Әдиев тақырға гүл шығарды ма?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев күтпеген жерден қызметінен кетті.
Оны ешкім қуған жоқ, жаңа келісімшарт мерзімінің ұзарғалы жатқанын да құлағымыз шалмаған-ды. Бірақ құрама тарихындағы әзірше ең табысты жаттықтырушының кенет басқа жол іздегені талай жанкүйерді әрі-сәрі етті. Өйткені Әдиев жақында ғана Грозныйдың «Ахмат» командасын Ресей премьер-лигасында қалдырып, барлық шартты орындап шыққан еді.
Оны айтасыз, грозныйлық маман маусым айының алғашқы онкүндігіндегі екі жолдастық кездесу қарсаңында құрама кандидаттарын іріктеп, артық футболшыларды тізімнен сызып, белсенді жұмысқа кірісіп кеткен-ді. Жанкүйердің басым бөлігі Әдиев мырза кем дегенде биылғы Ұлттар лигасын аяқтап, құраманың буын алмасу процесін жақсы өткеріп беретініне сенімді болатын.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей, Әдиевтің «отбасы жағдайына байланысты» деген себебі жеке отбасы ғана емес, Отаны – отбасына қатысты болып шықты. Көкек айының басында ол шаруасы шатқаяқтап тұрған «Ахматты» тізгіндеуге тәуекел етті де, алғашқы екі ойында қатар жеңілді («Локомотив» – 0:2, «Балтика» – 1:7). Бұл кезде оны қараламаған адам кемде-кем. «Әдиев уақытша мотиватор ғана. Оның басшылығымен команда бір-екі ойында ғана еңсе көтеріп, әрі қарай құрдымға кете береді» деген көсем пікірлер сәт сайын естіліп жатты. Бірақ содан кейін РПЛ-да «Ахмат» уақыты басталды. Әдиев шәкірттері ЦСКА, «Сочи», «Краснодар», «Крылья Советов», «Пари НН» командаларын тізерлетті де, қауіпті аймақтан біраз жерге ұзап кетті.
Осыдан кейін Әдиев және «Ахмат» романы тәмамдалуға тиіс еді. Бірақ бұл роман аяқталудың орнына, кіріспесі жаңа жазылғандай әсер беріп тұр. Әрине, Қазақстан құрамасы алдағы Еуропа чемпионатына қатыспайды, жазда бірді-екілі жолдастық кездесумен шектеледі. Мұндай кезде арғы-бергіні кеңінен ойлап, іштей қай жолдың өзіне тиімді екенін Әдиев мырза әбден таразылаған сияқты. Оның үстіне Шешенстанда ұсыныстан бас тарту деген ұғымның жоққа тән екенін бәріміз шамалаймыз, сондықтан «Ахматты» тізгіндеуге қазір ұсынылып тұрған үш жылдық келісімшарт та Магомедті алды-артына қаратпауы бек мүмкін.
Қалай дегенде де, Магомедке жанкүйерлік алғысымызды жаудырамыз. Ол ұлттық құрама үшін мақтануға болатынын сезіндірді, үлкен турнирдің есігінен сығалатып, болашағымыз жайлы жақсы ойларға жетеледі.
Өзі де жолайрықта тұрған еді
Әдиев Қазақстанға 2021 жылы келді. Әрине, 2003 жылы футболшы ретінде келіп, «Жеңістің» сапында 11 матчқа қатысып (5 гол соғып) кеткенін енді ескермесек те болар. Бірақ бапкер ретінде оның жұлдызы аса жарқырай қоймаған-ды. Мәселесі көп «Анжиді» (Мақашқала) Ресейдің бас лигасында сақтап қалуға сонша тырысқаны ғана аңызға бергісіз әңгіме болып барып басылды. «Шахтердің» (Қарағанды) тізгінін ұстағанша, Ресей бірінші лигасындағы «Чайканы» баптады. Онда да бас жарып, көз шығара қойған жоқ. Қарағандыда еурокубок ойындарын өте сәтті өткізіп, жанкүйерлерді бір серпілтіп алды.
Бәрібір 2022 жылдың мамырында оған Қазақстан құрамасы сеніп тапсырылғанда, басым бөлігіміз ҚФФ басшылығының таңдауына жіп таға алмай, қатты таңдандық. Ұлттар лигасының С дивизионында Андрей Карповичтің жетекшілігімен әупірімдеп қалған командаға дәл осындай бапкердің келуі еш орайсыз көрінген-ді.
Әдиев ертегісі
Ал Магомед Мұсаұлы осы сәттен бастап түгел қазақ футболына төңкеріс жасады. Біз осы сөзді айтудан қорықпақ емеспіз. Оған дейін Қазақстан құрамасы ешқашан топ бастап көрген жоқ, 10 ұпайдан асыра жинап көрген жоқ, Ұлттар лигасында бір дивизионнан екіншісіне көтеріліп көрген емес.
Әдиев келді де... кеше ғана С дивизионында әзер жан сақтаған қазақстандықтарды В дивизионына бір-ақ атты. Құрама Словакияны екі рет жеңді, оған дейін тізерлетіп көрмеген Беларусьті жеңді, соңғы турда басқа ұжымдарға жеткізбейтіні белгілі болған соң ғана Әзербайжаннан ұтылды. Сөйтіп, өз тарихында тұңғыш рет топ жеңімпазы атанды!
Бұл ертегі осымен аяқталған жоқ. Еуро-2024 іріктеу кезеңінде құрама соңғы күнге дейін жолдамадан үмітті болды. Турнирдің алғашқы және соңғы кездесулерде Словенияға кеткен есе ғана бізді тарихымыздағы тұңғыш ірі доданың финалдық кезеңінен шеттетті.
Бұл іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы мінезді ұжым ретінде бәрін мойындатты. «Астана Аренада» Дания құрамасынан екі доп айырмасымен жеңіліп жатып, «жердің астын үстіне келтіргенін» қалай ұмытармыз? Бұған дейін жеңіп көрмеген Данияны ғана емес, Финляндияны да сырт алаңда жерге қаратқан жігіттерге алғыс жаудырған күндерді ұмытуға болмайды.
Әттеңі сол, Әдиевтің құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне Ұлттар лигасы арқылы берілген соңғы мүмкіндікті пайдалана алмады. Сырт алаңда Грекиядан осы наурызда 0:5 есебімен ойсырай жеңіліп, сапарын шегеруге тура келді.
Кім біледі, осы матчтың нәтижесі оңды болғанда, Әдиев тіпті «Ахматтың» уақытша бас бапкері атануға келіспес пе еді? Құраманың жаңа буынын қалыптастыратын уақыт жеткенде, Әдиев Грозныйда қала беруді жөн санап отыр.
Көрсеткіштер, нәтижелер
· М.Әдиев – Қазақстан құрамасының тізгіншісі ретінде ең көп ойын (20) өткізген төртінші бапкер. Оған дейін А.Пайперс (Нидерланды ) – 36, М.Беранек (Чехия) – 24, С.Бердалин 20 ойында құрама бапкері болған еді.
· Әдиев жетекші болған 20 ойында Қазақстан құрамасы 10 жеңіс, 1 тең ойын, 9 жеңіліс тіркеді. Қарсыластар қақпасына 26 гол соқты, өз қақпасына 29 гол өткізіп алды. Ескерте кететін нәрсе, Түрікменстан- Қазақстан (0:2) жолдастық кездесуі ресми тізімге енбейді. Бұл ойында екі команда да футболшыларын түгелдей ауыстырды.
· Әдиевтің кезінде құрама бір іріктеу кезеңінде ең көп ұпай жинады (Еуро-2024, 18 ұпай), бір рет топ жеңімпазы атанды.
· Әдиев Қазақстан құрамасының 19 (он тоғызыншы бас бапкері болды).
· Әдиев кезеңіндегі символикалық құрама: Шацкий; Қайыров-Быстров-Марочкин-Әліп-Вороговский; Дарабаев-Тағыберген; Оразов-Самородов-Зайнутдинов. Қосалқы құрам: Шайзада, Малый, Ерланов, Бейсебеков, Тапалов, Қуат, Астанов, Чесноков, Әйімбетов.
ҚАРСЫ АЛЫҢЫЗДАР: СТАНИСЛАВ ЧЕРЧЕСОВ!
Көп уақыт өтпей-ақ Қазақстан құрамасының жаңа бапкері белгілі болды.
Кеше кешқұрым Қазақстан футбол федерациясы ресейлік Станислав Черчесовпен келісімшарт жасасқанын мәлімдеді.
Әзірше Саламұлының қанша уақытқа келгені, құрамадағы шаруасына қай күннен бастап кірісетіні айтылған жоқ. Жылына 1,2 млн доллар табыс табатыны ғана белгілі.
Черчесов – Ресей құрамасы тарихындағы ең нәтижелі бапкер. Оның жетекшілігімен көрші елдің бас командасы 2018 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, үздік сегіздікке енді. «Спартак» (Мәскеу), «Легия» (Варшава), «Ференцварош» (Будапешт) сияқты командаларды да табысты жаттықтырды.
Қазақстан құрамасының бапкерлігіне Черчесовті Әдиев ұсынды деген де сөз бар. Дегенмен Саламұлы қосымша ықпалға зәру емес. Осының алдында ғана оның Әзербайжан құрамасын баптайтыны туралы сөз шықты. Тіпті Қазақстан мен Әзербайжан қатар ұсынылғанда, бапкердің кавказдық ұжымға іш бұратыны да айтылып қалған-ды.
Жексенбі күні Мәскеудің «Лужники» стадионында Ресей кубогының суперфиналы өтіп, «Зенит» (Санкт-Петербург) «Балтикадан» (Калининград) 2:1 есебімен басым түсті. Осы ойын алдында Черчесовтың стадионға кіріп бара жатқан видеосы жарияланды. «Сіз Қазақстан құрамасына барады деп жатыр, шын ба?» деген сұраққа маман: «Кім не айтпайды?!» – деп қысқаша қайырған-ды. Арада бір күн өтпей ол Астанаға келіп, Қазақстан құрамасының жаңа бапкері ретінде таныстырылды.
С.Черчесов – Қазақстан құрамасының жиырмасыншы бапкері. Бұған дейін Л.Пахомов, Ю.Красножан, А.Бородюк, М.Әдиев сияқты ресейлік бапкерлер құрама тізгінін ұстады.
7 және 11 маусымда Қазақстан құрамасы сырт алаңдарда Армениямен және Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл ойындарға құраманы Руслан Балтиев бастап апарады деген сөз бар. Бірақ С.Черчесов салған жерден іске кіріссе де артық болмас.
Саламұлының жетекшілігімен Қазақстан құрамасы алғаш қатысатын турнир – 2024 жылғы Ұлттар лигасы. Құрама тұңғыш рет В дивизионына шықты. Мұндағы қарсыластары – Австрия, Словения және Норвегия. Алғашқы кездесу сырт алаңда, 7 қыркүйекте Норвегиямен өтеді.
Есей Жеңісұлы