Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:02, 28 Қыркүйек 2023

Адамзат өз болмысына үңілуді қойғанда...

иран конференциясы
Фото: жеке архив

«Иран конференциясы» пьесасы адамды ойландыруға жетелейді...

«Болсам ба, болмасам ба?» деп мәңгілік сауал тастаған, әлемде, айналасында болып жатқан кесапатты өзгеден емес, алдымен өзінен, өз болмысынан іздеген дат ханзадасы Гамлеттің сұрағын әлем ұмыта қойған жоқ. Қазақ та біледі. Бірақ құр білгеннің пайдасы жоқ. Біле тұра ойланбайтын, көре тұра түйсінбейтін, сезе тұра толқымайтын бос кеудеге айналып бара жатыр екенбіз. Дүрбелең дүниенің дүбірін естісек те құлағымыз елеңдемейтін, адамзат ақыл-ойының жемісі әлемде күн сайын жаңалық боп шығып жатқанда, мыңқ етпейтін меңіреу күйге шақ қалыппыз. Қоғамдық формацияңыз да, саяси институтыңыз да, рухани ахуалыңыз да, психологиялық тұрақсыздығыңыз да – бес тиын. Ең бастысы – құлқыныңызды толтырған нәпақаңызды тапсаңыз болды. Тіпті оның адал, я арам жолмен келгеніне де бас қатырып, әуре болмайсыз.

Шекспир кейіпкері дат ханзадасы ғана емес, адамзатты ойландырып кеткен, әлемнің құпиясын емес, өз құпиясын, яғни адам жанының құпиясын табамын деп арпалысқан еді. Енді, міне, тағы сол дат елінде адамзат ақыл-ойының алыптары жиналып, тағы бір мәңгілік сауалды, тіпті сауалдарды қойды.

2017 жылы жазылып, Любимовкада өткен жас драматургтердің фестивалінде алғашқы оқылымы өткен «Иран конференциясы» пьесасы адамды осылай ойландыруға жетелейді. Ресей театрларында үлкен сұранысқа ие болған пьеса қазақ жерінде де табысты қойылды.

Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов сияқты актерлік құрамы бар Şam театры осы пьесаны сахналап, қазақ көрерменіне ұсынды. Ресейлік драматург, режиссер Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» орыс театрларында үлкен сұранысқа ие болып, таласа-тармаса бәрі қойып жатыр. Қазақ тіліндегі қойылымның режиссері – Фархад Молдағали. Оны орысшадан аударған – Әлішер Рахат.

Пьесаның өзегінде Копенгагенде «Иран мәселесін» талқылаған ғалымдар мен журналистердің, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан жиыны жатыр. Иран мәселесін көтереміз деп келген қатысушылар түптеп келгенде адамзаттық түйткілдерді сөз етеді.

шам театры
Фото: Иран конференциясы

***

Өнер өнер үшін деген қағида – қасаң. Өнердің біз ойлауға ұмыт қалдырған, күнделікті бетпе-бет келіп жүрген мәселелердің маңыздылығын есімізге салатын, тіршілігіміздің ырғағын бұзуға дәтіміз шыдамай, батылдықтың не екенін ұмытқанда – санамызды шайқайтын қуатты күші бар. Адам жанының диалектикасын түсіну қиын. Мың қатпар болмыстың қай жұмбағына үңілсеңіз де, түбіне жетпей, әр жеткен межеңізде жаңа бір жауап тауып, жаңа бір қатпар ашып, таңғалумен боласыз. Өнер адамды ойландыруы тиіс.

«Біз бұл конференцияда мынау әлемді осындай қиын жағдайға душар еткен, шешімін табу күннен-күнге күрделеніп бара жатқан конфликтілердің себебі мен салдары жайлы айтамыз. Конференция — әлемге деген, адамға деген бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі түсініктің қақтығысы туралы. Ол екі әлемді «батыс» пен «шығыс» деп бөлгім келмейді, өйткені біз қазір олай қарай алмаймыз. Бүгінгі таңда батыс әлемінде де, шығыс әлемінде де әртүрлі елдер бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, неше түрлі саяси және діни структуралар қалыптасып кеткен, сондықтан әлемді батыс пен шығыс деп бөлу мүмкін емес. Біз бұл қақтығысты ең әуелгі екі түсініктен тарқатар едік: бірі – «діни дәстүршілдік», екіншісі –«гуманистік рационализм» депті Фархад Молдағали.

Енді шығыс пен батысты қалай қосамын десеңіз де, қоса алмаймыз. Оны бұл қойылымында Фархадтың өзі көрсетті. Барлық қатысушылар сөйлеп болған соң, ең соңында Иран ақыны, Нобель сыйлығының иегері шырын Ширази сөйлейді. Конференция біткен кезде бәрі тарқап кетіп, Шырын Ширазы қалып қояды. Араларын қорған бөледі. Яғни бәрі тек талқылады. Іштегі шерін шығарады. Тіпті жеке бастарының сезімдерін ортаға салды. Бірақ Иран мәселесі бәрібір бөлек қалды. Бұл режиссерлік шешім. Жақсы шешім. Ондай болса, неге әлемді шығыс пен батыс деп бөле алмаймыз. Пьесаның бір кейіпкері айтқандай, менталитеттер ұқсамайды.

Даниел Кристенсен (Асан Мәжит) шығып, адамдар тек алуды ойлауды, беруді де үйрену керек деген тезис ұсынды. Оны өз мысалымен айтты. Аудармадан осы «қалағаныңды ала бермей, біреудің де қалауын орындауға тырыс» деген кейіпкер аргументі көп жағдайда калькаға түсіп жатқандай көрінді. (Бұл аудармашыға қатысты пікіріміз. Структура сөзінің жиі қайталануы, Оливер Ларсен сөзіндегі «менің жақын танысым» деген сөздің көп айтылуы көрермен құлағына жағымды әсер ете қоймайтынын айта кетейік).

Иран конференциясы
Фото: Иран конференциясы

Хош. Даниел Кристенсен сөзі батыс елдеріне астармен айтқан сөз болды. Күшті ел өз қалауын ғана қанағаттандырғысы келеді. Бірақ ол мүмкін бе? Жоқ. Экономикасы қуатты ел саудаға үстемдік етеді, саяси институттары күшті ел дипломатияда ырық бермейді, қару бар ел агрессия көрсетеді. Сонда әлсіздері не істеуі керек? Жалпы біреу біреуге бір нәрсе істемей, әркім өзімен болса, кімге зиян?

Оливер Томсен (Ерлан Біләл) сенімсіз өмір сүрудің мүмкін емесін айтады. «Міне, осы бір сезім, үнемі тылсым бір дүниенің бар екенін сезіну, бәрінен де маңызды дүниенің бар екенін сезіну, бізді қоршаған әлемнің бәрінде оның бар екенін сезіну – діни танымның басты принципі» деген Оливер мырзаның сөзінде адам баласы тылсымға сенбей тұра алмайды дейді.

Магнус Томсен (Дархан Сүлейменов) – пьесадағы қақтығыс пен қарым-қатынасты, әрекетті қозғаушы кейіпкер. Ол бақытқа тоқталады. Дания сияқты өмір сүруге қолайлы елдің адамдарының бәрі бақытты деп есептейді. Ал бақыт деген не? Әлеуметтік жағдайың жақсы болса, адамдармен жақсы қарым-қатынасты болса, отбасың аман болса – сол бақыт па? Әлде бақыттың басқа бір өлшемі бар ма? Біздіңше, бақыттың өлшемі әртүрлі. Ал батыс елі бақыттың нақты бір өлшемін жасағысы келеді.

Эмма Шмидт-Паулсеннің сөзінде жан бар. Ешқандай экономикалық жағдайы жоқ елдің бақытты болуы, олардың көздерінде әлдеқандай бір құпияның болуы ненің белгісі? Демек, бақыт тек әлеуметтік жағдаймен, жақсы қарым-қатынаспен шектелмесе керек.

Иран конференциясы
Фото: Иран конференциясы

Ал Густав Йенсен (Еркебұлан Дайыров) адамдар өздерінің ішіне үңілмей адамзаттың төрт құқығын қорғағысы келеді дейді. Пьесадағы Астрид Петерсонмен (Ақбота Рахат) Густавтың бұрын отбасылы болғаны анықталған кезде олардың жеке басының трагедиясы ашылады. Сонда адамдар өздерін ұмытып, әлемді түзеуге бет алған. Шынтуайтына келгенде, олардың әрқайсысы бір-бір әлем ғой. Алдымен өз әлемдеріне үңілуді ойлауға тиіс еді ғой. Шекспир мен Вырапаевтың айырмашылығы осы да. Немесе автор бұл қадамға мақсатты түрде барды.

Пускуаль Андерсен батыс елі игілік деп атап отырған адамзаттық құндылықтардың бәрінің бастауында руханият жатыр. Адам баласы жеткен әдеп жетістіктерінің бәрі рухани біліммен шыққан. Бірақ оны Астрид пен Магнус сияқты адамдар мойындағысы келмейді.

Шырын Ширазидың махаббаты үшін қуғын көргені біз түсінбейтін менталитеттен туған құбылыстар. Оны батыс ешқашан түсінбейді. Бәлкім, біз де.

Бұл қақтығыстар бұрын да болған, бола да беретін арбасулар. Şam театры осы бір арбасуды қазақ театрының сахнасына әкелгенінің өзі жаңалық болды. Өнердің өнер үшін емес екеніне және бір көз жетті.

рахат әлішер
Фото: ашық дереккөз

Әлішер Рахат, жазушы-аудармашы: Қазақ интеллигент отбасы қалай болу керек дегенде ойланып қаласың

Бұл жерде тура Қазақстандағыға ұқсас мәселелер қозғалады. Еліміздегі мәдениет – «діни дәстүршілдік», «гуманистік рационализм», оның сыртында өзіне тән дәстүрі болып бөлінеді. Шығыс пен батыс арасындағы халықтың дәстүрлері арасында өздерінің кім екенін таба алмай жүргенін, бұқара халықтың көңіл күйін ғалымдардың аузымен дәл береді. Пьесада тоғыз кейіпкер бар. Бірақ техникалық себептерге байланысты сегіз боп қысқарды. Сол кейіпкерлердің әрқайсысында шындық бар. Бірі – «адам құқықтары кез келген жерде сақталуы керек» дейді, екіншісі – «біз құдайы жоқ әлемде өмір сүреміз. Құдайы жоқ қоғам матералист болады. Құдайы бар әлемнің қандай болатынын түсініп алуымыз керек. Бәлкім, біз құтқарғымыз келіп жүрген Иран халқының қалауы ондай емес шығар» дегенге келтіреді.

Мұның ішінде дін мәселесі де көтеріледі. Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана елімізде хиджаб кию қат­ты талқыланды. Қоғам екіге жарылды. Бұл сол кезге дәл түсіп отыр. Есептелген дүние емес еді. Тек сәйкес келіп қалды.

Пьесаны аудару кезінде бірқатар қиындықтар болды. Қазақ тілін қаншалықты жетік меңгергенімді білмеймін. Бірақ оған қатысты біраз сын айтылып жатыр ғой. Жиі байқайтыным – театрда жақсы бір ұстаным бар, яғни мәтінді қарапайым адамның тілімен жеткізуіңіз керек. Әртістер айт­қанда кібіртіктеп қалмауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда ғалымдардың сөзін аудару қиын болды. Себебі біздің тілде баламасы жоқ сөздер бар екен. Оларды түпнұсқада немесе ғылыми терминде қалдыруға тырыстым. Оны айт­қан кез­де тұрпайы естіледі екен. Шын қазақ интеллигенциялық отбасы қалай болу керек дегенде ойланып қалдым. Өйткені оларды телеарнада, я болмаса басқа жерде насихат­тамайды ғой. Бізде қарапайым қазақ, асып-тасыған ештеңесі жоқ, бауырмашыл деген жат­танды образдар бар. Сол жағынан насихат­таймыз да, шын мәнінде көзі ашық, көкірегі ояу, өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ жазушыларының отбасы шын мәнінде интеллигент болды. Сол дәстүр бүгінде жалғасын таппай қалды деп ойлаймын. Сондықтан әлеумет­тік жағдайы көтерілген отбасы орысша сөйлеп кететін шығар. Қазақ тілді ортада әзіл, жайдарман, ойын-сауық басым. Сондықтан аударма кезінде соның біраз әсері болып, қиындықтар туды.

Досхан Жылқыбай
Фото: Досхан Жылқыбай

Досхан Жылқыбай, жазушы: Мәдениетті адамдарша мен де шапалақ соқтым

«Иран конференциясы» бірінші кезекте біздегі дәстүрлі театр сынының және драма теориясының ескіргенін көрсеткендей болды маған. Тіпті бұл тұтас әдебиеттегі соцреализм қалыптастырған теорияларды өзгертуге бастайтын болар. Дегенмен қойылымның эксперименттік қыры басымдау. Дәстүрлі театр сахнасындағыдай оқиға жоқ. Телеспектакль деп атар едім. Әрбір сөйлеушіні, оның конфликтіге келген адамын бірден сахнадағы экранға шығарып отыратынынан бөлек, уақыт пен кеңістік тұрақтылығы осы ойға бастайды. Тұтас қойылым – бүгінгі «Фейсбук қоғамның» көрінісі. Әркімнің өз пікірі бар. Сол пікірді ортаға салып, жұлмаласып, ырылдасып жатады. Соңында ойын өзгертіп жатқандары шамалы. Әрқайсысы өз ойында, пікірінде қалады. Жалпы әлеуметтік желілер біреудің ойы емес, позиция таныту құралына айналған. Әсіресе санасы саясиланған қоғамда бұл тіпті маңызды болып тұр.

Спектакль де ойлардан гөрі адамдардың ұстанушы позициясына құрылған сияқты. Фейсбуктағыдай бәрі жиналды, өз ойын айтты. Бірақ олардың ешбірі шешім ұсынған жоқ. Тіпті Ираннан келген әйелдің сөзімен айтсақ, «Иран проблемасын емес, еуропалықтар өз проблемаларына», өзара конфликтеріне ойысып кеткендей. Бұл спектакль соңында тіпті нақты көрініс табады. Конференция барысында бірбірімен конфликт тудырғандар қолтықтасып, әңгімелесіп шығып бара жатты.

Ал тас қабырғалар арасында қалған Ираннан келген келіншек қана. Конференция басталарда жүргізуші «бүгінде әлем батыс пен шығыс болып бөлінуден кетті» деген сарында әңгіме айтады. Бірақ спектакль осы шешімді толықтай жоққа шығарды. Еуропалықтар бір тарап та, Иран келіншегі мүлде қарсы тарапта сөйлегендей. Оның туған жері, елі туралы аяулы сезімдерінен – романтика аңқиды.

Ал Дат елінің бақыты туралы айтқан жігіттің сөздері көбіне статистикаға құрылады. «Кішкентай халықтардың ұлы түстер» көретінін еске түсірді осы тұс. Спектакль соңында барлық мәдениетті адамдарша орнымнан тұрып, мен де шапалақ соқтым. Бірақ не үшін шапалақ соққанымды білмеймін. Қойылым тұтас ойымды төңкеріп тастады деп те, бей-жай қалдырды деп те айта алмаймын. Тағы сол фейсбуктегі бір пост астына жазылған мыңдаған пікірді оқып шыққандай күйде қалдым. Өнерді үміт сыйлаушы, жол көрсетуші, шешім шығарушы деп танитындар үшін ауыр соққы болғандай.

Тыста шылым тартып тұрып, әр халықтың өз проблемасын өзі ғана шешуге қауқарлы екенін ойладым.

Бағашар Тұрсынбайұлы