Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:41

Адам өлтіру ісі бойынша күдіктілер Индонезиядан Атырауға жеткізілді

Сұлтан Сәрсемәлиев
Фото: ашық дереккөз

Бұған дейін Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Атырау қаласына жеткізілді.

«Ақ Жайық» басылымының дереккөздерінің мәліметінше, олар 9 наурыз күні Алматыдан ұшып келген рейспен Атырауға жеткізілген.

Еске салайық, күдіктілер 2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталған болатын. Операцияны Индонезия Интерполының Ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және иммиграциялық қызмет бірлесіп жүргізген.

Индонезиялық құқық қорғау органдарының мәліметінше, Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева халықаралық іздеуде болған және Интерполдың «қызыл хабарламасы» бойынша іздеу тізіміне енгізілген.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтіруге қатысы бар деп күдіктелуде. Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, жәбірленушілерге суық қарумен бірнеше рет соққы жасалып, кейін мәйіттері жасырылған, ал олардың мүлкі мен ақшасы ұрланған.

Индонезия полициясы күдіктілердің елге 2025 жылғы 14 желтоқсанда Куала-Лумпурдан Бали аралы арқылы келгенін анықтаған. Кейін олар Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сол жерде тұрған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс алдын ала жоспарланып, пайдакүнемдік мақсатта жасалған.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.