Әдеп пен адамгершіліктің үлгісі
Жүрісім болмай қалған – балпаң-балпаң, Тұрысым оңбай қалған – әркім аң-таң. Қимылым салдыр-күлдір, қаңғыр-күңгір, Жүрегім ашық-тесік, алқам-салқам.
Өзін осылай дәл бағалаған Үмбетбай ағайдың алдын көрген шәкірттерінің ішінде ол кісіні елжірей еске алмайтыны кемде-кем. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын, аузынан «айналайыны» түспейтін аяулы Ұстаз адамгершілік пен ар-ұяттың, әдеп пен шуақтың үлгісіндей еді.
«Жас Алашта» жұмыс істеп жүргенімде ағайдан: «Гүлзат, Есей, Ерік, Эльеонора, Кәмшат...» – деп басталатын хат келетін еді. Міндетті түрде бәрімізді түгендеп, қал-жағдайымызды сұрайтын. Кейде ол хатын машинкаға басатын да, кейде қолмен жазатын. Солардың біразы менде әлі күнге сақтаулы.
Үнемі телефон соғатын. Үй-іші, бала-шаға, бәрін сұрайтын. Студент кезімізде «Үмбетбай ағай жұмаққа баратын шығар» дейтін едік. Құдайдың құзырына қол сұққандай болмайық, бірақ солай екеніне ешқандай күмәнім жоқ.
Үмбетбай ағай жалпы курсқа дәріс оқумен қатар, мерзімді баспасөз кафедрасының арнаулы курстарын да жүргізді. Ағайды алыстан көргеннен-ақ етек-жеңімізді жинай бастайтын едік, дауысымыз да өз-өзінен басалқы қалыпқа түсетін. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін, ешкімге ауыр сөз айтпайтын, «айналайын!» деген бір ауыз сөзімен-ақ біраз жайтты ұқтыратын Үмбетбай ағай оқу бітіріп кеткеннен кейін де қамқорлығын аяған жоқ. Студент кезімізде күнделікті газет-журналдарды сатып әкеп таратып, әлдебір басылымнан тілдей хабарымызды көре қалса, қуаттай сөйлеп, бағамызды асырар еді. Кейін де жылт еткен жаңалығымыз болса, үлкен басымен өзі бірінші болып телефон соғып, алғаусыз ақ тілегін айтып, батасын беріп жүрді. Кітабы шықса, міндетті түрде ерінбей автограф жазып, редакцияға өз аяғымен әкеліп беруші еді. Өзі келе алмаса, міндетті түрде хат жазып, оны қоса жолдайтын.
«Жұлдыз, айналайын!
Жұлдызың жарқырасын.
Әумин!
Ұстазың Ү.У.
25.01.2005 ж.»
«Біз былай байығанбыз» деген кітабына осылай деп жазыпты. «Алғы сөз орнына» жазған мына бір сөзі баладай аңғал ағайымыздың бар болмысын көрсетіп тұрғандай:
Құлай берілгенге құлай берілетін,
Құдай көрінгенге құдай көрінетін,
Кемпірі жұмсаса да, келіні жұмсаса да
Құлдилай жүгіретін...
Әдетте сатираның айналасында жүрген кісілердің тілі удай келеді, ондайда адамның жанын ауыртар ауыр сөз де кетіп жатады. Біздің Үмбетбай ағай салиқалы сатирик еді. Ол кісі сатираның өзінде әдептен озбайды. Сөйтіп отырып дарақылық пен даңғазалықты мақтамен бауыздағандай шебер жеткізеді. Мылжың, мақтаншақ, өтірікші не басқалай адам бойындағы жағымсыз әдеттерді орнымен түйреп өтеді, адамның кейбір мінезін әзілмен әдемі жеткізеді. Кейіпкерлерінің аты да ерекше. Мәселен, «орысшасының бет-ауызы адам шошырлық» кейіпкерін Ерунда деп беруі, адамның мінезі мен болмысына орай ойдан небір ат тауып алуы да ағайдың қаламының шеберлігі дер едік.
Біз қазір күн құрғатпай айтып жүрген медиа этика мәселесін Үмбетбай ағай сонау 1996-98 жылдары құлағымызға құятын. Он жыл бұрын жарық көрген «Әдеп әлемі және журналистика» деген кітабында сәлем-сауқаттың әдебінен бастап, терминдерді қолдану, журналистің қызмет этикасы, баспасөз бостандығы, заң мен заңсыздық, сұхбат барысындағы кәсіби этика мәселесін бүге-шігесіне дейін талдап жазды. Осы еңбегіндегі авторлармен қарым-қатынас, редакция поштасы, хаттарға жауап беру әдебі туралы толғамы қазірдің өзінде өткір де өзекті.
«Әңгіме-дүкеннің ажары ақжарқын сырласу. «Ақжарқын» дегенде, әрине, әңгімені алақалжыңға айналдыруға болмайды» дей келіп, екеуара сұхбат барысындағы «жасандылықты, мақалдап, мәтелдеп, жұтынып, суырылып өтірік шешенсуді» орынды сынайды. Сұрақ қою әдебін нақты мысалдармен талдай отырып келтіруі жас журналистерге дайын тұрған нұсқаулық деуге болады. Осы еңбектерінің қай-қайсын қарасақ та, Үмбетбай ағайдың өз ісіне мұқият жан екенін, ерінбей-жалықпай ізденіп, өзіне қажет тілдей дүниенің де қадірін біліп, жинап жүретінін көреміз. Ағай осындай жауапкершілігімен де шәкірттеріне үлгі.
Біз Үмбетбай ағайды жақсы көрдік, ұстаз тұттық. Ұстаз бейнесі күннен-күнге биіктеп бара жатыр. Үмбетбай ағай нағыз жақсы ісімен, артында қалдырған мұрасымен мың жасайтын адам. Жаныңыз жаннаттың төрінде болсын, Жақсы Адам!
Жұлдыз ӘБДІЛДА,
шәкірті