Әдеби аударманың сыны мен сыры

Ертеректе дүкен сөрелерінен қазақ тіліндегі кітаптарды көп кездестіре қоймайтын едік. Соңғы жылдары кітап нарығы ілгері басып, әдеби аудармалардың да қарасы көбейді.
Енді осы тұста аударманың көркемдік табиғаты мен сапасы деген сұрақ алдыға шығады. Өйткені кейбір аударманың сапасы көңіл қуантқанымен, тағы бірі сын көтермейді. Біз бұл жолғы әңгімемізді аударма төңірегінде өрбіттік. Негізгі сұрақтар «Әдеби аударманың сапасы қалай, оған кім баға беруі тиіс? Көркем аударма мәдениетін қайтсек көтереміз?» деген сұрақтарға саяды. «Жас Алаштың» сауалына ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, «Steppe and World» баспа үйінің басшысы Раиса Сайран Қадыр пікір білдірді.
Дәурен Берікқажыұлы:
Аудармамен жолшыбай қосылған адамдар айналысып кетті
Кейінгі жылдары кітап дүкендеріндегі қазақ тілді контенттің молая түскені көзді де, көңілді де қуантады, әлбетте. Бұрын жетім қыздың жиылған жүгіндей бір қалтарыста ғана тұратын қазақша кітаптар осы күнде мазмұн жағынан да, тақырып әр алуандығы мен дизайн ерекшелігі тұрғысынан да көп ілгерілеген. Әрине, бұл қазақ тіліндегі кітаптар талғамы жоғары оқырман қауымның барлық сұраныстарын толық қанағаттандырады деген сөз емес. Мен салыстырмалы түрде айтып жатырмын бәрін. Басқасын былай қойғанда, әлем әдебиетінің ең үздік нұсқалары да әлі қазақ тілінде толық сөйлеп үлгерген жоқ. Ал «сөйлегендері» негізінен аралық (негізінен орыс тілі) тіл арқылы аударылғаны ешкімге де жасырын емес. Бізде түпнұсқадан аударылған кітаптар жоққа тән. Ең үлкен өкініш – осы. Содан кейін бүгінгі күнге тән ең үлкен қателіктердің бірі – түпнұсқа тілден аударылды деп сүйіншілеткен кітаптардың дені де-факто орыс тілі арқылы аударылғандығы. Кітап аударумен кәсіби аудармашы, әдебиетші, я бір тіл маманы емес, айдаладағы адамдардың айналысуы – әдебиет үшін зор қасірет. Одан кейін аударма сияқты іргелі жұмыспен жолдан жолшыбай қосылған адамдар айналысып кетті. Соның кесірінен біз қазақ тілінде жарық көрген мыңдаған түсініксіз мәтіндерді дүниеге әкелдік. Кітапты оқып отырып, ештеңе түсінбейтініміз де сол. Аудармашының статусы қалыптаспаған, аударма саласына жауапты бір департамент жұмыс істемейтін елде қайдан сапа болады? Маған «шығармамды ағылшын тіліне аударып беріңізші» деп шығатын адамдар көп. Мен күлем, ондайда іштей. Аңғалдықтарына, әрине. Олар бізде кітапты ағылшын тіліне аудару былай тұрсын, орыс тілінен сапалы аударылған дүниелер аз екенін қайдан білсін?! «Болашақ» бағдарламасы арқылы болсын, басқа бағдарламалар арқылы болсын, шет тілін үйренген жастар бізде аз емес, бірақ солардың дені қазақтың әдеби тілін білмейді. Өзінің ана тілін жарытып білмеген адам сапалы аударма қайтып жасайды сосын? Айта берсе, әңгіме көп. Оны тыңдап жатқан адам жоқ бірақ. Және бұл жүрдім-бардым, бір сауалнама деңгейінде айта салатын сала емес.
Раиса Сайран Қадыр:
Әдеби аударма – күрделі әрі баяу процесс
Ең әуелі, аударманың сапасына баға беретін – оқырман. Біздің баспа міндетті түрде кітаптарды түпнұсқадан, тікелей ағылшын, неміс, түрік тілінен аударады, сол себепті аудармашының кәсібилігіне баса мән беремін. Екіншіден, сапалы аудармаға септігін тигізетін маңызды дүние – редактордың қызметі. Аударманы оқырманға бейімдеп, бір жағынан автордың сөзінен ауытқымай, бір жағынан қазақ тіліне сай түсінікті, көркем дүние дайындау өте маңызды. Кей авторлардың түпнұсқа шығармаларында сөз, сөйлем қайталануы сияқты мәселелер жиі кездеседі, ал редактордың шешімі осы тұста үлкен рөл ойнайды. Баспамыздың негізгі бағыты – балалар әдебиеті болғандықтан, қысқа тақпақ, өлеңдерді аудару бірнеше айды талап етеді. Себебі тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне сапалы аударма жасау, атап айтқанда, өлеңдерді тәржімалау – күрделі процесс.
Әдебиеттердің басым бөлігі ағылшын тілінен орыс тіліне, кейін қазақ тіліне аударылатыны рас. Десек те, біздің баспадағы артықшылық та – осы, түпнұсқадан аудару. Көп жағдайда авторлар бізге осы талапты қояды. Баспада осыған дейін шыққан 115 кітаптың ішінде бір ғана кітап, «Анна Франктың күнделігі» орыс тілінен аударылған. Бұған себеп – голланд/нидерланд тілін білетін аудармашының болмауы еді, ал қалған кітаптардың аудармасы түпнұсқаға тиесілі. Баспада аудармашыға қоятын басты талап – тіл білу, негізге алған автор, шығарма туралы барынша көбірек зерттеу жасау және бастысы – қазақ тілінде еркін, шебер сөйлеу, жазу, өз әдебиетіміз туралы жан-жақты білу.
Осыдан 10-15 жыл бұрын дүкен сөрелерінен қазақ тіліндегі кітаптарды көп кездестіре қоймайтын едік. Соңғы жылдары кітап нарығы ілгері басып, әдеби аудармалардың қарасы көбейді. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Бірақ кітап нарығы – өте баяу жүретін индустрия, кітапты аударып, дайындап, оқырманға ұсыну процесі де, сату процесі де өте жай жүретін процесс. Бұдан бөлек жарнама, маркетинг процесі бар. Осы процестер сапалы жүргенде ғана баспа үйіндегі әрбір кітап өзінің шығынын толық ақтай алады. Әр баспаның жоғары сатылымға ие бірнеше өнімі болады, мысалы, бізде «Хәрри Потер» шығармасының сериалары, Руан Даһлдың кітаптары, ересектерге арналған «Норвег орманы», «Бату мен достарының бастан кешкен оқиғалары» 3 томдық шығармалар сериясы басқа кітаптарға қарағанда сатылымы жоғары.
Соңғы кезде «көркем аударма ісі бір жолға қойылмаған, аудармашыларды біріктіретін орталық жоқ» деген пікірлер жиі ұшырасып жатады. Десек те, соңғы 5-10 жыл көлемінде бірінші қолға алған – Ұлттық аударма бюросы. «100 оқулық жобасы» арқылы әртүрлі мамандарды аударма ісіне бастап әкелді. Екіншіден, қазір аударма ісіне қызығушылық танытатын, жұмыс істейтін жас мамандар өте көп. Жыл сайын біздің баспаға ҚазҰУ, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен көптеген студент өндірістік тәжірибеге келіп, аударма, баспа процесімен танысады. Олардың аудармасын кейде кітапқа қолданатын кездер де болады.
Дайындаған – Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