Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:55, 28 Маусым 2022

Адамды заман билейді, замана оны илейді

None
None

ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс генералы Броневский зейнетке шыққасын қазақ даласының шығысы мен батысын, оңтүстік пен солтүстігін тегіс аралап, қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін мәдениетін зерттеген этнограф ғалым.

Зерттеудің нәтижесі туралы: «Соты жоқ, прокуроры жоқ, қонақ үйі жоқ, қарттар үйі жоқ, түрмесі жоқ, әскері жоқ, жетімдер үйі жоқ, көшеде қол жайған қайыршысы жоқ, жетім-жесірін жылатпаған дана халықпен танысқаны ма қуаныштымын. Олар салт-дәстүрін тілін, дінін, ділін, мәдениетін баз қалпында сақтаған, бір таңға өлең айтатын, екінің бірі суырып салма ақын, сауыққой, өнерпаз, рухы биік халық. Ру басшылары мен билері көзі ашық, көкіректері ояу, сөзге шешен, көреген, елді соңынан ерте алатын, рухани бай адамдар», – деп мінездеме берген екен.

Алып қосары жоқ, тура сөз айтылған. Қалай қуанбайсыз? Неге бабалардан үлгі алмасқа? Италия ойшылы Николай Макавелии «Ұзақ уақыт құлдықта болған халықтың еліне деген сүйіспеншіліктен, патриоттық сезімнен айырылып, жалтақ, көнгіш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті пайдалана алмайды», – деп меңзеген.

Тура бір қазақ еліне арналғандай дәл айтқан, дөп айтқан. Тәуелсіздік мың өліп, мың тірілген қазақ халқының қанымен, маңдай терімен, Алланың қалауымен бейбіт жолмен келген тосын сый. Оны жеке адамдардың еншісіне теңеу дұрыс емес. Бірде сахабалары сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтен «Алланың ең жек көретін адамдары кімдер», – дегенде,  ол: «өркөкірек, менмен, мақтаншақ, дүниеқұмар, мансапқор адам», – деген екен бір отар қойға екі аш қасқырды жібергеннен келген зияннан олардан қоғамға, дінге келетін зиян екі есе көп деп жауап айтқан.

Ұлы Абай «Қайда барып оңайын? Қайтіп надан болайын? халқым надан болғасын, – деп өкініш білдірген екен. «Енді күш салыстырып емес, білімді, ертеңін ойлаған ел озады» – деп ой салды.

Біз көп жағдайда саяси-экономикалық сауатсыздықтан, жігерсіздіктен, намыстың жоқтығынан, жеке басқа табынушылықтан арыла алмасақ, бәрін билік өзі шешеді деген құлдық психологиядан да арыла алмадық нарық экономикасына негізделген реформа жасай алмайтынымыз өкінішті-ақ!

Нарық экономикасына көшудің қатал заңы бар. Ол – бәсекеге қабілетті тауар өндіру. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Әрине, қай қоғамда болмасын тәртіп керек. Заңның талабы онда барлық азамат бірдей болуы шарт. Сөзім дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейін. – Дүниежүзілік тәжірибеде озық елдер қатарына ену тек нарық экономикасына көшу арқылы қол жеткізгенін жақсы білеміз. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғысы кезінде соғыстан зардап шеккен, түгі қалмай талқандалған Алмания мен Жапония елдері болатын. Қазір олар экономикасы өсіп-өркендеп, озық елдердің алғашқы ондығына кіреді. Сол кезеңде кедейшіліктің шегіне жеткен Оңтүстік Корея, ал осыдан 30 жыл бұрын кедейшіліктен қоқыстан күнелтуге жақындаған Сингапур, Малайзия сияқты мемлекеттер озық 30 елдің қатарына тіркелді. Мұндай мысалдарды көптен келтіруге болады. Күні кеше 70 жыл өмір сүрген Кеңес Үкіметі қалай құлағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Шикізатқа тәуелді елдің ғұмыры ұзаққа бармайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. «Ештен кеш жақсы» деген. Тек нарық экономикасына көшіп, қатаң тәртіп орнатқанда ғана 30 елдің қатарынан орын алуға болады. Ол үшін өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жұмысы жанданып, өзімізді 80-90 пайыз қажетті азық-түлікпен, өндіріс тауарларымен қамтамасыз еткенде, артығын шетелге сатқанда ғана экономика өсіп, қарыштанатыны анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген Үндеуін қолдаймыз. Ойшыл философ Сократ «елің қара нан жеп, өзің бал жесең, халықтың сенімін жоғалтасың, биліктен айырыласың» – деп шегелеп айтып кеткен. Ел құрғақ сөзден, мақтаншылықтан, сауатсыз реформалардан жалықты. Елге саяси реформалар керек. Нарыққа негізделген экономикалық реформаларға көшу – уақыт талабы. 30 жылда халықтан ұрланған, тоналған қаржылар мен сыртқы қарыздар елге қайтарылуы тиіс. Ол ақшалар халықтың маңдай терімен тапқан табыстар, яғни бюджетке түсетін салықтар. Кеңес Үкіметі кезінде кадр мәселесіне көп көңіл бөлінетін. «Бәрін кадр шешеді» деген партияның ұраны болды. Жаңа Қазақстанды құру үшін қоғамға білімді де іскер, парасатты, зерделі, елін-жерін сүйетін ұлтжанды, жаңаша ойлайтын, терең ойлы азаматтар керек. «Жалғыз ағаш орман болмайды» деген. Сонау көне заманда түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп аталы сөз айтып кеткен. Еліміздің тәуелсіздігі баянды, мерейі үстем болсын, жастардың болашағы жарқын болсын десек, президенттің үндеуін қолдауымыз керек. Ғұлама Ахмет Байтұрсынұлы «Ойлайтындар мен емес күнгісін, жұрт ұқпаса-ұқпасын жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп көрегендікпен айтқан аманатын ұмытпауымыз керек. Біз жоғарғы буын өкілдері өмірдің ащысын да, тұщысын да басымыздан өткердік. «Қайық адасса кемеге барар, Адам адасса көнеге барар» деген мәтел қалған.

Абай Құнанбаев «Адамды заман билейді, заманға жаман күйлейді. Замана оны илейді», – десе, данышпан әл-Фараби «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, онжылдығын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, мың жылдығын ойлаған ел ұрпақтың жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді, яғни рухани тәрбие береді», – деген рухани тәрбие алмаған жас қанша білімді болса да, өмірде өз орнын таппай адасады. Сол үшін жастарға рухани тәрбие беру оларға дұрыс жол көрсету қариялардың парызы деп білемін. Кезінде қазақтың Пушкині атанған, біртуар ақын Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» деген. Біз де жастарға сенеміз. Жастарға айтарымыз, ертең ел тізгіні сендерге тиеді. Алдарыңда биік мақсаттар мен үлкен белестер күтіп тұр. Біздің салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз, діліміз, мәдениетіміз – ұлтымыздың баға жетпес рухани байлығы. Заман көшінен қалмай сол байлықты сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – сіздерге аманат.

Қорыта айтқанда, Жаңа Қазақстанды сырттан біреу келіп құрып бермейтіні анық. Ел болып бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылғанда ғана болатын іс. Игі бастама орта жолда қалмасын десек, Жаңа Қазақстанды құру үшін әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі тиіс.

Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық, ағайын! Қазақстан демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне қадам басты. Отанымыздың тұғыры биік, мығым, абыройы биік болсын!

Тегтер: