Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 15 Тамыз 2024

Әділ сайлау кепілі – заң талаптарын орындау

сайлау

Күллі әлем көз тіккен АҚШ сайлауы мәресіне жетер емес. Ақпараттар ағыны тоқтамаған заманда сәт сайын даулы мәлімдемелер жарияланып, былайғы жұрт ақ пен қараны, шын мен өтірікті парықтаудан шатаса бастады.

Әдеттегідей, сайлау 2024 жылдың қараша айында өтуі тиіс. Десе де, бүгінде Вашингтонда ең жоғары лауазым үшін күрес басталып кеткенін байқауға болады. Уақыт өте келе саяси бәсекенің одан әрі қызып, күшейе түсетіні анық. Әсіресе демократиялық партияның атынан сайлауға түсетін Камала Харрис пен екінші мәрте президент болуға үміткерлігін ұсынған Дональд Трамптың арасындағы тартыс қыза бастады. АҚШ-тағы сайлау жүйесі біздікінен өзгеше. Қазақстанда президентті бүкілхалықтық сайлауда дауыс беру арқылы сайлайды, яғни халықтың көп даусын жинаған үміткер президент болады. Ал АҚШ-та ел президенті атану үшін үміткерлерге халықтың басым даусына ие болу міндетті емес. Америкалықтар президент сайлауына дауыс берген кезде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. Мәселен, биыл қараша айында ел азаматтары президент сайлауына түсетін үміткерлерге дауыс береді. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысы әр штаттан таңдалған 538 таңдаушының дауысы арқылы шығарылады. Өйткені АҚШ-тағы сайлау жүйесі мен ережесі Электоралды колледж бойынша жүзеге асады, яғни келесі президенттің кім болатынын әр штаттың атынан шығатын өкілдер анықтайды. Сондықтан сайлау нәтижесі халықтың жаппай берген даусына тәуелді болмайтын кездер де болады. Мысалы, 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон 2,9 миллион дауыс артық жинаса да, 304 таңдаушының даусына ие болған Дональд Трамп жеңіске жеткен еді. Бұл – АҚШ тарихында халықтың аз даусын жинап, президент болған бесінші сайлау еді.

Енді тек әділ сайлау болғанда ғана әділетті қоғам құруға болады. Капиталистік саяси жүйеде әділеттілікті қалыптастырудың бұдан басқа балама жолы жоқ. Осы орайда біздегі сайлау жүйесі туралы сөз қозғап өтсек. Мемлекеттің сайлау жүйесінің нормативтік базасы елдің демократиялық ұстанымдары, ұлттың тарихи құндылықтары және әлемдік тәжірибелерді негізге алады. Әлемде сайлау жүйесі бір-бірінен айнымай ұқсайтын екі елді кезіктіре алмайсыз. Себебі сайлау жүйесі сол елдің жергілікті ұлтының менталитетіне негізделіп жасалатын саяси-қоғамдық, тарихи-мәдени астары нәзік мәселе. Қазақстандағы сайлау жүйесін қалыптастыруға ықпал етуші екі құжат бар. Бірі – 1975 жылы Хельсинки қаласында қабылданған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытынды актісі болса, басқасы – Еуропа елдеріне арналып қабылданған Париж хартиясы. Сайлаулар демократияның маңызды институттарының бірі болып табылатындықтан, Қазақстанда оған үлкен мән беріліп отыр. Егер біз тарихқа назар аударар болсақ, біздің қоғамның еркін және демократиялық сайлаулар өткізуге енді төселіп келе жатқанын байқар едік. Еліміздің азаматтары осыған дейін әртүрлі сипаттағы көптеген дауыс берулерге қатысуға тура келсе де, олар сайлаудың шынайы мәнін енді ғана сезіне бастағанын айта кетуіміз керек.

Саясаттанушы Айдана Аяғанның айтуынша, әлем тарихы секілді біздің елімізде де сайлау жүйесі көне замандарда халық жиындары түрінде қолданылған.

«Жалпы сайлау жүйесінің тарихына көз жүгіртсек, ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі болған. Оған қатысатындар күн бұрын ақ жамылғы киіп жүрген. Ақ түс дауыс беруге қатысатын адамның ниетінің түзулігін білдірген екен. Біздің елде де көне заманда-ақ халық жиындары болған. Мәселен, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» қағидалары сондай жиындарда халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған екен. Сондай-ақ билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өкілдік демократияның дамығанын көрсетеді. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ даласындағы хан сайлауы – тарихи маңызға ие сайлау жүйесінің алғышарттары. Қазақ ақ киізге хан көтерген адамын сайлау мақсатында әр рудың игі жақсыларының басын қосып, солардың дауысын жинау үшін бірнеше күн пікірталасқа құрылған халық жиындарын ұйымдастырған», – дейді.

Сонымен қатар Айдана Аяған адал сайлау, ең алдымен, заң талаптарына сәйкес өтуі керек екенін алға тартты.

«Әділетті қоғамның басында әділ үкімет тұрады. Сол секілді адал сайлау ең алдымен заңға сәйкес өтуi керек. Оны кезең-кезеңiмен бөлiп қарастыратын болсақ, алдымен сайлаудың өтуi, тiркеу мерзiмi уақытында жариялануы тиiс. Әр партия не қоғамдастық ұйым белгiленген уақыт аралығында сайлауға өзiнiң кандидатурасын ұсына алады. Мұның барлығын орталық сайлау комиссиясы тексерiп, бақылап отырады. Үмiткерлердi тiркеу уақыты аяқталғаннан соң, ендiгi кезекте, оларды насихаттау жұмысы басталады. Осы тұста біздің елде әртүрлі әділетсіздіктерді жиі байқайсың. Мен кандидаттар арасында шет елдегідей дебат ұйымдастыруды ұсынар едім. Сонымен қатар әр үмiткердiң құқығы өзара тең болуы керек. Мысалы, мемлекет органдары, орталық сайлау комиссиясы оппозициялық партиялардың тiркелуi барысында ешқандай қиындық, я жемқорлық болмауы тиіс. Көптеген себептермен тiзiмге енгiзбеуге тырысатын әрекеттер жасалмауы керек. Оларға жалған жала жабудан алшақ болған жөн. Сонымен қатар президенттiкке үмiткер болған әр тұлғаны бiрдей қаржыландыру қажет. Үшiншiден, сайлаудың адал өтуi – әр ел азаматының сайлауға қатысу еркiндiгiнде. Сондай-ақ сайлау жұмысының ашық өтуi, комиссия мүшелерiнiң қалай жұмыс iстейтiнi, елiмiз бен шетелден келген бақылаушылардың қалай қатысатыны, атқаратын қызметтерi – осының барлығы адал сайлаудың тағы бiр көрсеткiшi деп есептеуге болады. Әрине, бұл айтылғанның барлығы тек заң негiзiнде жүзеге асырылады», – дейді сарапшы.

С.БАҚБЕРГЕН