Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:25

Адал еңбек – мол өнім кепілі

1

Республика күні қарсаңында Жетісу облысында ауыл еңбеккерлерінің еңбегін ұлықтап, отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған кең ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

 Өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласынан келген тауар өндірушілер өздерінің сапалы әрі қолжетімді өнімдерін облыс орталығы – Талдықорған тұрғындарына ұсынды.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылуына Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысып, еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да сеп болмақ.

Талдықорғандағы жәрмеңкеде жалпы салмағы 137 тоннадан асатын 54 түрлі ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылды. Бұл 137 тонна өнім жер емген шаруалардың еңбек жемісі екені анық. Сауда қатарларында көкөніс, ет, балық, сүт, бал, жеміс-жидек, қант және өзге де тағам өнімдері мол болды.

Атап айтқанда, 19,1 тонна көкөніс, 12,1 тонна ет, 3,5 тонна балық, 1,4 тонна сүт өнімдері, 20,4 тонна картоп, 7,7 тонна жеміс-жидек, 4 тонна қант, 0,8 тонна бал және шамамен 72 тонна басқа да өнім сатылымға шықты. Тұтынушылар өнім сапасына да, бағасына да риза болды.

Ақсу ауданынан келген фермер Серікбол Қайратбек жәрмеңкеге жеті қойдың етін әкелгенін айтты.

«Мал шаруашылығымен он жылдан бері айналысып келеміз. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға сапалы әрі экологиялық таза өнім ұсыну. Талдықорғандықтардың ризашылығын көру – ең үлкен марапат», – дейді ол.

Ал «Когер ЛТД» компаниясының сатушысы Айгүл Сатыбалдина тауық еті мен жұмыртқа өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін жеткізді.

«Біз 100 келі тауық еті мен 50 келі балапан етін, сонымен қатар түрлі сорттағы жұмыртқаларды алып келдік. Бағаларымыз халыққа қолжетімді – бір жұмыртқаның құны 25-55 теңге аралығында. Мұндай шаралар ауыл кәсіпкерлеріне үлкен қолдау», – деді ол.

Мамандар жәрмеңке ел мен еңбектің тоғысы екенін айтады. Ал жәрмеңкеге келген тұрғындар жылы пікір білдіріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

«Өнімдердің сапасы жақсы, бағасы да қолжетімді. Ет, балық, көкөніс сатып алдық. Осындай жәрмеңкелер жиі өткізілсе екен», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны.

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін 128,8 млн теңгеден астам сомаға сату жоспарланған. Бұл көрсеткіш жергілікті өндірушілердің әлеуетін айқындап, облыс экономикасының дамып келе жатқанын дәлелдейтіні анық.

Жетісу облысы дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы саласында жетекші аймақтардың бірі саналады. Өңір фермерлері жыл сайын мол өнім алып, облыс тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Республика күні қарсаңында өткен бұл жәрмеңке де ауыл еңбегінің мерекесі, ел игілігіне қызмет етудің айқын көрінісі. Жетісудың еңбеккерлері – ел байлығының тірегі. Олардың маңдай терімен өсіп, халық дастарқанына жеткен әр өнім адал еңбектің жемісі.

Еламан Өмірхан

Жетісу облысы