Әдебиет пен джаз немесе Мураками ырғағы
Өткен аптада даңқы мен дақпырты қатар жайылған Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша жүлдесі венгр жазушысына бұйырғаны жайлы ақпарат дүниенің түкпір-түкпіріне таралды. Біреулер мақтап, енді бірі келіспей даттап жатқаны бар. Енді бір тарап Нобельдің биыл да Муракамиге бұйырмай қалғанын айтып, бір шуласып алды.
Хош. Қара қаламның қасиеті мен киесі ағылшын мен неміс, орыс пен француз топырағынан ғана нәр алып, солардың еншісінде мәңгі қалып қояды деп кім айта алады? Әдебиеттің рухы ұлт шекарасынан асып, өркениет тоғысқан кеңістікте ғана өз үнін табады екен. Соңғы бір ғасырда адамзат баласы батыс өркениетінің құндылықтарына ұмтылған сайын, шығыс даналығы мен философиясына деген іңкәрлік те күшейе түсті. Себебі анық. Жан мен тәннің, рух пен ойдың арасындағы тепе-теңдікті іздеу болар, бәлкім. Күншығыс елінің әдебиетіне деген қызығушылық адамзат жадында ежелден бар, бірақ жаңа ғасыр келген соң бұл ықылас қайта оянды, тіпті ерекше сипатқа ие болды.
Ендігі әлем оқырманы Рюноскэ Акутагава мен Ясунари Кавабата, Юкио Мисима мен Кэндзабуро Оэ, Кэндзи Накагами сынды қаламгерлерге, кейін солардың ізін жалғаған, заманауи жапон прозасының жаңа бағытын айқындаған Муракамидің шығармаларына үңіле бастады. Бүгінгі сөз осы ғаламдық мәдени құбылысқа айналған «Мураками феномені» мен оның әдеби әлемі жайында өрбімек.
Оқырманын кейіпкерге айналдырып жіберетін жазушылардың қатары әдебиетте тіпті көп емес. Мұны әлсіздік не артықшылық деп бағалауға болмас. Бірақ Муракамидің сондай қасиеті бар. Бәлкім, кей кітаптар мен авторлар да біз сияқты серік іздейтін шығар. Олардың көңілін сарғайған парақтардан рухына азық, көңіліне медет іздеген, жәрдем тілеген жандар ғана марқайтады. Дәл сондай серік табыла қалса екеуі ешқашан бір-бірінің ішін пыстырмайды, бір-бірін жалықтырмайды.
Кітап саған, сен кітапқа айналып жүре бересің. Міне, қылқаламынан төгілген бояуларға кейде тамсанып, кейде жиреніп отырып Мураками салған суреттің бір бөлшегін айналып бара жатқаныңды өзің тіпті де байқамай қаласың. Әдетте Харукидің шығармасын аяқтап, кітап бетін жапқан соң жапон кеспесін әлде қою кофе ішіп, джаз әндеріне асықпай елітіп, жайдары жымиып отырғаныңызды байқайсыз. Мейлінше шынайы суреттелген күйкі өмірдің сипаттарына әбден қанған оқырман өзінің жапон асханасында ішіне шөкімдеп қана шөп-шалам салынған алдындағы он шақты ұсақ табаққа қарап отырғанын білмей де қалатын сияқты.
Муракамидің ғұмыры шығармаларынан да қызық көрінеді. Ең қызығы, Харуки жазушы боламын деп, оның үстіне әлем оқырманы сүйіп оқитын қаламгеріне айналамын деп тіпті ойламаса керек. Токионың елеусіз көшелерінде орналасқан, әр кеш сайын қонақтарға арнап джаз әндерін шырқайтын «Питер Кэт» атты мейрамханаға иелік етіп, өзіне шақ күйбең тіршілік кешіп жүрген болашақ қаламгер алғашқы романын да осы мейрамхананың ішінде жүріп жазған деседі. (Оның джаз музыкаларын шексіз жақсы көретіні әр шығармасынан байқалып-ақ қалады). Әр туындысының ырғағы, әуені және сол әуенге байланып қалған әсері бар. Әйтеуір жазушы бір күні бейсбол ойынын тамашалап отырады да, кенет «мен де жаза аламын» деген ой санасына сап ете қалады.
