Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:14, 02 Қазан 2025

Абзал Жұмабеков, нейрохирург: Шетелге барып емделетіндердің көбі маркетингтің құрбаны болып жатыр

Абзал Жұмабеков
Фото: Абзал Жұмабеков

Медицина саласын дамыту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, инновациялық әдістерді пайдалану, технологиялық тұрғыда біліктілікті арттыру мәселесі қай кезде де өзекті. Осы орайда «Жас Алаш» шетелде тәжірибесін жетілдірген, білікті маман, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің нейрохирургі Абзал Жұмабековпен сұхбаттасты.

– Абзал Қайратұлы, қазір «қазақстандық нейрохирургияның инновациялық өрісі кеңейіп келеді» дегенді жиі естиміз. Сіз, осы салада жүрген кәсіби мамансыз. Шетелдерде тәжірибеден өттіңіз, білім алдыңыз. Сұрайын дегенім, отандық нейрохирургия саласының қазіргі жағдайы қалай? 

– Өз басым, соңғы 10–15 жылда отандық нейрохирургия саласы дамып жатыр деп есептеймін. Қазір біз эндоваскулярлық оталарды белсенді түрде жасай бастадық. Бұрын, 2010 жылға дейін ми тамырларының патологиясын емдеп, ота жасау үшін тұтас бас-сүйекті ашып ота жасалатын. Қазіргі таңда адамның шабының аймағында феморальдық артерия, яғни «сан артериясы» деген бар. Сол тамыр арқылы бас-сүйекті ашпай-ақ миға кіріп, мидың тамырларының ауытқуын емдеуге болады. Бұдан бөлек, эндоскопиялық операцияларды да жасап жүрміз. Бұрын ми ісіктерін, мидағы кистаны, гематоманы алып тастау кезінде баста үлкен трепанация (тесік) жасап ота жасау керек болатын. Қазір мұндай оталарды осы эндоскопиялық тәсіл арқылы жасаймыз. Білетін шығарсыз, эндоскопия деген басында камерасы бар ұзын түтікше. Қазір сол кішкентай түтікшені салу арқылы миға ота жасалады. Мидың ортасындағы менингиома, гипофиз аденомасы сияқты ісіктерді үлкен көлемде болса да адамның мұрны арқылы эндоскоппен кіріп алып тастай аламыз. Міне, осы технологиялық, инновациялық әдістерді кеңінен қолданып жатырмыз. Сондықтан та отандық нейрохирургия саласы бәсекеге қабілетті деп ойлаймын.

– Мұндай инновациялық аппараттармен жұмыс істейтін білікті мамандар жеткілікті ме?!

– Негізінде, әлемдік статистикаға жүгінсек, дамыған мемлекеттерде 100 мың адамға бір нейрохирургтен келеді екен. Ал Қазақстанда 50 мың адамға бір нейрохирургтен тура келеді. Мамандардың саны жағынан да, біліктілігі жағынан да Қазақстанның біраз елдерден жағдайы жақсырақ. Мысалы, мен әртүрлі әлемдік конференцияларға, шетелдерге тәжірибеден өтуге барамын. Сол кезде аңғарғаным, халқының саны 50 млн-нан асатын Кения елінде 50-ақ нейрохирург бар екен. Бұл дегеніңіз – 1 млн адамға 1 нейрохирург деген сөз. Осындай көрсеткіштерге қарасақ, бізде нейрохирургтардың санының анағұрлым көбірек екенін көруге болады.

Алайда бізде халық саны да аз ғой...

– Иә, бізде халық саны аз. Дегенмен өзге елдермен салыстырғанда бұл салада Қазақстанда ілгерілеу, алға жылжу бар. Осы саланың қазанында қайнап, ішінде жүргеннен кейін мұны жақсы білемін. Мәселен, қазіргі біз қолданып жатқан эндоскопиялық операциялар Алматы мен Астанада ғана жасалып жүр. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын эндоваскулярлық ота да тек Астана мен Алматыда ғана жасалатын. Қазір сол эндоваскулярлық оталар барлық өңірлерде жүзеге асатын белсенді жасалатын деңгейге жетті. «Инсульт жол картасы» бағдарламасы аясында барлық өңірлерге жоғары технологиялық оталарды жасауға қажетті заманауи аппаратура мен квоталар бөлінді. Қазіргі таңда эндоваскулярлық отаны жасауға еліміздің нейрохирургтерінің біліктілігі де, тәжірибесі де жетеді.

Нейрохирургия саласы өте нәзік сала. Адамның миын емдеу үшін үнемі үлкен ізденістер керек. Жалпы, білімдеріңізді жетілдіруде шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу жағы қалай?

– Ізденемін деген маманға қазір қиыншылық жоқ. Әсіресе шетелдік әріптестермен байланыс орнату бүгінде өте оңай. Қазір ақпараттық технологияның жетілген заманы. Өз басыма қатысты айтар болсам, мен жылына бірнеше әлемдік конференцияларға барып отырамын. Сол конференциялар барысында шетелдік әріптестермен танысып, пікір алмасуға мүмкіндік туады. Конференциялардың арасында кофе-брейк деген болады. Сол үзілістерде сұхбаттасып, жүздесіп, тәжірибелерімізбен бөлісеміз. Әртүрлі операциялар жайын талқылаймыз. Бейресми кездесулер өтеді. Сол кезде бір-бірімізбен қарым-қатынас орнатып, көкжиегімізді кеңейтеміз. Тағы бір айтатын жағдай, біз нейрохирургтердің әлемдік уатсаптық тобында бармыз. Сол топтың ішінде отырып та қаншама жағдайды талқылаймыз. Біздің күрделі оталарымыз болған кезде сол топқа бөлісіп, шетелдік әріптестерімізбен кеңесе аламыз. Ондағы әріптестеріміз ақыл-кеңес сұрап жатса біз де өз ойымызды айтып, тәжірибемізбен бөлісеміз. Қарым-қатынас орнатудың тағы бір тиімді жолы – шетелде тәжірибе жетілдіру. Мысалы, мен 2024 жылы Жапониядағы Фуджита университетінің ауруханасында екі айлық тағылымдамадан өттім. Сол уақытта профессор Йоко Като мен профессор Накахараның жетекшілігінде оталарға қатысып, құнды тәжірибе жинақтаумен қатар, олармен жақын таныстық орнаттым. Сонымен бірге аталған профессорлармен бірлесіп ғылыми мақалалар жазып, академиялық тәжірибемді де дамыттым. Жалпы, түрлі ғылыми конференциялардан қалмауға тырысамыз. Барынша өз саламызға қатысты жаңалықтардан хабардар болып отырамыз.

Қазір нейрохирургия саласы сан салаға бөлініп кетті. Жұлын, қан тамырлары, ми ісігі, балалар нейрохирургиясы, сіз нейрохирургия бойынша қай саланы таңдадыңыз?

– Мен ми мен жұлын ісіктерін және де мидың қан тамырларының патологияларын тамырішілік, яғни эндоваскулярлық тәсілмен емдеу бағытын таңдадым.

Мұны сұрап отырғаным, сіз ми ісіктерін емдеу тәжірибесін алғаш рет Мәскеуден үйреніпсіз. Неліктен Мәскеуді таңдадыңыз?!

– Иә, ми ісіктерін емдеу тәжірибесін ең алғаш Мәскеуде үйрендім. Ресейде бұрынғы КСРО кезінен танымал Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия орталығы бар. Сол орталықта резидентурадан өттім. Ұстазым профессор П.Л.Калининнің жетекшілігімен ми ісіктерінің оталарын үйрендім. Соның ішінде қазіргі жасап жатқанымыз – эндоскоппен мұрын арқылы миға кіріп, мидың ортасындағы ісіктерді алып тастау. Сондай-ақ академик Александр Коноваловқа, профессор Давид Пицхелаури, Алексей Шкарубо және басқа профессорлардың оталарында ассистент болып, күрделі оталарды қалай жасау керектігін үйрендім. Ал Қазақстанда ота жасау жағынан ұстаздарым Мыңжылқы Бердіқожаев, Марат Саршаев, Мақсат Мұсабеков, Дәулет Сүйеумбетовтердің еңбегі зор. Қазір осы кісілермен бірге қызмет жасап, ақыл-кеңестерін тыңдап, ота жасау жағынан тәжірибемді тереңдетіп жүрмін.

Сіз айтып отырған Ресейдегі Бурденко орталығын мен де білемін. Қазір біздің невролог дәрігерлердің біразы миға ота жасату үшін науқастарды көбіне осы орталыққа бағыттайды. Бұл біздегі отандық дәрігерлерге деген сенімсіздіктің белгісі ме?! Неліктен невропатолог әріптестеріңіз науқастарды көрші елге бағыттайды?!

– Негізінде мен сол Бурденкодан резидентурадан өткен кезімде ол орталыққа Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Латвиядан, Эстониядан науқастар көп келетін. Қазақстандық дәрігерлердің неліктен науқастарды ол жаққа бағыттайтынының нақты себебін білмедім. Бірақ өз көзіммен көрген дүнием, Қазақстаннан аса бір ағылып барып жатқандар кездеспейді. Үш-төрт науқасты ғана кездестіргенім бар.

Сол үш-төрт науқас қандай диагнозбен барған?!

– Ол арада бір адам гипофиз аденомасы деген диагнозбен келді. Бұл ми түбінде орналасқан кішкентай қатерсіз ісік. Көбіне баяу өседі. Қатерсіз болғанымен, гормондар түзілуін бұзып, бүкіл ағзаға әсер етеді. Гипофиз аденомасы ми тіндері мен нервтерді қысып, адамның көру қабілетінің бұзылысына әкелуі мүмкін. Бұл ота Қазақстанда да жасалады. Нейрохирургтеріміз белсенді жасайтын оталардың бірі. Алайда науқас Қазақстанда жасатқысы келмей, ғаламтор арқылы ресейлік профессорларды тауып, сол орталыққа келген. Отаның құны сол кездерде 6–7 мың доллар болды. Ол жердегі екінші бір науқас эпилепсиямен келген бір бала болды. Үшінші науқастың миында глиобластомасы болды. Глиобластома ми ісігінің ең қатерлі түрі. Бұл орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісігі, ми жасушаларынан (глиальды тіннен) дамиды. Өте агрессивті, тез өсіп, ми тіндеріне тарайды. Негізінде бұл оталардың барлығы Қазақстанда жасалады. Алайда қазір әркім өз таңдауын жасап, шетел медицинасына да жүгіне алады.

Сондай-ақ қазір Ташкентке барып емделу үрдісін де жиі естиміз. Ми тамырларында бұзылысы бар науқастар, орталық жүйке жүйесі бұзылғандар, ДЦП, ақыл-ойы кем науқастар өзбек медицинасын жағалап кетті. Тіпті бір екпесін салдырып, «жақсы болып кеттік» дегенді естіп жатырмыз. Бұл шындыққа жанаса ма?!

– Өз басым, осы үрдісті қолдамаймын. Мұның негізгі себебін де білемін. Ташкентте жеке медициналық клиникалар өте көп. Олар жарнамасын жақсылап тұрып жасайды. Инстаграмм және басқа әлеуметтік желілер арқылы таргет жіберіп, маркетингтік тәсілді жақсы меңгерген. Қазақстаннан шетелге барып емделетіндердің көбісі маркетингтік тәсілдің құрбаны болып жатыр. Мысалы, мен өткенде бір науқасқа ота жасадым. Ол кісі бізден бұрын алдымен Ташкентке барған. Ол кісіге ташкенттік дәрігерлер «сізге келесі аптада ота жасалады, оған дейін клиникада ем-дом аласыз» деген екен. Ең қызығы, науқас отаны кім жасайтынын сұраса: «Сізге отаны Қазақстаннан келетін білікті дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев» жасайды депті. Осы арада айта кетейін, біздің қазақстандық мамандар да Ташкентке арнайы шақыртумен барып, ота жасап тұрады. Әлгі науқас осыны естігеннен кейін біздің ұлттық госпитальға келді. Ол кісіде «моя-моя» деген ауру бар екенін анықтадық. Бұл сирек кездесетін созылмалы ми қан тамырларының ауруы. Пациентте мидың тамырлары жабылып қалғандықтан транзиторлық ишемиялық инсульт жиі болған екен. Соны тексеріп, зерттеп, инсульт қайта-қайта бола бермейтіндей етіп бас терісінің астында орналасқан 1 миллиметрлік тамырды ортаңғы ми тамырына тігу отасын жасап бердік, ота сәтті аяқталып, науқасымызды отадан кейін 8-ші күні үйіне шығардық.

Осы орайда айтатыным, қазақстандықтар шетелге шапқылай бермеуі үшін елдегі жекеменшік медицинаның ахуалын жақсарту керек. Олардың қызмет көрсету сапасы артуы қажет. Шетелде болсын, ТМД елдерінде болсын, әр жеке клиника науқастарды тарту үшін жанын салады. Ал біздің жеке клиникаларда мұндай белсенділік жоқ. Сондықтан Қазақстандағы жеке клиникаларға маркетингтік тәсілді сауатты меңгеру қажет. Шетелде маркетингке өте үлкен қаражаттар салынады. Мысалы, Кореяда әр қаланың басшылары біздің тілмен айтқанда, әр аймақтың әкімдері жеке клиникалық медицинасын басқа елдерге жарнамалау үшін қыруар қаржы бөледі. Сол арқылы олар медициналық туризмді жетілдіріп отыр. Олар бір науқас шетелден келсе экономикамызға қыруар қаржы құйылады деп есептейді. Ауруханаға, отельге, тағы басқа жүріп-тұруына төлейтін қаражаты бар, расымен де, ол экономикаға үлкен пайда. Мемлекеттің дамуына үлес қосады. Демек, бізге де осыны ескеріп, медициналық туризмді жетілдіруді қолға алған жөн.

Бізде, керісінше, жеке клиникалар науқастың ақшасын «сауып», халықтың қалтасын «қағумен» деген пікірлер бар.

– Иә, мұндай пікірлер бар. Қазіргі таңда ең қымбат құндылық – уақыт. Сол себепті, қымбат болғанына қарамастан, науқастар жеке клиникаларға жүгініп, барлық талдаулар мен консультацияларды ақылы түрде алуды жөн көреді. Біздегі жекелеген клиникалардағы қызмет құнының қымбаттығы, талдамаларды тапсыру бағасының удай екені жиі айтылып жүр. Салыстырсақ, мұның шындық екеніне көз жеткіземіз. Біріншіден, бізде жеке клиникалар аз. Олар көбіне амбулаторлық және консультативтік қызметтер ғана көрсетеді. Екіншіден, біздегі жекеменшік клиникалардағы медициналық қызмет құны расымен де қымбат. Мысалы, біздің ұлттық госпитальға іс-тәжірибеден өтуге Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Үндістаннан, Африкадан әріптестеріміз келеді. Солармен әңгімелесе келе, Қазақстанда өмір сүру деңгейі жоғары болғандықтан консультация алу құны көрші елдермен салыстырғанда қымбатырақ екеніне көз жеткіздік. Міне, қызмет құнының арзандығына қызығып та науқастар ТМД елдерін жағалайды.

Мысалы, менің жұмыс тәжірибемде бас миында 9 сантиметрге жуық үлкен ісігі бар пациент болды. Ол ісік мидың сол жағында болған. Мидың сол жақ бөлігі сөйлеуге, сөзді түсінуге жауап беретін қызмет атқарады. Ол кісі сөйлеу қабілетінен айырылып және де оң жақ қол аяғының әлсіреуімен келді. Ота жасап жаңағы миындағы үлкен көлемдегі ісікті алып тастадық. Науқас келесі күні ақырындап сөйлей бастады. Қол-аяғындағы әлсіздігі жоғалып, қайтадан қалыпты өмірге келе бастады. Тағы бір есте қалатын жағдай, гипофиз аденомасы бар науқас болды. Ісіктің көлемі үлкен болғандықтан науқастың көру нервтары қысылып, көзінің көру қабілеті төмендеген. Эндоскоппен мұрын арқылы миға кіріп ота жасап, ісікті толығымен алып тастадық. Келесі күні науқастың екі көзі де көрді. Тізе берсек, мұндай жағдайлар өте көп. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп жақсы айтқан. Әр адам өз денсаулығына қатты ыждағатпен мән беріп, салауатты өмір салтын ұстану керек. Дұрыс тамақтану қажет. Ең негізгісі – темекі шекпеу керек. Сосын мал етінің майын көп тұтынбаған жөн. Себебі малдың етіндегі май қандағы майдың деңгейін көтеріп жібереді де, бұл – ми қан тамырларының қабырғаларының атеросклерозына әкеліп, тамыр саңылауын тарылтып, қан айналымын бұзады. Осыны есте сақтаған абзал. Тым құрығанда осындай жайттарға назар аударуға дағдылану керек. Сол кезде қыруар қаражат шығарып, шетел асып дертке дауа іздеп, сабылмас едік. Процесс сәл-сәл жеңілдер еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт жылда 5 000 дәрігер шетелге кетіпті. Олардың елден кету себептері дәрігерлерге құлшыныс беретін белсенді механизмдердің болмауы, кәсіби өсуге мүмкіндіктің жоқтығы, саладағы қағазбастылық, әлеуметтік жағдайдың жасалмауы. Сіз бұған қатысты не айтасыз?!

– Менің ойымша, елден кетудің басты себептердің бірі – материалдық жағдай. Егер жас маман жұмысының алғашқы жылдарында емханаларда жұмыс істесе қазақстандық дәрігерлердің стандартқа сай алатын жалақысы 400 долларға ғана жуық. Бұл теңгемен 250 мың теңге. Мұндай қаражат Алматы, Астана тәрізді ірі мегаполистерде өмір сүруге жетпейді. Тіпті басқа өңірлер үшін де аз. Осы себептен де дәрігерлер шетелге кетіп жатыр деп ойлаймын. Жалпы, қазір дәрігерлер үшін Канада, АҚШ, Еуропа елдеріне кету оңай. Ең бастысы, тіл білсе болды. Бұдан кейін бізде қазір дәрігер бірінші науқасты қарауға емес, компьютерге жүгіреді деген пікір бар. Мысалы, мен қазір төрт сағат ота жасап шықсам, отадан кейін демалудың орнына бір жарым сағат бойына науқастың анамнезін жазамын. Жазу керек қағаздар өте көп. Бұл – үлкен ауыртпалық. Басқа науқасты қарайтын уақытты немесе ғылыми жұмыспен айналысатын сәтті қағаз толтыруға кетіріп жатырмыз. Бізге науқастың тарихын қағаз жүзінде бір жазу керек, сосын оны электронды жүйеге жүктеу қажет. Сосын келесі бір электронды жүйеге жүктеуіміз тиіс. Осылай бір жұмыс емес, үш жұмысты істейміз. Тағы айта кететін жағдай, поликлиникада бір науқасты қарауға 15 минут беріледі. Алайда 15 минуттың ішінде науқасты да қарап, оның тарихын компьютерге енгізіп үлгеру мүмкін емес. Мысалы, мен өзім консультация жасаған кезде кейбір науқастарды бір сағат қарау керек болады. Себебі барлық МРТ, КТ-ны оқуым керек, басқа да құжаттарын қарап, науқастың шағымын тыңдауым қажет. Ал емханадағы дәрігер 15 минуттың ішінде бәріне үлгеруі тиіс. Меніңше, мұны жеңілдетуге болады. Мысалы, АҚШ-тағы әріптестеріммен сөйлесу барысында оларда мұндай жұмыстарды қосымша көмекшілері, яғни ассистенттері істейтінін білдік. Германияда әр науқастың қасында арнайы диктофон аппараты тұрады. Дәрігер келіп науқасты қарайды да, қандай ем-дом жасау керектігін дауыстап, сол диктофонға айта салады. Ол диктофондағы жазба автоматты түрде дәрігердің көмекшілеріне түседі. Ота жасап шыққаннан кейін біз сияқты сағаттап барлығын жазып отырмайды. Тек қана диктофонға екі минуттық аудиожазба қалдырады. Әрі қарай оны қағазға түсіретін көмекшілері. Міне, осындай жеңілдіктер болса, қанеки.

Болашақта біздің медицинаға осындай жаңалықтар келуі мүмкін бе?!

– Әрине, болашаққа үміт көп. Жасанды интеллект министрлігі құрылды. Бәлкім, сол министрлік салаға оң өзгерістер әкелер. Жалпы, ұлттың денсаулығын мықтау үшін алдымен ұлттық экономиканы мықтау керек. Сондықтан жаңадан құрылатын әрбір ведомство экономиканы дамытуға жұмыс істегені абзал. Экономика мықты болса, медицина саласына да қыруар қаражат құйылады. Осыны ескерген жөн.

Сұхбаттасқан Қарлығаш Зарыққанқызы