Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:08, 09 Желтоқсан 2022

Абырой – қасықтап жиналады

None
None

Ғалымжан Жақияновқа

Ашық хат

Сол бір заманның сұрқылтай екенін өткен ғасырдың 90-жылдарымен 2000- жылдар аралығында бұрынғы Семей облысының халқы басынан өткерді. Кеңес дәуірінің соңғы жылдары Семей өңіріне жерлесіміз Кешірім Бозтаев (марқұм) облысқа бірінші басшы болып келгенде аймақ халқы дүр сілкініп, қуанып қалды. Кешекең өте кішіпейіл, көп дүниеге қызықпаған адам еді. Облыста бірінші басшы болып тұрғанда жерлестік, туыстық, жолдастық, таныстық жолдармен облыс, аудандар басшылығына ешкімді жолатпаған болатын. Осы кісінің ең басты сіңірген еңбегі – қырық жыл Семей аймағының тіршілігін үндемей жалмаған атом полигонының жабуға атсалысуы – нағыз ер азаматқа лайықты мінезі бар екендігін байқатты. Өзі билік құрған төрт-бес жыл ішінде халықты сауықтандыратын 18 медицина орталықтарын салдырды. Тағы да басқа әлеуметтік объектілер пайдалануға берілді.

Бұрынғы облыс басшылары А.Рамазанов, С.Құбашев сияқты тізеге басқан мінез көрсетпей, аймақтағы агросекторды қалыпта ұстап, мал басын арттырып, өнімді көбейтті. Семейдегі ауыр, жеңіл өнеркәсіп пен халық тұтынатын тауарлар өндіретін кәсіпорындар логистика салаларының тыныстары тарылған жоқ. Осы сәтте Семейде тәуелсіздіктің «буына әбден масаттанған» жастар да бой көрсетіп, оппозициялық ұйым құрып, облыстық билікке қарсы шыға бастады. Бұл ұйымның басшылығына Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесін бітіріп келген комсомол жігіт Ғалымжан Жақияновтың жетекшілік етуіне байланысты оның дауысы қаттырақ шыға бастады.

Ғалымжан бұл ісінде баспасөзді, теледидарды барынша пайдаланды. Өзіне көмекшілікке – Ковтуновский деген орыстілді маманды ертіп, облыстың бірінші басшысы К. Бозтаевқа қарсы шығып, қоқан-лоққыларын көбейтті. Кешекеңнің қолында құқық қорғау саласы әлі де тұғырынан таймаған, бірақ бұл кісі кішіпейілдігі мен кеңдігіне басып: «Талапты жасты көрсең, белін бу» деген нақылды басшылыққа алып, оны облыстағы биліктің қатарына тартты.

   Ғалекең бауырымыз атқа отырған соң, енді К.Бозтаевқа ашықтан-ашық қысым көрсетіп, республикалық деңгейдегі баспасөзге сол кездегі астанамыз Алматыдағы ел билігі органдарына «облыс басшысының көзқарасы ескірген, басқаруға коммунистік пиғылмен жұмыс істейді» деп, арызды біріннен кейін бірін жіберіп жатты.

Кешекең Жақияновтың аңдығаны өзінің орны екендігін білді де заңды демалысқа кетіп, орнын босатты. Бұл орайда – осы орынға «әртіс» ағамыз Мәркен Шайжүнісов те үмітті еді. Тартыс көп созылған жоқ.

«Тұңғыш президент Н. Назарбаев облыстың жаңа әкімін алып келе жатыр» деген дақпыртпен әуежайға бір топ журналистер жиналдық. Ішінде осы қызықты көру маған да бұйырыпты. Ұшақтан Н.Әбішұлы күлімдей түсіп, артындағы бірнеше нөкерлері мен қаламгерлерге жақындады. Арамыздағы күтушілер арасында облыс басшысының міндетін атқарушы Мәркен ағамыз да бар болатын. «Мәркен ағамыз облыс әкімі болады екен», – деген дақпыртпен, бұл кісіге көңілі жақын ағайындары мен достары тойды бір күн бұрын бастап та жіберген болатын.

      Облыстық үгіт-насихат бөлімінің меңгеруші, орынбасары Владимир Пигеваев (марқұм) журналиске тән мінезімен Нұрекеңе: «Президент мырза, бізге (Семей облысына) әкім етіп кімді қоятын болдыңыз?» – деп бәріміздің көкейіміздегі сұрақты қойды.

— Неге кімді деп сұрайсыздар, міне, өзі қырықтағы, дер шағындағы қылшылдаған жас жігіт – Ғалымжан Жақиянов, – деп еді, айналаға бір сәт тыныштық орнай қалып, артынан журналистер ду қол шапалақтады.

