Әділ сайлау жүйесін қалыптастыру үшін сайлау учаскелерінің хаттамаларын жариялау керек
2022 жылдан бері Қазақстанда бірқатар сайлау науқандары өтіп жатыр. Мұндай саяси науқаннан қарапайым халықтың оң өзгеріс күтетіні де анық.
Естеріңізде болса, 2022 жылы ел президентінің сайлауы өтіп, одан кейін Ата заңға өзгерістер мен толықтыруларды алғаш рет референдум арқылы қабылдаған еді. Бұл іс-шараларды «мемлекетіміз үшін өзгерістердің бастамасы» деп санайтындар да бар. Сайлау науқаны мұнымен шектелген жоқ. Ендігі кезек – сенат пен мәжіліс палаталарының депутаттарын сайлау мен мәслихат сайлауларын өткізумен жалғасты. Әрине, әр саяси науқан сайын оң өзгерістердің болып жатқаны әдетте жиі айтылады. Дегенмен осы «өзгерістер» демократия мен ел дамуына, адам құқығына қаншалықты шынайы өзгерістер әкеліп жатыр? Өткен сайлауларда нақты қандай өзгерістер болды? Оның біздің өмірімізге тигізер пайдасы қайсы, алда нелер істелуі тиіс. Осы сұрақтардың жауабын саясаттанушы Әсел Назарбетовадан сұрап көрдік.
«Былтыр 2004 жылдан бері болмаған жаңа жүйені енгізді: партиялық тізім және бір мандаттық бойынша, яғни аралас сайлау жүйесі. Бұл сайлауда халық белсенділік танытып, жалпы саяси науқан елдің қызығушылығын оятты. Бір мандатты сайлау округі бойынша сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің де дайындығы жоғары болды. Республикалық маңызы бар қалалардағы бәсекелестік те жоғары. Саяси тұлғалардың да белсенділігі өте жақсы, саяси электорат та қалалық жерлерде көп. Осы уақытқа дейін қоғамда белсенділігімен танылған адамдардың сайлауға түсуі де саяси бәсекені қыздыра түскені анық. Партиялардың арасындағы тартыстың болуы демократиялық қоғамның көрінісі. Әрбір сайлаушының дауысын шынайы алу үшін тартыс болып жатыр. Соңғы жылдары сайлауда мұндай бәсекелестік, жоғары қызығушылық байқалмайтын еді», – дейді.
Тіпті елімізде алғаш рет пилоттық режимде, облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерінің сайлануы демократиялық оң өзгеріс әкелгендей болғанын да атап өтті. Шынымен-ақ, былтырғы сайлаулардың ішіндегі жаңадан енгізіліп, халыққа таңсық әрі жаңалық болғаны – ел аудандарының және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің пилоттық режимде сайлануы болды. Былтырғы сайлауда Абай облысының Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімін сайласа, Ақмола облысында Ақкөл, Астрахань, Есіл, Жақсы аудандарының әкімдерін сайлады, ал ақтөбеліктер өздеріне Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандарының әкімдерін сайлап алды.
Жалпы сайлаудағы бәсекелестіктің жоғары болуы және халықтың оларға дауыс берудегі белсенділігі қоғамның дамуына тікелей оң әсер етері анық. Осы орайда қоғамның саяси белсенділігін арттыру жағын алға тартты.
«Сайлау туралы ести қалған күннің өзінде «менсіз де сайлау өтеді ғой» деген енжарлық халықта әлі күнге бар. Халық немқұрайлық танытпай, дауыс беруге баруы керек. Сонда дауыс ұрланбайды. Басқа біреу оның атынан дауыс бермейді. Бүкіл сайлау учаскелерінің хаттамаларын ақпараттық порталдарда жариялау керек. Сонда ғана әділ сайлау жүйесі қалыптасады. Партиялар да көзбояушылық жасамай, халықтың алдында шын жұмыс істей алатынын көрсетсе, халықтың да сайлауға, үміткерлерге деген сенімі артар еді. Сондықтан бұл жерде партияларға көп нәрсе байланысты дер едім. Тек сайлау уақытында ғана емес, күнделікті өмірде де қоғаммен, халықпен етене байланысқаны жөн», – дейді маман.
С.Бақберген