Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:39, 08 Қазан 2020

Абыралысын асқақтатқан ғалым

None
None

Рымғали Нұрғалиұлының 80 жылдығы туған жерінің төрінде ұлықталды

  Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңін тынбай талдап, әртүрлі бағыттар мен тақырыптар бойынша ғылыми зерттеу кезеңін саралаған ғалымдарымыз аз емес. Бірақ та тек сөз өнерімен шектелмей, ұлттық танымымызды байытып, рухани өрісімізді кеңейтуде өлшеусіз еңбек еткен айтулы ғалым Рымғали Нұрғалиұлының жөні бөлек. Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың ұшан-теңіз еңбегі өз алдына сан түрлі шәкірт тәрбиелеп, ұстаздықтың шыңынан көрінген орасан зор білім иесі. Ал биыл көрнекті тұлғаның туғанына 80 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай, жақында «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Семей қалалық әкімдігінің қолдауымен ғалымның мерейтойы екі күнді (2-3 қазан) еншілеп кеңінен аталып өтті. Ел мерейін өсірген шараға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан ғалымның көзін көрген замандастары, ғалымдар және бүгінде есімін ел білетін шәкірттері қатысты.

 Алғашқы күні Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте «Әдебиеттану ғылымының күретамыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Zoom.us платформасында ұйымдастырылды. Конференция шымылдығын ашқан қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев мәртебелі қонақтардың алдында ғалым есімін ардақтаудың Семейден бастау алғаны елеулі оқиға екенін атап өтті.

— Семейді жырына қоспаған, шығармасына арқау етпеген қаламгер кемде-кем. Алайда Семейінің шерлі тарихын талдап, елдің амандығы, жердің бүтіндігі жолында аянбай қызмет еткен Рымғали Нұрғалиұлының орны айрықша. Бүгінгі кездесудің келелі, тарихи мәні зор боларына күмән жоқ. Өйткені конференцияға елдің маңдайалды танымал ғалымдары қатысып отыр. Өткен жылы қала әкімі Ермак Бидахметұлының тапсырмасымен қалалық ономастикалық комиссия отырысында Семей қаласындағы көшелердің біріне ғалым Рымғали Нұрғалиұлы ағамыздың есімін беру мәселесін қарап пысықтап едік. Алайда мораторий жарияланғандықтан, әзірге бұл жұмыс кідіріп тұр. Бірақ ептеп рұқсат беріліп жатыр. Сондықтан бұл мәселені ары қарай да қамшылап, қозғап, сол күннің қуанышына бірге куә боламыз деп есептеймін, – деді А.Серікқазыұлы.  

   Расында да, елеулі зерттеу еңбектерімен кемелдік тұғырына көтерілген тұлғаның есімі туған қаласының төрінен жарқырап тұруға лайық екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Онсыз да Семейдегі Морозов, Фрунзе, Щорс, Рыков (кім болғандарын дәріптеудің қажеті жоқ) көшелері көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрғанда ұлт мақтанышына айналған перзентін ұрпаққа үлгі ету үшін мұндай қадамды жылдамдату қажет-ақ.

«Нағыз энциклопедист-ғалым еді»

Конференция барысында баяндама жасаған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, халықаралық Айтматов академиясының академигі, профессор Бауыржан Жақып Рымғали Нұрғалиұлының Қазақ энциклопедиясын қалыптастырудағы еңбегі ерекше екендігіне тоқталды. Соның ішінде 1986 жылдан 1996 жылға дейінгі он жылы оның кемел білім иесі екендігін танытқан айтулы кезең болғандығын да атап өтіп, аға буындағы ғалым ретінде тәлім алып, тәнті болғандығын тебірене жеткізді.

– 2009 жылдың 20 қаңтарында мен «Қазақ энциклопедиясының» Бас директоры – Бас редакторы қызметіне тағайындалдым. Сол қызметке келген алғашқы күндердің бірінде Рымғали аға Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтан -авт)телефон шалды. Дауысында ерекше қуаныш толқыны бар. Амандық-саулық, құттықтаудан кейін бірден іске көшті. «Сен қазір неше жастасың?» деп сұрады. Мен 46-ға толғанымды айттым.

— Онда туп-тура менің жасымда энциклопедияға басшы болып келген екенсің. Нағыз жұмыс істейтін дер кезің. Тілектеспін, қуанып отырмын! – деп батасын беріп алды да, ары қарай ақыл-кеңестерін түйдек-түйдегімен төге бастады.

