Адам Қадыров жол апатына ұшырап, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров жол-көлік оқиғасына түсіп, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы бірқатар дереккөздер мен шешен оппозициялық NIYSO қозғалысы хабарлады.
Дереккөздердің айтуынша, Қадыров ем қабылдап жатқан медициналық мекемеге апаратын жолдар уақытша жабылған. Апаттан кейін Грозный қаласында бірқатар көшелер жабылып, республикалық аурухананың жұмысы шектелген.
NIYSO қозғалысының мәліметінше, Адам Қадыровтың кортежі жоғары жылдамдықпен қозғалып, көліктер бірін-бірі басып озып келе жатқан сәтте күтпеген кедергіге тап болған. Соның салдарынан бірнеше көлік бір-біріне соғылған. Қозғалыс өкілдерінің Telegram-арнасында жарияланған ақпаратта апат кезінде зардап шеккендер саны аз емес екені, алайда жағдайдың ушығуына Қадыровтың қатысы барлығы себеп болғаны айтылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Адам Қадыровтың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Ресми билік өкілдері әзірге оқиғаға қатысты толық түсініктеме берген жоқ.
Анықтама ретінде айта кетейік, Адам Қадыров — 18 жаста, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы. Ол республика билігі құрылымында бірқатар жоғары лауазым атқарады, соның ішінде Шешенстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы және республикалық ІІМ-нің кураторы қызметтерін атқарып келеді.
Адам Қадыров 2023 жылдың қыркүйегінде СИЗО-да Құранды өртеді деген айыппен қамауға алынған Никита Журавельді соққыға жыққан сәті түсірілген видеодан кейін кеңінен танылды. Кейін Журавель «дінге тіл тигізу» және «мемлекетке опасыздық» баптары бойынша сотталған.
Қазіргі таңда жол апатына қатысты мән-жайлар анықталып жатыр.