Президент қаламгерлерді өзінің тікұшағына шақырып отырғызып, «Қаражыра» кенішіне беталды. Президент жанында сол сәтте премьер-министр лауазымына тағайындалған жерлестеріміз Әкежан Қажыгелдин, президент әкімшілік баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммет, т.б. бірнеше семейлік азаматтар жүрді. Сол кездің өзінде Ғалымжан мен Әкежан бірлесіп, «Қаражыра» көмір өндіретін кенішті жекешелендіріп, бөлек өндіріс орны ретінде тіркетіп алған екен.

Сол күні түстен кейін облыстың үлкен мәслихат залында актив жиналысы өтіп, Ғ. Жақиянов облыс әкімі болып бекіді. Билікте атқа мінген соң, Ғалымжан айналасына жастарды, жақтастарын тартты. Көп уақыт өтпей жатып, Семей облысында мемлекет меншігін жекешелендіру науқанын бастап жіберді. «Бәрі ортақ, бәрі біздікі» деген жалпылама меншіктен кейін, «менікі, сіздікі» деген меншік түрлері енгізілуге даяр болыңыздар деп, Аягөз жақтан қызметке білегін түріп келген Мейрамхат Кәрібекұлы деген азаматты  Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру комитетіне басшы етіп тағайындады. Сол кезде Семейде «Шам инвест», «Семей инвест», «Алмаз инвест», т.б. көптеген фондылар құрылып, айналымдағы қаржылар осы қорға жинақталып, жеке адамдарға кәсіпорын көптеп сатыла бастады.

 Дүкен сөрелері жылан жалағандай, жоқшылық бой көрсетіп, адамдар тарығып, мыңдаған жұмысшылар қысқартуға ұшырады. Халықтың мойнына ауыртпалық түскен соң, қала жағалап, тіршілікті күйттеп кетті. Есін жинаған ел азаматтары темір-терсек теріп, мыс, алюмений, тағы басқа түрлі-түсті металдарды арқалап, Қытайға асырды. Жаңа әкімнің алғашқы тісі батқан мекеме – «Семей мұнай өнімдері акционерлік коғамы» оны демонополизациялау үшін оның 5 мұнай базасын жеке заңды тұлғаларға сатып жіберді. Осы кезде, Семейде – Ахметов сияқты мұнай құятын бекеттері бар «корольдер» пайда болды. «Аяқ киім», «Жүн өңдеу», «Ұн-құрама жем», «Ет комбинаттары» пышақ қырына сол кезде ілініп, ұсақ-ұсақ салаларға бөлініп тасталынды. Атағы бүкіл кеңес еліне мәлім Семей ет комбинаты Орталық Азиядағы ең ірі «Жүн өндіру» фабрикасы, т.б. ұстағанның қолында, тістегеннің езуінде кетіп, бір-екі жылдың ішінде қалыпты жұмыс істей алмай шығынға ұшырады, кәсіпорын жұмысшылары ақысыз демалысқа жіберілді. Онда істейтін жұмысшылардың көбі әйелдер еді, барлығы да тіршілік тауқыметімен базарларды жағалап, дорба арқалап, саудаға ден қойды.

«Бояушы, бояушы дегенге...» Ғалекең балтасын қаттырақ сілтеп, стратегиялық объектілердегі кәсіпорындарға көзі түсті. Соның бірегейі – облыстық телекоммуникация саласы болатын. Бұл саланы ұзақ жылдар бойы өте білімді маман Қадыр Тортаев деген азамат басқарып отырған. Бұл кісі облыс әкімінің ұжымды жекешелендіру туралы пікіріне келіспей, орнынан табжылмады. Ғ. Жақиянов мырза оны қудалап, ақыр аяғында орнынан алып тынды. Осындай күйге облыстық Тұтынушылар одағы облыстағы тұрмыстық қызмет көрсету салалары да ұшырап, жекешелендіріліп, бөлшектеліп кетті.

Өзі агросекторда бір күнде қызмет істемесе де, Ғ. Жақиянов мырза облыстағы 136 колхоз-совхоздар таратуды мықтап қолға алды. Сол уақытта жанар-жағармайдың қат болуы, шаруашылықтарды күйзеліске ұшыратып, бартер деген пәлеге киліктірді. Айналдырған екі-үш жыл ішінде облыстағы малдан ауылдарда тігерге тұяқ қалмады деуге болады.

Вагон-вагондармен, жүк машиналармен мал еті Ресейдің ет сақтау қоймаларына жөнелтіліп жатты. Әрине, осы орайда Н. Назарбаевтың агросектор елімізді асырамаса, АҚШ-тан, «Буш аяқтарын, құс етін көптеп алдырамыз» ұшқары пікірі әсер етті. Еліміздің бірінші басшысы солай деген соң, облыстағы Жақияновтар несіне аянсын. Бір кездері 140 мыңға дейін қойы бар «Арқалды» сияқты республикада ең ірі шаруашылығының астан-кестеңі шықты. «Еңбек Қызыл Ту» орденді «Жарбұлақ» кеңшары, аудан аудандардағы – Қарабұлақ, Бірлік, Белтерек, Аягөздегі – Ақшатау, Тарбағатай, Ақшәулі, Қарақол, Мыңбұлақ, т.б. толып жатқан мықты шаруашылықтар ұсақталып, фермерлік бірлестіктер құрылып, кейбір ашкөз адамдардың алақанында кетті. Дала даңғырап, ауыл абдырап, малшылар көбі таяқтарын ұстап қалды. Халық күнкөріс қамы үшін Аягөз, Семей, Өскемен, Алматы, Талдықорған қалаларына қоныс аударды. Жер тозды, мал азды, тіршілік үшін біреулер байланыс кабельдеріне дейін қаза бастады. Ресей тастап кеткен ракета қондырғыларынан бағалы металл жинаймыз деген ниетпен тепсе темір үзетін талай жігіттер токқа да ұрынып, радиация сәулесіне ұшырап, қаза тауып та жатты.

Облыс көлеміндегі жаңа жобамен салынған Мәдениет сарайлары, балабақшалары жекеменшікке өтіп, халықтың тынысы тарыла түсті. Семейде цемент бағаналарынан басқа дүние таусылған соң, Орталық алаңда тұрған  Лениннің қоладан құйылған жиырма он тоннадан асатын ескерткішінің он тоннадан аса тұғыры алынып, дайын мыс ретінде Қытайға шекара асып кетті. Бұған құқық қорғау органы көз жұма қарады.

Восход деген ауылда «Таймас», «Семей су» деген сусын, арақ шығаратын зауыт салынды. Оны Рафик Сотқынбаев деген азамат өзі миллиардтаған қаражатына сатып әкелді. Зауыт республикада сусын шығарудан көш бастады. Жылына облыс бюджетіне – бір жарым миллиардтай теңге салық құйып, Семейдің әлеуметтік саласының түйткілді саласын шешуге үлкен үлес қосты.

Осы заманғы кәсіпорынды республикаға таныстыру үшін облыс басшылары зауыттың ашылу лентасын Н.Назарбаевқа қидырды. Бұрынғы ел басшысы нөкерлерін ертіп, «Таймас» кәсіпорнын жарты күн аралап өтті. Оның жанында құрылысы аяқталып қалған шыны зауыты да назардан тыс қалған жоқ.

Артынан Дариға мен Рахат екінші рет келіп, Рафиктен зауытты сатып алу туралы келіссөз жүргізді. Бірақ Рафик Сотқынбаев зауытты оларға арзанға сатқысы келмейді. Кәсіпкерді қорқытты, оңашада соқығада жықты, ақыр аяғында Алматыда екі ортада соттасып жүгіріп жүргенде Рафик кісі қолынан қаза тапты. «Таймас» зауыты Назарбаевтар иелігіне көшті. «Осы зауытты сатып ал» деп Дариғаға кеңес берген Ғалымжан деп ел айтады.

   Жарайды, Семейді батпаққа батырып, Керекеуге барып ақбозатқа отырдыңыз.

Бара сала – ендігі Қазақстанның президенті мен боламын деп елдегі орыстілді бірнеше басылымдарға сұхбат беріп, ойланбай от бастыңыз. Оны әлеуметтік желіде «Азаттық» тілшісіне берген жауабыңызда мойындап айттыңызда. «Нұрсұлтан Назарбаев Қарлығаш екеумізді шайға шақырып, үнемі айтысатын, тік мінезіңді қойсаңшы, қоймасаң арты жаман болады деп ескертіп еді» дедің. Қоймадың, алдымен ДВК деген ұйымға кіріп Рахат Әлиевке үкімет басшысы Қ. Тоқаевқа тиісуіңді жалғастырдың, арты не болды. Енді, міне, ауыртпашылықтың бәрі артта қалып отыр. Соған Аллаға шүкіршілік етпей, елге тыныштық тілеудің орнына қоғамға іріткі салатын көзқарастарыңды тықпалағаныңның себебі не?

 Жаңадан сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүкіл ел болып дауыс берді. Оны бәрімізде бір кісідей мойындауымыз керек. Ел таңдауына мойынсынбай сен әлеуметтік желіде қысыр әңгімелерді қайта-қайта айта беруден не ұтасың? Одан да қызмет ұсынбады деген ренжішіңді ұмытып, кәсіпкерлігіңді дөңгелетіп, елге пайдаңды тигізіп, шелектеп төгілген абыройыңды қасықтап жинауға толық мүмкіндігің бар ғой бауырым!

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Семей

Тегтер: