«Әділетті Қазақстан» жағамнан алды!
Таразда сайлауға дауыс беруге барған Тоқаевпен түйдей құрдас Қожаберген Қожалиевті құқық қорғау орындарының қызметкерлері наркологиялық орталыққа желкелеп апарыпты.
Өз құқын қорғап, шағым жазып қалдырайын деген қартқа №22 сайлау учаскесіне жауаптылар «Геройсың ба?», «Бала-шағаңды ойламайсың ба?» деп доқ көрсеткен.
– Мен 23 жылдан бері Тараз қаласы, Әшімбаев көшесінің 2-ші бұрылысындағы №2-үйде тұрамын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп, сайлаушылардың әр дауысы маңызды дегенге үміт артып, Қазақстан азаматы ретінде, немерелеріміздің ертеңі үшін деп кемпірім екеуміз сағат 11 шамасында сайлауға бардық. Бірақ тұрғылықты мекен-жайымыз бойынша Байзақ батыр көшесі 257 орналасқан №22 сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде біз жоқ екенбіз. Қай жерде тіркелгенімізді сұрап едік, мардымды жауап бермеді. Түске бір жерге қонаққа шақырып қойған еді. Соған барып, кешке тағы келдім. Менің атымнан өздері дауыс беріп қойды ма, деген күдігім болды. Анық-қанығын білейін, ең болмағанда, өз құқығымды қорғап, шағым жазып кетейін дедім. Бірақ ол жердегі полиция қызметкерлері қария кел отырыңыз, шағымыңызды жазыңыз деудің орнына «Геройсың ба, бала-шағаңды ойламайсың ба?» деді. Мен де алған бетімнен қайтпай, шағым жазамын, тіркеп алыңдар дедім. Олар сізден иіс шығып тұр деп сүйрелеп, наркологиялық орталыққа апарды. Осы жасқа келгенде, аяғымды көтергізіп, тілімді шығартып, ит-әуреге салды. Мен ішіп алып, көлік айдап жүрген жоқпын, біреуді балағаттамадым. «Әділетті Қазақстан» құруға дауыс беруге құқығымды талап еткеніме жазықтымын ба? – дейді сайлауға дауыс беруге барып, наркологиялық орталықтан бір-ақ шыққан, үйіне түнгі 23:00-де әрең қайтқан Қожаберген қария.