Әдебиеттегі тыныштық немесе жазу мен жариялаудың арасы

Қазір қазақ әдебиетінде, әсіресе жас буында бір тыныштық бар сияқты. тыныштық болғанда да еңсені езетіндей қапырық тыныштық.
Тіпті кейде осы тыныштық ішінде тынымсыз, тыпыршыған, аласатқан мазасыздық бардай сезіледі маған. Кейде қаламгерлер жазуға құлықсыз сияқты көрінеді, ал кейде жазған дүниені оқырман оқуға ынтасыздай сезіледі, тіпті кейде сын да, пікір де, мақтау да, даттау да айтылмайды. Әйтеуір бір үнсіздік немесе үнсіздіктің ішіндегі мазасыздық. Жазуға деген ынта мен жариялауға деген құлықсыздық та өзгеше бір күй. Осы және өзге де сұрақтардың жауабын замандас ақын-жазушылардан сұрап көрдік.
– Жігіттер, қыздар қош көрдік. Бүгін бәріміздің жанымызға жақын, бірақ ашып айтуға батына бермейтін тақырыпқа ат шалдыртсақ дейміз. Алғашқы сауал, сонымен қазіргі қазақ әдебиетіндегі мүлгіген тыныштықты қалай түсіндіресіз? Сіздерге солай сезіле ме? Бұл өзі қандай хәл, әлде тыныштықтың ішіндегі мазасыздық па?
Бақытбек Қадыр, жазушы:
– Бүтіндей қазақ әдебиеті «былай» деп айта салу қиын. Қазір жалпы түсініксіздеу кезең болып тұрғаны рас. «Өліара кезеңде тұрмыз, әне-міне, бұдан да өтеміз» дегелі де ширек ғасыр болды. Ол емес, біз өтіп барамыз. «Түсініксіздеу» болатыны да түсінікті, өйткені құндылықтар өзгерді. Дүние орыстың сөйлемі сияқты болып кеткендей. Әйткенмен, әдебиет мүлде тоқтап қалған жоқ, арагідік болсын жаңа туындылар шығады. Бірақ дүмпу жоқ, далп кетіп, тез өшіп қалады. Оның сыры неде екенін мен де білмеймін. Бәлкім, бұл саланың аудиториясы тар, аясы шағын шығар. Алайда өмір бір арнада тұрмаса керек, кенет әдебиет қайта биікке көтерілуі ғажап емес. Әрине, мазасыздық та бар. Тырбанып еңбек етіп жатырмыз. Бірақ әрі-сәрі күй кешудеміз. Қолыңа қалам аласың, кейде ойыңды жеткізуге 42 әріп те жетпей қалатын тәрізді болады. Әйтпесе, жазатын дүние көп-ақ, соны қалай жеткізесің, қалай тыныштықты бұзасың?! Мүмкін, әдеби троптың соны бір соқпағы, өзгеше бір ізденіс керек шығар.
Қарлығаш ҚАБАЙ, ақын:
Біздің қоғамда әдебиет – көркем сөйлеу түрі, әдебиет – гуманизм, әдебиет – тарих, әдебиет – ән, әдебиет – білім, әдебиет – сезім түріндегі түсіндіктер бұрыннан бар. Ал «әдебиет – өнер» түсінігі сөз жүзінде ұраншылдар тарапынан бірен-саран аталғаны болмаса, толық қабылданып үлгерген жоқ деуге болады. Әдебиет – гуманизм, әдебиет – тарихты (тарихи шындықты) жеткізу жолы деген түсіндіктер жиырмасыншы ғасырда басты назарға алынғаны сол кездегі қаламгерлердің шығармаларынан анық көрінеді. Бір қызығы әлі күнге дейін осы дәстүрді ұстанғысы келетін қаламгерлер толып жүр.
Қалалар социологиясын зерттеген Джонатан Рабанның 1974 жылы жазылған «Soft City» атты кітабында «Қалалардың ауылдар мен кішкентай қалашықтардан айырмашылығы – өз табиғатында құдды ұн секілді илене алуында. Иә, қалаларды ұн секілді илей, икемдей аламыз. Біз адами болмысымызды оларға әкеліп тіреген кезімізде қалалар қарсылық таныту арқылы біздің өзімізді де илеп, икемдей алады. Бұл тұрғыдан қарастырар болсақ, қалада өмір сүру де – өз алдына бөлек бір өнер түрі. Қалалар – қиялымыздағыдай қателіктердің, әпсана-аңыздардың, сағыныштың және үрейлеріміздің мекені» – деген жолдар бар. Және қаламгердің пайымында қалалар – даралық, ауылдар – көптік мәнге ие. Қала – адамның жеке дара қасиеттерін төгу арқылы оны жалғыздығына қауыштырушы. Сондай-ақ осы арқылы өзін тануға, өзін күйретіп қайта жасап шығуға мүмкіндік береді. Яғни еркіндігіне қауыштырады. Ал адам табиғаты өз-өзімен бетпе-бет келуден қорқатынын ескерсек, қаладан қашу – өзіңнен қашу деп те түсіндіруге болады.
Терри Иглтонның бір сөзі бар «Постмодернизм – асқақ сөздердің өлімі» деген. Ал бұл Аристотельдер алға тартқан метафизикадан бас тартуға алып келеді. Яғни қиял әлемінен ақиқатқа ауысудың шыңына жету. Файзулла Төлтайдың бір мақаласында көзім шалып қалды шермантанушылар мен өнер тарихы кітабында келтіріліп жүрген дүниелерді берген екен. Ақиқат пен өнерді қарама-қарсы екі антоним ретінде атап өткен. Бұл екеуі қай тұрғыдан үңілсек те бір-біріне антоним бола алмайды. Тек қоғамды асқақтықтан максимализмнен арылту үшін қолданылған метод қана дей аламыз. Ал бұл мақсатты көздеген қаламгерлердің – тіпті өз-өзін де «ештеңеге» айналдыруға тырысқаны жайлы пікірді қостауға болады. Енді бір қызығы, дәл сол мақалада айтылған әдебиеттегі түпнұсқалық пен көшірме мәселесінде көшірмелер де түпнұсқадан мықты болуы мүмкін деген пікір қозғалады. Ал бұл – модернизмге тән құбылыс. Дэвид Харвей «Барлық дүние бір-біріне кіріккен және ажыратылмайтындай деңгейде шатасқан болса, өнердің тарихи кезеңін бағамдап, ортаға қою мүмкін емес. Тарих ретінде аталатын өткеніміз – егер мағыналы болған болса, міндетті түрде белгілі бір түсінікке ие болады және түсіндіріледі де» дейді. Сонымен қоса модернизмді шатасқан әрі өз ішінде де паршаланған бір ағым ретінде суреттейді. Қазақ әдебиетінің тарихына бұл тұрғыдан үңілгенімізде қандай ой түйетініміз белгілі шығар. Ал осы жерден қазіргі үнсіз кезеңнің себебі мен салдарын анық көріп тұрмыз деп ойлаймын. Қоғамның дамуын білім-ғылымға негіздеген дұрыс деп есептейтін Харвей, білгелік идеологиясы өз мақсатына жете алмағаны үшін «адам еркіндігінің» орнын «адам өмірімен» алмастырды дейді. Қысқаша айтқанда, еркін болмасақ та, өмір сүрсек жеткілікті дейтіндей бір қоғам орын алып отыр. Қазақ әдебиетінің қазіргі халі деген осыған келіп тіреледі.
Әлішер Рахат, жазушы:
– Бұл тыныштықты өзім де анықтай алмай жүрмін. Бір қарағанда біраз автор жазудан қол үзіп қалғандай көрінеді. Әсіресе аға буынның соңғы жылдары дауысы шыққан жоқ. Оған жас әдебиетшілер де ілесіп бара жатқан сияқтымыз. Әсіресе қаңтардан кейін, Украинадағы соғыстан соң авторлардың ішінде әлдене үзіліп кеткендей сезіледі. Әлемдегі мазасыз күй, әр жердегі көтеріліс, соғыс сезімтал өнер адамына қатты әсер еткен секілді. Мысалы, экспрессионизм бірінші дүниежүзілік соғыстан соң пайда болды. Соғыс уақытында адамның құны көк тиын екенін, әлемді ізгілендіруге талпынған кісінің ісі – донкихоттық екенін, адамзаттың сұмдық жауыздығын көрген авторлар үшін әдемі эстетика дегеннің бәрі қажетсіз болып қалды. Өйткені олар өмірдің үрейден тұратынын, әрі адамзаттың соған бағынатынын көрді. Зұлымдықты жалаңаш қалпында қабылдады. Оны романтизациялауды қажет деп таппады. Қазіргі хоррор, триллер фильмдердің негізі де сол экспрессионизмде. Дәл қазіргі шақ – сол бір кезеңмен өзара үндес секілді көрінеді. Өйткені біз, авторлар – не қоғамға, не билікке, не әлемдік саясатқа титтей де үлес қоса алмайтын шарасыздығымызды анық сездік. Бұл, өз кезегінде, мәнсіздікке ұласады. Яғни жаздың не, жазбадың не, маңызы жоқ сияқты күй.
– Енді мына бір сұраққа оралайықшы, бұл өзі жаңағы сұрақтың жалғасы сияқты. Сырттай қарағанда әдеби процесс жүріп жатқан секілді, кейде дауысы да естіледі, бірақ соның нақты нәтижесі жоқ сияқты көрінеді. Мұны қалай түсіндіресіз?
Б.Қ: – Бір нәрсе бар сияқты, бірақ нәтижесі жоққа тән. Бейнебір адам түсі секілді. Демек, біз түс көріп жатқан шығармыз. Жарайды, сәл нақтылыққа ойысайын. Мұның себебі құндылықтардың өзгеруіне байланысты. Мысалы, бұл біраз салаға тән. Қазір композитор, суретші, мүсінші, режиссер де бар ғой. Оларға да бір сәт сөз жүгіртіп көріңізші. Бәрі де сол, жоқ болып кетпеген, бірақ ол жақтан да тау құлатар дауылдың дауысын естімейсің. Қазір біздің қоғамда өз жанынан күй шығарып тартатын күйші көрдіңіз бе? Бұл, бәлкім, өз шегіне жеткені ме? Сол секілді әдебиеттегі үлкен туындылар мүлде басқаша, басқа кейіпте сомдалуын күтіп жатыр ма деген ойға қаласың.
Қ.Қ: – Бұл сұраққа былай жауап бергім келіп отыр. Постмодернизм – алдымен адамның жеке «менін» ортаға шығарады. Сонсоң оны екі саусағымен қысып ұстап тұрып, сіріңке жағып, өртеп жібереді. «Бұл неқылған мазақ» деуіңіз мүмкін осы тұста. Бірақ өзіңнің «өзің» қалағандай жаңа болмысыңды жасап шығару – ең алдымен ескісінен құтылуыңды қажет етеді. «Өзгеру» деген процесс – өтірік нәрсе. Адам мен жаратылыс ешқашан өзгермейді. Тек жаңаруы мүмкін. Өзгеру мен жаңару екі бөлек ұғым екенін ұмытпаған жөн. Ал жаңару – өзіңнің ескі болмысыңды өртеп жоқ қылып жіберу арқылы ғана іске аса алады. Қалғанының бәрі – формация ғана. Ал енді алдыңғы пікірге қайта оралсақ, тарих (өнер, әдебиет, қоғам, кез келгенінің) нақтылық пен жүйеге ие емес болса – өз маңызын жоғалтады. Маңызын жоғалтқан дүниені түсіне де, түсіндіре де алмаймыз. «Кез келген мағынасында, тарихты тек жеңімпаздар жазады» дейді түріктер. Яғни осы тұста Декарт секілді барлығын сызып тастап қайта ойланып көруге болатын сияқты.
Ә.Р: – Оның бір себебін жоғарыда айттым деп ойлаймын. Дейтұрғанмен, ерік-жігерін жинап, еңбектеніп жатқан әдебиетшілердің де бар екенін ескеру қажет. Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романын оқып шықтым. «Мен жындымын» романының жалғасы екен. Автордың сөз шебері екені, мәтіннің кәсіби екені бірінші абзацтан-ақ білінеді. Бақытгүл Сәрмекованың «Қызыл кірпіш» атты әңгімесін оқыдым. Образ беруі, астарлауы – кәсіби. Құр баяндаудан ада. Қанат Әбілқайырдың детектив жанрындағы әңгімесін қарадым. Жанр заңдылығы сақталған. Сондай бір роман болса екен деп ойладым. Оның алдында Қанағат Әбілқайырдың қаңтар туралы әңгімесін қарап шықтым. Материалы жақсы екен, десе де, жазуда бір асығыстық бар секілді көрінді. Нұртілеу Қадырқұл есімді жас ақын жігіттің прозадағы дебютін оқып, риза болдым. Әңгімесі толықтай көңілімнен шықты дей алмаймын, бірақ автордың алып-ұшқан желөкпелікпен емес, салмақты, байсалды баяндауы ұнады. Қаламын басқара алатыны және біраз еңбектенгені бірден байқалады. Шамам келгенше, әдеби процестерді бақылап отыруға тырысамын. Ал әдебиетші қауым арасында, көпшілік оқырман арасында неліктен қызу талқы болмай жатқаны өзіме түсініксіз. Бәлкім, салғырттығымыздан болар. Қазір айына емес, екі-үш айда бір әңгіме оқитын болдық қой.
– Жазу мен жариялау туралы айтайықшы, осының арасында да бір «үнсіздік» бар сияқты көрінеді...
Б.Қ: – Өз тұрғымнан айтсам. Мен де аз-кем қалам тартып жүрген азаматтың бірімін. Жазуға кібіртіктейтін тоқсан тоғыз түрлі сылтауымыз бар, соның тек тоғызы ғана шынымен аздаған қиындық болуы мүмкін, қалған тоқсаны адамның жеке жалқаулығы шығар. Ішке түскен ой, от секілді, жалыны сыртқа шарпымай қоймайды. Шығарғың келеді, бірақ қалай шығарасың?! Қазіргі біздің тіліміздің көркемдігі қай деңгейде, біз өзі қандай тілмен жазып жүрміз?! Осындай-осындай ой кешесің. Алғаш қалам алған кездерде бір әңгіме жазып бітсек, соны тіпті грамматикалық қателігіне қарамай жариялауға алып ұшатын едік. Бәлкім, қоғамның реакциясын сезінгің келетін шығар. Ал қазір жарияға мүлде асықпаймыз. Жылдап, тартпада жата береді. Мүмкін, бұл адам жасымен келетін жайттар ма, әлде әр туындыңды тегін бергің келмей ме, білмеймін.
Қ.Қ: – Жазу мен жариялау арасында үлкен бір үнсіздіктің бары рас. Үнсіздік – адамды саңырау қылып тынады. Сол үшін қарт қаламгерлер саңырау келеді. Үнсіздік қастандығы біраз талантты қаламгерлерді қор қылғанын мойындау керек. Бір мақаламда «жастығында абырой атаққа тоя алмағаны үшін жастығына қош айта алмаған қарттар синдромы біздің әдебиетте ұрпақтан-ұрпаққа берілген мирас сынды жалғасып келеді» деген едім.
Ә.Р: – Жазу мен жариялау арасындағы үнсіздікті әр қырынан қарауға болады. Кей авторлар жазған дүниесін тегін бергісі келмей, конкурстарды күтіп жатады. Кейбірінің жазған дүниесі көңілінен шықпай тұрады. Кейбірі оқырмандардан жасқанады. Кейде жариялағанның да мәні жоқ сияқты көрінеді...
– Бүгінгі қоғамға шынын айтқанда әдебиет керек пе өзі? Кейде өзіңізді керексіз сезінетін көңіл күй бола ма? Жалпы, қазіргі қоғамға қандай әдебиет керек деп ойлайсыз?
Б.Қ: – Дүние керуен, керексізін өзі ұлы сапарында жолдан түсіріп кетеді, адам баласы ештеңені өз қолымен күресінге лақтырып тастай алмайтын шығар. Әдебиет керексіз болмайды, бәлкім, енді үлкен өзгеріске ұшырайтын шығар. «Бірдеңе біткен жерден қайта басталады» деген сөз бар ғой. Қайта өрлеу кезеңі болатын шығар. Кейде «осының не керегі бар» деп адамның ойлауы заңды, егер адам топастау болмаса. «Қазіргі қоғамға қандай әдебиет керек?» деген сауалға келсек, мұның бірсыдырғы жауабы жоқ деп санаймын. Әртүрлі тұрпатты шығарма жазыла береді, базар секілді, әркім өз қалағанын алады, өмір базары секілді қолы жеткенін алады. Бағасы арзандау зат тез өтіп, тез кәдеге жарауы мүмкін.
Қ.Қ: – Кейде ойлаймын, біздің қоғамның қазіргі өнерлік трагедиясына Мефистонның өз қиялындағы қаланы жасауына кедергі болғаны үшін екі қартты өртеп жібергісі келгені секілді бір ащы қаталдық қажет секілді. Эмоциялық тұрғыдан әбден тежелген бір халықтың ішінде «еркіндіктің» «Е»-сін айтудың өзі қиынырақ. Батыс елдері «бодандық синдромынан» толық айығу үшін алдымен қоғамды толығымен азғындыққа ұшыратады. Бірақ бұл азғындық «жаппай жиіркеніштілік» емес, адамның жеке өзіне жасаған трагедиясынан тұрған. Сол арқылы адам еркіндігіне бір табан жақындады, құдай жайлы еркін ойлана бастады деуге болады. Осы арқылы серпілгеннен кейін тарихты да, гуманизмді де көріп байқай алатын, қызықтай алатын бір қоғам орнығады деп ойлаймын. Әрине, бұл – бір пікір ғана. Бір рет болса да өз жалғыздығымен қауышып көру – сезіну, сезіне алу деңгейін басқа тұңғиыққа шығаруы әбден мүмкін.
Ә.Р: – Бұл сұрақ мені жиі мазалайды. «Жазушымын» дегенде, «тақпақ жазып берші», «өлең оқышы», «бұл бала жазушы, тамада» деген сөздерді жиі естіген сайын, «шынымен мен керекпін бе» деген сұраққа орала беремін. Ең болмаса, жазушы мен ақынды ажырата алмай ма деп таңғаламын. Не қазақша емес, не орысша емес, бас-аяғы жоқ бір әндерді айтып жүретін ауладағы жасөспірім балаларға қараймын, әке-шешесі қазақша сөйлейтін, бірақ баласы қазақша түсінбейтін бүлдіршінге қараймын, ертекші-уағызшы ағаларға, соларды ұйып тыңдайтын қалың қара қауымға қараймын, дінді бизнеске айналдырып жіберген шоумендерге, олардың миллиондаған қазақстандық аудиториясына, «күйеуім көңіл бөлмей жүр?», «енеммен сыйыспай жатырмын» деген миллиондаған қазақ келіншектеріне, сөзі демократия, өзі диктатор мыңдаған кісілерге, өз ісін білмей, өзгені кінәлай беретіндерге, өзіне керек кезде феминист, басқа кезде шариғатшыл адамдарға қараймын да… Қараймын да, ойланамын.
ТҮЙІН: Біздің әу бастағы мақсатымыз – замандастарға ой салу, «іштегі дертті» қозғау еді. Енді, міне, сірге жияр сөзге жеткенде өзіміз де жоғарыдағы сауалдарға шырмалып, ой шөңетіне батып кеткендей күй кештік. Не дегенмен де жазудың дерт екені, оның өзіндік мехнаты болатыны рас. Ал әдебиеттегі үнсіздің немесе жанды өртеген, ішті тырмаған мазасыздық немесе жазу мен жариялаудың арасы қай кезде де қаламгерді қыжыртатыны анық. Мұның нақты жауабы да жоқ шығар.