Әр сұхбатында ең әуелі ұстаздық етіп, кейін кәсіппен айналысып жүріп қалай жазушы болғанын сұраса, жай ғана «мен жазушы бола алатынымды түсіндім» деп қысқа қайыра салатыны да қызық. Дәл осы ойдың жетегінде жүріп, 1977 жылы Мураками «Желдің әуенін тыңда» атты алғашқы повесін жазып, жариялайды. Кейін бұл повесі үш бөлімнен тұратын «Тышқан трилогиясына» ұласып, соның алғашқы бөлімі боп саналады. Алғашқы повесі жарияланған сәттен көптің көңілі елең ете қалса керек, Мураками повесі туралы қалың көпшілік жарыса жазды. Тіпті жарияланған жылдың өзінде-ақ Мураками алғашқы повесі үшін қатарынан қос сыйлықты қанжығалайды. 150 мың данамен сатылғанын байқап, Мураками жазуын жалғастыра берді. Ол өмірдің өзі секілді әдебиетті де табиғи, еркін, күтпеген формада қабылдады. Сол үшін бе екен, жазушы прозасы жасанды пафостан, басы артық философиядан ада. Ешкімге ақыл айтпайды, кеңес бермейді, тек шығармасында мұңлы ырғақ, көңілсіздеу әуен мен баяу тыныс бар. Уақыттан, қоғам танып берген шарттылықтар мен шеңберлерден ада кейіпкерлер өзіне шақ қайғысына жанын ауыртып, өзіне ғана аян үмітіне көңілін жылытып жүре береді.
Әлемдік мифологияның жалына жармасып, соны азық етіп келе жатқан жазушылар мол. Бірақ аса мәртебелі маэстро олардың тобынан емес. Будданың жапон ағымы әлсіз сезілгенімен, жазушы бұл қуаттан да қарызға ештеме алмапты. Өз сезімі, өз қиялы – тәтті өтіріктер және түгел ойдан шығарылған, бірақ соншалықты шынайы һәм сенімді сюжеттер. Сол үшін бе екен, әйтеуір егде тартқан жапондық шал-кемпірлер Муракамидің шығармашылығына қырын қарайтыны да рас. Ертеден келе жатқан жапон дәстүрін бұзып, өзінің сара жол, сарабдал талғамымен жапон әдебиетіне қадам басқан Муракамиге алғашқы романдарынан кейін айтылған сын мен жазылған пікір тіпті көбейіп кетті. Ең қызығы, Жапонияда Муракамидің өз есімімен қатар айтылатын лақап аты бар. «Бата кусай» дейді екен көпшілік. Қазақшаға тікелей тәржімаласақ, «қара май» деген мағынаны білдіреді.
Сүт ішпейтін жапондықтар Муракамидің дәстүрлі поэтикалық ұғымдарды ысырып тастап, орнына америкалық әдебиеттен дарыған ирония, суық сана, рационалдық пен поп-мәдениет элементтерін әбден жатсынатыны рас. Харуки Хемингуэй мен Фицджеральдты, Рей Бредбериді, Кафканы әбден сіңіріп өскен ұрпақтың өкілі. Сол себепті де оның шығармалары жапон әдебиетінің классикалық рухынан әлдеқайда алшақ жатқаны да рас. Әсіресе Мураками әлемінде шындық пен қиялдың шекарасы жойылып кетеді. Жазушы сана астарындағы дүниені суреттеуде сюрреализм мен символизмді тұтастырып жібереді. Әу басында сюжет деп қалдық қой. Ең қызығы, Мураками үшін сюжеттің жақсы не жаманы жоқ. Сіз жаман-жәутікке балайтын сюжеттің өзі оның қаламында түрленіп, жарқырай нұр шашып кететін сияқты. Харуки жапон әдебиетіне тән дәстүрлі нәзіктік пен философиялық сабырды батыстың постмодернистік эстетикасымен ұштастыра білді.
Сол үшін де батыс пен шығыс оқырманы Мураками шығармашылығына етене бойлап, ыстық ықыласпен қабылдады. Джаз музыкасының импровизациялық ырғағы, Кафка мен Карвердің минимализмі, поп-мәдениеттің жеңіл иірімдері – осының бәрі де Мураками прозасында бір кеңістікке тоғысып, жаңа әдеби стиль туғызғаны рас. Жазушы кейіпкерлері күнделікті өмірдің бірсарынды күйі мен күйбеңнің ішінде жоғалуға айналған, қасіретке толы тыныштықтың үнін тыңдайтын жалғыздар. Мураками кейіпкерлері әдетте қоп-қоңыр тіршіліктің ішінде ең қарапайым өмірін кешіп жүріп, кенет басқа әлемге өтіп кетеді, бірақ сол өзге әлемнің де шындығы бұл дүниеден айырмасы жоқ сияқты. Осы шекарасыздық, осы белгісіздік – Мураками кітаптарының басты кілті.
Муракамиді «бұқаралық әдебиетке» балайтындар көп. Әдебиет сыншыларының барлығы дерлік жазушы романдарын еріккеннің ермегі санайтынын несіне жасырамыз? Иә, тілі жеңіл, оқуға ыңғайлы, тіпті «жұп-жұмсақ» сюжеттері кейде бұқаралық әдебиетті еске салатыны рас. Бірақ Мураками кейде қарапайым оқиғаның біз көрмеген, біз тіпті де назар салмаған бір қалтарысын тауып алады да, оқырманды да тәп-тәуір тамсандырып қояды. Мураками осының шебері. Мәселен, оның «Кенгуру үшін сәтті күн болды» атты әңгімесінде оқиға арқауы – хайуанаттар бағына құрбысын ертіп барған жігіттің қарапайым бір сәті ғана. Олар жол-жөнекей ход-дог жеп, кола ішеді, ал хайуанаттар бағында кенгурудың жаңа туған баласын тамашалайды. Қысқасы, сюжет жағынан алып қарасақ, ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ. Қаһармандар қаза тауып, ғашықтар бірінен-бірі ажырасып та жатпайды.
Бірақ Мураками дәл осы қарапайымдықтың өзінен әдеби сиқыр жасап шығарады. Ол табиғатты суреттеп, кейіпкердің түр-тұлғасын егжей-тегжей сипаттап немесе пәлсапалық ойға ұрынбай-ақ, күнделікті өмірдің өзінен мән іздеуге мейлінше талпынады. Оның үстіне, кенгрудың жаңа туған баласын тамашалау үшін мысығын тамақтандырып болған соң, бастарына күнқағар кепештерін киіп, электричкамен хайуанаттар бағына жеткен, дүңгершектен балмұздақ алып жеп, соңыра сыра ішуге бет алған екеу туралы жазу үшін суреттеу де, портрет те, пәлсапа да керек емес қой. Сұлулық, өмір және өлім оның кредосы іспеттес. Шығармаларындағы әрекеттер көбінесе бірінші жақта жасалады, сол арқылы кейіпкерлердің сана-сезімінің ағымы да жиі-жиі өзгерістерге ұшырап отырады. Осылайша ол прозасын шынайы жапониялық эго-роман жанрына жақындата түседі. Муракамидің жыл сайын атақты Нобель сыйлығынан қағылып қалатыны бар.
Биыл да Нобель Муракамиге бұйырмағанын жұрт жаппай айтысып жатыр ғой. Не үшін деп ой сараптасақ, себеп көп сияқты. Ең әуелгі себебі, сол «бұқаралық әдебиетке» ұқсас болғаны шығар, бәлкім. Сонша қарабайыр келбеті көптің көңілінен шыға қоймайды. Енді бірі, «бейтарап позициясы» салдарынан Нобельге қолы жетпей жүргенін айтады. Ұлтшылдық не саяси тақырыптарды айналып өтіп жүрген Муракамидің қоғам айқайына қосыла бермейтін әдеті бар. Әдетте Нобель қоғамдық, тарихи, моральдық ұстанымы айқын жазушыларды жиі марапаттайтынын ескерсек, Муракамидің Нобельге жете алмай жүргені онша қорқынышты да болмай қалатын сияқты. Муракамиді Нобельге лайық не лайық емес деп бағалау бізге тіпті де керегі болмас, дегенмен өмір бойы жазудан алыстамаған еңбегі үшін Нобельден дәм татқаны да дұрыс шығар деп тағы ойлайсың.
Мураками феномені туралы айтқанда, шығармаларының тартылыс күшіне тоқталу тіпті артық етпес еді. Тіпті бұл нәрсені арбау туралы ұғыммен алмастырсақ та болатын сияқты. Харуки Мураками – кітапқа ғашық болуды үйрететін, оны жақсы көруді насихаттайтын жазушы. Бағзыдағы даңқы – шың, тұрқы – заңғар деп бағаланған әдебиеттің деңгейін бүгінде сәннің өлшемімен шамалайтынымыз рас, түпкі мағынасы әлем-жәлем моданы тықпаламайтын жер қалмапты-ау, ақырғысы жазбагеріңіз де «модный»... Осылай сөз саптайтындардың тілімен жеткізсек, Харуки аса сәнді қаламгер. Өйткені аса мәртебелі проза да аяулы art тенденцияларының шеңберіне кірігеді. Оның үстіне, қаламгер шығармаларынан музыка аңқиды. Кәдуілгі ырғағы бар. Мәселен, «Норвег орманы» романының атауы «Битлз» тобының «Норвег ағашы» әнімен байланысты болуында бір символикалық мән бар секілді көрінеді де тұрады. Сондықтан да музыканы романның тағы бір басты кейіпкері деп санауға болатын шығар. Қай шығармасында да жазушы қаламынан туған кейіпкерлер үнемі музыкамен бетпе-бет кеп қалады. Бірі гитарамен ән айтады, енді джаз пластинкаларын тыңдап, радиодан шыққан мұңлы ырғаққа ілесе отырып тербеле билейді.
«Норвег орманындағы» Уатанабе музыка дүкенінде де жұмыс істейді. Музыка кейіпкерлердің жүрек пернелерін дөп басып, жанын жылыта түседі. Кейде сөз жеткізе алмағанды әуендер арқылы шырқауға болатын сияқты. Сол үшін бе екен, Муракамидің жазу мәнерінде музыкалық ырғақтың рөлі айрықша. Ол сөйлем құрылымын джаздың импровизациялық логикасына бағындырады.
Жазушы бір әуенді бастайды, сосын күтпеген бұрылыспен басқа әуенге ауысады, кейін қайта оралады – бұл джаздың табиғи заңдылығы емес пе еді. Сол себепті оның прозасы бірде баяу блюзге, бірде сергек рокқа, бірде бос кеңістіктегі үнсіздікке ұқсайды. Енді бірде ыңғайсыз үнсіздіктерді сол әуенмен толтырамын деп шығарма сәнін кетіріп алады. Мураками – нотамен емес, әріптермен саз жазатын тамаша музыкант. Әлде нотамен роман жазады дегеніміз дұрыс па екен, онысын білмеймін, әйтеуір жазушының әрбір сөйлемінен сыңғыр еседі, оқырман ауамен емес, музыкамен тыныстап отырғанын сезбейді де, тұнық және соншалықты ақылды әуен ойнап тұрған құлаққапты қапсыра киіп, кітабын парақтай бермек.
Мураками шығармашылығынан есте ерекше қалары – «түссіз» Цкуру Тадзаки туралы романы дер едім. Осы романында Харуки кәдімгі адам атауларындағы «түске» ерекше мән бергеніне таңғаласың. Бес адамнан тұратын достар тобының тарқап кетуі, сол достардай айырылған «түссіз» Цкурудың қоғамнан оқшаулануы, кейін сол оқшау шеңберінен шығуға талпынысы – шығарманың қаузаған тақырыбы осы. Цкуруды «түссіз» деуіміз де бекер емес. Жасөспірім шағында қатар өскен төрт досының атауында да түстің сипаты бар.
Есімі «қызыл қайың деген мағынаны білдіретін Кэй Акамацу, «көк теңіз» деп аударылатын Есио Оуми, түп-төркіні «ақ тамыр» деген мағынасы бар Юдзуки Сиране мен «қара кеңістігін» арқалаған Эри Курононың қасында Цкуру өзін «түссіз», анығында, дарынсыз, артық адам сезінеді. Не істесең де өнбей, барлық іс тұралап қалатын кездер болады. Алай да, бұлай да көресің, бірақ жоқ, ештеңе... «Бір айналдырса, шыр айналдырады» деп, шақшадай басың шарадай болады. Өзінің «түссіз», бір қалыпты, бір түсті тағдырын кешіп жүрген Цкуру араға сан жыл салып, сол достарын іздеуге сапарға аттанады.
Түстерді шебер ойнатқан жазушы оқырманды туындыдан тапжылтпай ұстап тұрады. Достарынан шет қалып, қоғамнан оқшау кетуі Тадзакидің ішкі қуыстың пайда болуына әсер етіп, жан жарасының бастауы болған сияқты. Цкуру өмір бойы бір ғана оқиғаның себебін білмей өтеді, нәтижесінде өзін кінәлап, өмірінен мән жоғалтып алады. Сол сұраққа жауап іздеу процесі барысында Тадзакидің өткенмен бетпе-бет келуі, кешірім мен қабылдау философиясына жетуі, міне, романның мақсаты да осы. Әр кездескен досы – Цкурудың рухани әлемінің бір бөлшегі.
Қызыл мен Көк ерлік пен нәзіктіктің символы болса, Ақ пен Қара жарық пен көлеңке деп астарласақ болады. Түссіз Тадзаки сол төрт түстің арасындағы бос кеңістік, бірақ сол кеңістік бәрін біріктіріп тұрған нүкте екенін ең соңында бір-ақ түсінеді. Жазушы кейіпкерлері кәдуілгі біз бен сіздей джинс матасынан тігілген күрте киіп, арзан сыраларды сіміреді, ащы кеспемен қарын тойдырып, құлақты күнде кеміріп жатқан әуендерді тыңдайды, кино көреді, бардың биік үстелінде аяғын айқастырып отырады. Сонысы үшін де оқырманына етене жақындап алады. Бірақ олар барлық жерден «өзін» іздейді.
Харукидің құпиясы да осында жатыр. Мураками кейіпкерлері әлдеқашан жоғалып кеткен өздерін іздейді немесе өзі секілді жоқ іздеген біреуге тауып беруге көмектеседі. Әлемде барлығы бар сияқты, сонда да өз жанының бір үзігі, әсілінде, ең аяулы үзігін жоғалтқан сияқты. Харукидің феномені де дәл осы ізденістен бастау алады. Қаламгер оқырманды өз ішіне үңілуге, жанының әлдеқашан ұмыт қалған аяулы тыныштығын іздеуге шақырады. Мейірбандықты аялауға, айырылып қалмауға, кешіру мен қайғыларға көндігуге үйретеді. Бастысы, оларды алдан үлкен жақсылықтар күтіп тұрғанын ұдайы сендіреді. Осы тұрғыдан алғанда Мураками феномені – медет беруші, жақсылықтарға сілтеуші күш ретінде де танылатыны тағы бар.
Оның шығармашылық кредосы – жақсылықтарға сену мен сезу. Мураками кейіпкерлері өз ойларын ашық айтпайды, ишарамен, ұялшақ көзқараспен, ым, назар арқылы жеткізеді, айтпақшы, олар үшін көкейдегісін сөзбен жеткізуден гөрі хатқа жазып жөнелту оңай. Онда хат жазу сценалары көп ұшырасады. Хат жазу дағдысы оның кейіпкерлері үшін үміттің құралы. Сал ауруымен ауыратын және ешқашан жазылмайтынына сенетін он жеті жасар қыз өз сүйіктісіне арнаған хатын радионың тікелей эфирі арқылы оқиды немесе өмірден қоштасқаным дұрыс деп тұжырған жігіт соңғы сағаттарында Кеннедидің кездейсоқ өлімін еске түсіріп отырып, өзі досым деп санаған әлдебір такси жүргізушісіне арнап хат қалдырады.
Мураками барлық уақытта, барлық талғам үшін қуаныш деп кесіп айту да жөнсіздік болар, жазушының осал жазбалары да бар. Тіпті жетіп артылады. Сұрғылт, дымқыл, аяныш та туғызбайтын, ешқандай жақсылық та сезінбейсің, бойыңнан өкінішті де байқамайсың, әйтеуір бірінші сөйлемінен бастап, соңғы нүктесіне дейін созылмалы баяндауларды оқып шығу үшін сен де бірнеше күн бойы сүйретіліп жүретінің тағы бар.
Бос пәтерде отырып ұрынарға қара таппаған жас, көшеден ұшыратқан бейтаныс қызды төсекке қалай шақырғаным дұрыс деп бас қатырған нәпсіқұмар, әлдебір электронды гитарды сабалап отырған шала талантты, мағынасыз саяхаттар мен ертеңгілік ас туралы жазбалардан соң кітапты мүлдем қолға алмау туралы ойлар бас көтеруі де мүмкін.
Шынында да, жазушы кейде әдебиетте төңкеріс жасаймын деген ниетпен бұрынғы эстетикалық құндылықтарды екінші қатарға ысырып тастайды. Соның нәтижесінде оның кей туындылары «роман-попса» немесе тым сезімшіл, сентименталды сипат алып кетеді. Жазушы қай заманда да адам болмысын айқын көрсетуімен екшелсе, оның кей шығармаларында рухани шекараны естен шығарып, кейіпкерді тым қатты «шешіндіріп» жіберетін тұстары да бар.
Ақгүлім Ерболқызы