтып, тәуелсіздігінің туын аспандатқан ұлы кемеңгер тұлға. Оның деңгейіне келер қазақта ер болған емес. Сол үшін оның есімі аңызға айналған. Мұндай халықтық құрметке лайық қазақты бүгін де, ертең де кездестіру екіталай. Абылай – тарихи тұлға. Ал тарихи тұлғаны халықтың өзі туғызады.

Қазақтың тәуелсіздік тарихында Абылайдың есімі ерекше марапатталып, тарихи тұлға, ұлт көсемі ретінде өз орнын табуы керек. Мұның қазақ халқының тұтастығына, жасампаздық істерге жұмылуға және болашаққа деген сенімді нығайтуға жаңа серпін беретін ұлы күшке айналатыны сөзсіз. Елдің көк туы мен Абылай Қазақ мемлекетінің одан сайын қарыштап дамуына және ішкі ынтымағымызға, сүттей ұйыған татулығымызға кепілдік беретіні сөзсіз. Абылайдың рухы ұлтымызды сақтаудың сара да дара жолы. Сондықтан қазақ қоғамының Абылай рухы  төңірегіне топтасып, еліміздің елдігін көрсететін кезі келді. Бұлай болмаған жағдайда қазақ ұлтының біртұтастығы мен елдігінің нығая түсуі екіталай болмақ.

         Елдің патриоттық күші – Кенесары Қасымов

Бүгін біз Кенесары ханды халқымыздың мақтанышына айналдыра алдық па?! Ол туралы жалпыхалықтық сүйіспеншілікті неге тежеп отырмыз?! Шын мәнінде оның Қазақ мемлекетінің тарихында орын алатын ұлы тұлға екенін мойындайтын уақыт келген сияқты. Елдің патриоттық рухани күші Абылай мен Кенесары екенін түсінуіміз керек. Әр қазақтың жүрегіндегі Абылай мен Кенесарыға деген ерекше махаббатты елемеу, оның жолына тосқауыл қою тәуелсіз елдің ұлттық идеологиясының пәрменсіздігін көрсетсе керек. Кенесары туралы, оның көтерілісі хақында кейбір тарихшыларымыздың неше түрлі  бұлталаққа түсіп, бұлсыз, құнсыз құн-жұны шыққаны кімге аян емес?!

Кенесары тарихта XIX ғасырдағы қазақ халқының ең ірі ұлт-азаттық қозғалысын бастаған ұлы ержүрек ханы болып алтын әріппен жазылды.  Алдымен Кенесары – қазақтың ең соңғы ханы, содан кейін қазақтың ең сүйікті, аяулы ханы. Оның хан атағын, ел иелігін қолына алған кезі –  патшалық Ресей бүтінделе бастаған қазақты Абылай өлген соң, ертедегі жеке-жеке князьдіктері билік  жасап, бөлшектеуге кірісті. «Бөліп ал да, билей бер» деген принцип алға шықты. Сөйтіп, қазақтың кең даласының бөлшек-бөлшегін шығарды. Қазақтың халықтық трагедиясы – бөлінуге құмарлығын, содан соң баққа, таққа, шенге құмарлығын шебер танып алған отаршылдар енді қазақтың өз ішіндегі ақсүйектер тобын – бұрын билеп келген Шыңғыс, Жошы ұрпағының қалдықтарын іздеп тауып, лайықты үлес берген етіп, бөліп, ұсақтап тастады. Енді  ұран, ту астына жиналу дәстүрін жалғай алмайтын, «алтыбақан алауыздық» халге жеткізді. Кенесарының хандығы  дәл осы тұсқа тап келді.

Кенесары хан 1822-24 жылдары хандық билік біржолата жойылған кезде Қазақ хандығы үшін күресті. Ресей империясы байтақ Қазақстанды шетінен керте-керте жегідей жеп, қойнауын үңгіп, тереңдей еніп, қазақ билігін, хандығын жойып, өз әкімдерін тағайындап, бекіністен соң бекініс салып жатты. Сол кезде қазақ даласында үлкен ауыр жағдай қалыптасты. Қазақтарды, бір жағынан, Қоқан, Хиуа хандықтары және Бұхара эмираты бір бүйректен қысып жатса, екінші жағынан орыс басқыншылары түйрей бастады. Ресей империясы даланы әскери бекіністермен бөліп тастап, ежелден қалыптасқан көшпенді жолдарға тыйым салды. Бұдан халық қасірет көрді. Өздері еркін  көшіп жүретін бағыттардан қол үзді. Баяғы аздаған еркіндік дәурен – бейбіт өмір, берекелі тірлік қалмады. Ел басына қара бұлт төнді. Тек қолға қару алып, азаттық үшін күресу қажет болды. «Даланың көкбөрісі» атанған Кенесарының енді елді көтермеске рухани да моральдық, азаматтық, иешілдік намысы шыдамады. Кенесары халқын патшалық отаршылдыққа қарсы көтеріліске алып шықты. Ол хандық билікті қалпына келтірем деп күрес бастағанда атасы Абылай, әкесі Қасымның жолын қуды. Қазақтың үш баласы жиналып, ақ киізге көтеріп, Кенесарыны хан сайлады.

Отаршылдармен алғашқы шайқаста Кенесары әскері басымдыққа ие болып, соғыс өнерін көрсете білді. Сарбаздар орыс-казак полктарымен  шайқастарда әскери шеберлігімен оларды жеңіп, жау қолына түспей отырған. Казак әскерлері сан жағынан басым болса да, патша өкіметі ашық айқаста Кенесары сарбаздарын талқандай алмады. Алайда отарлаушылар қару- жарақтың, әскер санының көптігімен Кенесары ханды ығыстыра бастады. Кенесары көтерілісін қолдаушылар жағы азая түсті. Елге жар салып еді, бұрынғыдай түгел қаптап жиналу болмады. Өз нәсілінен, тіпті Абылай балаларынан да келісім, қолдау таппады. Өзінің айтқанын тыңдата алмаған соң, ашулануына да, ашумен алауыз болған ауылдарды шабуына да тура келді. Осынау заңды ашу, оның бұл күйін патша әкімдері де, қазақ сұлтандары да мықты пайдаланып, оны «қарақшы», «қанішер», «басбұзар» етіп көрсетті. Соған қарамастан, Кенесары қазақтың бұқара, қарапайым халқынан, батырларынан үлкен қолдау тапты. Сол кездегі қазақ даласының отаршылдыққа, езгілік қанауға қарсы көтерілген қозғалыс басшылары – Исатай, Махамбет, Есет Бекет, Жанғожа батырлар Кене ханмен қосыла алмады. Хабарсыз, байланыссыз қалды. Бірін-бірі ұқпай, бытырай соғысты. Ақыры бәрінің аяғы қырсық қырғынмен бітті. Кенесары атақоныс – Ордадан, Арқадан, Абылай жасап кеткен орталықтан, Көкшедей бесігінен айырылды. Ол одан соң, қазақ даласынан қолайлы кеңістік іздеп шарқ ұрды. Сонау шалғай жазық – Торғай даласынан бір-ақ шықты.

1841 жылы Кенесары ханға қарсы  орыс  жасақшылары мен қазақ сұлтандарының біріккен отрядтары шайқасқа шықты. Кенесары әскері түнгі шайқаста қазақ сұлтандардың отрядтарын быт-шытын шығарып жайратып тастады. Ал ұрыс даласынан таяу қашықтықта тұрған орыс отряды көмек қолын бермей, кейін шегініп қайтып кеткен. Жалпы, «Даланың көкбөрісі» атанған Кенесары (Хан Кене) орыс-казак полктарымен  шайқастарда әскери шеберлігімен оларды жеңіп, жау қолына түспей отырған. Казак әскерлері сан жағынан басым болса да, патша өкіметі ашық айқаста Кенесары сарбаздарын талқандай алмады. Оның әскери тактикаларына  орыс генералдары таңғалыспен қарады.

Жыл сайын батыс губернаторлығынан әскери отрядтар шығып, Кенесарының ізіне түсіп отырды. Алайда Кенесары  олармен жеке ұрысқа кіріспей, әртүрлі айламен сытылып шығып, жаудың берекесін кетірген. Жол бойында жасанды малшы қостарын жасап, жау отрядтарын алдап, қолға түсіріп отырған. Қолға түскен казактарды өздерімен бірге алып жүрген. Отбасы бар егделерін босатып, екінші рет қолға қару алмауын ескерткен. Кенесарының бұл іс-әрекеттері казактар арасында қолдау тапқан. Көптеген казактар Кенесарының артына түсуден  ашық бас тартқан. Соның салдарынан екі жылға дейін патша билігі қазақ көтерілісшілерінің соңына түспеді. Тек қазақ сұлтандарынан жасақталған отрядтар ғана ізіне түсіп отырды. Кенесары сарбаздары өзгелерге сабақ болсын деген оймен  сатқын отандастарын аямай жазалауға мәжбүр болды. Патша билігі қазақ даласындағы Кенесары қозғалысының жаппай өріс алуынан қорқып, Хан Кененің басына үш мың сом сыйақы тағайындады. Кенесары сарбаздарын жою жөнінде біртұтас әскери операция жоспарын жасады. Сондай-ақ Кенесарыны тірідей қолға түсірмеу туралы нақты нұсқау берілген.   

Кенесары Оралдан төмен қарай сорғалаған көк қару орыс тасқыны одан да бекініс салып үлгерген соң, Ұлытауға, Сырға, Түркістанға қарай ойысып, онда ауыл-әулет, мал-дүниесін қалдырып, Балқашты беттеп, Ұлы жүз тұтастау секілді көрінген соң, онда барып, ортақ көтеріліс жүргізуге бет бұрды. Ұлы жүздегі Рүстем төре мен қырғызға сөз салып, қомақты жәрдем күтті. Хан өзінің кіші інісі Наурызбайды жүз сарбазбен Рүстем төреге жіберіп, көш-қонысын әзірлеуді міндеттеді. Рүстем сұлтан Наурызбайды қабылдап, Кенесарыны толық қолдайтынын және тиісті жер беруге қарсы еместігі туралы сөз береді. Сөйтіп, 1846 жылы Кенесары Орта жүзді тастап, Ұлы жүз жеріне бет бұрады. Ол қырғыз манаптарымен келіссөз жүргізеді, алайда қырғыздар өз уәдесіне тұрмай, қазақтарға қарсы бас көтереді. Қырғыз манаптары Кенесары ханның ең сүйікті батыры – Сауырық батырды өлтіреді. Олардың бұл жауыздық әрекеттеріне жауап ретінде Кенесары қырғыз жеріне еніп, ұрысқа кіріседі. Қырғыздар қазақ сарбаздарының қысымына қарсылық көрсете алмай, ұрыс даласында жеңіліп, кейін шегінеді. Бірақ қоқандықтардың тікелей көмегімен жасақталған 100 мың әскер қырғыздарға көмекке келіп үлгіреді. Қырғыздар  тез арада есін жинап алып, Кенесары ханға қарсы соғысады.

 Кенесары ханның сол кезде қолында он бес мың сарбазы болды. Соған қарамастан, қазақ сарбаздары ұрыс даласында ерлікпен шайқасып, талай қырғыз бен қоқандықтарды жер жастандырды. Ұлы жүздің билеушісі Рүстем төре мен Сыпатай батыр  уәделерінде тұрмай, қандастарына көмек қолын соза алмады. Кенесары хан билеуші топтың бойындағы  алауыздық, сатқындық, қорқақтық мінездеріне қатты өкінеді. «Қалай ел болмақпыз?!» деген өкініш қанын қайната түсті. Кенесары өзі бас болып ұрыс даласында бірнеше күн бойы жаумен қиян-кескі шайқасады. Кенесарыны ұрыс даласынан шығарып жіберуге болатын еді. Бұл ұсынысқа даланың көкбөрісі: «Егер қазақ ханы өз сарбаздарын тастап кетсе, бұл кейінгі ұрпаққа жаман үлгі болады», – деп жауап беріпті. Кенесары жау шебінің бір бүйірін ойсырата бұзып шығып, тау шатқалына қарай шегіне шайқасты. Ең соңында, тау шатқалында Кенесары сарбаздарымен жау қолына түсіп қалады. Қырғыздар  Кенесары ханның інісі Наурызбайдың тұтқындаболмағанын байқап, секем алады. Олар Наурызбай жасақ жинап, көмекке келуі мүмкін деген тұжырым жасайды. Ханды тұтқында ұстайды. Оған арнайы құрметпен ақшаңқан үлкен киіз үй тігіліп, барлық сый-сияпат көрсетіледі. Жас қыздарды жіберіп, ханның көңілін алып, одан өз тұқымдарын жақсартуды ойлайды. Алайда олардың бұл әрекетінен ештеңе шықпайды. Хан бәріне қарсылық көрсетеді. Інісі Наурызбай батыр маңайдағы қазақ руларына барып, жасақ жинап, қырғыздардан ханды босатуды талап еткен ниетіне қолдау таппай, өкінішпен өз сарбаздарымен қырғыздарға қайта келгенде жау қолына түседі.

Қырғыз манаптарына егер  Кенесарыны өлтірген жағдайда қазақтардың  қырғыздарға өшпенділігі күшейіп, елге қауіп төнуі ықтимал, ал тірі қалған жағдайда уәдесін алып, бейбіт бітімге келер едік деген ой келеді. Осындай оймен қырғыз манаптары үш ай бойы Кенесарыны тұтқында ұстайды. Қырғыз манаптары қазақтардың Кенесарыны құтқаруға онша ниетті еместігіне көзін  жеткізеді. Бұл Кенесарыны өлімге  кесуді жеделдете түсті. Олардың ұйғарымы бойынша қазақтың соңғы ханы өлімге кесіледі. Даланың көкбөрісі – Кенесары хан намазын оқып, тұтқындалған сарбаздарымен қоштасып, басын бөрененің үстіне қойып, соңғы демін алады. Бір мезетте күнмен шағылысқан айбалта арыстанның басын жерге домалатып жібереді. Қайран қазақ өзінің көкбөрісінен айырылып, қан құшты. Сөйтіп, қырғыз манабы Орман Ресей империясына қырғыздардың адалдық белгісі ретінде Батыс Сібір губернаторы Горчаковқа арнайы мөрі басылған хатпен бірге Кенесарының басын сыйлыққа тартады. Жетісудың билеуші сұлтандары мен ру басылары қырғыз манаптарымен ауыз жаласып, ұлттық мүддені сатып, Қазақ елінің тәуелсіздігіне толмастай нұқсан келтірді. Абылай ханның даңқты немересі, бүкіл  патшалық Ресейді қалтыратқан, бас имей кеткен хан Кенеден кейін қазақ халқы боз-боз болып, елдігінен, намысынан айырылды. Қазақ «елім» деп еңіреп, отқа түсетін азаматтарды азайтты, ер тәрбиелейтін дәстүрден айырылды, қорқақ, сужүректер көбейді, нәрсіз ұрпақ қаптады.

Кенесары және оның сарбаздары халық үшін, жоқ, өз бастарының билігі мен рахаты үшін күресті ме? Олар қазақ халқы үшін, оны біріктіріп қорғау үшін өлді ғой. Қасым шаңырағынан алты бірдей  арыстан жау қолынан қатар мерт болған қазақ хандарының қай тұқымын көрдіңіздер? Сонда не үшін? Олардың қолында дәреже де, байлық та болды. Орыс патшасы Кенесарыға полковник әскери атағын беріп, өздерінің құзырындағы қазақ даласын билеуші шенеунік мәртебесін ұсынды. Алайда ол елін, жерін, ұлтын өзгенің билігіне қимады. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының іргесін шайқалтпай, оның тәуелсіздігін қорғауды басты мұрат етіп қойды. Енді өзі, інісі Наурызбай батыр, қарындасы, жаужүрек Бопай  және басқа да бауырлары жау қолында ерлікпен шайқасып, ажал құшты. Нақ осындай ерлікті қазақ тарихында кім жасады екен?

Кенесары хан, Наурызбай батыр, жаужүрек Бопай халықтың санасында мәңгіге орнықты. Қазақ халқы қаншама уақыт өтсе де, өздерінің тамаша перзенттері жайында талмастан жырлап келеді. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан халық махаббаты мен ерекше құрметінен туған сүйіспеншілік еді.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы шетел жазбаларында сан алуан салиқалы пікірлерді оқып таңғаласың, мақтанасың, кей сәтте көзіңе жас аласың. Осындай ғасырда бір туатын елтұлғаны жау қолына беріп қойып, өліміне араша түсе алмаған ағайындарға лағынет айтпағаннан басқа ештеңе жоқ. Не болмаса денесін алып, туған жерде қадірлеп, жер қойнына тапсыру керек еді. Сонда бүгінгідей 176 жыл бойы сергелдеңге салынып, ұлы ханның басын іздеп, орыстың алдында жүгірмес едік. Ресей ешқашанда Кенесарының басын бермейді. Олар қазақ қоғамын тыныштандыру мақсатында анда-санда әртүрлі уәделерді ақпарат айдынына шығарады. Бұған халық сеніп, алға үмітпен қарайды. Ал орыс билігі егер Кенесарының басы берілген жағдайда қазақ рухы қайта көтеріліп, басқаша қарқын алады деп ойлайды.

Кенесары ханның сан қырлы қасиеттерін шетел зерттеушілері жоғары бағалап жазғанын жақсы білеміз. Солардың бірқатарын мысал ретінде келтірейін. Мәселен, британ зерттеушісі Т.Аткинсон: «Кенесары қазақтардан тамаша сарбаздар дайындады. Олардың найза мен айбалтаны шеберлікпен қолдана білгені күш жағы басым қарсыластарын ойсырата жеңуіне айтарлықтай әсер еткен. Кенесарының сарбаздары әлемдегі ең таңдаулы аттар кавалериясының қатарынан орын алар еді», – деп ой білдірсе, орыс тарихшысы Л.Мейер: «Кенесары тұтқынға түскен орыс әскерлеріне мейірімділік танытып, адами қамқорлықпен қараған. Бұл бірнеше мысалмен дәлелденген. Кенесарының бойында адамдарды өзіне баурап алу қасиеті болған. Оның жағында жүздеген орыс қашқындары соғысты»,– деп жазады. Ал орыс зерттеушісі А.Добросмыслов өз жазбасында «Кенесары өте жігерлі, батыл және ерекше ақыл иесі болды» деп атап көрсетсе, ғалым В.Потто «бүліктің басында зорлықшыл, бірақ дарынды және өте жігерлі тұлға тұрды» деп жазды. Сол сияқты М.Венюков «Кенесары бағыныштыларының санасына өзіне деген құрметпен және ерекше сүйіспеншілікті сіңіре білді» деген тұжырым жасады. Кенесарының жігерлілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне таңданған В.Потто оны Шамильмен, ал Семёнов-Тянь-Шанский  Риммен соғысқа кіріскен Понтия королі Митридат VI Евпатормен салыстырды. Атақты орыс ғалымы Н.Я.Коншин өзінің ғылыми еңбегінде: «Біз тек Кенесары Қасымовтың жеке тұлғасынан ғана қазақтың әртүрлі  тайпалары мен хандығының саяси бірлігін армандаған ұлы даланың кемеңгер ханының бейнесін көреміз», – деп шынайы бағасын береді.

Кенесарының рухымен тәрбиеленген атақты әскер басшысы, жазушы, халық батыры Бауыржан Момышұлы Кенесарының әскери тактикалары Мәскеу түбінде неміс басқыншыларымен болған  шайқаста өзіне демеу болғанын талай рет еске алып жазған болатын. Қазақтың белгілі тарихшысы Ермұқан Бекмаханов Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы үлкен ғылыми еңбек жазып, өзі кеңестік жазалауға ұшырады. Атақты жазушы Ілияс Есенберлин «Хан Кене» романын жазып, сол кездегі көшпенділер өмірін барынша жан-жақты көрсетті. Дегенмен кеңестік заманда Хан Кене бейнесін көркем шығарма арқылы насихаттау нағыз ерлік еді.

Жалпы, қазақ халқының біртұтастығына, хандық басқару жүйесіне қасақана жауыздық жасауды Ресей көп жылдар бойы басты мақсат етіп келді. Олардың негізгі қаруы қазақтардың рулық, тайпалық құрылымын бір-біріне қарсы қою, көсемдерін сатып алу болды. Бұл хандықты сақтау, оның  маңына топтасуға барынша зиянын келтірді. Әрине, даладағы тайпалық-рулық қарым-қатынастарды орталықтандырылған хандық басқаруға жүйелеп отыру мүмкіндігі қиын болатын. Өйткені рулар арасындағы алауыздық аяқастынан өршіп кететін. Мұның арты өзара қантөгіске дейін баратын. Бұл сол кездегі далалық тайпалық-рулық тартыстың көрінісі еді. Қазақ ішіндегі осындай берекесіздікпен қаншама  күрес жүргізілсе де, оның түпкі себептері  тамырымен жойылмады. Өкініштісі сол – Кенесары қазақтың алауыздығын аластату жолында бар күш-жігерін, ақыл-парасатын жұмсаса да, «елім» деп еңіреп отқа түссе де, қазақтың осы бір сорлы да жабайы мінезінен өзі мерт болды.

Еліміздің кейбір солақай тарихшылары Кенесары көтерілісін хандық билік, жеке басының рахаты үшін күрес деген баға беріп келді. Кеңестік кезде қалыптасқан осындай пікір мен көзқарас тәуелсіздікке қол жеткен заманда да сыр беріп қалады. Дегенмен патриот тарихшылар мен саясаттанушылар Кенесарының хан ретіндегі ұлы тұлға екенін биікке қойып келеді. Атақты академик Манаш Қозыбаев: «Біздің көз алдымызға айбынды, айдынды, қаһарлы да қайырымды, тегеурінді де екпінді, сүйкімді де сүйікті, қайғылы да мұңды, тоғыз қырлы, бір сырлы, өзі батыр, өзі ұлан, өзі сардарбек, өзі хан, өзі көсем, өзі шешен ғажайып бір тұлға келмей ме? Өзі жеке-дара дана туған, қара басының қамы емес, қара қазақтың ары үшін, намысы үшін, бостандығы үшін, тәуелсіздігі үшін күрескен алып тұлға көз алдыңызға екінші Абылайды елестетпей ме?» – деп атап көрсетті.

Біз Кенесары Қасымұлының ерлік істері халық санасында сақталғанымен, оның тарихнамада өз дәрежесінде көтерілмей келе жатқан мәселесі Хан Кененің қазақ халқының біртұтастық үшін күрес барысындағы ғажайып дипломаттығы. Орыс билеушілері қазақтарға қарсы Хиуа, мен Қоқанды, қырғыздарды айдап салды. Ал қырғыздар болса Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қойды. Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға шағыстырып, өз ұпайын жинады. Патша өкіметі сатқын сұлтандар мен ру басыларын Хан Кененің соңына салды. Міне, осындай шытырман жағдайда Хан Кене ел тұтастығының мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қойды, ғажайып тапқырлықпен, асқан табандылықпен қиыннан қиыстырып, сан мәселенің түйінін шеше білді. Халық басына күн туғанда ел тірлігін, елдігін, бірлігін, оның еркіндік туын ұстаған Хан Кене болатын. Сондықтан ұлы хан қазақ тарихында мәңгі жасайды. Оған ешкім күмән келтіре алмайды.

Сөз түйіні

Ендеше бүгінгі Қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуда, оның дамуына, халықтың топтасуына рух беретін алып күш Абылай мен Кенесарының рухы болмақ. Ұлы бабалардың рухы қазақ қоғамын жаңа биіктерге жетелей отырып, елдік пен бірлікті қамтамасыз етуге жол ашатын болады.

Тегтер: