Адасқан қаздай қаңқылдап...
Осы заманғы қазақ поэзиясында «Жәркен жырау» деген атпен өзіндік қолтаңба қалдырған жалғыз ақын осы Жәркен Бөдешұлы болды десек артық айтқан болмас едік.
Өйткені Жәркеннің бүкіл жырлары кешегі өткен Ақтамберді, Шалкиіз, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат сынды тәңірі текті жыраулардың жырымен үндесіп, сабақтасып жатқандығына куә болып келе жатырмыз.
Қазақ көркем сөз өнерінің ауыз әдебиет түрінен жазба әдебиет түріне ойысқалы әлденеше ғасыр бола қоймағандығы белгілі. Бұл біздің көркем сөз өнеріміздің ауыз әдебиетінен әлі де тым алыстай қоймаған, жас әдебиет екендігін көрсетеді. Жалпы әдебиет тарихына көз жібергенде, жазба әдебиет түрі пайда болуымен ауыз әдебиет түрі бірден жоғалып кете қоймайтындығы белгілі. Қайта олар бір-біріне әсер етіп, ұзақ уақыттар бойында қатар дамитын кездері болады. Жазба әдебиет кең өріс алып дамыған кезде де, ауыз әдебиеті оған сарқылмас нәр беріп, оның бойына қан жүгіртіп, үлгі-өнеге көрсетіп отырғандығын көреміз. Сондықтан халықтың ауыз әдебиеті – ұлт әдебиетінің қайнар бұлақ бастауы деп қарау дәлелденген ғылыми қағида деп қарау ләзім.
Қазақ әдебиетінде осы айтылған қағидаттың жарқын үлгісіндей болып, жыраулар жырын жалғастырып, өмір бойы жыр жазған жалғыз ақын – Жәркен Бөдешұлы болды. Жәркен жырлары қазақ поэзиясына бір қиырдан жаңа бір леп, өзгеше сарын болып қосылған, айрықша құбылыс деп қарауымызға болады. Жәркен жырындағы бұл ерекшелік дәстүр ретінде, ата заманның сарқыты ретінде сақталып, жалғасын тауып, жаңа өріммен, тың мәнермен өрісін тауып жатса, арман бола қоймас еді! Бұндай сыпаты бөлек, алабөтен жыр-толғаулар қолдан жасап ала қоюға келмейтін, қайталана бермейтін сирек құбылыс. Жәркен поэзиясының өз оқырманын сыр мен сезімге жетелеп әкететін, құнарлы жыр-толғауларын бабалар сөзінің сарқыты санатындағы ұлттық құндылық деп бағалауымыз керек. Жыраулық жырдың мұндай мұңлы-сырлы, шерлі толғауы қайта туа қоюы екіталай құбылыс. Оны тағы да бір Жәркен туғанша күтуімізге тура келмесіне де кім кепіл! Ақынның көзі тірісінде оның қадіріне жеттік пе, жетпедік пе, оны патша көңіл оқырман өздері біле жатар. Десе де «қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейтін мәтелді еріксіз еске салып, қайран Жәркен өзекті өртеп, өмірден өте шықты.
Айтып-айтпай, қазақ өмірінің бүкіл болмысын, арғы бабалар заманын да, келер күннің не дайындап келе жатқан кескін-келбетін де сол тәңір текті жыраулар өзегін өртеп, жүрегін тербеп жыр етіп, жосылтып айтып бермеуші ме еді! Құдіретті сол жыраулар жалпақ ел, жағалай жұрттың атынан ғана сөз ұстап, жыр толғайтын. Оларда «мен» дейтін қарақан басының қамы, от басы, ошақ қасының күйкі тіршілігі сөз болмайтын. Ұлтты тану деген ұлы ұғым осы жыраулар жырынан бастау алады десек артық айтқандық болмас еді. Жәркен жыраудың жырлары да осы сарынмен шерлі жүректің толғауы болып, төгіліп кетуші еді ғой:
Тарбағатай,
Алтайдың –
Теріскейі, күңгейі,
Еміп жатқан жыл бойы –
Аузымыздағы уыз толы омырауым емес пе?!
Омырауымды,
Қоңырауымды –
Салдырдың-ау бөліске,
Осыларың жөн іс пе?!
Қарға тамыр елдігімді жат көріп,
Аш бөрідей қос бүйірден тап беріп,
Айырдыңдар екіге
Бір жүректі қақ бөліп.
...
Ежен хан мен ақ патша –
Обалымызға қалдың-ау!
Сауыры тұтас Сарыарқадай ғаламды,
Бауыры бүтін, бауырмал, аңқау адамды,
Бөліп ап билеп төстейтін –
Салттарың қандай жаман-ды... –
деп жат қолымен екіге бөлініп қалған қазақ елінің түннен қараңғы қасіретін жыр етіп жосылтуы қандай!
Жәркеннің өмір жолы күрделі болған, тағдырлы ақын. 1960 жылдардың соңына қарай Шыңжаң университетіне оқуға қабылданып, 1970 жылдардың бас жағында шекара бұзып, Қытайдан атамекенге қашып өткен болатын. Ол тұс – Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған, қаһарлы кезі еді ғой. Сол өкімет Жәркенді Қытай шекарасынан алыстатып, Көкшетауға қой бағуға жібереді.
Қой бағып жүр дегенше,
Ой бағып жүр десеңші.
Қойны-қоншын өлеңге –
Қойма ғып жүр десеңші! –
деп, өзінің ақын екендігін дәлелдеп, Алматыға әдеби ортаға келсем деп, Қабдеш Жұмаділовке хат жазып, жәрдем сұрайтыны осы тұс. Тағдырлас сол ағаларының көмегімен панасыз ақын Алматыға, әдеби ортаға, азып-тозып жүріп, әрең оралған болатын. Бұдан кейін де оның жағдайы жақсарып, кенеліп кеткені шамалы. Қытайдан келді дейтін сол өгейлік, көзтүрткілік өмірінің соңына дейін оның қыр соңынан қала қойған жоқ. Оның шығармаларының өз тереңіне орайлас зерттеу әлі жасалған жоқ. Жәркен жырлары туралы әдеби сын да салдарлы сөз қозғап, лайықты бағасын әлі бере қойған жоқ. Жәркеннің поэзиясы мемлекеттік дәрежедегі жоғары сыйлықтарды алуға да лайықты шығармашылық болатын. Амал қанша, ондай сыйлықтарды беріп, ақынның еңбегін бағалап, қадіріне жетуге біздің кеңестік үгіт-насихатпен суарылған ағайындар ықылас таныта қойған жоқ.
Емеспін топас күшіген,
Қыранмын бәрін түсінем.
Жылы сөз естіп көргем жоқ,
Үлкеннен яки кішіден, –
дейтіні сондықтан еді.
Отаршылдар Қазақстандағы қалған қазаққа: Қытайдағы қазақтар Кеңес одағы құрылып жатқан кезде, сол өкіметке қарсы болып, қашып кеткен бай-құлақтар, бандылар болатын деп үгіт-насихат жасап, түсіндіріп келгендігі белгілі. Орыстардың жүргізген осы зымиян саясаты, шетте жүрген қазақтарға күні бүгінге дейін өз салқынын тигізіп келе жатқаны жасырын емес. Қабдеш Жұмаділов: « ...ол жылдары КГБ-ның адамдары баспа мен жазушылар одағын көзден таса қылмай келіп-кетіп жүретін-ді. Баспаның орыс әдебиеті редакциясында Нүзет Умеров дейтін Қырым татары жұмыс істеуші еді. Көбінше сол байғұсты торуылдайды. Өйткені Қырымнан күшпен жер аударылған татарлар ең сенімсіз ұлт саналады. Оларда атақоныстарын қайтарып алу жолында қайтпай күресумен келеді. ...менің таң қалғаным бұл емес, басқа нәрсе. Бір күні жаңағы Нүзет Умеров мені оңаша шақырып алды да:
– Қабдеш, сен абайлап жүр, артыңда аңду бар! – деді өзінше жанашырлық білдіріп.
– Сен оны қайдан білдің?
– Сенің жүріс-тұрысыңды бақылап жүруді КГБ маған тапсырып та қойды...
– Сен соған келістің бе?
– Келіспегенде не істеймін? Біздің жағдайымызды білесің... бас шайқауға қақымыз жоқ.
Дүниеден түңілгенім сонша, жерге бір түкірдім...»
«Таңғажайып дүниеде» деп жазған болатын.
Сонда Қытайдан келген талантты қазақ жазушысының қуғында жүрген, сенімсіз татарлар құрлы сенімінің болмағаны ғой. КГБ-ның осы тапсырмасын біздің белсенді қазақтар әлі де ұмыта қойған жоқ. Өйткені Қытайдан келген қазақтарды күні бүгінге дейін ешқандай жауапты қызметке тағайындамай, сенімсіздікпен қарайтыны сондықтан. Ал санасы отарланбаған басқа ұлттар Кеңес одағы мен КГБ-ның ондай ішмерез саясатына мүлде сенген жоқ, қайта оған қарсы жұмыс жасады. Мәселен, Балтық жағалауындағы елдер тәуелсіздік ала салып, Американың азаматы болып кеткен қайраткер азаматтарын шақырып әкеліп, сол Америка азаматы күйінде еліне президент етіп сайлап алғанына куә болғанымыз кеше ғана емес пе! Ал біз шеттен келген, қытай реформасының бел ортасында жүріп, ауыл, аудан, аймақ басқарған тәжірибелі қандас азаматтарды жай бір ауылға әкім етіп, тағайындап, оның жұмыс тәжірибесін пайдалануға сене алмай, «кеңестік қырағылық» танытып отырмыз. Бұл шеттен келе салып, қазақ қоғамынан мансап, мәртебе дәметіп айтып отырған әңгіме емес, қазақтың қоғамдық санасының қаншалықты отарланып, құлдықтың таяқ таңбасының соншалықты батып кеткендігінің тағы бір көрінісін еске салады. Басқасын айтпағанда, қазақ тілінің жағдайын көз алдыңа әкелсең де, бұл жағдай тіптен айқындала түсетіндігі белгілі!
Жәркен – бүкіл өмірін жыр жазуға арнаған ақын. Ол өлеңнен басқа қызылды, жасылды басқа да бір дүние бар дегенге мойын бұрып, қызыға қараған кісі емес. Өлеңнен басқа тіршілікке икемі де, қолынан келері де бола бермейтін қорғансыз жан еді. Бұлтағы жоқ, бұланай тұлғалы жаны таза, бала мінезді пақыр болатын. Туған жер, туған туыс, аға-бауырдан қол үзіп кеткен өгейлігін, жалғыздығын, панасыздығын бір кісідей жырлап өтті:
Бұл күнде ай қорғалап, күн тарылды,
Құтырып кәрі мансап гүл тағынды.
Жабының тор тайына күнім түсті,
Ошарлар орға жығып тұлпарымды.
Толқынға қарсы салып жыр кемесін,
Өлсең де арыңменен бірге өлесің.
Бермейді қолын ешкім батып кетсең,
Қалтаңа алтын салып жүрмегесін.
Жататын орыны – мамық,
Жолы – кілем,
Байлыққа қолым жетпей торығып ем.
Дарының судай тасып тұрғанымен,
Жоқшылық ақындықтың соры білем... –
деп жоқ-жұқана тірлігін жырына қосып, адасқан қаздай қаңқылдап, мұңаятын шақтары қорғансыз ақында аз болмайтын.
Жәркен жырының айнымас бір арқауы – туған жері Жәйір тауы туралы болатынын білесіздер. Жәркен неге Жәйірді аңсап жыр жаза береді дейсіз ғой? Ол оның ата-бабасының күл төккен, қасиетті қара қыстауы болатын. Бұл өлке әлдебіреулердің ойлағанындай қашып барып, паналаған, кездейсоқ, уақытша қонысы емес, жеті атасының басы қалған қасиетті мекені, кіндік қаны тамған боз даласы болатын. «Боздаған боз даланың ботасы едім» дейтін тағдырлы ақын еркінен тыс сол даладан кетуге мәжбүр болды да, туған өлке қол жетпес арманға айналып, жыр болып жүрегінен төгіле беретін сағынышты күй кешті.
Ата жұртым – Өр Алтай,
Туған жерім – Жайыр тау...
Баласындай арқардың екі тауға тең өстім,
Арғы тауға – асумын,
Бергі тауға – белеспін.
Жарымаған уызға жарты қазақ емеспін.
Тілі бүтін сөйлейтін,
Діні бүтін өлмейтін,
Мынау бөлшек ғаламда мен бір бүтін қазақпын,
Бөлшектеуге келмейтін... – депті.
Осы өлеңі Жәркеннің бүкіл болмысын бейнелеп беріп тұр.
Дәстүр мен жаңашылдық деп аталатын ұғымдар екі бөлек дүние емес, қайта егіз қатар өрістейтін, бірінен-бірі туып, бірін-бірі толықтырып, диалектикалық бірлікпен дамитын құбылыс. Үзілуге айналған жыраулық дәстүрді жанұшыра жыр жазып, ХХІ ғасырға жеткізген Жәркен жыры қандай құрметке де лайық құндылық деп қарауымыз керек.
Ей, ел ағасы сұлтаным!
Сізге өкпем жоқ еді,
Айтарым бірақ көп еді:
Мынау жалған заманда қарауылсыз қоймаңыз,
Қарауыл атты төбені.
Қарауылсыз қойсаңыз – Қарауыл атты төбені –
Күллі елдің іргесін күрделі жау сөгеді.
Бура – інгеннен айырылып,
Буыршын мұзға шөгеді.
Қайран біздің бабалар ұрпақ қамын ойлаған,
Төңірегіндегі төбені қарауылсыз қоймаған...
Осы жырларды оқығанда Абылай ханның ордасында отырған Бұқар жырау еске түседі де, оқушыға жыраулық дәстүрдің әлденеше ғасырын жалғастырып тұрғандай әсер береді. Бұл өзі байырғы бабалар заманынан келе жатқан, жалпақ ел, жағалай жұрттың жоғын жоқтап, ел іргесінің бүтіндігін тілеп, хан, сұлтанға ескерту жасап отыратын тәңірі текті жыраулардың дәстүрі болатын. Жәркен жырлары осы жыраулық дәстүрге жаңа өрнектер қосып, тың ойлармен, жаңаша жаңғыртып, жырлап отырғандығын көреміз.
Өрісті өнердің өзгеге жат, қазаққа ғана тән, таныс бір айрықша сыпаты осы жыраулық толғау. Баяғы бабалар заманының құнарлы бір белгісіндей болып, туған елдің қапыда кеткен мұң-зарын шертетін бір жосын сөз осы Жәркен жыраудың жырларынан жазбай танылады. Әдебиет тану ғылымында Жәркеннің жазған өлең-жырлары, өлеңдік формасы, сарыны, мәнері, бояуы, тапқан тұшымды сөздері әдебиетіміз бен көркем сөз өнеріміздің қазынасына не қосты? Қандай қасиетімен құнды? Міне, осы сұрақтарға жауап тауып, зерттеу жүргізу әдебиет тану ғылымы мен сынының бір парызы осы болса керек. Жәркеннің ақындық болмысы мен азаматтық келбеті сонда ғана айқындала түсетін болады.
Әрмиябек Сағындықұлы, сыншы
Жәркен Бөдешұлы
Туған таудың бөлшегі
Тас бар деп бүйрегіңде дәрігерім,
Жарымның ұялады әріне мұң.
Достарым, балаларым бәйек болып,
Бағады қабағымды бәрі менің.
Шаң жұтқан қазанаттай жорықтағы,
Бұл дерттен көмпіс жүрек қорықпады.
Сіңірген бал мен зәрді қайран бүйрек,
Қайтейін, түйір тасты қорытпады.
Амал не, қорытпаса, қорытпасын,
Шыдармын өз сорыма жолыққасын.
Дәрігер бір амалын табар, білем,
Әйтеуір, байғұс көңіл торықпасын.
…Қалай да тас барлығын мойындағам,
Басқа еді бірақ менің ойымдағы ән.
Секілді күдікті жан мазам кетті,
Біреудің қорасынан қой ұрлаған.
Қай таудың тасы екен деп ойланамын,
Тасиды ойлансам-ақ бойда қаным.
Ат жалын тартып мініп, ес білгелі,
Жолына қай тараптың бойламадым…
Сыр бардым, Арқа бардым, Алтай бардым…
Бір емес, Алатауды алты айналдым.
Жерінде Көкшетаудың есім жиып,
Өрінде Тарбағатай марқайғанмын.
Қашан да тас ыстық қой тау ұлына,
Аттанам тауды аңсасам ауылыма.
Қай таудың тасы екен деп сол бүйректегі,
Тәнті еткен жауынына, дауылына.
Сол үшін көлшік-көңіл тасып әлек,
Оралып ой қиялдар басыма көп.
Торғайдай сарайыма ұялаған,
Сезіндім туған жердің тасын ерек.
Мен де бір өнер қуып жүрген сері,
Жаныма асқақ ән мен жыр көрші еді.
Алыстап тауларымнан кеткенімде,
Денемде жүрсін солай бір бөлшегі.