     – Қазір оқырман сұранысына қарай кітап шығару керек. Сондықтан шетелдердің тәжірибесінен үйрену қажет. Реті келсе, Мәскеуге іссапарға барып қайт. Ондағы энциклопедистерден үйренетін жайт көп. Түркияның энциклопедия шығару ісінен де көп мәселені түюге болады. «Шахмат», «Дойбы», «Тоғызқұмалақ» сияқты жастарға қызықты энциклопедия шығаруға болады. «Ол кім?, Бұл не?», «Негеш» деген біз шығарған энциклопедияларды толықтырып, көркем безендіріп қайта басуға болады. Қазір бәрі компьютермен істеледі. Бұрын 10  мәрте қайта оқитынбыз. Қазір технологияның арқасында жұмыс жеңілдеді. Оның үстіне қазір полиграфия дамып кетті. Иллюстрацияларын молайтып, небір кітаптар шығаруға жол ашылды. Әрбір пәнге арналған энциклопедиялар шығару  керек. Бұл орыстарда бар. Біз кезінде Балтық жағалауы елдерімен көп тәжірибе алмастық. «Қазақша-орысша, орысша-қазақша» сөздікті қайта шығаратын кез болды. «Ислам» энциклопедиясын да жаңғыртып шығару қажет. Біз «Шаңырақты» шығарғанда, ұлттық мәселелерге қатысты көп тараулары алынып қалды. Мәселен, «Елтану» деген бөлім тұтасымен Орталық Комитеттің нұсқауымен түсіп қалды. Онда қазақтың иті, жылқысы, қойларының түрлері туралы ғажап мақалалар жазылған. Архивтен қарашы. Сол мақалалар бар ма екен? «Денсаулық», «Театр», «Спорт», т.б. энциклопедиялар шығаруға болады. Терминологиялық сөздіктер басу керек. «Абай» энциклопедиясының өзін қайта басуға болады. «Энциклопедия Тибета», «Вокруг света» сияқты тамаша еңбектерді де жұрт қуана алар еді. «Алматы» энциклопедиясын жаңғыртатын уақыт жетті. Жалпы, энциклопедияның подписка жасау жағын қарастыру керек. Сонда өткізуден қиындық көрмейсің. Әлемдік тәжірибеден үйрену керек. Мысалы, «Британика» жылда қайта басылады. «Корея», «Япония» деген энциклопедиялар да жыл сайын шығады. Осының бәрін ескеріп, өзің қорытынды шығарарсың. Істейтін жұмыс өте көп, энциклопедия шығару өте күрделі, төзімділікті, жан-жақтылықты қажет етеді. Оның бәрі сенің қолыңнан келеді. Мен сенемін!, – деп аяқтады әңгімесін. Сөйлескен кезде айтып отырғандарына мән беруге мұршам болмай жатқан еді. Кейін сол ағалық ақыл-кеңесіне назар аударғанымда энциклопедия үшін жаны ауыратын нағыз энциклопедист-ғалымның ойлары екендігін аңғардым, –дейді Бауыржан Өміржанұлы.

 Ғылым жолындағы осы бір эпизодтың өзінен-ақ білікті ғалым, ардақты ұстаздың ұлтының руханияты үшін барын салған қайраткерлік тұлғасы айқындалып тұрғаны даусыз.

Тағдыры таланған талант

Ғалым есімін ардақтаған алқалы жиында оның тағдыр жолында кедергілер мен қиындықтардың да аз кездеспегендігі айтылды. Туған жері – Қайнардан бірге шыңдалған қатарласы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов ғалымның қамқорлығын көрген шәкірттері көп екендігі үнемі айтылып жүргенімен, жыл басталғаалы бері Рымғали Нұрғалиұлы туралы ғалым, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев пен жазушы Болат Бодаубаевтың мақаласы ғана жарық көргендігіне қынжылысы барын жасырған жоқ.

– Мен оның себебін біліп тұрмын. Ол бала кезінен сынға үйір болды. Тілі де қыршаңқы болатын. Содан ба, Рымғали әдебиеттану мәселелерін түбегейлі көтеріп жүрген ғалымдығымен қатар сыншылығымен де ел аузына ерте ілікті. Енді, өзім байқаған бір жайды айтайын. Өзім он газет аламын. Бүгін осы басқосуға келіп отырған Құныпия Алпысбаевтың мақаласын оқыдым. Жазушы Болат Бодаубаевтың жазғанын оқыдым. Өзге ешкімнің ол туралы ойын ортаға салғанын көрген жоқпын. Мен Рымғалиды білетіндердің көпшілігін танимын. Бәлкім, шығармасын сынады ма екен, содан қалған өкпе ме, кім білсін?.. Қала берді, Мұхтар Мағауиннің, Сұлтан Оразалиннің қаламгерлік жолға түсуіне себепші сол – Рымғали. Әлі күнге дейін есімде Мағауин Рымғалимен талай рет Қайнарға барған. Талай естелік, ел аузындағы әңгімелерді сұрап жүретін. Тоқетерін айтқанда, ғалымдар көп шығар. Бірақ  Рымғали  – ғалымдардың төресі, – деп ағынан жарылды Болатбек Нәсенов.

  Осыдан біраз жыл бұрын «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» атты көп томнан тұратын мұрағаттағы деректерді жарыққа шығарған Болатбек Нәсенов осы шараның ойдағыдай өтуіне зор үлесін қосқан «Абыралы –Дегелең» қоғамдық қорының президенті, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай бастаған ел азаматтарына, ғалымның жерлестеріне шынайы ризашылығын білдірді. Ғылыми конференция өткізуді былай қойғанда, алыстан арнайы делегация шақырудың өзі арманға айналып тұрғанда «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының мұндай елдік шараны өткізуге бел байлағаны және ғалымды сыйлайтын зиялы қауымның туған жерінде басын қосуға ұйытқы болуы шыныменде, ерліккке пара-пар іс.

   Сонымен қатар зиялы қауымның кездесуінде көрнекті ғалымның шәкірті, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы ұстазының жолын қуған шәкірттері Қазақстанның қай өңіріне барса да жарқырап алдынан шығатындығын атап өтті.

«Әкемнің екі рет қиналып келгені көз алдымда»

    Осы басқосуда ғана емес, Семей мен Абыралы өңіріне ғалым тойының құрметіне ағылған мәртебелі меймандар ішінен ерекше көзге түскен адам белгілі журналист, асылдың тұяғы Ардақ Нұрғали болатын. Сәтін тауып Ардақ Рымғалиұлын да сөзге тарттық.

— Мен ес білгенде Семей – облыс орталықтарының ішінде көрнектісі еді. Өндіріс, кәсіпорындар көп болатын. Кеңес солдаттарының консервілі тағамдары осы Семейден жол тартатын еді ғой. Одақта әйгілі тамақ өнеркәсібі болды. Ол кездегі Семей мен қазіргі Семейді салыстыруға болмайды, әрине. Бұрынғы деректер бойынша айтсам, ең көп адам Алматы қаласы, одан кейін Қарағанды, үшінші орында жан саны бойынша Семей болған. Қазір қарасаң, жүрегің ауырады. Соған қарамай, әкем туған Абыралы ауданының тарағанына қарамай, Марат Құрманбай бастаған ел азаматтары жұдырықтай жұмылып, осындай үлкен іс атқарып жатқанына дән ризамын. Әкемнің елінде іздеушісі барын осыдан көруге болады. Ал әкемнің өмір жолына тоқталсам, ең ерекшесі – 46 жасында «Қазақ совет энциклопедиясының» Бас редакторлығына тағайындалғаны болды. Оған сол кездегі республика басшысы Қонаевтың өзі лайық көрген. Бірақ екі рет қиналып келгені көз алдымда. Біріншісі – «Шаңырақ» атты тұрмыс-салттық энциклопедияны дайындаған кезі еді. Айтуынша, 1921 жылы 6 млн қазақ болған екен республика бойынша. 1946 жылы 3 млн ғана қазақ бары анықталған. Осы деректі дайындап жатқанда, «үш әріп» деп аталатын мемлекеттік қауіпсіздік комитеті шақырып, «Бұған қазақтың демографиялық санын неге кіргізесің?» деп қысымға алған. Сонымен ол бөлімді алып тастаған. Екінші рет 1987 жылдың ақпан айында тағы шақырады. Ол кезде «Қазақ батырлары» деген энциклопедия дайындалып жатқан. Ақыры нәтижесі – сол, мүлдем шықпай қалды. Себебі, белгілі, Желтоқсан ызғары әлі тарай қоймаған кез… Әрі Мәскеу араласқан дегендей. Одан бөлек әкемнің 1963 жылы Шәкәрім туралы мақала жазғанын ешкім көп біле бермейді. Оны білген Қарасартов бірден іздеп келген. Араға ұстазы, атақты ғалым Бейсенбай Кенжебаев түсіп, оны алдап-сулап ресторанға апарып күтіп, кейін телефон шалып әкемді шақырғанының өзі – бір тарих. Әкем сол кезде Қарасартовтың сұрастыруынан қаймықпай, Шәкәрім Құдайбердіұлының анасы өздеріне жақын екендіктерін айтады. Сонда Қарасартов «Алашорданың құйыршықтары әлі бар екенсіңдер ғой» деп қалшылдап кеткенін естідім. Осы сияқты әкемнің өмір жолындағы тарихи дүрбелеңге толы жылдар көп болды. Өзінің алдындағы «мен ғалыммын» деп жүргендерге Ахмет Байтұрсынұлының әдеби зерттеулерін ұрлап, пайдаланып жүргендіктерін бетіне айтқан кезі болған. Атын атамай-ақ қояйын кейін сол адамдар әкемнің үстінен арыз жазды. Соның салдарынан докторлығын бекітпеді және партияға қабылдамады. Әкемнің бұдан өзге де көрген бейнеті, тап болған кедергілері аз болған жоқ. Уақыт өте келе, әлі талай ақиқат жайлар жарық көре жатар деген үміттемін, – дейді Ардақ Рымғалиұлы.

   Сөз басында айтып өткеніміздей, ел көлеміндегі рухани шара келесі күні Рымғали Нұрғалиұлының туған жері – Абыралы өңірі, Қайнар ауылында жалғасты. Кезінде аты дүбірлеген ауданның бұл күнде қаладан шалғайда жатқанына қарамастан, әлеуметтік жағдайын әлсіретпеуге барын салып жүрген перзенттері баршылық. Олардың бір шоғыры Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбай бастаған «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорына топтасып, жыл сайын ұлтына қызмет еткен тұлғаларын ұлықтап келеді. Соның бір дәлелі – көрнекті ғалым, айтулы ұстаз Рымғали Нұрғалиұлының 80 жылдығына, осы өңірдің тағы бір даңқты перзенті, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инстутында ұзақ жылдар қызмет атқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төлтай Балақаевтың құрметіне арнайы бюст орнатқаны болды. Ел ынтымағының ыдырамағанын көрсететін айтулы оқиғаға куә болу үшін Нұр-сұлтан мен Алматы қалаларынан әдейілеп Қайнар ауылына жол тартқан қонақтар осы шараның ұйытқысы – «Абыралы –Дегелең» қоғамдық қорына шынайы ризашылықтарын білдірді.     

   Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған ақын, Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып биыл осы өңірдің топырағында ізі қалған ақын Жанақ Сағындықұлының туғанына – 250 жыл, балалар әдебиетінің негізін салушы, көрнекті қаламгер Сапарғали Бегалиннің туғанына – 125 жыл, академик Төлеухан Садықұловтың туғанына – 80 жыл толып отырғандығын айта келіп, Рымғали Нұрғалиұлының шығармашылығына тоқтала келіп, жүрекжарды арнауын тебірене оқып берді.

  Бұдан кейін ғалым Т. Балақаевтың құрметіне қойылған бюстің лентасын қиып, шымылдығын ашқан тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов және тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсеновкөпшілік алдында толғаныстарымен бөлісті. Дәл осындай сәт Рымғали Нұрғалиұлының бюсті ашылар сәтте де жалғасын тапты. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласына  арнайы келген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев және ғалымның жерлесі Арқалық Ағыбайұлы осынау тарихи сәттің бастамашысы ретінде жиылған қауымның құрметіне бөленді.

 Қазақтың көрнекті ғалымның атын асқақтатқан айтулы шарада Р.Нұрғалиұлының әріптесі, ұзақ жылдар бірге қызмет еткен Рахымжан Тұрысбек, Ардақ Нұрғалиұлы, Гүлнар Төлтайқызы сияқты сыйлы қонақтар ризашылық лебіздерін білдіріп, даңқты перзенттерімен әйгілі Абыралы елінің аты қашан да асқақ естілетіндігін тілге тиек етті. Ал Рымғали нұрғалиұлының тағы бір талантты шәкірті, ақын Дәулеткерей Кәпұлы толғанысын жырмен өрді.

Тегтер: