Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 17 Тамыз 2022

Адамға үй сыйлау – оған үміт пен болашақ сыйлау

None
None

Қазіргі әлемде әлеуметтік бағдарланған бизнеске беталыс бар. Бұл – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, экологиялық және мәдени мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік түрі.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ірі бизнес үшін аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, білім мен ғылымды дамытуда мемлекетпен ынтымақтасу маңызды.

Америкада әлеуметтік кәсіпкерлік 1980-ші жылдары танымал болды. 1990 жылдарға қарай бұл беталыс күрделі мәселелерді шешуге әкелді. Коммерциялық емес ұйымдар белсенділік танытты. Қайырымдылық ұйымдары көбірек ашылды. Америка Құрама Штаттарында көлік пен инфрақұрылым дамыды.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша көшбасшылар Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Словения, Скандинавия елдері, Оңтүстік Корея, Малайзия болды.

Белгілі экономист Жан-Батист Сэй өз еңбектерінде атап өткендей, кәсіпкер – экономикалық ресурстарды өнімділігі төмен аймақтан өнімділігі мен кірісі жоғары аймаққа ауыстыратын адам. Дәстүрлі кәсіпкерлер экономикалық ресурстардың өнімділігін өзгертеді. Әлеуметтік кәсіпкер бүкіл қоғамның өнімділігін өзгертеді.

Қазіргі тұрғындар қатты өзгерді. ХХІ ғасырдағы адамдар тауар атаулыны тұрақты түрде тұтынғысы келеді. Олар компаниялардың қыр-сырына қызығады. Олар кәсіпорындардың адамдарға, жануарларға, қоршаған ортаға қалай қамқорлық жасайтынын және гендерлік теңдікті насихаттайтынына қызыға, сүйсіне қарады. Әлеуметтік бағдарланған бизнес – бұл табысты бөлудің альтруистік тәсілі. Бұл қайырымдылық шаралары, мұқтаж жандарға көрсетілетін көмектер.

Бізде «Tиолайн» компаниясы әлеуметтік бизнес жүргізді

Қазақстандағы әлеуметтік бағыттағы компаниялардың бірін «Tиолайн» деп атауға болады. Обухов тау-кен байыту комбинаты адами капиталды компанияның өзінде ғана емес, оның сыртында да дамытуды қолдайды. ТКБК Шоқан Уәлиханов атындағы колледжбен ынтымақтастықта. Тау-кен ісі саласындағы мамандарды дайындайды. Қарттар мен балаларға көмектеседі. Ана капиталын төлейді. «Мейірімді жүрек» қайырымдылық қорымен бірге мұқтаж жандарға баспана сыйлайды.

Тайынша ауданы Келлеровка ауылындағы Әбдіразақовтар отбасы баспанасынан айырылды. Қыстың ортасында үйі өртеніп, олар далада қалды. «Tиолайн» компаниясы «Мейірімді жүрек» қорымен бірге ерлі-зайыптыларға қысқа мерзімде жаңа баспана табуға көмектесті.

Ерлі-зайыптылардың үйі жарты сағатта өртеніп кеткен. Құдай сақтағанда, тілсіз жаудан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ отағасы қайғыдан қайтыс болды. Оның ұлы Нұрсұлтан мен келіні Диананың үміті үзілді. Содан кейін Диана мейірімді жүрек қорынан оларға қолдау көрсетуді сұрады.

Қоғамдық қор мен «Тиолайн» ЖШС қысқа мерзімде жастарға үй сатып алып берді.

«Олар өртеніп кеткен үйімізді тексерді. Сосын жаңа үйлерді қарап шықты да, өз көмегін ұсынды. Біз мұндай көмектен бас тартқан жоқпыз. Сол үшін оларға мың алғыс. Екі аптадан кейін жаңа үйге ие болдық. Ол өте жылы. Үлкен. Мұнда 5 бөлме бар. Дәретхана. Жуынатын бөлме», – дейді Диана Әбдіразақова.

Жас жұбайларға қажетті тұрмыстық-техника сыйға тартылды.

«Біз бірден тұрақты демеушілерімізге жүгіндік. Бұл Виктор Иванович –  «Tиолайн» компаниясының басшысы. Компания көмектесті. Олар көмек жасаудан ешқашан қашпайды. Қазір отбасының тұрмыс жағдайы жақсы. Біз оларға сапалы үй таңдадық. Сол үшін ғой, бірден тұрақты демеушілерімізге жүгінгеніміз», – дейді «Мейірімді жүрек» қорының жетекшісі Екатерина Сафонова.

«Тиолайн» компаниясының директоры Виктор Долгалевтің өзі айтқандай, жастардың көмек сұрап жазған хаты шынайы болды. Оған қатты әсер етті. Қолдау көрсету шаралары дереу қолға алынды.

«Ақшамыз соншалықты асып-таситындай көп деп айтпаймын. Ақшаны біз оңды-солды шаша алмаймыз. Бірақ бір үйдің ақшасы деген біздің компаниямыз үшін соншалықты үлкен сома емес. Ал әлгі адамдар үшін бұл өмірлік мәселе еді. Баспана деген әркімнің бас мәселесі. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген қазақтың мақалы бар еді ғой. Адамға ең керегі баспана. Ал әперген үйіміз өте жақсы. Террасасы бар. Жылы. Ол отбасының екі баласы бар екен. Күні ертең балалар да өсіп-өнбей ме, олардың өмірі жалғасуы керек. Егер сіз біреудің өмірін жақсарту мен жалғастыру үшін бірдеңе жасай алсаңыз, онда бұл жалғанда бекер өмір сүрмегеніңіз», – деп атап өтті Виктор Долгалев.

«Мейірімді жүрек» қоғамдық қоры 2015 жылы құрылған. Жаңа жыл қарсаңында «Тиолайн» компаниясының бастамасымен Махаббат Анасовнаның отбасына қолдау көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды Махаббат жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жалғызбасты ана серіктестік қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді. Әйел үшін жаңа үй қолжетпес арман болды.

Екатерина Сафонова атап өткендей, «Тиолайн» және «Мейірімді жүрек» қорының қағидаты – аз қамтылған, көпбалалы және жас отбасылардың Қазақстанда қалуына көмектесу.

Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы бір жұп Денис пен Елена күзде «Мейірімді жүрек» еріктілеріне көмек сұрап жүгінді. Олардың жағдайы қиын еді. Ерлі-зайыптылардың тұрмысы төмен деп атауға болады. Тұрмыстық жағдайдың қиындығынан әлеуметтік қамқорлықтағы балаларын қолдарынан алып кете жаздады.

«Тиолайн» ЖШС-і мен «Мейірімді жүрек» қоры да олардың бақытсыз жағдайына үнсіз қарап тұра алмады. Оларға аумағы 70 шаршы метрлік үй берді.

«Біз еріктілер тобын көріп, өтініш жасадық. Олар келді. Біздің жағдайымыз бен баспанамызды бағалады. Олар көмектесеміз деп шешті және көмектері тез жасалды», – дейді Денис Дорогой.

Осыны айтқанда ерлі-зайыптылардың көздеріне жас келді. Үйлі болғаннан кейін олар үй шаруашылығын қолға алып, одан әрі дамытуды шешті.

«Осында тұратын кей адамдар қиналған сәттері біз осы жерден кетуіміз керек деп ойлайды. Кәрісі де, жасы да. Қазағы да, орысы да. Бастысы, олар біздің халқымыз ғой. Олар жұмыс істеуі керек. Дағдарыстан шығып, басындағы қиындығынан құтылуға ұмтылуы керек. Мен үшін ең бастысы, адам мойымай, ішкілікке салынбауы керек. Мен де ішіп кетудің орнына өліп-өшіп жұмыс істедім. Мен алдыға қарап, ұмтылып, өзім және отбасым үшін жақсылық жасағым келді. Адамның алдынан қиындықтар да шығады, түрлі дағдарыстар да болады, бірақ мұндай қиындықтардың бәрін еңсеруге болады», – деп ойымен бөліседі кәсіпкер Виктор Иванович Долгалев.

Иә, кейбір адамдар үшін үй мәселесі – бұл өзіңді құтқару және өмірді жалғастыру мүмкіндігі. Кез келген адам үшін баспана – ең маңызды, негізгі қажеттіліктердің бірі. Мұқтажға үй бергенің – оның болашағына жол ашқаның және оның өміріне деген үлкен үміт сыйлағаның. Жетім бұрышта бүрсеңдеп, өмірден адасудан, бақытсыздық пен жоқшылық тіршіліктен құтқарғаның.

Сондықтан Қазақстанда әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлер көбейе берсін. Тура осылай әрбір кәсіпкер-бизнесмен қиындыққа тап болған отандастарының басындағы ауыртпашылықтарына көбірек назар аударсын. Әр кәсіпкер қолынан келгенше қайырымдылықпен айналыссын. Экологиялық таза іс-шараларға қолдау көрсетсін. Ал біздің жемқор шенеуніктеріміз осындай игілікті іс жасаушы кәсіпкерлеріміздің дамуына кедергі жасамаса екен.

Тегтер: