Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Адамзат қасіретінің көрмесі

Уильям Мейкпис Теккерей
Фото: ашық дереккөз

XIX ғасырдың алғашқы ширегінде ағылшын әдебиетіне өзіне сай сара жол, сүрлеу соқпағымен бірқатар автор кеп қосылды.

Алмағайып алас-күлес тірліктің жақсысын үлгі тұтып, жаманын тәрк еткен, тек шындықтың ғана туын көтерген сол қаламгерлердің қатарында Уильям Мейкпис Теккерей де бар. Қолына қалам ұстап, жазуды жанына серік еткеннің қай-қайсысы да тағдырлы болатыны бар емес пе, Теккерейдің де шығармашылықтағы, өмірдегі жолы оңайға соққан жоқ. Мысалы, шығармашылыққа бір мезгілде келіп, жолын бірге бастаған төл құрдасы Диккенстің дәурені жүріп тұрғанда Теккерейді қалың көпшілік әлі тани қоймаған еді.

Әсілінде, абырой, атақ пен даңқ дегеннің өзі де кінәмшіл әрі талғамшыл келетіндей, біреуге бақ мезгілінен ерте қонса, енді біреуге ұстатпай қояды. Біреудің алақанына ал дегеннен-ақ қона кетіп, жастай бақ-дәулетке бөлейді. Ал енді біреуге қол жетпейтін қиядан қарап, ғұмыр бойы сарсаңға салып қояды. Көзі тірісінде оның қызығына батпақ түгіл, қарасын да көрмей кететін тұлғалар көп. Мәселен, Чарлз Дикенстің даңқы тырнақалды романы «Пиквик клубының жазбалары» жарық көрісімен-ақ дәуірлеп жүре берді. Ал Уильям Теккерейді «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» романы жарияланғанша әдебиеттің айналасында жүргендердің өзі де жыға таныған жоқ. Тек атақты романы басылып шыққан соң ағылшындардың әдеби ортасы Теккерейдің талантын мойындап, қаламгерлік қуатына тәнті болды. Қырқыншы жылдардың өзінде-ақ қаламгердің әдебиетке деген көзқарасы әбден қалыптасып болған десе-ді. Теккерей өндірте жазумен қатар өзінің төл тақырыбын да айқындап үлгерген еді. Әдебиетшінің басты міндеті – адамды бар болмысымен, қаз-қалпында көрсете білу деп ұқты. Сол себепті де өзгеге ұқсамайтын стилін, болмысын қалыптастыруға тырысып-ақ бақты. Автор бір сөзінде: «Роман жазу өнері жаратылысты бейнелей біліп, өмір шындығын бұрмаламай, барынша боямасыз көрсетуге саяды. Менің көзқарасым бойынша бешпент бешпент болып, көсеу көсеу болып қалуға тиіс. Бешпентті зерлеп тігілген, көсеуді отқа қарылған деп жатудың қажеті қанша?!» дейді. Расымен Теккерейдің шығармаларына көз тастасаң, шығармаларында өз замандастарына тіпті де ұқсамайтын салқынқандылық пен ащы әжуа бар. Әйтеуір автор ретінде дарақылық пен дариғашыл қоғамнан өзін мейлінше сақ, алыс ұстайтынын байқайсың.

Хош. Қаламгерге даңқ алып келген, XIX ғасырдағы ағылшын қоғамының моральдық келбетін тасқа басқандай ғып көрсеткен «Күйкі өмірдің жәрмеңкесі» романы тек автор өмір сүрген дәуірдің шындығын бейнелейді деу жалтақтық болар, анығында, дәл осы роман арқылы күллі адамзат болмысына ортақ және үнемі қайталана беретін қасіреттердің көрмесіне тап боламыз. Теккерейдің «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» шығармасын «қаһарманы жоқ роман» деп атауы тіпті де бекер емесін сонда аңғара бастайсың. Теккерейдің ерте кезеңдегі ең ірі туындысы «Барри Линдонның жазғандары» романында да өзінің дәл осы ұстанымына адалдығын тағы бір мәрте айқындап берді. Жалпы роман желісі оның басты кейіпкерінің бастан кешіргендері ретінде шектен шыққан алаяқ, ар-ұяттан жұрдай алдауыш, беті бүлк етпейтін бетпақ, шімірігуді білмейтін суайт, ертеден кешке дейін карт шүйіруден жалықпайтын шулер, мақтангөй де даңғой Барридің атынан баяндалады. Кейіпкердің бар арманы, сырт сымбаты мен күш-қуатын сатып, ел үстінен күн көріп, басқаның есебінен қызыққа бату ғана. Бұл былық-шылыққа белден батқан буржуазиялық қоғамның төл тумасы еді. Ал «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» романындағы кейіпкер Бекки Шарп, яғни Ребекка бикеш болса, сол Баррилердің әйел затынан шыққан ізбасары, былайша айтқанда, алаяқтар ұрпағының өкілі десек те болады. Барлық қайғы-шерін шараппен жуып, әбден сілесі құрып, түрмеде жапа шегіп, бастан кешкендерінің бәрін Барри шал қағазға түсіріп жатқанда Ребекка бикеш айла-шарғымен алғашқы жеңіске жетіп, әлеуетті әулеттің бір азаматын тұзаққа түсіріп, тұрмысқа шығып, ерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай бастаған тұсы еді. Одан әрі ол ақсүйектер қауымының гүліне айналып, еркек кіндіктің көбін баурап, ақыры қулық-сұмдығы әшкере болып, қоғамнан шеттетіліп қалды.

Ақ жолдан айнымай келе жатқан кіршіксіз тағдырға әлдебіреулердің өзіндік бейшара танымымен, қатерлі ақымақтығымен, ойсыз тоғышарлығымен қойып кетіп, былғап, ойраңдап және соны ерлік көретіні – адамзат жаралғалы бері келе жатқан дерт сияқты. Адамның ішіндегі «адам» не нәрсеге көбірек ұмтылса, сонысы ақыры көрініс бермей қоймайды екен. Шыны керек, роман кейіпкері Ребекканың тағдырын өмір тіпті де әлпештеп, маңдайынан сипап, бесігін тербетіп, мейірімге бөлей қойған жоқ. Ол бала күнінен жылылық пен қамқорлық көрмей өскендіктен, саяқ жүріп, тұрмыс қиыншылығын көп тартты, ауыртпалықтың ащы дәмін татты. Өмірдің мұратын анықтаудың біз білмейтін, білсек те әдетте ескере бермейтін тағы бір жолы бар екен. Бұл жолды адамның ақылы емес, ар-ұяты табады. Себебі ақыл өзі жеткен жерге дейінгі тар, тіпті де ауқымы ықшам арман-мақсатты ғана белгілейді. Ал жалпыадамзаттық бағытты адамның ар-ұяты көрсетеді. Ожданның үнін тұншықтырған пенде адасуға әрдайым бейім тұрады. Ұяттың жетегінде жүрмеген ақыл талғамсыз келеді. Сол себепті де Ребекканың біреуге жақсылық жасамауы, қайта, керісінше, өз пайдасын күйттеп, қандай айла-шарғыға болса да баруы бір қарағанда заңды құбылыс сияқты. Жай ғана анасы сияқты тастанды болғысы келмеді, Иә, жас қыздың құрметті қауымға араласып, сыйлы ортадан орын алуға барын сала ұмтылуы, тіпті бұл жолда арын да, абыройын да құрбан етуге барғаны – сол ішкі күйзелістен туған әрекет шығар, бәлкім. Автордың шеберлігі де сол, кейде Ребекканың бұл әрекетіне ренжімейсің де, кейде көңілің жібіп, кешіріммен де қарайсың. Сосын Теккерейдің сомдаған бейнелері тіпті де кездейсоқ кейіпкерлер емесін, мына біз бен сіз сүріп жатқан қоғамға ортақ құбылыс екені еске түседі. Теккерей Ребекка мен Барри сынды кейіпкерлер арқылы буржуазиялық қоғамның баққұмарлық пен мансапқорлық, дүниеқоңыздық пен ашкөздік, іштарлық пен өзімшілдік сынды дерттерін әшкерелейді. Сонау он тоғызыншы ғасырда ғана емес, бүгінгі қоғамда да адамдардың бір-бірін аяусыз пайдалануы, арын сатып, абыройын құрбан етуі қалыпты жағдайға айналғалы қашан? Бәрі де адамзат құндылықтарының құзырында екен ғой. Нені бірінші орынға қоясың, өмірің де соның төңірегінде өрбиді екен. Алаяқтық, қулық-сұмдық, арсыздық автор сүрген әлеуметтік ортаның көрінісі. Мәселен, Барридің өз сөзіне назар аударайық: «Линдон ханымды айналдырып, үйленгенімді желеу ете отырып, мені ынсапсыз алаяқ, қайыршы деп даттайтын жексұрын сұмпайылар табылады, – дейді ол. – Кезінде Еуропаның бүкіл байлығы уысында болған мына мен ынсапсыз қайыршы болғаным ба! Алаяқ дейді! Егер солай болса, еңбек сіңірген заңгерді де, жаужүрек сарбазды да, өмірде өз жолын өзі салып, өз бетімен кісі қатарына кірген кез келген адамды да алаяқ деп атау керек емес пе!». Бір қарағанда бұл жердегі Барри сөзінің шынында жаны бар сияқты.

Теккерейдің туындыларындағы кейіпкерлерді өз дәуірінде жаппай оқылып, көп таласа талқылаған классикалық викториан романдарының қаһармандарымен салыстыру қиын. Теккерей кейіпкерлері мүлде басқа әлемнің өкілдері. Кейбірі біздің заманға сай образдарды еске салады. Жазушының ойлап тапқан Барри секілді алаяғы, Ребекка сияқты арын саудаға салған сұмпайысы, Кэтриндей ұрлық-қарлықтан қолы босамайтын қуларын алып қарасақ, бұл бейнелерде үлгі тұтарлық, үйренерлік қылықтар жоқтың қасы. Қайта олардан адам жиреніп, қашқысы келеді. Бірақ жазушының дәл осындай адамдарды кейіпкер етіп алуы да тегін емес. Осыны бек жақсы ұғынған Теккерей өз ұстанымынан айнымай, әйгілі туындысы «Күйкі өмірдің жәрмеңкесі» шығармасын «кейіпкерсіз роман» деп атады. Бұл атау тегіннен-тегін берілмеген. Жазушы ойынша ақша билеген заманда, тек ақша ғана басты кейіпкер. Өйткені күйкі тірліктің жәрмеңкесінде барлығы сатылады, барлығы ақшаға тәуелді. Тіпті кісінің ар-ожданы, сана-сезімі де сатылады. Соны автор әзіл-сықақпен келекелей отырып, керемет көрсетеді. Осынау отты әзіл-оспағын, өмірдегі кеселді сықақтай отырып сылу тәсілін Теккерей «Көрсеқызарлар кітабында» тереңдете түседі. Ол көрсеқызарлықтың ағылшын қоғамындағы ең бір жиіркенішті, жексұрын құбылыс екенін аяусыз әшкерелейді. Тұп-тура алпыс жеті тараудан тұратын «Күйкі тірліктің жәрмеңкесі» туындысында ұшырасатын жиырма төрт қыздың арасынан іліп алар біреуі болса, ол да болса ар-ұяты тапталмаған, жүрегін кір шалмаған Эмилия еді. Кей адамдарды тазалығы үшін сүйесің. Әуелгі жаратылысынан алыстай қоймаған пәк көңілі үшін. Қалай жаратылса, солай көрінуден қорықпайтын болмысы ұнайды. Өмірде өз шындығынан қашып, жақсы боп көрінсем деп жүргендер онсыз да көп қой. Кейісең, адалсып, сопысып, түр жасаған қылығын көріп кейисің. Ал тазалығын сақтағандар тым сирек ұшырасады. Сол Эмилияның тазалығын көріп сүйсінесің, тіпті аяйсың да. Кейіпкері жоқ роман екеніне Фредрик Доббин есімді кейіпкермен танысқан кезде, тіпті көз жеткізесің. Фредрик Амелияны сүйіп өтеді, бірақ махаббаты үшін не күреспейді де, жазмыштан белгі күтеді. Бұл кейіпкердің шын мәнінде үлкен трагедиялық сипаты бар. Фредрик – мейірімді, бірақ дәрменсіз, адал, бірақ қолын тым кеш сілтейтін жан. Шығармада кейіпкерлердің ешқайсысы мінсіз емес, автор олардан мінсіз образ жасауға талпынбайды да. Шығарма сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат. Шығарманы жазу барысында Теккерейдің Дантенің «Құдіретті комедиясына» көп жүгінгені, соған иек артқаны байқалып қалады. Тек Теккерей Дантедей пафосқа, интертекске көп ұрына қоймаған.

Оқиға тізгінін өзі ұстап, жетелеп отыратын авторларға бауыр басып қалған оқырман «Күйкі өмірдің жәрмеңкесі» романын оқығанда, алғаш өзін автордың нұсқауынсыз оқиға желісінен айырылып қалғандай сезінері де анық. Жазушының кімді жақтап, кімді даттап отырғанын ажырата алмай, дал болды көпшілігі. Теккерейдің оқиғаға араласып, оқырманмен тікелей тілдесіп отырады. Кейде ол жанында отырған құрбыңдай әзілдесіп кетсе, кейде мысқылдап, енді бірде салқынқанды сабырымен ишарат білдіреді. Бұл тәсіл романға ерекше реңк беріп, оқырманды бейнеленіп жатқан сахнаның көрерменіне айналдырып жіберетін сияқты. Тургенев жазбаларында бұл романды оқығанын, тіпті таңғалысып қалғаны туралы айтылады. Тіпті роман жайында алғаш пікір білдіргендердің қатарында Тургенев тұр. Орыс халқының қаламгері романды «өте мәртебелі әрі қоғамның жаралы жеріне жеріне тұз себетін шығармаға» балайды әрі Теккерейді «өзінің қарттықтан туған күйгелектігі мен қарапайым ойларын тықпалай бергені» үшін айыптайды да. Кей тұсында Тургеневтің бұл пікірімен келіспеске болмас. Бірақ тұтас романнан автордың дауысын алып тастау да мүмкін емес. Егер дәл осы этикалық бағдар болмаса, біз тек бір-бірімен арпалысқан, есеп-қисапқа толы кейіпкерлердің өмірін ғана көрер едік, ал олардың әрекетіне берілген сын, олардың тағдырына қатысты жалпыадамзаттық тұжырым қайда қалмақ? Романдағы кейіпкерлер – қуыршақ, ал автор сол қуыршақтардың жіптерін ұстап, алыстан нұсқау беріп отырған режиссер іспетті. Алайда ол жіптердің барлығын режиссер өзі ғана қозғамайды, қоғамның, тіршіліктің заңы, дәуірдің дағдысы сол қуыршақтарды билеп-төстеп отырады. Теккерейдің жаңашылдығы да сол, әркімнің өзі ойланып, қайсысына қандай баға беруді оқырманның өзіне қалдыруы. Сондықтан әдеби сынның романға берген бағасы да әр қалай болды, тіпті бір-біріне тікелей кереғарлары да кездесті. Біреуі жер-көкке сыйғызбай мақтаса, біреулері жерден алып, жерге салып, сілейте соқты. Жазушы оқырманды жәрмеңкенің ортасына кіргізіп жібереді де, сол дабыра мен шудың ішінде өз үніне, әуелгі бейнесіне қайта үңілуге шақырады. Роман соңында ешқандай жаңалық не моральдық шешім жоқ. Бәрі әдеттегідей. Жәрмеңке тарқамайды, адамдар әлі де сатылып, сатып алып жүре береді. Бірақ Теккерейдің үнінде адам баласы жәрмеңкенің күйкі тіршілігіне жұтылып кетпей, соның ортасында жүріп-ақ шынайылық пен мейірімді сақтай алуы керек еді ғой деген әлсіз емеурін байқайсың.

Елуінші жылдарға дейінгі уақыт аралығы Уильям Теккерейдің шығармашылық ғұмырында ең жемісті, мәуелі кезеңдердің бірі болды. Ол әдебиет әлемінде бірінен кейін бірі өркенді туындыларын ұсынып, көркем сөздің құдіретін барынша танытқанымен, осы жылдардың тасасында оның жеке өмірінде қара бұлттай үйірілген қасірет пен қайғы, жан азабы мен тұрмыстық ауыртпалық қатар өрбіді. Жазушы тағдырының ең бір күрделі кезеңдері жазушының жеке өміріне, анығында, отбасы хикаясына байланысты еді. Теккерей 1837 жылы Парижде жолыққан Изабелла Шоуды шын сүйіп, шаңырақ көтерді. Жастықтың отына өртенген бұл некеден үміт пен арман көп болғанымен, тағдырдың жазуы басқа болып шықты. Төрт жылдан соң, әйелі мен екі перзентін ертіп, Ирландияға сапар шеккен тұста күтпеген қайғылы оқиға орын алады: кеменің үстінде кенеттен ақыл-есінен айырылған Изабелла өз-өзіне қол салмақ болып, талай сұмдық әрекетке барады. Бейшараның есі ауысып, жүйке дертіне душар болғаны анықталып, оны амалсыз жүйке ауруханасына жатқызуға тура келді. Осылайша, екі кішкентай қызының тағдырына түгелдей әкесі жауапкершілік алды. Анасының ауруы ұстаған шақта ол балаларын теңізге итеріп жібермек болғанда, құдай сақтап, қос сәби ажалдан аман қалады. Дегенмен жазушының басына төнген қасірет пен ішкі жалғыздығы бұнымен шектелмей, айналасынан да шынайы жанашыр мен достық табылмады. Қоғамдық ортадан оқшауланып, ішкі дүниесімен арпалысқан Теккерей томаға-тұйық өмірге әбден бейімделіп алды. Басына үйірілген қайғы-қасірет, иықтан басқан зілдей ауыр мұң, кедейшіліктің қамыты оны талай мәрте еңсесін түсірсе де, оны құтқарған жалғыз күш еңбек еді. Ол бар қайғысын қаламына артып, күнделікті жазу үстеліне жүгінді. Көбіне баспагерлердің әділетсіз талаптары мен кемсіту шарттарына мойынсұнып, жазған дүниесін солардың қалағанымен жариялауға мәжбүр болды. Бірақ сол қиыншылықтарға қарамастан, оның қолынан «Генри Эсмондтың тарихы», «Вергиндіктер» секілді тарихи мәні зор шығармалар туды. Бұған қоса, «Барри жазбалары» сияқты туындылар арқылы ол XVIII ғасырдағы демократиялық рухты бейнелеген кең тынысты көріністерді әдебиет сахнасына алып келді. Өмірінің соңғы он жылы Теккерей үшін одан да күрделі сынақтарға толы болды. Жазушы бұл кезеңде тек материалдық тапшылықпен ғана емес, жүрек жарасымен де арпалысты. Оның жақын досы Брукфильдтің жары – сымбатты әрі көрікті Джейнге деген іңкәр сезімі жүрегін мазалап, бірақ жауапсыз қалған сүйіспеншілігі оны тіптен күйзелтті. Бастапқыда бұл құпияны іште сақтап қалуға тырысқанымен, қоғам ішінде сөз тарап, ақырында Брукфильдтің құлағына жетеді. Бұл жағдай достық қарым-қатынасты мүлдем үзіп, арадағы сыйластықты күйретті. Шынайы сүйіспеншілігінен айырылған, жүрек қалауына жете алмаған Теккерейдің бұл жан азабы «Ньюктомдар» романына арқау болды. Замандастары осы шығарманы жазушының жүрек жарасы мен махаббатына қалдырған естелігі ретінде қабылдады. Жалғыздық, рухани күйзеліс, басылмас қасірет оның денсаулығын да кемітті. Қаламы жүйрік жазушы кейде апталап жұмыс істей алмай, қалам ұстауға дәрменсіз күйге түсті. Сөйтіп жүріп ұлы еңбеккер, үздік қаламгер Уильям 1863 жылы елу екі жасында кенеттен дүние салды.

Теккерей суреттеген жәрмеңке – сырт көзге әсем, думанға толы, бірақ ішінде терең күйкілік пен жасандылыққа шырмалған алаң. Бұл – адамзатты үнемі өзіне тартып қана қоймай, әбден аздырып-тоздыратын жасандылықтың, жалғанның жәрмеңкесі. Кім білсін, біз де сол күйкі тірліктің жәрмеңкесінде дорбамызды толтыруға асығып жүрген шығармыз, бәлкім.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