Әділетті қоғам Алаш баласының арманы
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» демекші, қаңтардың қаралы күндері де өтті-кетті.
Міне, соған қырық күн толып жатыр. Жалпы, адамның дүниеден өткеніне қырық күн толғанда ас беріледі. Оны қырқы нәзірі деп жатады. Құрбандық шалынады, құран оқылады. Осы орайда, «Жас Алаш» қаңтар қасіретінің қырық күн болуына байланысты арнайы санын шығарып отыр. Басылым қолынан келгенше, қаңтар көтерілісін жан-жақты беруге ұмтылды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлеріне сөз берілді. Сарапшылар қаңтар қасіреті жөнінде тілдің тиегін ағытты...
Қаңтар демекші, оқиға Жаңаөзенде өріс алғаны белгілі. Кейбіреулер «газ революциясы» деп ат бергендей, бәрі де газ бағасын төмендету керек деген ұраннан басталған. Мұны еліміздің барлық өңірі қолдады. Басында бейбіт түрде басталған шеруді өзге бір арандатушы топтар пайдаланып кетті. Бейбіт митингтердің соңы қанды қырғынға ұласты. Атылды. Өртенді. Тоналды. Қамалды.
Кімге барып арыз айтқандайсың, кімді кінәлағандайсың… Атқан да, азаптаған да, өртеген де, тонағанда өзіміз. Сырттың қатысы жоқ. Демек, өз қотырымызды өзіміз қасуға тиіспіз… Әрине, ел аман болса, зорлықшыл жүйе де өзгерер, қираған-өртенген дүние-мүлік те орнына келер, алайда бейбіт күнде әділдік орнасын деп шеруге шығып оққа ұшқандардың орнын толтыра аламыз ба? Қаңтар қасіреті мыңдаған адамдардың көңілінде шемен болып қалғаны анық. Енді оны жібіту оңайға түспесі хақ. Ең бастысы, билік расында «Жаңа Қазақстан құрып, жаңа дәуірге қадам жасаймыз» десе, алдымен әділетті қоғам орнатқаны жөн. Алаш баласы үшін, ең үлкен өзекті мәселе осы.