Адам саудасы және құлдықтың заманауи түрлері
Адам саудасы бүгінгі күні ғаламдық проблема болып отыр. Сол себептен де әлем қылмыстың бұл түрімен бірлескен түрде күресіп келеді.
Қазақстан да адам саудасына қатысты жасалынған қылмыстың статистикасы көңіл көншітерлік емес. Бұл мәселеге қатысты қазір елімізде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр және адам саудасының құрбаны болудан қалай сақтануға болатыны туралы білу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі Арсен Жақыповпен сұхбаттастық.
– Әңгімемізді бастамас бұрын ең бірінші Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің институты туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Сондай-ақ елімізде адам саудасына қатысты қылмыстың азаймауына не себеп деп ойлайсыз?
– Жалпы адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Конституцияда белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады. Әрі 2022 жыл – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің институтын дамытудағы үлкен қадам болды. Институт құрылысымен Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері тағайындалды. Қазір әр аймақта арнайы өкілдер кез келген уақытта зардап шегушілерге тиісінше көмегін көрсетіп келеді.
Енді адам саудасына тоқталсақ, бұл ұлттық шекараны мойындамайтын жаһандық проблема болып отыр. Ал бұл қылмыстың өркендеуіне ықпал ететін басты фактор – арзан жұмыс күшіне сұраныстың болуы. Жыл сайын елімізде осы санаттағы сотқа дейінгі 100-ге жуық тергеу тіркеледі. Нақты статистика бойынша 2021 жылы – 103, 2022 жылы – 77, 2023 жылдың 4 ай қорытындысы бойынша – 65 қылмыс тіркелген. Негізінен адамдар құлдыққа әртүрлі жолмен түседі. Мәселен, таныс немесе шетелдік ұйымдар шетелде жұмыс жасауды ұсынуы мүмкін. Көп жағдайда адамдар лайықты жалақымен жақсы жұмыс ұсыныстарға, өмір сүруге қолайлы жағдайларға, жұмыс таңдау құқығына, тіпті үйленуге немесе жоғары білім алуға байланысты алданып жатады. Walk Free коммерциялық емес ұйымының 2023 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда қазіргі құлдықтағы адамдардың болжамды саны 200 мыңға жуықтаған екен. Соның ішінде қазір заманауи құлдық та пайда болған. Ол қандай десеңіз, дәстүрлі құлдық, мәжбүрлі еңбек, қарыздық құлдық, крепостнойлық, құлдықтағы немесе құлдыққа ұқсас жағдайдағы балалар еңбегі, тұрмыстық құлдық, жыныстық құлдық және мәжбүрлі неке сияқты құлдықтың неше түрі дамыған.
– Олай болса, адам саудасының құрбандарын қалай анықтайсыздар? Әлде өздері сіздерді іздеп, хабар береді ма?
– Көбінесе адам саудасының құрбандары өздері хабарласады. Соған орай, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, адам саудасының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізеді. Ал бізге хабар беру үшін жәбірленушілер «102», 11616 сенім телефондарына хабарласа алады. Сондай-ақ өңірлік өкілдердің байланыс нөмірлері де ашық көздерде көрсетілген.
– Адам саудасының құрбаны болудан қалай сақтану керектігі жөнінде қандай кеңес бересіз?
– Адам саудасының құрбаны болудан сақтануға байланысты кеңестер қазір ғаламторлар мен әлеуметтік желілерде көп айтылып та, жазылып та жатыр. Ал маман ретінде мен мынадай кеңестерімді берер едім. Біріншіден, кімде-кім шетелге немесе басқа да еліміздің ішіндегі жұмыс орындарына (мысал ретінде шалғайдағы мал шаруашылығы және т.б.) барар алдында еңбек келісімшартын жасау керек. Қол қойылатын, ұсынылатын келісімшартты мұқият оқып, бір нұсқасын өзіңізде қалдырғаны жөн. Сонымен бірге міндетті түрде медициналық сақтандыру шарттары қарастырылуы тиіс. Яғни медициналық сақтандыруды алуы қажет. Екіншіден, шетелге баратын болса, тиісті виза түрін алатын кезде, жұмыс істеу құқығы берілетіні туралы білу қажет. Барлық құжаттарыңыздың кем дегенде екі данасын жасап, бір данасын өзіңізбен алыңыз да, екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз. Бұл сіздің қолыңыздан құжаттарыңызды тартып алғанда немесе құжаттарыңызды жоғалтқан кезде көмектеседі. Сондай-ақ құжаттарыңызды көші-қон қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен басқа ешкімге ешбір жағдайда бермеңіз. Себебі сіздің төлқұжатыңызды өзіңізден басқа ешкім ұстамауы қажет.
– Енді сіздер осы қылмысқа қатысты қандай жұмыс жүргізіп жатырсыздар? Яғни кінәлілерді қалай жазалайсыздар?
– ҚР Қылмыстық Кодексінде адам саудасына қатысты және бөлек кәмелетке толмағандар саудасына қатысты тиісті қылмыстық жауаптылық көзделген. Мысалы, 128-бапқа сәйкес, адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу секілді оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасаса, қылмыскердің дүние-мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Ал кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер, оның да дүние-мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар адам саудасы істері бойынша танылған жәбірленушілерге «Жәбірленушілерге өтемақы қорынан» төлемдер жүзеге асырылады. Ал сол адам «жәбірленуші» деп танылғаннан кейін, ол қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органға өтемақы тағайындау туралы өтініш жасағаны жөн. Осы орайда мен ҚР кез келген азаматы мен жәбірленушілерге, адам саудасына қатысты қылмысқа тап болған жағдайда «102» немесе 11616 сенім телефондарына хабарласуы керекті жөнінде кеңесімді беремін.
– Кеңесіңізге рақмет!