"Абзал пышақ сүртіп тұрды": Кәмелетке толмаған күдікті тың ақпаратпен бөлісті

Бүгінгі сот отырысында кәмелет жасына толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды.
Оқиға болған күні Думан Ысқақ айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көлігін айдап жүрген. Соттағы көрсетілімінде Думан Ысқақ іс бойынша тағы бір айыпталушы Абзал Шынасылдың пышақты сүртіп отырғанын көргенін айтты. Ол қанды оқиға болғаннан кейінгі жағдайды былай деп сипаттады:
- Нұрбол ағаға қайта берейінші деп едім, ол қазір-қазір ауылға шығамыз деді. Жақсы деп отырдым. Сол кезде Абзал Шынасылдың пышақты сүртіп тұрғанын көрдім. Мылтықтың машинада сүйеулі тұрғанын көрдім.
Думан Ысқаққа іс бойынша «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылған.
Еске салайық, Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 9 күдіктінің бірі — кәмелетке толмаған жасөспірімге, Думан Ысқаққа кешірім беретінін мәлімдеді. «Ал жас балаға қатысты мен басында да айтқам, қазір де айтамын, кәмелетке толмаған баланың өміріне балта шапқым келмейді», - деген еді Нұрымов.