Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:24, 11 Сәуір 2023

Әділетсіз сайлау өткізу мәдениеті

None
None

Биыл 2023 жылғы 19 наурызда президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан» атты ел билеу концепциясын жүзеге асыру үшін жасаған саяси реформаларының соңғы пакеті ретінде мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті.

«Бұл сайлау әділ өтті ме?» деген сұрақ қоюдың өзі кейбіреулерге күлкілі шығар. Бірақ сайлаудан соң, бұл реткі сайлаудың қалай өткені туралы көзқарас екіге жарылды. Президент Қ.Тоқаев: «Бұл жолғы сайлау ашық, әділ, бәсекелі өтті» десе, сайлауға қатысып, жеңіске жете алмаған тәуелсіз кандидаттар, тәуелсіз бақылаушылар мен қоғам белсенділері «Халықтық парламент» атымен жиналып, сайлаудың әділ өтпегенін, қайта сайлау өткізу керектігін мәлімдеді. Жиналыста тағы: «Бұл реткі сайлау әділетті Қазақстанның жаназасын шығарды» деген ащы пікір де айтылды.

Енді тек әділ сайлау болғанда ғана әділетті қоғам құруға болады. Капиталистік саяси жүйеде әділеттілікті қалыптастырудың бұдан басқа балама жолы жоқ. Бұл – аксиома. Сонда бұл сайлау зәйірі әділ өтті ме, жоқ па деген сұраққа жауап іздеп көрсек...

 Сайлаудың қаншалықты әділ өткенін сараптауда екі түрлі болжам жасауға тура келеді. Бірі – логикалық тұрғыдан талдау жасау болса. Екіншісі – нақты заң бұзушылық фактілерге сүйеніп талдау жасау.

 Бұл жолғы сайлаудың әділ өтуіне бұдан бұрынғы сайлаулардың қалай өткені қатты ықпал етеді. Бұдан бұрынғы сайлаулар әділ өтті ме? Сайлаудың әділ болғандығының ең басты белгісі сайлаудың бір-біріне балама бола алатын, салыстырып, бағалауға болатын саяси тұлғалар арасында өтуі. Үміткерлер осылай болғанда ғана сайлаушыларда таңдау мүмкіндігі болады. Ал таңдау мүмкіндігінің болуы – бәсекені күшейтеді. Бәсекенің күшті болуы – таза сайлау өткізудің қажетті инструменттерін жандандырады.

 «Күшті президент» идеясымен басқарылып келе жатқан Қазақстанда әділ сайлаудың басы, негізінен президент сайлауынан басталады. Біз Н.Назарбаев президент болған тұста, соңғы жиырма жылдағы президент сайлауында Н.Назарбаевқа қарсылас бола алатын саяси салмаққа ие тұлғалардың президент сайлауына түскенін көре алмадық. Кезінде, 1998-1999 жылдары президент әкімшілігінің жетекшісі болған Әлихан Байменов Н.Назарбаевқа кезекті өткелі отырған президент сайлауына Әкежан Қажыгелдинді қатыстыруды ұсыныс етеді. Бұл президенттілігіңіздің легитимділігін арттырады деп кеңес береді. Басында бұл ұсынысты мақұлдаған Н.Назарбаев кейін бұл ойынан бас тартқан. Бұдан біз Н.Назарбаевтың сайлауда кімнің өзіне қарсылас болатынын өзі бекітетінін, өзіне күшті қарсылас, балама кандидат бола алатын салмағы бар тұлғаларды сайлауға жібермейтінін анық көреміз. Мұндай сайлаудың әділ өтпегенінің белгісі ретінде Қазақстанда сайлау сайын болатын, халықтың үнемі шу шығаруы, топтап бюллетень тасталуы, тәуелсіз бақылаушылардың қуылуы, хаттаманың уақытында берілмеуі тағы басқа амалдар жасалады. Мұнан кейін жоғарыда көрсетілгендей сайлау заңына қайшы келетін дәлелдердің бейне айғақтары болса да, сот арызды тіркеуден себепсіз бас тартты деген фактілерді келтіріп, сайлаудың әділ өтпегенін дәлелдеудің өзі басы артық шаруа.

2019 жылы маусымда өткен президент сайлауында Қ.Тоқаевтың қалай жеңіске жеткені көпке мәлім. Сайлау арқылы билікті өзгерткісі келген халық қатты белсенділік көрсетті. Халық өз дауыстарын қорғау үшін билікке қарсы шығуға дайын болды. Ә.Қосанов жеңілісін ерте мойындап қоймағанда бұл сайлаудың соңы немен тынарын кім білген? Бұл сайлау «Қосанов синдромы» деген атпен тарихта қалды. 2020 жылы сайлау заңына өзгерістер енгізілді. Аталмыш өзгерістер сайлауды әділ өткізу үшін делінген. Бірақ 2022 жылғы президент сайлауы тағы да балама кандидатсыз өтті. Демек, кешегі сайлауға дейін Қазақстанда әділ, таза сайлау өткен жоқ. Сондықтан да сайлауды ұйымдастырушылар әділетсіз сайлау өткізу әдетін, мәдениетін қалыптастырып алды.

Осындай жағдайда әділ сайлау өткізу үшін билік не істеу керек? Президент Қ.Тоқаевтың сайлау алдында: «Бұл жолғы сайлау әділ өтеді» деген бір ауыз сөзімен сайлау әділ өте ме? Жоқ. Сондықтан әділетсіз сайлау өткізіп, қалыптасып қалған сайлау жүйесін дұрыстау үшін, билік нақтылы әрекет етуі керек еді. Бірақ билік бұл жолы ешқандай нақтылы әрекет жасамады. Жасамақ тұрмақ, тіпті азаматтық қоғам өкілдерінің: орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінде сайлауды қалай ұйымдастыру туралы «Ашық сабақ» өтіп берсін, сайлау комиссияларының төраға, төрайымдары сайлауды әділ өткізу үшін «Ант қабылдасын» деген ұсынысына жауап та бермеді. «Ақжол» партиясының: «сайлау учаскелері бейне бақылау камераларымен жабдықталса» деген ұсынысын қажетсіз деп санаған  Смайылов үкіметі сыпайы ғана сытылып кетті. Билік тарапының бұндай әрекетсіздігі сайлау комиссияларына бұрынғы әуенге баса беріңдер деген анық сигналы болды. Мұндай жағдайда әділ сайлау туралы сөз айтудың өзі қиын.

 Бұл жолғы сайлауда да сайлау комиссияларына жаңадан тіркелген екі партияның мүшелері тартылмады. Бұл сайлау заңдылығының сақталмағандығын көрсетеді. Заң тұрғысынан осы заңсыздық бұл сайлауды заңсыз деп тануға жеткілікті. Мұнан соң, әлеуметтік желілерде видеосы өріп жүрген күлкілі заң бұзушылық фактілерді бұл жерде тізбелеп жату қажетсіз болар. Бұл сайлауда мұндай шектен шыққан бассыздықты көрген мәжілістің биыл тараған шақырылымының депутаты, «Ақжол» партиясының мүшесі, экс-депутат Берік Дүйсенбинов: «Бұрынғы сайлаулар дауысты ұрлау болса, бұл жолғы сайлау дауысты тонау болды» деп салды.

 Біз жағдайды толық зерделей келе – бұл жолғы сайлау әділетсіз сайлау болды, сайлауды заңсыз деп тануға толық негіз бар деп анық айта аламыз.

Тегтер: