Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:30, 24 Тамыз 2022

«Әділдікті талап ет!» жемқорлыққа қарсы іс-шарасы басталды

None
None

 «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп «Әділдікті талап ет!

» атты ауқымды науқанын бастады. Бұл жобаға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады.

Осыған байланысты Шымкенттегі Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Д.Қожабаев және «Әділік жолы» бірлестігі Шымкент қаласындағы филиалының жетекшісі А.Кесебаева баспасөз мәслихатын өткізіп, аталған акцияның маңызын түсіндірді.

Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығының хабарлауынша,  іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.

Биыл 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған.

  • Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет, – деді мемлекет басшысы.

Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Жол-көлік апаттарында талай адамның көз жұмып, жарақат алуларының себебі – осы сапасыз жолдың әсері.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім.

Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады.

Брифингте Айжан Кесебаева бірлестіктің негізгі атқаратын жұмыстарына да тоқталып өтті.

– Өңірдегі филиалда тәжірибелі заңгерлер мен сарапшылар жұмыс істейді. Бірлестікке жыл басынан бері 78 адам жүгінген. Оның ішінде 8 анаға сот арқылы алимент өндіруге арыз беруге көмек көрсетіліп, сот шешімінің жеке сот орындаушылары палатасына жіберілуі қадағаланды. Аптаның әр бейсенбісі азаматтарды қабылдау күні. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңестен бастап, қажет болса құқықтық көмек көрсетуге тырысамыз. Және барлығы ақысыз, тегін негізде. Яғни халық тарапынан әр түрлі сипаттағы өтініштер келіп түседі: сотқа талап-арыз жазуға көмек көрсету, заңгерлік кеңес беру, несие борышы, шотқа қойылған заңсыз тыйымдарды шешу, әлеуметтік және білім, медицина саласының мәселелері және тағы басқалар. Барлық мәселе бойынша тым болмаса заң аясында кеңес бере отырып, бағыт-бағдар көрсетуге тырысамыз, – деді филиал жетекшісі.

Айта кетейік, бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.

Осы брифингте айтылған мәліметтерге қарағанда, жыл санап елімізде жол саласын дамытуға бөлінетін қаржы артып келеді. Мәселен,  2021 жылы 500 миллиард теңге бөлінсе, биыл жоғарыда айтылғандай 600 миллиард теңге қаралған. Бірақ еліміз сапалы жолдың рейтингісіндегі 140 елдің ішінде 2019 жылы – 93 орынды,  2021 жылы – 108 орынды иеленген.

Тегтер: