«Адуынды атташе». Мұрат НҰРТІЛЕУ
Амбицияның қазақ тіліндегі бір баламасы – адуын. Ал атташе – кейіпкеріміздің «есте жоқ ескі кезеңде» атқарып тастаған бір қызметі. Бірақ «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» демекші, кешегі вице-премьер, сыртқы істер министрі, бүгінгі президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуді көзі жоқ жерде осылай атайтындар да бар екен.
Ал екеуінің қосақталып, жұп-жұмыр жаңа ныспыға айналуы соңғы жылдары пайда болған секілді.
«Бас бармақ» па?
«Жоғары биліктің ұшар басындағы шоқтықты шоғырдың, мемлекет мүддесі үшін жұдырықтай жұмылуы тиіс саусақпен санарлық шенеуніктің ішінде Мұрат Нұртілеу өзін «бас бармақ» көреді» дейтін әңгіме күні кешеге дейін айтылып жүрді. Қазіргі президенттің ел басқару мерзімі жол ортадан ауғанын ескерсеңіз, біріншіліктен дәмесі барлардың қопаңдай бастауы заңдылық. Бірақ жоғарыда айтқан санаулы шонжардың ешбірі өзін «кішкентай бөбек» санамайтыны тағы рас. Ыңғайы келіп жатса, «ырғи салу» кімнің көңілінде жоқ дейсіз. Ендеше, Мұрат Нұртілеуді жеке-дара бөліп алуға не себеп?
Мұның жауабын енді өзіміз іздеуге тырысайық. Қарап отырсаңыз, Нұртілеудің ең алғашқы қызметінің өзі үлкен даңғылға апарар сәтті сүрлеу секілді көрінеді. 1998 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген соң, бірден Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік хаттама қызметінің атташесі болған. Бұл кезде Сыртқы істер министрлігін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқарғанын ескеріңіз. Ал 1999 жылы Қазақстанның Малайзиядағы елшілігінің атташесі болып, бұл қызметті 2003 жылға дейін атқарды. Осы төрт жылдық атташелік қызмет болашақ атқамінердің бағытын түзеп, табанын нықтап тастаған сияқты.
Дәл осы жерде мына нәрсеге назар аудармау мүмкін емес. Мұрат Нұртілеудің шетел асып, елшілікке кетуі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыртқы істер министрлігінен кетуі 1999 жылға сәйкес келеді. Осыдан кейін Нұртілеу шет мемлекеттерде дипломатиялық қызметте болған. Ал 2003 жылы Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің тізгінін қолына қайта алғанда, сыртта жүрген Нұртілеу министрлікке қайтып келді. 2007 жылы қазіргі президент Сенат төрағасы болып сайланғанда, кейіпкеріміз артынан ілесе барды. 2011 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры болғанын ұмытпаған шығарсыз. Міне, осы кезде Мұрат Нұртілеу де буыншақ-түйіншегін көтеріп, Женева асқан болатын. Қысқасы, кешегі вице-премьердің ішкі түйсігіне үңіліп, «бас бармақпын» дейтіндей өктемдеу сипатты байқайтындар осындай дүниелерді ескеретін секілді. Алайда бұл ел басшысымен жол түйістірудің алғашқы баспалдақтары ғана. Оны ретіне қарай, сәлден соң тарқатамыз.
Сегіз көмекшінің біріне айналу
«Нұртілеудің ұсталуы» туралы тараған екіұшты хабар президент ауысқалы бергі ең ірі саяси дүмпу болды. Бірақ мұны ресми органдар бірден теріске шығарды. Төрт күннен кейін Парламент палаталарының бірлескен отырысына барған Мұрат Нұртілеу журналистерге: «Шынын айтсам, бұл – жалған, абсурд. Кей адамдарда көктем мен күзде сондай жағдайлар болып жатады, бұған тіпті пікір білдіруге тұрмайды», – деген-ді.
Қызығы, күз бастала тұтанған шулы әңгіме кейіпкерімізді көктемге жеткізбеді. Үш аптадан кейін Нұртілеу орнынан «ұшып кетті». Сыртқы істер министрлігіне Ермек Көшербаев барды да, Нұртілеу президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Сондықтан кейіпкеріміздің не «өшкенін», не «өскенін» қарапайым жұрт түсіне алмай қалды.
Адам айтса нанғысыз ауыр айыптаулар мен кінәлаулардың салдары оның авторына ақыры жеткен сияқты. Өйткені кеше «Бажкенованың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды», «Orda.kz редакциясына тінту жүргізілді» деген әңгіме шықты да, іле-шала мұны Алматы қалалық Полиция департаменті растады. Осы екі ортада үнсіздік орнағанда әркімнің көкейінде әртүрлі ой туған. «Ұсталмағаны рас болса, Бажкенованы бажылдатар еді ғой?» дегенді де естігенбіз. Бұл күмәнді сұраққа жауап кеше табылған сыңайлы...
Онсыз да бұлыңғыр дүниені «бұлт ішінен» аршып алам деу қиын. Кейбіреулер кеуделі кейіпкерімізді «жыланның құйрығын басып кеткен-ау» деп топшылайды. Енді біреулер «бәсекелестері ебін тауып, адуынды шендінің аптығын басты» дейді. Әйтеуір «Нұртілеуге көз тиді, сұқ өтті» деп жатқан ешкім жоқ. Басты сұрақ: «өсті» ме, «өшті» ме? Кейіпкеріміз қазір президенттің 5 кеңесшісі мен 8 көмекшісінің біріне айналды. Жоғарыдағы жобамыздың жөнімен айтсақ, жұдырық болып жұмылуға тиіс «саусақтардың» санатынан шығып қалды. «Бас бармақ» басын тасқа ұрды» деп жатқандар осыны меңзейтіндей. Есесіне, алыс кеткен жоқ, президенттің қасында қалды. Жанай жүрудің жөн-жосығын ұғатындар «Адуынды атташенің аты сүрінгенімен, затына нұқсан келген жоқ» дейді. Мұның анық-қанығын енді алдағы күндерден күтеміз.
Жиен неге ел болмасын...
Жоғары биліктегі кез келген шендінің «түбін қопарып» жіберсеңіз, артынан әйтеуір біреу шыға келеді. Бірақ күні кешеге дейін Мұрат Нұртілеудің қайдан келгенін ешкім таба алмаған. Өйткені өмірбаянында басқаны қойып, ата-анасының да аты-жөні аталмайды. Ал кейіпкеріміз 2022 жылы Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне келгенде, журналист Михаил Козачков бір әдемі суретті жарқ еткізді. Тойда тілек айтып тұрған төрт адамның екеуі – Қуаныш Сұлтанов пен Мұрат Нұртілеу. Бұған қоса, журналист мынадай жазба қалдырды: «Суретте Мұрат Нұртілеу және тағы бірнеше адам бейнеленген. Анасының жанында жасы үлкен азамат – мемлекет және саяси қайраткер, сенатор Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтановты бірден байқадыңыз деп ойлаймын... Ал Мұрат Нұртілеу деген кім? Менің ойымша, бұл оның немере інісі».
Дегенмен Мұрат Нұртілеу бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ. Алайда біз журналист айтты екен деп дүбірге ілесе кетпей, аздаған зерттеу жасап көрдік.
Қуаныш Сұлтановты білесіз, Сенатта 10 жыл, Мәжілісте 9 жыл отырып, Парламенттің креслосын «жұқартқан» кісі. Оның журналист, саясаттанушы, саясаткер деген кәсіби қызметтерінен бөлек, дипломат деген тағы бір лауазымы бар. Өйткені 1995 жылдан Қазақстанның Қытай, Моңғолия, Вьетнам және Солтүстік Кореядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. Демек Сұлтановтың 2011 жылы Сенатқа келгенше елшілікті «ермек» қылғанын және бұл қызмет пен Сыртқы істер министрлігінің арасындағы берік байланысты түсінсеңіз, Мұрат Нұртілеудің ең алғашқы қызметіне қалай келгені ұғынықты бола түседі. Оның үстіне, Қуаныш Сұлтанов елшілікке барғанша Жоғарғы Кеңестің депутаттары мен қызметкерлерін қызметке орналастыру жөніндегі комиссиясының құрамында болған адам. Демек «қызметке орналастыру» жағынан тәжірибесі бар деген сөз. Міне, осы мәселелерді ескерсеңіз, Козачковтың дәйегі мен қазақы туыстықтың мәйегі тұтасып кеткендей көрінеді. Бірақ бір ғана кемшілік бар. «Жас Алаштың» зерттеуі бойынша, Мұрат Нұртілеу Қуаныш Сұлтановтың немере інісі емес, туған жиені. Яғни, қарындасының баласы.
Енді осы тұста айтылуы керек бір мәселе қалған сияқты. Қуаныш Сұлтанов – «Астана атауын Назарбаевтың атына беру» туралы ұсыныс көтерген кісі. Ал мұндай адамның жиені Жаңа Қазақстанның жоғары билігіне ұнауы мүмкін бе? Сұрақ дұрыс. Бірақ жауап бірнеше тармаққа бөлінеді. Алдымен Қуаныш Сұлтановтың әлгіндей мәселе көтерген алғашқы адам емес екенін ескеріңіз (Сәт Тоқпақбаев 2008 жылы көтерген).
Екіншіден, Сұлтанов «ұлы ұсынысын» айтқан, яғни, 2016 жылы Мұрат Нұртілеу Женевадан Президент әкімшілігіне «топ ете» түсті. Бұл Назарбаевтың дүрілдеп тұрған кезі. Бір қызығы, дәл сол жылы Мұрат Нұртілеу қайтадан Финляндия асып кетті. Ию-қиюы шыққан бұл аралықта не болып, не қойғаны белгісіз. Белгілісі, Сұлтановтың көтерген «мәселесі» Нұртілеуге мін болмауы керек. Өйткені Астананың «Нұр-Сұлтанға» ауысып, кейін байырғы атына қайта оралуына кімнің тікелей қатысы болғанын бесіктегі бала да білуі тиіс.
«Бесті айғыр»
Ақорда жақтан ауық-ауық жетіп тұратын ақпараттарға қарағанда, Мұрат Нұртілеудің амбициясы Алатаудың еріген қарындай асып-төгіліп жататынға ұқсайды. Алайда біз қолымызға түскен ақпараттың бәрін айқын дүние деп қабылдаудан аулақпыз. Мұндайда кез келген деректің «дәнін» диірменге салып, «ұнтағына» лупамен үңілетін әдетіміз бар.
Бір мәселені бөле-жара айтайық, кім не десе де, Мұрат Нұртілеу – Президенттің көңіліне жаққан адам. Мұны кейіпкеріміздің күрделі кезеңдерде қандай қызметке барғанына қарасаңыз, айқын түсінесіз. Мәселен, мызғымастай болған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында өкілеттігін өз еркімен тоқтатты. 20 наурызда президенттің міндетін атқарушы есебінде Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдады. Үш күннен соң Финляндияда Елші болып жүрген Мұрат Нұртілеу Ақорданың есігін жаңа президенттің көмекшісі ретінде ашты. «Алыстан алдырмаса да, қасында біз жүр едік қой» дейтін қызғаныш талайдың ішін қыз-қыз қайнатқаны анық. Бұл – бір.
Екіншіден, қаңтар қырғыны қоғамды дүрбелеңге салғанын білесіз. 5 қаңтар күні Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып жүрген Мұрат Нұртілеу ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлығына барды. Бұл қызметте экс-президенттің ет жақыны Самат Әбіш отырған. Қызығы, Кәрім Мәсімов 6 қаңтарда жұмысынан босады да, С.Әбіш 17 қаңтарда қызметінен кетті. Осы дерекке шындап назар аударсаңыз, Самат Әбіш пен Мұрат Нұртілеу 12 күн бойы бір қызметті атқарған болып шығады. Әрине, бір креслода екеуінің мінгесіп отырмағаны анық. Бірақ осы 12 күнде ҰҚК-нің бас кабинетінің ішінде нендей нәрселер, қандай таластар жүріп жатты? Мұны енді санаулы адамдар ғана білсе керек.
Бұрынғылар құрып, кейінгілер күш алғаннан кейін өткен күндердің елесі көңілге жел беретіні бар. Мұрат Нұртілеудің бойындағы адуынды мінездің алға шығуын да сол ет пен терінің арасындағы желікке балайтындар көп. Әйтсе де, осы оқиғалардан бір нәрсені айқын аңғаруға болады. Мәселе Нұртілеудің өзгеден артықшылығында ғана емес, мәселе – президенттің ең қиын кезеңде оған сенім артқанында. Биліктің ұшар басында жүріп жатқан «қан-қасап майданда» Тоқаевтың бесті айғырдай белді адамға үміт артқаны анық. Бірақ бұл таңдау ұдайы бір адамға түсе береді дегенді білдірмесе керек. Есесіне, талассыз шындық сол – Қаңтардың алмағайып күндерінде президенттің көзіне Мұрат Нұртілеу солай көрінді. Оны «президенттің сенімді адамы» дейтіндер осыны жадына мықтап сіңіріп алған сияқты. Ал кейбіреулер адуынды мінездің төркінін басқа жақтан іздейді. Олардың ойынша, Нұртілеудің болмыс-бітіміндегі кейін пайда болған «өзгерістер» шайқасаң күшейіп шыға келетін газдалған сусынға ұқсайды...
«...Інісі бардың тынысы бар»
Сусынға қатысты салыстырудың төркінінде әжептәуір шындық жатыр. Білетіндер Ақордада өтетін келелі жиындарда көптің алдына қойылатын Tassay-дың орнын Turan суы «тартып алды» деседі. Былай қарасаңыз, екеуі де отандық өнім болған соң, мұндай орын алмастыруда бәлендей ештеңе жоқ сияқты. Алайда Turan-ның төрге озуын Мұрат Нұртілеудің жоғары жылжуымен байланыстыратындар көп. Мәселен, 2022 жылы «Азаттық» радиосы кезекті зерттеуінде былай деді: «Шалқар Нұртілеудің өзі бірнеше компанияға иелік етеді. Соның бірі – арақ-шарап, сусын шығаратын «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы. Ол – бұл мекемені «Азия Су компаниясы» арқылы басқаратын екі құрылтайшының бірі. Компания «Тұран» деген атаумен ауыз су өндіріп сатады. Президент баспасөз қызметі жариялаған суреттерге қарағанда, 2021 жылғы 19 тамызға дейінгі ресми жиындарда үстелде «Тассай» суы тұрса, одан кейін «Тұран» суын көріп жүрміз. Ақорданың бұл компания өнімін қашан пайдалана бастағанын дәл айту қиын, бірақ ресми суреттердегі өзгерістердің Нұртілеудің президент әкімшілігіндегі лауазымды қызметке келуімен сәйкестігі президент әкімшілігінен нақтылауды қажет ететіндей».
Ал Шалқар Нұртілеу деген кім? Қазақстандағы белді бизнесмендердің бірі, Мұрат Нұртілеудің соңынан ерген тете інісі. Шалқар Нұртілеудің үлкен бизнеске келуі 2011 жылдан басталады. Осы жылы ол 2024 жылдың есебі бойынша Қазақстанның бесінші байы атанған Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс» компаниясына келген. 2013-2014 жылдары осы компанияның құрамына кіретін Hyundai Auto Truck & Bus ЖШС директоры болған. Shishkin Like YouTube-арнасының деректеріне қарағанда, 2018 жылы Metal expert aktau компаниясы құрылтайшыларының бірі атанады. Бұл компания қара және түсті металдарды көтерме бағамен сатумен айналысса керек. Ал 2019 жылы Technom, Doscar group, «Азия су компаниясы» секілді үш серіктестікке иелік еткен. Shishkin Like дерегінше, алдыңғысы тоқтап қалған болуы мүмкін. Ал Doscar group Қазақстанның 6 қаласында Chevrolet, Kia, JAC, Jetour көліктерін сатумен айналысады. Бұл компанияны Шалқар Нұртілеу Рахат Бакеновпен бірігіп басқарады деген дерек бар. 2021 жылы 314,7 млн, 2023 жылы 284,9 млн теңге салық төлегеніне қарағанда, Doscar group табысты компаниялардың бірі деуге болады.
Жоғарыда аталған арна 2023 жылы «Водочные короли Казахстана» деген зерттеу жасаған. Онда арақ-шарап өндірісінде «өшпес із» қалдырған Болат Назарбаевтан бастап бірталай адамның аты аталады. Осы мақалада «Көкшетау минералды суларының» жылғасы қосылатын «Азия су компаниясын» Мүслім Өміряев Шалқар Нұртілеумен бірігіп басқарады деген дерек айтылады. Мүслім Өміряевтің есімі Сізге де таныс болуы керек. Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары 2014 жылы «100 мың доллар пара алды» деген айыппен 10 жылға сотталып, 3 жылдан кейін босап шыққан болатын. Ал сусын дегеніңіз – тек қара судан тұрмайтыны белгілі. Басқасын айтпағанда, халыққа етене таныс «Хаома» бренді – осы компанияның өнімі. Осының бәрін ескерсеңіз, Turan-ның қайда тұрам десе де, еркі бар екенін еріксіз мойындауға тура келеді.
Кэмеронның кесірі
Мұрат Нұртілеудің өмірбаяны мен қызметтік жолына қарап отырсаңыз, жүктелген міндетті шып-шырғасын шығармай істейтін адамға ұқсайды. Өйткені қандай жауапты қызметке барса да, жұмысынан «чп» шыққан (кейінгі жағдайды есептемегенде) емес. Әйтеуір Мұрат Нұртілеу Сыртқы министр кезінде өзін еркін ұстайтын. Ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездессе де, бүгежектемей бойын нық ұстап тұрғандай көрінетін. Дегенмен Мұрат Нұртілеудің есімі Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына қатысты бір қолапайсыздау жағдайда аталып қалды. Мәселе былай болған: 2024 жылы Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенкомен бейнебайланыс арқылы сөйлеседі. 15 минуттық әңгімеде Путин мен Трамп және Украинадағы соғыс туралы сөз қозғалса керек. Арасында Қазақстанға қатысты да әңгіме өрбиді. Сонда Кэмерон жыл басында Қазақстанға барғанын, Мұрат Нұртілеумен сөйлескенін, сонда Қазақстанның сыртқы істер министрінен мынадай сөз естігенін айтады: «Путин Қазақстанның солтүстік бөлігін алғысы келетініне сенімдімін. Ресеймен шекара ұзын болғандықтан, ахуал ушығып жатыр. Украиндықтар Қазақстан үшін қаза тауып, Ресейді тежеу үшін өз өмірін қатерге тігіп жатыр».
Былай қарасаңыз, мұнда тұрған не бар? Кез келген мемлекет көршілер арасында болып жатқан талас-тартысқа қатысты қорытынды жасап, соған қарай қам жасауға міндетті. Оны басқа емес, сыртқы істер министрі көбірек ойлауы тиіс. Бірақ қызығы сол, Кэмеронның Петр Порошенко деп сыр ашып отырған адамы Порошенко емес, ресейлік пранкер болып шыққан. Сөйтіп, Кэмерон мен «Порошенконың» әңгімесі әлемге тарап кетіп, Кэмерон келекеге қалды.
Сыртқы саясат дегеніңіз – өте нәзік нәрсе екенін ескерсеңіз, мынау енді қып-қызыл бәле. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қос министр арасында мұндай әңгіме болмағанын, сондықтан жалған ақпардың жауапкершілігі Кэмеронның мойнында қала беретінін мәлімдеген. Бұл сөзді «Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кэмеронды Астана туралы жалған ақпарат берді деп айыптады» деген тақырыппен «РИА Новости» таратты. Соған қарағанда, «Бұл не сөз?» деген сауал шекараның ар жағынан қойылғандай көрінеді. Жоғарыдағыдай әңгіме екі министрдің арасында болмаса да, «Кэмеронның жалған сөйлеуі не үшін керек болды?» деген заңды сұрақ туады. Қазір әлемдік саясатта адам түсініп болмайтын қайшылықтар жүріп жатқанын білесіз. Әртүрлі қитұрқылықтар арқылы көршілерін бопсамен буып отыру – Ресейдің ең жиі қолданатын тактикасы. Сондықтан «Кэмеронмен әңгіме» тақырыбы бойынша Мұрат Нұртілеу сол кезде президенттің алдына бірнеше мәрте кіріп шықты-ау деп топшылауға болатындай.
Түйін: Бауырың өндірген сусынды биліктен бастап бұқараға дейін жаппай сіміріп жатса, «өмірі сусамайтындай» күй кешетінің рас. Ал артыңнан сөз ергенімен, президенттің көз алдында жүрсең, көңіліңе жел, жүрегіңе от бітеді. Сондықтан Нұртілеудің болмысындағы адуынның пайда болу себебін пендеуи тұрғыдан түсінуге де болады. Бірақ саясат деген сұрқия ешбір қалыпқа сыймайтынын ұмытпау керек. Себебі ап-айқын нәрсенің өзі саясатта 180 градусқа бұрылып кетуі ғажап емес. Әсіресе дүниенің басы аяғына, аяғы басына кетіп жатқан дәл қазіргідей алмағайып заманда...
Сансызбай НҰРБАБА