Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 26 Наурыз 2025

«Адал азамат» жобасы «отчетқа» айналып кеткен жоқ па?

1

Қазірде «Адал азамат» бағдарламасы еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жүзеге аса бастады.

 Үкімет бұл бағдарлама аясында 6 ірі жоба іске асып, 4 миллионға жуық оқушы қамтылып, құнды тәрбие беруге бағытталған 77 қадамдық іс-шаралар кешені жүзеге асып жатыр деп есеп береді.

Жалпы осы бағдарламаның қоғамға берер пайдасы, мақсаты, міндеті жөнінде ардагер ұстаз, білім беру саласының үздігі Қорлан Шаяхметовамен пікірлестік.

– Қорлан ханым, қазір «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат» бағдарламалары жөнінде айтыла бастады. Сіз, Кеңестік кезеңнен білім беру саласында жүрсіз. Мұндай бастамалардың бүгінгі ұрпаққа берері не?! «Адал азамат» қалыптастыру үшін тұтас бір бағдарлама қабылдау қажеттілік пе?!

– Мұны қазіргі қоғамның қажеттілігі дер едім. Себебі қазір ата-аналардың барлығы жұмысбасты. Бала тәрбиесіне көңіл бөлінбей жатыр. Баланы смартфон тәрбиелеп жатқан заманда мектепте, балабақшаларда, басқа да білім беру ұйымдарында мұндай бағдарламалар бойынша жұмыс істелуі керек. Ұрпақ болашағының ұйытқысы тәрбие. Сондықтан арнайы бағдарлама қабылдап, ол бағдарлама аясында міндеттер жүктеліп, мақсаттар айқындалып жатса, оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Бағдарламаның мазмұнының өзі адамды адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу болғандықтан, ол белгілі бір құндылықтарға негізделеді. Сондықтан бұл бағдарламаның бала тәрбиесінде атқаратын рөлі ерекше болады деп есептеймін.

– Жалпы, азаматтың адал болуы тектен бе, тәрбиеден бе?!

– Екеуінен де. Сондықтан бұл арада тектілікпен қоса тәрбие де қатар жүруі керек. Қазақ «тектен нәр алған адам тозбайды» дейді. Біздің заманымызда көшеде мұғалім келе жатса алдын кесуге қорқатынбыз. Ата-аналарымыз үйде мұғалімді сыйлау, ұстазды құрметтеу дегенді құлағымызға құйып отыратын. Сосын түрлі-түрлі топтарға бөлініп алып, ауылдағы үлкендерге көмектесу, солардың үйіне тазалық жасау, ауласын тазалау, отын-суын жарып беру тәрізді жұмыстарды атқаратынбыз. Ауылдағы жалғызілікті қарт-қариялардың шаруасын арнайы мектеп тапсырмасымен бітіріп беретінбіз. Соның барлығы біздің қоғамға сіңісті болуымызға, үлкенді құрметтеуге, кішіні сыйлауға үйретті. Ал қазір әр баланың қолында бір-бір құрылғы. Ақпараттық дамыған заман. Ол ақпараттардың кейбірін жап-жас балалардың миы қорытпай, түрлі жүйке ауруларына ұшырап та жатыр. Сондықтан осы «Адал азамат» жобасын бірінші мектептерден бастау керек. Бізде мемлекеттік қызметшілер «Адал азамат» болуы керек деген ғана түсінік қалыптасып келеді. Ол дұрысы емес. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бүкіл қоғам осы бағдарламаның орындалуына, осы бағдарлама арқылы біртұтас тәрбиенің берілуіне ықпал еткеніміз жөн. Осы бағдарлама аясында білім беру саласындағы жас мамандардың біліктілігін арттырған абзал. Сынып жетекшілерінің білімін жетілдіру керек, оларда әр баланың тілін таба білетін қабілет болуы керек. Бұрын бізде «Әжелер мектебі» болды. «Отбасы институты» болды. Қазір олардың бірі де жоқ. Сондықтан осы бағдарлама аясында ұрпаққа үлгі болар, ақылын айтар әжелер клубы қалыптасса дер едім. Олар жас өскіндерге арнайы семинарлар өткізсе, қариялардан құралған топ өз тәжірибелерімен бөліссе қандай жақсы... Мұндай шараларды шетелдерде атқарады. Батыс Еуропада Люксембургте әлі күнге дейін жұмыстан әлдеқашан зейнетке шыққан медициналық қызметкерлерді, мұғалімдерді оқу орындарына шақырып, олар еңбек жолындағы, өмірдегі кездескен тәжірибелерімен бөліседі екен. Бұл тәсіл жас мамандардың тура жолдан адаспауына, әділ әрі адал адам болып қалыптасуына ықпал ететінін олар әбден зерттеген. Міне, осы тәсілдер бізге де керек.

– Қазір бағдарлама аясында «Қамқор», «Шабыт», «Смарт бала», «Еңбегі адал – жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға көңіліңіз тола ма, естуіңіз бар ма?!

– Естуім бар, әрине. Бірақ осы жобаларды әлі де жетілдіру керек деген ойдамын. «Қамқор» жобасы бойынша мектеп оқушылары көшет отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізеді екен. Сонда «Таза Қазақстан» жобасы қайда қалды деген сұрақ туындайды. Бұл арада «Қамқор» жобасы аясында жаңағы біздің кезеңдегідей қарт-қарияларға көмектесу, қайырымдылық жасауға бағыттау жұмыстары жүргізілгені дұрыс. Мысалы, бір мектептің балалары бір күндік асханаға жұмсайтын ақшасын бір күндік қайырымдылыққа жұмсаса деген идеялар айтылса. Одан кейін «Балалар кітапханасы» жобасы бойынша жаппай есеп беру ғана жүріп жатқандай көрінеді. Сынып жетекшілері балаларға бір-бір кітап оқып отырғандай етіп суретке түсіреді де, ары қарай «отчетқа» қосылып кететіндей болады. Осы жағын мектеп басшылығы қадағаласа. Балалардың шынымен кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ден қойсақ жөн болар еді.

Жалпы, «Адал азамат» тек қана есеп берумен шектелмеуі керек. Бағдарлама бойынша нақты-нақты жұмыстар істелгені жөн. Өткенде бір ақпарат құралдарынан қазақстандық ата-аналардың 89 пайызы «Адал азамат» бағдарламасына сенеді дегенді оқыдым. Мұндай есептерге бір жағы таңғалдым. «Адал азамат» өз миссиясын орындау үшін ата-ана мен мектеп тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Олар біте қайнасып жұмыс істегенде ұрпақтың тәлім-тәрбиесі оңды болады. Осыны ұмытпаған жөн.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: