Адасып болдық па? Жетер енді!

Әлем мемлекеттерінде саяси режимнің үш түрі болады.
Адамға ең жайлысын, ең жұмсағын, құқық сақталатын, ең тәртіптісін, халқы бай және билігі жиі ауысатындарын демократия дейді екен.
Сосын авторитарлық және тоталитарлық режимдер болатынын байқап жүрміз. Әттең, ондай режимдерде кез келген адамды мемлекет кез келген уақытта кез келген себеппен қудалайды, соттай салады, өлтіріп кетеді.
Демократияның басты белгісі – онда адам еркіндігі мен құқығы ең жоғары құндылыққа жатқызылады.
Ондай елде адам кез келген мәселеге байланысты өзінің ойы мен пікірін еркін, ашық айта алады. «Ертең мені осы пікірім мен көзқарасым үшін соттайды-ау экстремист деп, не өлтіріп кетеді-ау» деп еш қауіптенбейді. Ондай елде көшеде наразылық шарасын өткізу үшін ешкімнен ешқандай рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Емін-еркін жүреді ондай елдің азаматы.
Демократияның екінші белгісі – заң мен құқық бұзылмайды. Ондай елде заң алдында шынымен де бәрі бірдей екен. Депутатсың ба, оның тоқалысың ба, президенттің інісісің бе, көшедегі бұзақысың ба – бірдей қылмысың үшін алатын жазаларың бірдей болады. Ондай елде әртүрлі партия көп, алуан түрлі пікір көп болады. Демократия жалпыға бірдей міндеттелетін жалғыз идеологиямен жүрмейді, ондай жерде бәрін әділ бәсекелестік шешеді.
Авторитарлық жүйенің ерекшелігі – бір сүйкімсіздеу сұмырай қайта-қайта сайланып алып, елді бір өзі билеп-төстеуге құмар келеді. Өркениетті әлемді алдау үшін ғана небір халықаралық жиын-форум өткізіп, халықаралық құрылымдарға мүшелікке кіріп алуға тырысып, сырт көзге әжептеуір әділетті сайлау өткізгендей қылып өтірік сайлау ұйымдастырудан алдына жан салмайды екен. Ондай елде басшы атаулы өмірі орнынан кетпей, отырып алады. Өйткені басшының бәрі біреудің тамыр-танысы еді… Ондай жүйеде қарапайым халық үшін тыйымдар, шектеулер, айыппұлдар көп болады.
Ал тоталитарлық жүйелерде мемлекет қоғам өмірінің барлық саласына араласып, бәрін өзі бақылап-реттеуге тырысады. Банктер де соныкі, баспасөз де соныкі, баспананы да мемлекет өзі қарызға береді, ақыр аяғы жеңілдетілген авто несиені де өзі үлестіреді. Адам құқығына, заң деген нәрсеге мұндай мемлекет түкіре салады. Адамға еркіндік бермейді, барлық құқығын шектеп тастайды.
Сосын айтпақшы, ондай режимде көсемге жаппай табынушылық болады. Оған ескерткіш қою, есімін көшелерге, әуежайларға беру, жаппай жағымпаздану міндетті түрде қатар жүреді. Тоталитарлық режимде идеология біреу, партия да біреу. Қалған партиялары қолдан жасалған, сырт көзді алдау үшін тіркеп қойылатын өтірік партиялар. Тіпті шын оппозицияны өлтіріп, оның орнына өтірік оппозиция жасап қояды екен олар.
Мұны неге айтып отырмыз? Мұндай қарапайым ақиқатты, әрине, қайран елім, қалың қазағымыздың біліп алғаны, ұрпағымыздың біліп жүргені жөн. Айта берейік, жазып, жеткізе беруіміз керек. Қазақ қашанғы жақсылықты көрмей, аспанын тұмшалап алған жамандықтан арылмай жүре бермек?
Жетер енді. Қазақ түбі пұшпаққа шығуы керек. Қанатын кеңге жайып, өз тілімен, өз басымен, өз жөнімен, өз дінімен, ешкімге жалтақтамай...
Осы боп тұр, қазақтың көкейін мазалайтын қыжылдың ең бастысы.